Мұқағали Мақатаев (Ғасырлар перзенті)

 Мұқағали Мақатаев (Ғасырлар перзенті)

Ғасырлар - Аналар
Әлдилеп сәбиін тербеген.
Қатыгез күн туса паналар
Ер ұлға жерік боп шөлдеген.
Ғасырлар - Әкелер
Сенімді мұрагер көрмеген.
Бостандық,
Бақытты әперер
Перзентке зәру боп, шөлдеген.
Ғасырлар - Аналар
Сан рет босанып, толғатқан.
Ол туған бейбастақ балалар
Өмірге қамшысын ойнатқан.
Сен туған қайсыбір балалар,
Өзіңді шаштан ап сабаған.
Ғасырлар,
Ғасырлар - Аналар,
Ол сенің садағың...
Ол сенің садағаң.
Оларға толғатпа!
Төсіңде шыр еткен жаңадан
Волгалық сәбиді ардақта!

II
Көктемде,
Бойында Волганың.
Кім еді шыр еткен нәресте?
Дүние сездің бе?
Ол - жаның,
Ол - сенің жүрегің емес пе?
Дүние,сезбедің, сезбедің
Шыр еткен шып-ширақ бөбекті.
Дүние,бұл сенің өз демің
Әлемге ауадай керекті.
- Армысың,
Перзентім.
Ай-маңдай
Аңсап ем.
Өмірге келдің бе?
Алаңсыз ойыңа қайғы алмай
Өсе бер, есе бер - дедің бе?
Демедің!
Қалғыдың қалпыңша қарт-өмір
Жалаңаш нәресте келгенін
Самарқау қабылдап, әйтеуір..
Қалғыма қарт өмір
Шерменде!
Кім сені қамаған бұғаулап?
Төсіңе ұлы
Адам келгенде
Орныңнан тұр аунап!

III
Волгалық ер-Ана сабырлы,
Ғасырлар перзентін әпердің.
Замана дерттенді, ауырды,
Сен оған дәрігер әкелдің.
Сен оны орама жөргекке,
Күнге ұста.
Күн одан нұр алсын!
Күн оны шуақ қып жер-көкке
Әлемнің төріне шығарсын.
Ей, Ана!
Сезесің сен нені?
Сен тудың ғасырлар намысын
Паш еткін!
Адамды жердегі
Аспанның Ай, Күні танысын!
Сен оны бос ұста шуақта,
Дүние тұтқасын танысын!
Жыласа жыласын!
Жұбатпа!
Жыласын адамзат бағы үшін.
Сен оны әлдилеп, тербетпе,
Жер оның бесігі, қорғаны.
Одан да:
- Тезірек ержет,- де,
Тезірек ержетсе болғаны.
Әлдилеп бесік жыр шырқама,
Халқының мұң-зарын тыңдасын.
Жөргекте шамдана, бұрқана,
Кішкентай күрескер туласын!
Алып Жер - адамның бесігі
Тербесін сәбиін, тербесін.
Адамзат бақыты, несібі
Абайла!
Төгіле көрмесін.
Адамзат мұң-зары - көк теңіз
Сәл сабыр.
Көзінде селдетсін.
Толқынға жем болып кетпеңіз.
Сәл сабыр.
Күрескер ержетсін.
...Ойрандай көк жүзін, жер бетін,
Дүние арпалыс жатқан бір.
Ер - Ана!
Ғасырлар перзентін
Майданға аттандыр!
Қарт өмір, қатыбас!
Қанеки, орныңнан тұр аунап.
Қан майдан басталмақ.
Сен оған қатынас!
Бас көтер, емессің тірі әруақ!
Шіріген замана ашқарақ
Қалай тұр қалтырап, дірілдеп?!
Бұл күрес сондықтан басқарақ,
Өлгендер кару ап тірілмек!
Бұл майдан, бұл күрес тым басқа
Алысар адамдар қанжоса.
Халықтар күресті тыймас та,
Қалаған арманы болмаса.
Көтеріл жиекке күрес - Күн,
Сапырып кек-ыза арнасын.
Адамзат жүргізген күрестің
Бастаймыз жаңасын,жалғасын!

IV
Жұмыр жер!
Нелерді көрмедің,
Жұмыр жер!
Нелерді білмедің?
Жұмыр жер!
Бусанып өр демің
Бәрібір жасардың, гүлдедің!
Адамдар қашаннан,
Қашаннан,
Азаттық тілеген, аңсаған,
Көндіккен, көзіне жас алған.
Күрескен.
Амал не, қаусаған
Азаттық іздеген барша адам.
Олар да күреске ұмтылған
Шоқпар ап, садақ ап, найза алып
Айығып заманның бұлтынан
Кете алды қай халық?
Қай халық жол тапты түнектен?
Қай халық шыдады ойранға?
Батырлар бірінен-бірі өткен,
Мерт болып ең соңғы майданда
Қай халық шыдады дауылға!
Қай халық өшпеген ұрандай?
Құлаған Париждық Коммуна,
Аяғын нық басып тұра алмай
Жеңіссіз күрестер өте кеп
Құлаған,құлаған,күйреген.
Адамның бақытын жетелеп,
Қай халық тарихты сүйреген?
Тұғырда қырандай орныққан,
Халыққа басымды иемін.
Орысты сүйемін сондықтан,
Орысты сүйемін!
Ол - дана
Ол - кәрі.
Ол жасаң
Онымен бір әке,бір ана.
Ұлы орыс!
Егер сен болмасаң
Ленин жоқ еді, сірә да...

V
...Дүние дүрбелең,дүрбелең.
Басталды ең соңғы зор майдан.
Кейбіреу түсініп, білмеген,
Бастарын қорғауға қол қойған.
Ал кейбір саяси мешелдер
Күрестен күйзеліп, бас тартты.
Боратып өсектер, кеселдер,
Бұрышта бұғып қап, тас та атты.
Біреулер сығалап жабықтан,
Аятын оқиды жаттанды.
Алысқан ашулы халықтан
Аулада қандендей сақтанды.
Әзәзіл, диюлар, сайтандар,
Халықтың ішіне от жақты.
Ақымақ!
Саяси сайқалдар!
Оттапты!
Қару ап жұмысшы, шаруа
Күрестің арнасын тасытты
Ентелеп ертеңгі бағына
Жетуге асықты.
...Ескі өмір, жығылған палуандай,
Құлады, қарманды, ұмтылды.
Жаңа өмір жаршысы
- Ай-маңдай
Волгалық ұл тұрды.
Жағымпаз судья-сүмелек
Ескіні сүйейді, демейді.
«Онсыз ел жүдемек?»
Дей ме өзі?не дейді?
Жеңілген, күйреген даңқты
Лақтыр!
Рингтен лақтыр!
....Ойлантқан, толғантқан халықты
Бір ғана сұрақ тұр...

VI
Мінбеде көпіре, шарқ ұра,
Бір шешен лақап тастады:
«Жоқ бізде саяси партия
Білмеймін басқаны.
Жоқ бізде саяси партия,
Өкімет басында тұратын.
Ие боп халқыңа, даңқыңа,
Билік ап, салтанат құратын»
Ашулы, айбынды жүректен
Құдіретті үн шықты.
Жай оты жалт беріп түнектен,
Қара бұлт жалп етіп, тұншықты.
- Бар ондай партия біздерде!
Мемлекет тізгінін алатын.
Бар ондай партия біздерде!
Мәңгілік ие боп қалатын!
Бір адам мінбеге ұмтылды,
Ұшатын қырандай қомданып.
Ғасырлар аңсаған ұл түрды,
Ұл тұрды Волгалық!
Көр-көңіл саяси жалдаптар,
Кет былай мінбеден!
Кіріспе!
Революцияны ардақтар
Сөз бергін Ильичке
Ғасырлар Аналар!
Өмірге әкелдің қанша адам.
Өзіңнің бойыңа бара-бар
Ұл осы аңсаған.
Ғасырлар - Аналар!
Таппап ең таяныш, мұрагер.
Жұлдызың Волгалық бала бар
Мәңгілік көтер де тұра бер.
Талайды тауысып, ғасырлар,
Талайды өмірге бергесің.
Өлсе де болаттар, асылдар,
Волгалық перзентің өлмесін!
Ғасырлар!
Ол - сенін, борышың,
Ол-сенің несібің.
Ғасырлар!
Қадірле сол үшін
Волгалық перзенттің есімін!
Уақытын ұрлап ап жер-кектің
Ғасырлар, алмаса жатарсың.
Әр ғасыр Волгалық перзенттің
Атымен аталсын!!!

VII
Бәлки, күн сөнуі, өшуі,
Бір өмір мәңгілік жасамас...
Ал бірақ Ильичтің есімі
Өшпейтін уақытпен аталас.
Мүмкін-ау.
Мәңгілік Күн батпас,
Мүмкін-ау
Жер мәңгі көгерер...
Ұлы есім солармен сымбаттас,
Соларға теңелер.
Бәлки, ай біздерге табынар.
(Күн сайын жол тартып тұратын)
Онда да бір ақын табылар,
Ильич деп бастайтын жыр атын..
Сенбеймін. Күн біздің сөнбейді
Күн бізді мәңгілік асырар
Уақыт... Уақыт өлмейді
Ендеше Ленин ғасырлар.
Өзгермей, бүлінбей келбеті,
Қара Жер қалпында тұрса егер,
Өлді деп ғасырлар перзенті
Жұмыр жер бетінде кім сенер?

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі