Шәкәрім Құдайбердіұлы (Қасқыр түлкі бөдене)

 Шәкәрім Құдайбердіұлы (Қасқыр түлкі бөдене)

Бір қу түлкі болыпты жұртты құртқан,
Тышқан аулап жейді екен ескі жұрттан.
Жем таба алмай бір жылы арықтапты,
Тышқан ауып кеткен соң мұқым сырттан.

Түлкінің тышқан жемей мәні болмас,
Кемірсе сүйек-саяқ қарны толмас.
Жемтік түссе жермін деп қалғанынан,
Қасқырға іздеп барып болды жолдас.

Қасқыр айтты: – Тоясың маған ерсең,
Болады малды көріп, шолып келсең.
Қарным тойса қалжыңдап ойнаушы едім,
Ойынға ыза болмай шыдай берсең.

Аш күнімде жатамын шабым жалап,
Ол кезде жақын келме жанасалап.
Тойғанда тұрпайылау мінезім бар,
Өкпе қылма ойынды шынға балап.

Көнді түлкі қасқырдың бүл сөзіне:
«Шыдаймыи қалжыңдаған мінезіңе.
Өлтірмесең болады, ойнай-ақ бер,
Тамақ тапсаң болады күнде өзіме».

Түлкі көріп келеді малды шолып,
Қасқыр бір қой әкелді сүйреп алып.
Екеуі әбден тойып алғаннан соң,
Ойнайды ары-бері асыр салып.

Қасқыр тұра жүгірсе көзі жайнап,
Түлкі еркелеп тұрады «ағатайлап».
Алып соғып үстіне ойнағанда,
Азар жаны қалады «а, құдайлап».

Запы болып ұстатпай жүрсе жатып,
«Уәдені кеттің бе,– дейді,– ұмытып»?
Тамақ үшін амалсыз қайта келсе,
Ойнайды бұрынғыдан қатты мытып.

Түлкі жатып ойлайды әрбір ойды:
«Өсірмеді қасқыр,– деп,– біздің бойды.
Жегенімді желкемнен сығып алып,
Бергені де құрысын жемтік қойды.

Буындырып ойнайды, қиқылдатып,
Жегенімді құстырып, шиқылдатып.
Тұла бойым сірескен қара қотыр,
Тойғанымның үстіне тырқылдатып.

Осыдан құтылайын өлсем-дағы,
Аштықтан қандай азап көрсем-дағы.
Тәуекел, өз бетіммен күн көрейін,
Бадамшаның басын жеп жүрсем-дағы».

Ойлайды: «Бір мұратқа жетейін»,– деп,
«Қасқырдан кегімді алып кетейін»,– деп.
«Осыны өз көзімше өлтірерлік
Бір хайла не қылсам да етейін»,– деп.

Жер шола түлкі шықты дөңге шауып,
Жылқының бір жемтігін алды тауып.
Қараса қазған ұра, жер қақпан бар,
Қойыпты шөп-шарменен бетін жауып.

Түлкі қатты қуанды мұны көріп,
Қасқырды ертіп келді хабар беріп.
Семіз жылқы жемтігін көргеннен соң,
Ауызды көкжал батыр салды келіп.

Түлкі жүр жер қақпаннан айтпай қашып,
Арсалақтап аш бөрі жүрді сасып.
Қақпан жаққа қасқырды жіберді алдап,
Орға түсіп кетсін деп қапы басып.

Екеуі де тоюға қам қылысып,
Тұс-тұсынан жемтікті жүр жұлысып.
Шегінгенде ернеуін басып алып,
Көкжал ноян ұраға кетті түсіп.

Алаңғасар итіңді құдай атып,
Терең зындан түбіне кетті батып:
– Ойбай, түлкі, келе гөр, мен қалдым,– деп,
Айғай салып ұлыды орда жатып.

Түлкі келіп ұраны жағалады,
Мазақ қылып арсылдап, абалады:
– Мықтысың ғой, секіріп шығарсың,– деп,
Күлкіменен қасқырды табалады:

– Үстіме аунап ойнаушы ең тойған сайын,
Сендей арсыз ақымақтың орны дайын.
Осы қазған ұраның иесі кеп,
Көз алдымда сойғанын бір байқайын.

