Жамбыл Жабаев (Мәстек пен тұлпар)

 Жамбыл Жабаев (Мәстек пен тұлпар)

Ертеде ерте-ертеде
Астыма менің мінгенім:
Тұлпар емес мәстек ед,
Шүу-шүулеп әрең жүргенім,
Борбайы борша, арқа арша,
Көтерген әрең өз белін.
Жауыры қазған ошақтай,
Қыр арқасы пышақтай,
Сүйреткен жалғыз сүлдерін.
Сол мәстекті тебініп,
Өлеңдеттім, ән салдым;
Ойға бардым, қыр бардым,
Қара көз қызға көз салдым.
Ауылдан ауыл аралап,
Тулағымды сабалап,
Тепсіне бердім, тұрмадым.
Мазақ етті қара көз
Мәстегімнің тұрманын.
Өлеңімді өрлеттім,
Әрге құлаш серметтім,
Қалың елдің ішінде
Зарын айтып сорлының
Қайғылыны еңіреттім.
Жесірлерді жетектеп,
Жетімдерді тербеттім.
Көтерем мәстек үстінде
Талай да, талай жерді өттім.
Талғаураған елді өттім,
Күндердің күні болғанда
Ат шаптырған, той қылған
Думанды жерге кеп жеттім.
Арғымақ қосқан бәйгеге
Байлар қылды кесірді.
«Мәстек мінген әрі тұр!
Жүйрік мінген бері тұр!» —
Деп жуандар есірді.
Қызығын қалдым көре алмай,
Ордаға қалдым ене алмай,
Бәйгесіне ат қосып,
Шабыстан қалдым ере алмай,
Жата кеттім бір, жерге
Қорлыққа көрген көне алмай
Түсімде көрдім бір тұлпар,
Жер тепсінген жануар,
Қарай қалдым көз алмай,
Оқыранып шақырды
Шыр айналып, тұра алмай.
Қайғырыппын түсімде
Қалам ба деп міне алмай.
Тағы міндім мәстекке
Ұйқымды ашып, түс тарап,
Елді кезіп жөнелдім,
Жануарды қақпалап.
Он тепсінсем бір басып,
«Тоқтай тұршы тоқта!»-лап;
Түсте көрген тұлпарым
Таптырмай кетті әбден-ақ.
Жас жүректі жаншыды,
Қиялға тұлпар ұялап.
Көз ашып бір күн қарасам,
Ақ түскен кезде шашыма,
Қадалыпты қызыл ту
Алатаудың басына.
Қажырлы халқым шығыпты
Жауыма қарсы ашына.
Көктемнің күні туыпты,
Қалыпты тұман басыла.
Жайлаудан байды қуыпты,
Бас ұрғызбай қашыра.
Үйір-үйір жылқыны
Үйіріп әкеп қойыпты
Өзімнің дәл қасыма.
Жайлауды басты өз малым,
Жаңадан жырды қозғадым.
Бәйгелі тойда колхоздың
Жүйрігін көрдім озғанын.
Жабағы жүннен арылып
Жетілді мәстек тулағы,
Жырымды сүйіп ардақтап,
Таныды мені Сталин,
Еңбегіме сыйлық деп,
Түсімде көріп ынтыққан
Тартты алдыма тұлпарын.
Тұлпарыма қарасам,
Танадай көзі жайнайды,
Аққудай мойны иіліп,
Қазығында ойнайды.
Тоқымы жібек, ері алтын,
Ауыздығын шайнайды,
Үзенгісі сыңғырлап,
Қарасам көзім тоймайды,
Қанатты тұлпар астымда,
Құндыз бөрік басымда,
Омырауымда орденім,
Жар достарым қасымда,
Қайтадан міне аттандым,
Қиырға болжап көз салдым,
Тоқсанға келген жасымда.
Далам да гүл, тауым гүл,
Аспан ашық, жер жайсаң.
Тұманмен бірге түріліп,
Құрыпты көзден ылайсаң.
Домбырам бүгін сайрайды
Серпіліп, сергіп ән салсам.
Шүу жануар, шүу тұлпар!
Үстінде бүгін мен сұңқар,
Алты айлықты алты бас,
Алдымда күткен халқым бар!
Тұлпарлы жігіт аттанған
Сталин берген даңқым бар.
Кремльді жырлайын,
Сталинді жырлайын,
Домбыраны тартыңдар!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!