Мұқағали Мақатаев (Соқ барабан!)

 Мұқағали Мақатаев (Соқ барабан!)

Соқ, барабан!
Кернейлет, керней, кернейлет!
Терезе, есік,
барлығына ен,
ешкімге ерік бермей кет,
Құдайларға құлшылықты, бұз,
жаңылдыр адамын,
Үзде жібер
мектептердің өтіп жатқан сабағын,
Үйленетін күйеуге жет,
жет, тездетіп хабарла,
Қалыңдықпен рахат көріп отыратын заман ба?!
Жер өңдеген, жеткіз, білдір фермерге,
Бейбіт еңбек артын қыссын,
аласапыран келгенде.
Құдіретпен, барабандар,
күңіреніңдер,
болыңдар!
Жаңғырыға гүрілдеңдер,
гүрілдеңдер, горндар!
Кернейлет, керней,
соқ, соқ, барабан!
Тыныштықты тартып алғын,
көшелерден, қаладан.
Әнебіреу,
ол кім өзі?
Неге төсек қамдайды?
Босқа әуре,
ешкім де онда,
түнде ұйықтай алмайды,
Қызылқұлақ,
саудагерлер жылмаңдайтын кез бе бұл?
Немене?
Олар естімей ме?
Құлақтарын ез де, жұл!
Шешен әлі сөйлеуде ме?
Әнші тұр ма ән салып?
Сотта адвокат ақылы ісін,
Қорғап тұр ма жан салып?
Соқ, барабан!
Шырқат керней,
Бұз барлығын жар салып!
Кернейлет, керней!
Соқ, барабан, соқ, барабан, көтеріл!
Келісімдер,
насихаттар кетсін әрмен,
жетеді!
Жалбарынған жылаңқы,
нең бар жасық жандарда,
Басын иген жастарға,
нең бар күйрек шалдарда?!
Өшір үнін сәбилердің,
өтінішін Аналардың,
Табыт күткен өліктерді,
сілкі шаңын молалардың!
Қаһарменен күркіреңдер,
күркіреңдер, барабандар!
Ал, кернейлер,
күңіреніңдер,
Жердің жүзін аралаңдар!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!