Күләш Ахметова (Түбі бір түрік)

 Күләш Ахметова (Түбі бір түрік)

Аллаға сеніп, құдіретіне сыйынып,
Әзіз бауырлар, оралдыңдар ма жиылып?!
Ата жұрт — осы.
Арада — мың жыл көрмеген,
Тізе бүгіңдер, киелі топыраққа иіліп.
Көп заман бөлігі, көп жасқа толды көздерім,
Көздерім менің көздерін көрді өзгенің...
Өздерің келіп,
Қызғанбай айттым ақтарып
Жүз жылдап жиған жүректің гауһар сөздерін.
Бауырмал кім бар біздерден
мына ғаламда?
Бауырға тарттық мейірімге тапшы заманда.
Бұтағын жайып,
Жапырақтары төгілген
Дарағың едік дауылдан қалған далаңда.
Жырың бар сенің бабалар басқан далаңда,
Болған-ды мұнда майдан да, бұрқақ боран да.
Бауырым менің!
Байрағың, басың биік пе,
Ел-жұртың, жерің, теңізің, тауың аман ба?
Халқымның еркі қалғанда бірге шеңберде,
Үндей алмады үлкендерім де төрлерде.
Бірге болуды жазбаған бізге.
Сағынсақ, іздей алмадық,
Іздемедіңдер сендер де!
Замандар солай болғанда,
бізге бар ма өкпе?
Түбі бір түрік —
Әлі де биік, өр, көк те!
Бұлттармен бірге аралас ұшып жеттіңдер
Анадолыдан,
Алтын бесікті бір көрмекке!
Македониядан, Ираннан, Ирак, Қырымнан...
Жұлдызды жолдар бұрынғы жұртқа бұрылған.
Даланың бетін толтырған даңқты шақтардай
Кеудеміз өсіп,
Сөйледік қыран тұғырдан!
Аз күнге келдің,
Сағынған жанға жүз күн аз.
Ашылар сырлар,
Айтылар әлі ізгі наз.
Сендер де талай тағдырды бастан кештіңдер.
Басымыз аз боп, шырғалаң көрдік біз біраз.
Біз біраз түсіп алғанбыз оқпан, соқпаққа,
Біз біраз көніп қалғанбыз соққы, тоқпаққа.
Шашылып тосын тәуелсіздіктің сәулесі,
Ашылды сосын жабылып қалған көп қақпа.
Есімде менің
Шыққан кездерім шындықтан.
Кім еді сонда ел басындағы мұңды ұққан?
Бұ дүниедегі қорлықтың бірі өтпес-ті
Өз Отаныңдағы құлдықтан.
Даладан мынау безбедік біздер бәрібір.
Телміре күттік теңдікті.
Оның жолы — нұр.
Табанды халық тәкаппарлығын бермеді,
Қазақтың жері қасиеттерге толы-дүр!
Осы жұрт үшін өлеңнен гүлдер өргенмін,
Бар еді онда —
Арман мен үміт, шер мен мұң.
Мына күн біздің —
асқар тауларды көрген күн,
Таулардан асып кеткендеріміз келген күн!
Дүр етіп ұшып бүкіл құстары орманның,
Толқындар тулап,
Өзенге сулар толған күн.
Мына күн біздің —
Түркіше жырлап дүние,
Өлеңнің тойы, өлеңнің күні болған күн!
Жүздескен жандар
Жүзінде туған жаңа Айдың,
Кезекпен сөйлеп,
Мезгілге безеп қадайды үн.
Ұшып жүр бүгін ұлылық сепкен рухы
Руми мен Физули,
Науаи менен Абайдың!
Көптен кем болмас,
Көсем сөйлесе азым да!
Ұғынар әлем құдірет барын сазымда.
Түркіше жырла, дүние!
Бір сәт
Адамзат
Назар аударсын
Насими, Жүніс, Фазылға!
Мәңгілік заңы — Шапағат шашып жатса олар,
Өлең-жыр жоқта —
Көкірегіңді тат шалар.
Ғұмырлы болар тарихтың ұлы жадында
Ақындарының бағасын білген патшалар!
Абайдың үні күңіренісі еді ақылдың,
Ақылға салып,
Ақындарыңды шақырдым.
Тегіме жетер тереңнен тартқан даналық,
Көкірегіне құйылмаса да жат ұлдың.
Қазынам — өлең,
Табылар азық тіліңе.
Абайға бойла —
Жүректің жазып түбіне.
Тағзым ет —
Асқақ дауылпаз Махамбетіме,
Мұқағалидің ғажайып нәзіктігіне!
Айтып кет сосын —
Есесі қайтқан елміз бе?
Айбыны басым айдарлылармен теңбіз бе?
Тілінде сәл-пәл айырма болса, түк емес,
Жүрегім ұғар,
Жырыңды оқып бер бізге!
...Ілесіп желге,
Ыстық леп қырды кезеді.
Жарылып гүлдей өлеңнің аппақ өзегі.
Жүрегің сенің алып ұшқан бір кезі еді.
Жүрегім менің сағыныштарды сезеді,
Жүрегім менің сағыныштарды сезеді

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі