Мұхтар Шаханов (Құрметсіз шыншыл тұлғалар немесе Түрік қағанатының құлауы)

 Мұхтар Шаханов (Құрметсіз шыншыл тұлғалар немесе Түрік қағанатының құлауы)

Отырардан ағып шыққан дариялардың ұлысы,
Құрметпен даңқ төріндегі
Күллі қазақ жеріндегі қариялардың ұлысы,
Үміт-түлкі зып берсе де,
Сыртта есейіп, сыртта өлсе де,
Туған елден бөлінбеген ой-санасы, тынысы,
Шыншыл — қатал тағдырынан нәр алған әр ұлы ісі
Әбу-Нәсір әл-Фараби бабама
Жағымпаздық шәрбатынан сусындаған бақшасы,
Сахараның боз жусаны секілденген ақ шашы
Былай депті өз деміне
Өзі піскен арабтың бір патшасы:
— Санасынан шашыраған ізгілік,
Ойы зымыран, дана дейді Сізді жұрт.
Ал мен тынбай ел басқарып келемін
Көңіліме шаттық, сенім қайығын тең жүздіріп.
Еститінім кіл мақтау сөз, (ризамын халқыма),
Күннен-күнге даңқ қосылып келе жатыр даңқыма.
Адам бірақ тағдырға шарасыз ба,
Болжап бере аласыз ба,
Құны қанша, мәні қанша мендегі асқақ сенімнің,
Болашағы қалай болмақ ертең мына елімнің?
- Жаңылысса, әділетсіз тіл мен көмей жаңылсын, -
деді ғалым, — оны болжау қиын емес, әміршім,
Ордаңызға Сізге ерекше маңызды әрі қадірлі
Адамдарды шақыртыңыз ісі ерекше жағымды.
Қуат-күшін әйгілеген ой-парқымен, білекпен,
Мақсат, мүдде, тағдырын да өзіңізбен бір еткен.
Және олар қатар-қатар жайғассын
Көңіліңізге кім ең жақын, кім қашықтау ретпен.
Патша аз-кем ойланғанмен сөзге келмей құп болды,
Ет пісірім сәттен кейін Ордаға жұрт лық толды.
Билік — тұлпар, байлық — арба, екеуі — бір атарба,
Алтын артқан арбаға еріп кім шықпайды сапарға?
Болған соң ба бұл елде де байлық күліп атар таң,
Саудагерлер орын апты ең бірінші қатардан.
Патшасының әр шаттығын бірге жүріп тойласқан
Орда толы жақын-туыс, ой-санасын май басқан.
Бес перзенті қатар отыр, арманымен айды асқан
Сосын, әбжіл шабармандар... сот-қазылар жайғасқан.
Тек бөлінген не бар дейсіз мына фәни жалғанда,
Бес-алты адам түрегеп тұр, орын жетпей қалған ба?
(Иә, заманы сыртқа тепсе, тасбақадан бақ шабан),
- Мыналар кім?- деп сұрады Әбу-Нәсір патшадан.
- Ә, бұлар ма, өзің менен санайтындар кемеңгер,
Кітап-сітап жазатындар, ақын,ғалым дегендер...
- Түсінікті, - деді ұлы ұстаз, - құзырыңыз қаласа,
Болжамымды өзіңізге айтсам деймін оңаша.
Келісілді.
Оңашада Әбу сөзін бастады:
- Ей, әміршім, аласа екен еліңіздің аспаны.
Білесіз бе, заманында айдарынан жел өпкен
Ұлы Түрік қағанаты құлады не себептен?
Шығу қиын бір түскен соң, пенделіктің дауына
Оңай соқпас кері бұру рухсыздық ескегін?
Олар іштен және сырттан анталаған жауына
Қарсы қоя білгенімен мың-мыңдаған әскерін,
МӘДЕНИЕТІН қарсы қоя алмады.
Ұлан-ғайыр ұлы өлкенің бағы солай жанбады.
