Күләш Ахметова (Көгілдір кештерінде Көкшетаудың)

 Күләш Ахметова (Көгілдір кештерінде Көкшетаудың)

Ауаның өзінде де көк шырай қап,
Самал жел көк бояуын төксін ойнап...
Көкшетау!
Көгілдір нұр!
Көкпеңбек көл,
Армысың,
Көгорай бел,
Көкшіл аймақ!
Армысың!
Айдын көлім,
Бурабайым,
Алдымнан шықты-ау қайың,
қарағайың.
Аталар ат шалдырған
алаңқайда
Менің де ізім қалсын,
Аралайын.
Өзіңнен
кезім келді от алатын.
Сезім бар келешекке апаратын.
Арқаның алқасындай зүмірет көл —
Жырлаған құдіретпен Сәкен ақын.
Қарасам, өткен күнді байыпты ойлап,
Орасан жаңалығын жайыпты аймақ.
Ағашқа Кенесары ат байлаған,
Кетіпті мына сары қайық байлап.
Өлеңін
Оқжетпестен оқыса ақын,
Саңқылдар
Сандық тастар
Саты-саты.
Табиғат туындысы
Сұлу сурет,
Ғасырлар көрмесіне қатысатын!
Төгеді нұрын кезек көктен ай, күн,
Тоғайда күндіз жүрсем, тоқтамаймын.
Алтын күн,
араласам,
алтын шілтер
Төсейді
Арасына көк тоғайдың!
Жұмбақтас
Түнде ойлардың ордасындай,
Аялдар қимаған соң көл қасында Ай.
Қалқиды
су бетінде бір ақ желкен,
Балқиды қожыр тастар қорғасындай.
Сезілмес,
Серуендесең,
Түнгі ызғар да,
Мүлгиді мұнарланып шың-құздар да.
Сүйенсем қарағайға,
қарағайлар
Қалқиды иек сүйеп жұлдыздарға!
Барынша бұл байлығын бағалай ма ел
Жасыл ну,
Жағалай тау,
Жағалай көл.
Жастықты сағынғанда бір келермін,
Аман бол,
Көкшіл аймақ,
Көгорай бел!
1985

Көктем, сенің болмады сыйың бір күн,
Мен өзімше ойларға жиын құрдым.
Қиялымда тербетіп айдын көлді,
Көк орманды көктем боп киіндірдім.
Қиялдамай қалсам-ақ тұншығармын,
Ақын жанын түсіне білсін әркім.
Қиялымда қайықта тербетіліп,
Көл бойына алқызыл гүл шығардым.
Қиялыма шындық тек сондай бөтен,
Қазағымда көп емес мұндай мекен.
Қиын екен қиялмен жазды әкелу,
Жазда келіп қайтпасам болмайды екен!
Ақ түтек
Барып ем орман жаққа шын сағынып,
Көктемге қайдан келген мұнша қылық?
Ашық күн аяқ асты борап кетті,
Жел тұрып, қар аралас бұршақ ұрып.
Келеді әлдеқайдан боздаған үн,
Сияқты қайырмасы созған әннің.
Не нәрсе естімейтін жан айқайын,
Өзі ме басылмайтын боз боранның?
Ақ сойқан бітіргендей далаға айбын,
Адасқан ауылынан баладаймын.
Аузыма, көздеріме қар құйылып,
Қайрымды қарағайды паналаймын.
Қай кезде?..
Біреу мені аямаған,
Өшіксе, жамандықтан тая ма адам?
Сонда да бүгінгідей құшақ жайып,
Көк орман болып еді сая маған.
Өзімнен төзім тауып шыдап бағам,
Сол адам адалдықтан бір аттаған,
Тағы да табалайды-ау, менің барлық
жолымды жауып қалса мына ақ боран.
Ескерткен енді жолды таппасымды,
Ақтүтек ашылмайтын қақпа сынды...
Кенеттен!..
Жел де тынып, күн де шығып
Ақ боран, құдырет-ай, сап басылды.
Жоқ болды долы боран жойқын, бөтен,
Жадырап жатыр жаны айқын мекен.
...Табиғат адамдардай кекшіл емес,
Табиғат қайрымды да, қайтымды екен

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?