Саяси режимдердің типологиясы

Саяси режимдердің типологиясы

Демократиялық режим

Демократия – (грек тілінен «demos» – халық және «crutos» – билік) – халық билігі – басқаруда және шешім қабылдауда мүшелерінің тең құқықты болуына негізделген белгілі бір ұйым құрылғысының басты тұлғаларының бірі; қоғамдық құрылғының мақсаты: бостандық, теңдік, адам абыройын құрметтеу, ынтымақтастық және т.б.; халық өкіметі үшін әлеуметтік және саяси қозғалыс.
Демократиялық режим – адамның саяси бостандығының жоғары дәрежесімен, қоғамды мемлекеттік басқаруына мүмкіндік беретін оның құқықтарының нақты түрде сақталуымен сипатталады. Демократиялық режим – мезгілімен еркін жоне әділетті түрде өткізіліп отыратын сайлаудан көрініс табатын халық еркіне, сондай-ақ, адамның кісілік қасиеттерін құрметтеуге және заңның құдіреттілігін мойындауға негізделген.
Демократиялык мемлекеттер бұрын да, осы заманда да баршылық өзара айырмашылықтары да жетерлік. Бірақ олардың барлығына да ортақ мынадай мәнді белгілер бар: 1) биліктің бастауы – халық; 2) азаматтардың сайлаушы есебіндегі теңдігі, ал сайлаудың әділ, жарыс үстінде ұдайы мезгілімен өтіп тұруы; 3) саяси шешім қабылдап, оны орындау барысында азшылықтың көпшілікке бағынуы; 4) мемлекеттің негізгі органдарының сайланбалығы, яғни үкімет құрамы сайлау нәтижесіне орай калыптастырылады.
Демократияның негізгі принциптері мыналар: 1) Көпшілікке мойын ұсынып, бағыну. Бұл принцип халықтың билік бастауы екендігінен туындайды және де екі түрлі жолмен - тікелей және өкілетті демократия арқылы - іске асады. Тікелей демократия барлық азаматтардың тендігін, олардың сайлау құқығын мойындайды және мемлекет басшысын, мемлекеттік органдарды, басқару органдарын халықтың жасырын дауыс беруге қатысып сайлауын білдіреді. Сондай-ақ, тікелей демократия қоғам және мемлекет тағдырына қатысты аса маңызды мәселелерді шешуде халық пікірін анықтауды мақсат ететін референдумдер өткізуді де қамтиды. Өкілетті демократия жалпы халықтың, түрлі әлеуметтік топтардың және саяси партиялар мен қозғалыстардың саяси биліктің әр деңгейдегі тармақтары мен органдарына өз өкілдерін сайлап, өкілеттік беруін білдіреді. Мәселен парламент депутаттарын және облыс, аудан, қала деңгейінде мәслихат депутаттарын сайлау – осы өкілетті демократияның. көрініс табуы. Сонымен бірге көпшіліктің белгілі бір мәселелерге қатысты өз саяси мүддесін жиналыстар, митингілер ереуілдер мен шерулер ұйымдастыру арқылы білдіріп, саяси шешімдер қабылдататын кездері де болады. Оны саясаттану ғылымында охлократиялық (тобырлық) демократия деп атайды.
2) Азшылықпен (оппозициямен) санасу. Шынайы демократиялық қоғамда мемлекеттік органдардың бағдарламаларына, билік жүргізу тәсілдеріне толық қосыла бермейтін, өзіндік пікірі, жол жобасы бар оппозицияның болуы әбден заңды. Оппозициямен үнемі санасып, оның сын-пікірін, тың идеяларын дәйекті ұсыныстарын ескеріп отырған мемлекет билігі ғана өз іс-әрекетінде жемісті нәтижелерге жетіп отырады. Бірақ азшылық өз тарапынан занды түрде қабылданған саяси шешімдерге мойын ұсынуға тиіс.
3) Азаматтардың құқығы мен бостандығын конституциялық тұрғыдан бекіту. Демократиялық қоғамда адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы болып табылады. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, оған кепілдік беру – мемлекеттің басты мақсаты және бүкіл қызметінің мәні. Мәселен, Казақстан Республикасы Конституциясында былай деп атап көрсетілген:
«Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» (14-бап). Әркімнің жеке басының бостандығына, ар-ождан бостандығына құқығы бар, сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі, оның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды (ІІ- бөлім).
4) Көппартиялық. Демократиялық қоғамда барлық партиялардың конституция шеңберінде өмір сүріп, қызмет атқаруына кедергі жасалмайды.