Сол қателік Сіздің жерден тапқан екен жалғасын,
Ызалы уақыт төбеңізден көтеріп тұр балғасын.
Сіз елдегі басты орынды саудагерге беріпсіз,
Және оған ұлтыңыздың болашағын сеніпсіз.
Рухани байлығына арқа сүйемеген ел
Басқа өлкенің боданына айналады еріксіз.
Әне содан халқыңыздың даңқ-шырағы жанбауда,
Рухсыз ел тауыққа ұқсас, шыға алмайды самғауға.
Жеріңіздің үні болар, Ар-намысы, гүлі болар жандарды
Сүтке тиген мысықтай ғып шетке қағып тастапсыз,
Сөйтіп, тақсыр, қасіретті қиын тағдыр бастапсыз.
Мына тайғақ заман маған берсе екі жол таңдауға
Десе және: БІРІНШІ ЖОЛ –байлық жолы шалқыған,
Тек тоқшылық арнасымен керги жүзіп қалқыған.
Бәрі дайын, не ішемін, не киемін демейсің,
Өзіңді һәм зәузатыңды шат тұрмысқа бөлейсің.
Тіршіліктен көрер қызық-тамашаң да көп болмақ,
Бірақ қайсар шыншыл Рухың, Дәстүр, Тілің жоқ болмақ.
Ал, ЕКІНШІ жолмен жүрсең жалаңаяқ кедейсің,
Тағдырыңды тақ-тұқ еткен күн көріспен демейсің.
Тек еліңнің сан ғасырлық мәдениеті саналы,
Кәусар Рухы, Дәстүр, Тілі өз күшінде қалады.
Екі байлық бір жүре алмай бөлінгені болды сын,
Бұл жағдайда мен ойланбай қалар едім соңғысын.
Сену қауіп терең тамыр жая алмаған талғамға,
Мазмұнынан айырылған,
Рух қанаты қайырылған
Елден сорлы ел бар ма екен жалғанда?!
Бөліп ұстар адамзатты мән-мағына, әрінен,
Сана шырмар мәңгүрттіктің залалы үлкен бәрінен.
Бұл зор қайғы ғасырларға кететұғын қапалық,
Тұйықтан жол іздер әркім,
Тырысарсыз Сіз де, бәлкім,
Бірақ оған айналаңыз жібермесі ап-анық.
Кетіп барам, қақпаңызды, сірә, қайтып ашпастай,
Жан байлығы Сіздің елде ит ішпеген кешкі астай.
Енді мұның кері соғар жаңғырығын күтіңіз, —
деді дағы әл-Фараби шығып кетті қоштаспай.
Ұлы баба!
Тағдыры ойнамалы,
Арыстың ай доғалы сағасында.
Бұрымы бұлаң қаққан,
Сәулетің, сәнін бұзбай сылақ қаққан.
Анамыз — сұлу Сырдың жағасында,
Дәуіріне өзгертпеген рухының сағатын
Және ешкімге тежетпеген өр мінезін, тағатын,
Он бір ғасыр арасында,
Отырарда туылыппыз екі ақын.
Орын таптың бар жүректің төрінен,
Мен ешқашан теңесе алман сенімен.
Ол ол ма екен, саған тіпті наз айтуға от керек,
Талай-талай алпауытпен шығып едің жекпе-жек.
Өз халқының жан байлығын өзі тепкен патшаға
Әлі күнге жат өлкеде жатырсың ба өкпелеп?
Орныңнан тұр, данышпаным, өр дауысты атан ер,
Елі тыныш болса ғана тәтті ұйқыға батады ер.
Шуда жіптей шатасқан сан жолдан аман өтсін деп,
Өз жеріңнің басшысына, қосшысына бата бер.
Ұлы далаң ажырамай ұлы дәстүр, ұлы ойдан,
Ұсақ, саяз ұлдарының қылығына мұңайған.
Туған елге соқпасын деп өзің көрген қателік,
Мен тілеймін, Ұлы Баба, сен де тіле құдайдан!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!