Қадыр Мырза Али (Бұлт баспасын жарқыраған күн бетін)

 Қадыр Мырза Али (Бұлт баспасын жарқыраған күн бетін)

Бұлт баспасын жарқыраған күн бетін!
Жұлдыздары жағылмаса түн бе түн!?
Сөздің күші ақиқатта,
Ағайын,
Әр уақытта шындықты айту — міндетің!
Ақиқатшыл адамдарға кінә артып,
Қарама сен көзіңді, дос, алартып!
Өтірікпен жұбатқанша,
Бауырым,
Шындықпенен жылатқаның мың артық!:
Немене өзі?!
Қорқақ болып кеттік пе?!
Біреулерде ерлік деген жоқ тіпте!
Ешкімді де ақтай алмас
Сөйлемнің
Аяғына қоя берген көп нүкте.
Қарап ал да Тарих деген қартыңа,
Түгелін айт,
Ырза емес ел жартыңа.
Ақиқат ол, айналайын, ез емес,
Тығылатын көп нүктенің артына!
Бұл өмірді не үшін адам сүйеді,
Болмаса оның алтын кіндік — тиегі?!
Шындық — сауыт.
Өтіріктің жебесі
Ең алдымен сол сауытқа тиеді.
Өлең деген емес, досым, құр ақпар.
Ел алдында ағыл-тегіл сыр ақтар.
Шындық — сауыт,
Ар жағында сауыттың
Ел деп соққан,
Жер деп соққан жүрек бар!
Қырға шықтым қырықты да тәмәм ғып.
Қалайтыным — жалғыз ғана амандық.
Не болса да өзімізден,
Ешқашан
Қасқыр маған жасаған жоқ жамандық.
Жасымда да болған жоқпын елірме.
Жақсы деген атым қалды өңірде.
Ит дегенді көп айтамыз
Сол иттің
Өзі мені бір қапқан жоқ өмірде.
Қазақтардың көңіліне қонбаған
Доңызды да дей алмаймын оңбаған.
Қалай деймін?!
Қырық жылда осынау
Бір доңыздық жасамаса ол маған!
Сәл қиындық болғанменен ілкіде,
Заман мені айырған жоқ күлкіден.
Сол сияқты көрген жоқпын жамандық
Арыстаннан,
Жолбарыстан,
Түлкіден!
Бұл өмірде көрінбейтін майдан бар.
Бірақ ұлы идеядан таймаңдар.
Жамандық па?
Жамандықты істейтін
Арадағы екі аяқты айуандар!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?