Әлеуметтану | Марксизм философиясы тууының әлеуметтік-экономикалық және саяси алғышарттары

Әлеуметтану | Марксизм философиясы тууының әлеуметтік-экономикалық және саяси алғышарттары

Диалектикалық және тарихи материализм деп аталатын марксизм философиясының тууы философиядағы революция болып табылады, өйткені табиғатты, қоғамды және ойлау дүниесін қамтитын ғылыми-философиялық көзқарас жасалды. Ол XIX ғасырдың 40-жылдарында Германияда туды. Не себепті ол ерте емес, не кеш емес, XIX ғасырдың 40-жылдарында Германияда туды? Бәлкім, Карл Маркс дүниеге 500 жыл бұрын келгенде, марксизм де 500 жыл бұрын туар ма еді? Бұл сұрақтарға дұрыс жауап қайыру үшін алдымен марксизмнің тууының әлеуметтік-экономикалық және саяси алғышарттарын қарастыру керек.
Марксизмнің тууын әзірлеген адамзаттың әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани дамуының бүкіл барысы, әсіресе капиталистік құрылыстың дамуы, оның ішкі қайшылықтарының шиеленісуі, пролетариаттың буржуазияға қарсы күресі болды.
XVII – XVIII ғасырлардағы буржуазиялық революциялар бірқатар европалық елдерде ғасырлар бойы мызғымас берік сияқты болып келген феодалдық қоғамдық құрылысты қиратқаны белгілі. Буржуазияның саяси өкіметті жеңіп алуы капитализмнің дамуы, әсіресе XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басындағы өнеркәсіптік революцияның нәтижесінде жылдамдата дамуына жол ашты. Мұның қажетті нәтижесі, бір жағынан, ірі машиналы индустрия, екінші жағынан, ең революцияшыл тап пролетариаттың дамуы болды.
Бірақ капитализм дамуының нәтижесінде еңбек өнімділігінің артуы және қоғамдық байлықтың өсуі еңбекшілердің тұрмысын жақсартпады. Керісінше, қоғамның бір бөлігінде, буржуазияның қолында мол байлық жиналып жатса, екінші бөлігінде еңбекшілердің, әсіресе пролетариаттың қайыршылығы арта түсті. Ұсақ өндірушілердің жаппай пролетариаттануы, жұмысшылардың, оның ішінде әйелдер мен балалардың еңбегін аяусыз қанау, төзгісіз тұрғын үй жағдайлары, адам айтқысыз штрафтар мен қысым көрсетулер, әсіресе оқтын-оқтын қайталанып отыратын экономикалық дағдарыстар кезінде (1825 жылдан бастап) арта түсетін жұмыссыздық – мұның бәрі капиталистік өмір шындығының бұрын болмаған көріністері – еңбекшілердің ашу-ызасын тудырды.
XVII – XVIII ғасырлардағы буржуазия идеологтары феодалдық қоғамдық қатынастарды жою әділеттілікті орнататын ақыл-ойдың салтанат құруы, адамдар арасында теңдік, тіпті туыстық қатынас орнату деп дәріптеген еді, сондықтан да жұмысшы табы буржуазиялық революциялар кезінде буржуазияға феодалдық үстемдікті жоюға көмектескен еді. Ал XIX ғасырдағы капиталистік өмір шындығы мүлдем қарама-қарсы әлеуметтік нәтижелерді көрсетті: бұрынғы одақтасы – буржуазия тап жауы болып шықты. Жұмысшылардың “жұмыс беріп жарылқаушы” капиталистерге наразылығы жиі-жиі ереуілдер жасауға, ал кейде қарулы көтеріліске алып келіп отырды. Франциядағы Лион тоқымашыларының 1831 және 1834 ж.ж. Германиядағы Силезия тоқымашыларының 1844 ж. көтерілістері сондай көтерілестер болды. Англияда (30-40-жылдары) чартизм деп аталған жұмысшылардың тұңғыш бұқаралық пролетарлық қозғлысы өріс алды. Алайда күрестері әлі ұйымдаспаған, стихиялық сипатта болды – капиталистік езгіні жоюдың жолдары мен құралын түсетін айқын таптық сана болмады.
Жұмысшы табының азаттық күресінің ғылыми теориясын Карл Маркс (1818 – 1883) пен Фридрих Энгельс (1820 – 1895) жасады. Олар жұмысшы табының ұйымдаспаған, бытыраңқы стихиялық көтерілістерін ұйымдасқан саналы қозғалысқа айналдыру қажеттігін, ал ол үшін жұмысшы қозғалысын ғылыми-социалистік теориямен қосу, оны қосатыны ғылыми теориямен қаруланған ұйымшыл жұмысшы партиялары екенін дәледеп берді.
Пролетариат өзін азат ету үшін бүкіл еңбекші халықты азат етуі қажеттігін, ал бұл үшін адамды адамның қанауын тудыратын экономикалық негіздерді жойғанда ғана бүкіл қоғамды әлеуметтік бостандыққа жеткізуге болатыны жайында қорытынды жасады. Маркс пен Энгельс бұл қорытындыны бүкіл қоғам өмірін, ең алдымен капитализмнің дамуын өздері жасаған ғылыми-философиялық көзқарас – диалектикалық және тарихи материализмді басшылыққа ала отырып зерттеудің нәтижесінде жасады.Марксизм философиясы тууының әлеуметтік-экономикалық және саяси алғышарттары.
Марксизмнің тууы XIX ғасырдың ортасында Европада қалыптасқан тарихи жағдайларға байланысты болғанын туралы айтылды. Бірақ ғылыми теорияның тууы үшін тек объективтік жағдайлардың болуы әлі жеткліксіз. Сонымен бірге жаңа фактілерді, процестерді терең зерттей білетін, тарихи дамудың барысында жинақталған білімдерді сын елегінен өткізіп, дұрысын пайдалана білетін көрнекті ғалымдардың жасампаздық қызметі де қажет. К.Маркс пен Ф.Энгельс өздерінен бұрынғы ғалымдар күн тәртібіне қойған, бірақ ғылыми шешімін таба алмай кеткен мәселелерді шеше білді, бұл үшін капитализм тұсында қалыптасқан адамзат білімінің жетістіктеріне теориялық негіз ретінде арқа сүйеді.
Марксизмнің теориялық негізі немесе бастауы классикалық неміс философиясы, ағылшынның саяси экономиясы және француздың утпопиялық социализмі болды.
Марксизмге дейінгі материализм көбінше механистік және метафизикалық сипатта болды, яғни табиғат пен қоғам өмірін өзгеріссіз, дамусыз деп, дамуды мойындағандары оны тек сан өзгерісі – үлкею не кішірею, көбею не азаю – деп түсінді. Сөйтіп, жалпы алғанда, бұрынғы материализм даму ең алдымен сапалық өзгеріс, жалпы заңдылық екенін түсінбеді.
XVII – XVIII ғ.ғ. материализмнің механистік және метафизикалық сипатын марксизмнен бұрын XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында неміс философиясының идеалистері, әсіресе Гегель қатты сынға алды. Гегельдің диалектикасы идеалистік негізінде құрылғанымен, бірақ ол өз кезінде даму жайында ең толық та дәйекті теория болды. К.Маркс атап көрсеткендей: “Гегельдің қолымен мистификацияланған диалектика, дегенмен, сол Гегель диалектикасының жаппай қозғалыс формаларын жан-жақты да саналы түрде тұңғыш түсіндіруіне кедергі бола алмады. Гегельдің диалектикасы басы төмен қарап тұр. Мистикалық қабығының астындағы нәрлі дәнін ашып алу үшін, оны аяғына тұрғызып қою керек”.
Гегель диалектикасының “нәрлі дәні” – жаппай даму туралы ілімі. Ол дамудың қайнар көзі – қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі, сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне өтуі, терістеуді терістеу арқылы жүзеге асатын өрлемелі қозғалыс.
Бірақ Гегель идеалист болғандықтан, табиғат пен қоғам дамуының бастауы “абсолюттік идея” деп аталатын рухани, құдай идеясы болуы тиіс еді. Сондықтан материяның, табиғаттың дамуы сол идеяның дамуының сырт көрінісі деп түсіндірді. Гегельдің “абсолюттік идеясы”, сайып келгенде, абсолюттік құдайдың Гегельдің идеализмін сынағанда марксизмнің негізін салушылар Фейербахтың материалистік философиясына сүйенді. Фейербах Гегельдің иделизміне антропологиялық материализмді қарсы қойды. Бұл материализм бойынша ойлау “абсолюттік идеяның” мәні емес, адам миының сыртқы дүниені бейнелендіру қасиеті, яғни адамның табиғи қасиеті. Фейербах адамды табиғат дамуының ең жоғарғы жемісі, адам арқылы ғана табиғат өзін танып біле алады, қабылдайды деп санады.
