Шәкәрім Құдайбердіұлы (Жүректен аққан қанымнан)

 Шәкәрім Құдайбердіұлы (Жүректен аққан қанымнан)

Жүректен аққан қанымнан,
Жиiркенбе – нұр деп бiл,
Сайраған бұлбұл зарынан,
Нұрланады қызыл гүл.

Гүлге асық боп сайраған,
Қызыл тiлдi қайраған,
Iшiнде оты қайнаған,
Мұңлы, шерлi мен – бұлбұл.

Қайық қылып денемдi,
Ақыл билеп кемемдi,
Ой сырқырап жөнелдi,
Шетсiз судан өтер бiл.

Жарға жетсем болғаны,
Суалған көңiл толғаны,
Басыма қыдыр қонғаны,
Ақсам-дағы миллион жыл.

Басқаны сенен бiлмесем,
Қайғырмасам, күлмесем,
Дүниенi көзге iлмесем,
Кiм мендей ер, кiм әдiл?

Жендет, көзiң маған сал,
Иманым мен жанымды ал,
Жаңа жан мен иман сал,
Қайта жарат, рахым қыл.

Бұл мен емес, шын менi
Жарат, жоғалт өзгенi,
Тазарт мына дүниенi,
Бұл адамнан қалсын тұл.

Әлемдi мен билесем,
Зұлымдықты сүймесем,
Залымды ұндай илесем,
Нәпсi болса маған құл.

Дұспаным атса маған тас –
Жар жiберген көз бен қас.
Ұстап сүйiп болам мас,
Бал ғой менi сөккен тiл.

Күншiл, менi күндесең,
Бұл сөзiмдi мiн десең,
Тiлiңдi кесем үндесең,
Мейлiң жыла, мейлiң күл

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?