Шәкәрім Құдайбердіұлы (Өзіме)

 Шәкәрім Құдайбердіұлы (Өзіме)

Қолда қалам, көзде жас, толқындап ой,
Шіміркеніп, тітіреп, салқындап бой,
Тозған мола сықылды сұм көрініп,
Өткен күнде қызыққан сауық пен той.

Қаның қашып, жасаурап екі көзің,
Не болдым деп табалап өзіңді-өзің.
Өткен іс ойға түсіп ұялтады,
Қисынсызды қызық деп қуған кезің.

Және ойыңа келгенде алдыңғы жақ,
Сұм жүрегің кетеді қозғалып-ақ.
Артың анау, алдың су, көз жетпейді,
Өтетұғын қамыңды ойланып бақ.

Неңді аяйсың, отырсың кімді қимай,
Құтырдың ғой тәуір-ақ жерге сыймай.
Салып-салып сандалып отырмысың,
Жоқ, өзіңе аз нәпсіңді ерте тыймай!

Досың қайсы, қимастай елің қайсы?
Ел салмағын көтерер белің қайсы?
Аузың темір татиды бәрін татып,
Жалғанды қимайтұғын жерің қайсы?

Дүние тұр қалыбында – сен өзгердің,
Бәрін көрдің, түбіне көз жібердің.
Ешкімнен көретұғын дәнеме жоқ,
Өзіңді-өзің өлімге ұстап бердің.

Пайдасыз бен баянсыз қуған ісің,
Түпсізді толтырам деп кетті күшің.
Ентелеген еңбектің бәрі жанбай,
Ақ өлімді шақырдың, сол – шын досың.

Енді қайтып сен мықты бола алмассың,
Жас күндегі тұғырға қона алмассың.
Кейін баспай, ентелеп ілгері бас,
К... айналсаң, еш жерде оңалмассың.

Құдайдан жарылқа деп жәрдем сұра,
Сен талайды қылдың ғой біле тұра.
Аяғыңды аңдап бас – өлім таяу,
Қарсы алдыңда дайын тұр қазған ұра.

Соны ойла, өзге қызық істі ойлама,
Біреуге айла, біреуге күшті ойлама.
Кеткен қайта келмейді кейісең де,
Түнде көрген көлеңке түсті ойлама

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?