Қасым Аманжолов (Бесік жыры)

 Қасым Аманжолов (Бесік жыры)

Әлди, әлди, әлпешім!
Ұйықта деймін, ұйықтайсың.
«Мә-мә» берсем қайтесің,
Ұйықта десем, ұқпайсың.
Жоқсың бүгін көз ілген,
Көп ісімнен бөгедің.
Жаудыраған көзіңнен!..
Ұйықтай қойшы, бөбегім.
Әлди,әлди, әлди-ді,
Әлди біздің қалғиды.

Ұйықта десем, күлесің,
Айналайын күлкіңнен!
Ер жеткен соң білесің,
«Тұр-тұрлармын» бір күн мен.
«Кешіктің, — деп, — сабақтан»,
Тыншыңды алсам «тұр-тұрлап»,
«Жоқ қой әлі таң атқан», —
Деп жүрмеші бұртындап.
Әлди, әлди, әлди-ді,
Әлди біздің қалғиды.

Ұйықта, бөпем, ұйықтай ғой
Ұйықтайтын бұл шағыңда.
Қызық өмір — думан той
Тұр ғой күтіп алдыңда.
Ұйықтап өткен не табар
Бұл өмірге бекер кеп?
Ұйықта, бөпем, ұйықтап ал,
Ер жеткен соң бол сергек!
Әлди, бөпем, бөпемсің,
Кім боп шығар екенсің?

Күлімдейсің — күнімсің,
Батар дағы күн шығар.
Уілдейсің — күйімсің,
Күй де бір кез тыншығар.
Сен де тынық бір мезгіл,
Толқып кана жат, бөпем.
Аспанымда жүзе біл,
Айым менің — ақ бөпем!
Әлди, өлди, әлдиім,
Назды, нәзік ән-күйім!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?