Фейербахты адамды табиғатпен бірлікте қарай отырып, сонымен қатар адамның басқа тірі организмдерден айырмашылығын да көрсетуге тырысты. Жеке адамдарға тән айырғысыз қасиеті бірі мен бірінің қатынас жсасуы, біріне бірінің талпынуы деп санады. Бірақ ол адамзат қоғамының мәнін және оның даму заңдарын танып-білу дәрежесіне көтеріле алмады; жеке адамдар арасындағы қарым-қатынасты сүйіспеншілікке талпындыратын рухани қатынас деп түсінді. Фейербах Гегельдің диалектикасын бағаламады, оны идеализмнен аршып алып, материалистік негізінде қолдануға болатынын түсінбеді.
Фейербахтың философиясында қоғам құбылыстарын материалистік тұрғыдан түсіндірудің кейбір бастамалары бар еді. Мәселен, дінді сынау оның философиясының аса маңызды мазмұнын құрды. XVII – XVIII ғ.ғ. атеизммен салыстырғанда оның атеизмнің ерекшелігі сол, ол діннің шығу және өмір сүру себебін тек адамдардың надандығынан деп түсінген жоқ; сондай-ақ діни бейнелерде адамдардың өмірі: күйініш-сүйініші, бақытылыққа ұмтылысы, табиғаттан және бір-бірінен тәуелділігі қалай көрініс табатынын көрсетуге тырысты. Алайда ол діннің әлеуметтік-экономикалық түп-тамырын, адамдарға табиғат құбылыстармен қатар, стихиялы қоғамдық құбылыстар үстемдік жасайтынын түсінбеді. Фейербахтың философиясында атеизм және адамдардың бір-біріне деген гуманистік сенімінің негізі діни сенімде деген қарама-қарсы түсініктер ұштасып жатыр. Сондықтан да ол құдайы бар христиан дінін жойып, оның орнына “құдайсыз дін”жасауға тырысты.
Фейербахтың материализмі классикалық неміс философиясының аяқталуы бола отырып, философиялық материализмнің одан әрі дамуының (ең жалпы формада болса да) алдағы бағытын көрсетіп берді. Міне, сондықтан да Фейербахтың материализмі (Гегельдің диалектикасы сияқты) Маркс пен Энгельстің диалектикалық-материалистік философиялық көзқарасының қалыптасуына зор әсерін тигізді.
Диалектикалық және тарихи материализмнің теориялық бастаулары.
Карл Маркс пен Фридрих Энегельстің өткеннен қалған философиялық мұраны сын көзбен қайта өңдеуі және өздері жүзеге асырған философиядағы революциялық төңкерісі өзара байланысты біртұтас процесс. Оның негізгі мазмұны – дүниеге ғылыми-философиялық көзқарасты қалыптастыру, одан әрі дамыту болды.
Әрине, Маркс пен Энегельс диалектикалық-материализмді бірден жасап, жұмысшы табының ғылыми көзқарасының негізін бірден қалаған жоқ. Олар өздерінің теориялық және қоғамдық-саяси қызметінің бас кезінде идеалист болды, Гегель философиясынан революциялық және атеистік қорытындылар жасамақ болған гегельшілдер мектебінің солшыл өкілдеріне (жас гегльшілдерге) қосылды. Бірақ басқа жас гегельшілдерге қарағанда, Маркс пен Энгельс тіпті өздерінің алғашқы шығармаларында-ақ революцияшыл демократтар ретінде, қалың еңбекші бұқараның мүдделерін қорғаушылар ретінде көрінеді.
Өткен замандардың философтары көтерген, бірақ шеше алмаған сұрақтарға жауап табу үшін Маркс пен Энгельс ең алдымен теориялық және саяси қызметтің бастапқы дұрыс тірек пунктін табуы қажет болды.
Олар үшін ондай бастапқы пункт адамды адамның қанауының барлығына қарсы, әлеуметтік езгі мен теңсіздіктің экономикалық және саяси негіздеріне қарсы күрес болды. Еңбекші адамды құлдыққа түсірудің қандайын болсын дәйекті революциялық тұрғыдан терістеудің нәтижесінде ғана материалистік диалектиканы жасауға болатын еді. Әбден кедейленген нағыз революцияшыл еңбекші таптың тұрмыс жағдайын, мақсат-мүддесін күрес негізі етіп алғанда ғана тарихты материалистік тұрғыдан түсіну мүмкін еді, ал бұл қоғам дамуындағы шешуші күш еңбекші бұқара және ол жүзеге асыратын материалдық өндіріс екенін ашуға көмектесті.
Кейбір философтар Маркс пен Энгельстің диалектикалық материализмін Гегельдің диалектикалық (идеалистік) әдісі мен Фейербахтың метафизикалық материалистік теориясының жай қосындысының нәтижесі түрінде түсіндіреді. Бұл марксизм классиктерінің философияда жасаған революциясының мәнін түсінбеушілік, одан қалды, ашықтан-ашық тұрпайыландыру болып табылады, өйткені материализм мен идеализмді, диалектикалық және метафизикалық ойлау әдістерін бір-бірімен қосу мүлдем мүмкін емес – олар бірін-бірі терістейтін қарама-қарсы ағымдар.
Шынында, марксизмнің философияда жасаған революциялық төңкерісінің мәні неде, ол неден көрінеді?
Марксизмнің негізін салушылар жаңа заманның материалистік ілімін, Фейербахтың философиясын қоса, диалектикалық тұрғыдан жан-жақты талдап, оны механистік және метафизикалық сипаттардан тазартты. Олар сондай-ақ Гегельдің диалектикалық әдісін материалистік тұрғыдан өңдеп, табиғат пен қоғам құбылыстарын ғылыми зерттеуге кедергі болатын идеалистік мазмұнынан тазартты, сөйтіп, “басы төмен қарап тұрған диалектиканы аяғына қойып” дұрыстады, яғни ғылыми материалистік теорияны ғылыми диалектикалық әдіспен табиғи біріктірді. Осы тұрғыдан алғанда материалистік диалектиканы тек әдіс деп, ал философиялық материализмді тек теория деп қана түсіну үстірттік болар еді. Материалистік диалектика шындығында тек әдіс емес, ол сондай-ақ даму жайындағы теория – табиғаттың, қоғамның және танымның ең жалпы даму заңдары жайындағы ілім, ғылыми теория. Философиялық материализм теория ғана емес, сондай-ақ болмысты белгілі бір тұрғыдан түсіндіретін материалистік әдіс.
Маркс пен Энгельстің философияда жасаған революциялық төңкерісінің ең айқын көрінісі тарихтың материалистік ұғымының жасалуы болды, өйткені Маркстен бұрынғы материалистердің бәрі тек табиғат құбылыстарын түсіндіруде ғана материалист еді, ал қоғам өміріне келгенде олардың барлығы идеализм шеңберінен шыға алмады, қоғам өміріндегі шешуші күш сана, рухани бастама деп түсінді, өйткені, деді олар, адамдарды түрліше іс-қимылға бастайтын идеялық мотивтер, адамдардың мақсат-мүдделері деді, бірақ бұл идеялық мотивтерді тудыратын түпкі себептерді ашып бере алмады.
Маркс пен Энгельс диалекткалық материализмді дәйекті түрде қоғам өміріне, тарихқа қолдана отырып, тарихи материализмді жасады, қоғамдық болмыстың біріншілігі, қоғамдық сананың екіншілігі жайындағы оның негізгі мәселесін тұжырымдады: адамдардың материалдық тұрмыс жағдайы қандай болса, жалпы алғанда олардың ой-санасы соған сәйкес болатыны т.б. негіздеп берді.
Қорыта айтқанда, марксистік әдіс диалектикалық қана емес, сондай-ақ материалистік , ал марксистік теория – материалистік қана емес, сондай-ақ диалектикалық әдіс. Демек, марксизм философиясында материализм мен диалектика біріне – бірі тәуелсіз екі құрамдас бөлшек емес, біртұтас ілім, өйткені ол бейнелендіретін шындық дүниенің өзі – бір мезгілде әрі материалдық, әрі диалектикалық дүние.
Сонымен, дүниеге диалектикалық-материалистік көзқарастың жасалуы, материализмнің диалектикалыққа айналуы, материалдық дүниенің және оны танып-білудің ішкі диалектикалық процесінің ашылуы Макрс пен Энгельс философияда жасаған революциялық төңкерісінің ең бірінші көрінісі болып табылады.
Қысқасы, Маркс пен Энгельс, өздерінен бұрынғы материалистер сияқты, жарты жолда тоқтап қалмай, материализмді дәйекті түрде аяғына дейін жеткізіп, дүние жайындағы біртұтас ғылыми-философиялық ілім – диалектикалық және тарихи материализмді жасады.
Маркс пен Энгельске дейінгі философтар өздерінің философиялық системасын бұдан бұлай өзгермейтін, түпкілікті тағайындалған абсолюттік ақиқат деп санады. Гегель, міселен, өзінің философиялық системасын абсолюттік ақиқат деп жариялады. Марксизм философияға деген мұндай көзқараспен келіспеді де, өзінің философиялық іліміне түпкілікті тағайындалған ақиқат деп қарамай, ғылымның және қоғамдық практиканың даму барысында өзгертіп, айқындала және байи түсетін ілім деп қарады. ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?