Қасқыр айтты: – Кеше, гөр, қылдым тәубә,
Кетемісің шын тастап мені жауға.
Айла тауып осыдан босатып ал,
Аузымнан ант берейін ойнамауға.

– Ойнамасаң омақап, онан да арман,
Ойын түгіл тіршілік сенен қалған.
Жон теріңді сойғанын көзім көрмей,
Осы ұраның қасынан кете қалман.

– Табалама, шырағым, кеш жазамды,
Айтпасаң да, тарттым ғой мен сазамды.
Шығармасаң, құдықтың аузынан кет,
Ала бермей күйдіріп көп мазамды.

– Әлі бұйрық айтасың босқа шатып,
Өзің қазір өлгелі орда жатып.
Тіпті, көрмей кетпеймін, былшылдама,
Бас теріңді сойғанын ыржыңдатып.

Қасқырға түсті осындай ақыр заман,
Өлімнен де табасы батты жаман.
Аңдаусызда шоңқиып түлкі отырса,
Құйрығы салбырапты орға таман.

Жиналып алды қасқыр оны көріп,
Жабысты сол құйрықтан шапшып келіп.
Түлкіні ор түбіне ала түсті,
Құдайым қасқырға да кезек беріп.

Сонда қасқыр айтады: – Түлкі шырақ,
Иманыңды айта ғой жылдамырақ.
Өзімнен сені бұрын өлтірейін,
Өлгенімді көре алмай кеттің бірақ.

Түлкі айтады: – Сөйледім қалжың қылып,
Жұмысты бітіріп ем сүйтіп жүріп.
Тістетіп сізді ордан шығаруға,
Әкеліп ем бір ұзын тал сындырып.

Байқамай орға түстің мені де алып,
Өлдік қой екеуміз де мұнда қалып.
Тым болмаса, мен болсам жағасында,
Шығарып алмас па едім талды салып.

Қатты кейіп айтады түлкі сөзін,
Қасқыр нанып тігеді екі көзін:
– Енді бар ма құдықтан шығар айла,
«Тал таптым» деп айтпадың бұрын өзің.

Түлкі айтады: – Айланың орны осы ара,
Сен өрмелеп созылып тұрып қара.
Төбеңе шығып алып секірейін,
Ернеуге шықпас па екем мен бейшара.

Онан соң сені алайын талды салып,
Шығарсың ұзын талдан тістеп алып.
Не де болса, кешікпей тез істелік,
Қапы болар қақпаншы келіп қалып.

Бар әлінше созылып қасқыр тұрды,
Төбесіне өрмелеп түлкі жүрді.
Пәрменінше шегініп қарғығанда,
Ернеуге екі аяғы тура ілінді.

Айламен түлкі кетті шығып алып,
Артына қайрылмады қайта айналып.
Қаңқылдап қасқыр ұлып қала берді,
Мені шығар енді деп талды салып.

Түлкі сөйтіп кетіпті қасқырды алдап,
Көкжал қалды өз қолын өзі жалмап.
Тобылғының түбінен іздеп жүріп,
Бір бөдене ұстапты түлкі қармап.

Бөдене айтты: – Сен мені не деп жейсің,
Бір уыс жүн жегенді тамақ дейсің.
Ана жерде мен көрдім талай жемтік,
Ерінесің, дөң асып іздемейсің.

Түлкі айтады: – Мынаның қулығын көр,
Мені алдамақ сендерге бірталай жер.
Жалған айтып алдасаң, соны жеймін,
Ұядағы балаңды көрсетіп бер.

Бөдене көрсетіпті өз ұясын,
Кепіл беріп босатып алды басын:
– Мен бастайын, артымнан еріп отыр,
Қарық қылайын жемтікке, не қыласың.

Түлкіні алып жүрді сайды өрлетіп,
Бөдене бір бел асты бұрын кетіп.
Түлкі жортып кезеңге таянғанда,
Жалаң қаққан бір тазы келді жетіп.

Байғұсты кетті тазы қуып алып,
Ауызды әні салып, міні салып.
Жүйрік тазы адымын аштырсын ба,
Көк желкеден бас салды бір-ақ шалып.

Мықты қасқыр, айлакес түлкі қайда,
Алдампаз, рахымсыздық кімге пайда?
Аяғында түлкі де, қасқыр да өліп,
Бөдене аман қалыпты сол бір сайда

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі