Қалқаман Сарин (...Сіз есен-сау болсын деумен, Көкке қолды жаямын көп)

 Қалқаман Сарин (...Сіз есен-сау болсын деумен, Көкке қолды жаямын көп)

Бақытгүл Бабашқа

Жүрегі – жырлы,
Тілегі – нұрлы,
Жансың-ау, сірә, сен адал.
Жаныңды жылатып,
Жарлардан құлатып,
Мазаңды көп алар тұңғиық түндерде,
Тәтті азап тартқаның болмаса,
Таққаның – бақыт қой орамал.

Шынымен...
Ағаңның қақтың ба есігін?
Тұмар ғып тақтың ба есімін?
Жазылған жыр үшін сұрама кешірім,
(Несі айып, несі мін?)
Сені де, мені де өртеген – осы өлең,
Осы мұң!

Жарығым,
Жаныма кей кезде батып шер,
Таңдайым татып сор,
Оңаша өлеңмен қаламын,
Мен үшін бақыт сол!

Шығыстан Күн шығып,
Батысқа тұншығып батады.
(...Ғазалды,
Жаза алмай -
Жазарды,
Ниетсіз, сүйексіз Тіл сынып...)
Бір ысып, бір суып,
Жатады жалғасып тіршілік.

Сенен де арылмас,
Менен де арылмас,
Өлеңнің мұңы бар сағыныш сарындас.
Жұлдыздар жылайды көзінен тамып жас,
Жұбатар жан оны табылар, табылмас,
Бәрібір жорға – жыл жүрістен жаңылмас,
Амандық тілеген «аға» деп,
Өзің де аман жүр, қарындас!!!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?