5) Биліктің тармақталуы. Бұл принцип демократиялық қоғамның атрибуттық қасиеттерінің бірі болып табылады. Биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары өз қызметтерін тежемелік және тепе-теңдік жүйесіне негіздей отырып өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырады.
6) Мемлекет органдары қызметінің жариялығы. Халық – жариялық бар жерде ғана биліктің бастауы бола алады, ал мемлекеттік органдар халықтан бөлінген, оның үстінен өктемдік жүргізетін күшке айнала алмайды.
7) Түрлі қоғамдық күштердің аса жоғары әлеуметтік және саяси белсенділігі. Халықтың әртүрлі топтары мен қатпарлары өз саяси мүдделерін танып, алдына нақты мақсат қойып, саяси процеске белсене араласқанда ғана саясаттың субъектілеріне айналып, биліктің бастауы ретінде орныға алады.
Демократиялық режим әртүрлі нысанда калыптасып, өмір сүруі мүмкін. Оларды президенттік және парламенттік деп ажыратуға болады. Парламенттік режим өз алдына үш түрге бөлінеді:
1) Бір партиялық парламенттік режим - парламентте жеке дара бір партияның күші басым түсіп, үкімет құра алатын болса. Мәселен, Ұлыбритания парламентінде лейбористік немесе консервативтік партия сайлауда жеңіп шыққанына қарай сайлану мерзіміне үкімет құрады.
2) Парламенттік коалициялық жүйе – биліктің атқарушы органдары сайлау қорытындысы бойынша дара үзіліп шықпаған әртүрлі партиялардың одақтасып бас біріктіруі нәтижесіңде құрылады (Италия).
3) Консенсустік парламенттік режим – аймақтық және этностық ерекшеліктерді міңдетті түрде ескере отырып атқарушы билік тұтқасын қалыптастыру (Белгия).


Тоталитаризм

Тоталитаризм - өз алдына саяси жүйенің бір түрі, қоғамдық құрылыс, XX ғасырдың құбылысы. Тоталитаризм сөзінің мағынасы кейінгі латын тілінен аударғанда "тұтас", "бәрі" дегенді білдіреді. Бұл сөзді саясат саласына біздің ғасырымыздың 20-шы жылдарының бас кезінде Б. Муссолини енгізген болатын.
Тоталитаризм – қоғамдық жүйе ұжымдық мақсатқа, көсемнің құзырына бас ұрып, ресми идеологияға бағынсақ қоғам мен жеке адамға билік тұтқасы тарапынан тырп еткізбейтін қатаң бақылау қойылған мемлекеттік құрылыс.
Тоталитарлық режим жағдайында мемлекеттің бүкіл билігі көсем бастаған (диктатор) ат төбеліндей аз ғана топтың қолына өтеді, демократия принциптері аласталып, азаматтық қоғам жойылады, адамдардың құқығы мен бостандығы аяққа тапталады, күштеу, қорқыту, үрейлендіру, бұйыру тәсілдері арқылы адамдар рухани езгіге салынып жанышталады. Қоғамның барлық саласы түгел, оның ішінде өндіріс, экономика, бұқаралық ақпарат құралдары, білім, мәдениет, адамның жеке тіршілігі, отбасы бәрі бар, мемлекеттің «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында» болады.
Адам – жүйенің кішкентай ғана бұранда тетігіне, айтқанды істеп, айдағанға жүретін құлына айналады. Тоталитаризмнің негізгі белгілері:
1) Бүкіл ел аумағын қамтыған бір ғана бұқаралық партия бар, ол – басқарушы. Елдегі саяси биліктің тұтқасы осы партияның қолында. Басқа партиялардың құрылуына, қызмет атқаруына, жалпы қандай бір саяси оппозицияның бас көтеруіне қатаң тиым салынған.
2) Басқарушы партия демократиялық емес жолмен ұйымдасып, көсемнің төңірегіне топтасқан. Билік төменнен (халық ортасынан) емес, жоғарыдан төмен келеді. Яғни билік бастауы халық емес, көсем және оның маңындағы партия. Кәсіподақ, жастар одағы сияқты ұйымдар бар болса, олар тек көсемнің және партияның ықпалында, билік тұтқасын ұстаған партияның қол шоқпарына айналған.
3) Бүкіл қоғамдық өмір – басқарушы партия негізге алып отырған бір ғана идеологияның өктемдігінің ықпалында. Ол барлық бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланады. Солардың күшімен жұртшылықты ол идеология бірден бір шыншыл және әділ деп танытады. Экономикалық, әлеуметтік және рухани процестер осы идеологияға қатаң бағынып нұскаған бағытын басшылыкқа алады. Идеологияға өзгертушілік, төңкерістік сипат тән. Ол қоғамды мүлде жаңартып, жаңа типтегі адамды қалыптастырып, тәрбиелеуді негіздейді. Идеологияның мәнін көсем анықтайды, оған бас иіп қабылдау – жалпыға бірдей міндетті. Идеологияны таратып, дәріптейтін өте қуатты жүйе үздіксіз қызмет істейді.
4) Бүкіл ақпарат жүйесі билік иесі – партияның қолында. Басқаша ойлауға тиым салынған. «Біз және біздің жауларымыз» принципі орныққан. Қоғамдық пікір аласталған. Адамгершіліктің, имандылықтың жалпыадамзаттық негіздері теріске шығарылған. Моральдің өзі саясатқа бағынады.
5) Белгілі бір таптың, ұлттың немесе нәсілдің мәртебесі ерекше марапатталынады. Халық люмпендік күн кешіп, әрбір адам мемлекеттен тікелей тәуелді бейшара күйге түседі.
6) Қоғамда өшпенділік, күмәншілдік, үрей, сөз тасу, сырттай
қаралау өріс алады. Көсемге, партияға, идеологияға деген соқыр
сенім адамдардың жүрегін, сана-сезімін жаулап алады.
7) Қоғамда біркелкілік, сұрқайлық, теңгермешілік дәріптеліп, ой-пікір ерекшелігі, даралануға ұмтылу – қуғындалады.
8) Мезгіл-мезгіл халықты ойран қылып, есін жиғызбайтын бұхаралық террор, қырып-жою, қуғын-сүргін науқандары өткізіліп тұрады. Бұл ретте қауыпсіздік қызметі, әскер, сақшы, т.б. елдің зәре-құтын қашыратын, шаш ал десе – бас алатын мекемелер мен органдардың басын қосатын әлеуметтік бақылау және күш көрсету аппараты дамылсыз қызмет істеп тұрады. Өмір салты әскери сипат алып, милитаризациялау үдей түседі.
9) Өндіріс, экономика, қорғаныс, қоғамның басқа салалары түгелдей мықты бақылаудың қарамағында, мемлекеттің араласпайтын, қол сұқпайтын жері жоқ.
Бұл аталған белгілер тоталитарлық режим үстемдік құрған барлық мемлекеттерге тән. Алайда олардың арасында өзіндік ерекшеліктер де бар. Сондықтан да тоталитарлық режимнің мынадай үш түрін даралап көрсетуге болады: фашизм, ұлттық-социализм және коммунистік тоталитаризм.
Фашизм – алғаш 1922 жылдан бастап Италияда орнықты. Оның алдыға қойған басты мақсаты Рим империясының құдіреті мен айбынын қайта жаңғырту болатын. Фашистік идеология халық рухын тазалап, қайта қалпына келтіруге, мәдени және этностық негізде ұжымдық біртектілік калыптастыруға ұмтылды. Осыған байланысты мемлекет билігінің күш-қуатын барынша асқақтатып, үкіметке шектеусіз билік тұткасын ұстатты. Фашистік тоталитаризм Испанияда генерал Франко билік жүргізіп тұрған кезеңде де әскери-фашистік режим ретінде көрініс берді. Ол мемлекет өмірінде шешуші ролъ атқарып отырған армияға сүйенді.
Ұлттық-социализм 1933 жылы Германияда бас көтерді. Тоталитаризмге тән белгілер мен қасиеттердің бәрін ұлттық-социализм бойына сіңірген. Оның өзгешелігі мынада: ұлттық-социализм үшін тұғарнамасындағы басты нәрсе – ұлт, ұлттық және нәсілдік өшпенділік, ұлттық және нәсілдік артықшылық. Басты мақсаты – арий нәсілінің герман (неміс) ұлтының дүние жүзіндегі үстемдігін орнату, басқа халықтар мен мемлекеттерді жаулап алып, өз ұлтының табанына салу.
Салыстырмалы түрде айтқанда ұзақ өмір сүруге, өз ықпалын кең таратып, адамзаттың едәуір бөлігін өз иіріміне тартуға бейімдік көрсеткен коммунистік тоталитарлық режим еді. Ол 1918 жылы Кеңестер одағынан бастау алады. Коммунистік режимнен, әсіресе КСРО-дағы саяси жүйеден жоғарыда көрсеткен тоталитаризмнің белгілері өз көрінісін тапты. Коммунистік тоталитаризм бүкіл адамзаттың «жарқын болашағы» - коммунизмге жетуді мақсат етеді. Ол үшін ең құнды нәрсе – тап, пролетариат. Бүкіл әлем осы таптың көзқарасы арқылы бағаланады. Бүкіл дүние осы таптың мүддесіне қызмет етуі керек. Ол көптеген ізгілікті идеялар мен қоғамның төменгі қатпарларының арман-тілегін өз мақсатына ұқыпты пайдаланады. Коммунистік тоталитарлық режим әлі де бірнеше елде өз үстемдігін жүргізіп келеді.
Дегенмен, тоталитарлық режимнің, қандай бір түрі болмасын, ғұмыры қысқа екенін тарих дәлелдеп берді. Оның негізіңде қате теориялық нұсқалар, жалпыадамзаттық ізгіліктерге қарсы келу жатыр. Ол – тұйықтықты қалайды, әлемдік объективті даму заңдылықтарына, адамгершілік нормалары мен принциптеріне кереғар келеді. Ерте ме, кеш пе тоталитарлық жүйе дағдарысқа ұшырап, авторитаризмге немесе демократияға жол ұсынатыны анық.
Авториаризм

Авторитаризм – бүгінгі әлемде көптеген елдердегі биліктің мәнін, басқарудың, тәсіл-амалдарын анықтап отырған режим. Ол түптеп келгенде жеке адамның, немесе шағын топтың билеуші есебіндегі (патша, диктатор, әскери хунта, деспот, т.б.) шексіз құқығына, күш-айбарына табан тірейді. Бұл режим көбінесе ескі әлеуметтік-экономикалық құрылымы ыдырап, әртүрлі әлеуметтік топтар жіктеліп, қоғам – дәстүрлі қалыптасқан жағдайдан жаңа сапалық өзгеріске көше бастаған өтпелі кезеңдерде пайда болады.
Авторитарлық режимде тоталитаризммен де, демократиямен де жақындастыратын ортақ қасиеттер бар. Биліктің заңмен шектелмейтін диктаторлық сипаты оны тоталитаризмге бейімдесе, қоғамда мемлекет бақылауынан тысқары қоғамдық салалардың (экономика мен жеке бас тіршілігі) болуы – демократияға қарай тартады.
Авторитаризмнің негізгі белгілері:
1) Билік тұтқасы бір адамның немесе ат төбеліндей шағын топтың қолында.
2) Билік шексіз және қоғамдағы азаматтар тарапынан ешқандай бақылауға алынбайды.
3) Билік күшке сүйенеді, ол күшті қолданып, қуғын-сүргін жасап, қырып-жоюға бармауы мүмкін, бірақ қажет болған жағдайда көпшілікті зорлап айдағанына жүргізе алады.
4) Билік – саяси оппозицияға, ашық саяси іс-әрекетке жол бермейді. Кейбір партиялар мен кәсіподақ және кейбір ұйымдардың болуы мүмкін, бірақ олар билік тұтқасының қатаң бақылауында және биліктің ынғайына жығылып өмір сүреді.
5) Билік тұтқасы - қоғам үстінен біртұтас қатаң бақылау жасамайды. Ол негізінен саяси саланы уысында ұстайды. Ал қалған салаларға, әсіресе экономикаға еркіндік береді. Авторитаризм ең әуелі билеушінің қауыпсіздігін, қоғамдық тәртіпті, қорғанысты – басты назарда ұстайды.
6) Басқарушы топ жоғарыдан тағайындау аркылы қалыптастырылады.
Сөйтіп, қорытындылай келгенде, авторитаризм дегеніміз – саяси оппозицияның жолын кескен, бірақ саясаттан тысқары салаларда кісі мен қоғамның өзіндік тіршілігіне еркіндік беретін жеке адамның немесе шағын топтың шексіз билікке иелік етуі.
Авторитаризм, жоғарыда айтқанымыздай, тарихта кең тарап қанат жайған режим. Осы заманғы Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің басым көпшілігі осы режимнің ықпалында.
Авторитаризмге – өтпелі қасиет тән. Оның тоталитаризмге біржола бет бұратын кездері де бар (мәселен, Кубадағы Фидель Кастро режимі). Ал негізінде авторитарлық режим демократияға ұласады (мәселен, Оңтүстік Корея, Чили, Тайланд, Аргентина).
Авторитарлық режимнің әлсіз жағы – саясаттың мемлекет басшысынан толық тәуелділігі, ал күшті жағы – бүкіл халықты кезекті күрделі істерге жұмылдыруға, мәселені тез шешуге қабілеттілігі.....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?