Жамбыл Жабаев (Күн толғауы)

 Жамбыл Жабаев (Күн толғауы)

Өлеңім, май күнінің толға жырын!
Қақ канат, қуаныштың ақтар сырын,
Жастығым шыққан күндей туды жаңа,
Құлпыртып көкке өрлеп жердің түрін.
Құл болған қара зындан сұр мекенде,
Тамұқтай жаншып азап суық көрде,
Езілген халқым босап шықты жолға, —
Ленинмен жарық жолға — Октябрьде.
Көктей түс Отанымның шаттық бағы,
Келші ұшып, сайрай түсші, бұлбұл тағы;.
Бұлбұлдай шаттық жырын ақтарыңдар!
От жүрек еркіндіктің адамдары.
Сүйкімді көгімдегі күледі күн,
Сол күннің толған жырын береді үн,
Аспан, жер айналаның бәрі біздік,
Халқыма қол қусырып бағынған шын.
Тауына Алматының көз жіберсем,
Қара орман, бұрқыраған суын көрсем,
Тұлғасы Алатаудың халқыма ұсап,
Қайратпен көтеріле түседі еңсем.
Көрпесін кәрі ұйқының сілкіп тастап,
Кең далам міне өмірді шықты бастап,
Көктемнің күн нұрына шомылған соң,
Шалдар да бозбаладай кетті ойқастап..
Жаз жырын, гүлдің жырын төгеді май,
Ерлікті жан жүрекке егеді май.
Бақытты кәрі, жасым бірдей сүйіп,
Күн нұрын Сталиннің береді май.
Көктей түс, Отанымның шаттық бағы,
Кел ұшып, сайрай түсші бұлбұл тағы,
Бұлбұлдай шаттық жырын ақтарыңдар,
От жүрек еркіндіктің адамдары.
О, күн-ау, төге түсші сәулеңді сен,
Күшіңмен көп тарасын бақытты өлең,
Нұрыңнан басқа елге де жылу жібер,
Май күнін елімдегі сүйсін әлем.
Айт күнім, жырлағанда ақын Жамбыл,
Қырғыздан даусын қосып шықты Әлімқұл.
Құлпырған Грузия шуағында,
Мен үшін сонау Гори*6 туған ауыл!
Көктей түс Отанымның шаттық бағы,
Кел ұшып, сайрай түсші бұлбұл тағы,
Бұлбұлдай шаттық жырын ақтарыңдар,
От жүрек еркіндіктің адамдары!
О, күнім, Жамбылыңның тарат жырын,
Тарат сен, ұлы халық ән мен күйін.
Жеткіз сен май шұғласын күткен елге,
Бақытты бай Отанның шаттық үнін!
Тасысын жарық бақыт тасқан сайын,
Шаттығым аса түссін асқан сайын,
Жер беті біздің жырмен дауыс беріп
Сөйлейтін болсын түгел бақыт жайын!
Күнім сен! Лебің ыстық, түсің жарқын,
Күнім сен! Тартқан сыйың қызыл алтын.
Сан жылдар сепкен сәулең мұнауратқан,
Хандарға, патшаларға етпей рақым.
Жалғыз-ақ сенен күшті eр Сталин;
Өмірдің қуаты мен берген сәнін.
Сені де халқым үшін туғызған сол
Жан беріп, жалыныңа қосып жалын.
Көктей түс, Отанымның шаттық бағы,
Кел ұшып, сайрай түсші бұлбұл тағы,
Бұлбұлдай шаттық жырын ақтарыңдар,
От жүрек еркіндіктің адамдары!
О, күнім, көріп пе едің жерде заңды,
Жарығы асқан сенен, күші де әлді.
Жалғыз-ақ Сталиннің бақыт заңы
Құлпыртты күндей сүйіп адамдарды.
Сол менің өмірімнің жарық таңы,
Халқымның қолға қонған көп арманы,
Бақыттың бітпес көзі, кең дариясы,
Күнім сол және Сталин алтын заңы!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!