Экология | Атырау экологиясы

Экология | Атырау экологиясы

Атырау экологиясы


Ата Заңымыздың 1 бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп, алтын әріптермен жазылған болса, осы Заңның 29, 31 баптарында Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы барлығы және мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды деп ашып көрсетілген.
Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының құжаттарында ашық айтылғандай, адам денсаулығына дәрігерлік саланың жұмысынан 10 пайыз ғана пайда болса, оның 40 пайызға жуығы табиғат жағдайына, экологияға байланысты екен.
Кеңес дәуірінде “табиғатқа жалынбаймыз, одан өз керегімізді тартып аламыз” деген ұран аяғында егіндік, шабындық жерлеріміздің тозуына, топырақтың эрозияға ұшырауына, балықтың азаюына, атмосфераның бүлінуіне әкеліп соқтырғанын көрдік. Ал қоршаған ортаның қолайсыздығынан адамның денсаулығына келетін зиян аса қауіпті екенін жоғарыда айтып кеттік. Халықтың денсаулығын қорғау - мемлектіміздің қауіпсіздігінің бір кепілі. Сондықтан да халықтың денсаулығын экологиялық қолайсыз жағдайлардан қорғау, елді мекендерде қоршаған орта нормативтерін сақтау, өнеркәсіп нысандарын елді мекеннен тысқары жерге шығару, экологиялық себептерден болған ауруларды емдеу үшін клиникалық орталықтар құру, халықтың денсаулығына экологиялық тұрғыдан келген зиянды өтеу бүкіл мемлекеттік органдар мен сот органдарының қатаң бақылауында болғаны абзал.
Облысымызда 1 мың адамға шаққанда туылғандар саны республикалық көрсеткіштен жоғары болып, Атырау өңірі елімізде адам санын көбейтуде алдыңғы қатардың бірі екендігі көңілді қуантады. 2004 жылы бұл көрсеткіш еліміз бойынша 18,19 болса, Атырау облысында 21,36 болды, ал 2005 жылы республикада 18,41 болғанда, біздің облыста бұл көрсеткіш 23,09-ке жетті. Бірақ өкініштісі тұрғындардың жалпы аурулылық көрсеткіші жылдан жылға өсіп келе жатыр. 100 мың адамға шаққанда бұл көрсеткіш 2004 жылы 32494,8 болса, 2005-ші жылы бұдан да көтеріліп 33496,3 жеткен. Соның ішінде, бір жастан бес жасқа дейінгі балалар арасында 1 мың балаға шаққанда аурулылық көрсеткіші өсіп отыр. Бұл жағдайды да біз экологиялық проблемалардан тыс қарай алмаймыз. Ал облыстағы рак ауруларының көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 2004 жылы 160,7, ал 2005 жылы 172,1 адам болған. Туберкулезбен ауыратындар саны жөнінен облыс көрсеткіші елімізде алдыңғы қатарлардың бірінде. Егер 2004 жылы осы дертке шалдыққандар саны облыс бойынша 1004 адамды құраса, 2005 жылы оның саны 981 адамға дейін кемігенімен, көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда республикалық көрсеткіштен көп жоғары. Бұл саны жағынан онша үлкен емес облыс халқының болашақ ұрпағына төнген “қауіп-қатер дабылы”. Сонымен бірге еңбекке қабілетті 18 бен 54 жастағы адамдар арасында осы аурудың көптігі, әсіресе оның ер азаматтар арасында бой алып тұрғаны да алаңдатады. Еліміз бойынша 2006 жылы туберкулез сырқатына шалдығып, дәрігерлік бақылауға алынған науқастар саны 23 мың адамды құраса, ең жоғары көрсеткіш Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарымен бірге біздің Атырау облысында да тіркеліп отыр. Бұл облыстарда аурулылық көрсеткіш республикалық көрсеткіштен 10-30 пайызға артық екенін Республикалық туберкулез проблемаларымен айналысатын Ұлттық орталықтың басшысы Шахимурат Исмаилов мырза да жасырмайды. Өңірімізде 2001 жылмен салыстырғанда 2005 жылы балалар арасындағы тыныс алу жолдарының қабыну аурулары 1,2 есе, нерв жүйесі аурулары 1,5 есе, психикалық аурулар 2,0 есе, көз аурулары 2,86 есеге өскен екен.
Бұл күрделі мәселенің түп тамырларының бірі экологияда жатырғаны ешкімге жасырын емес, себебі өмірге қажетті басқа қоғамдық, экономикалық, әлеуметтік ахуал бізде басқа өңірлермен салыстырғанда артық болмаса кем емес.
Елімізде жұмыс жасап жатырған үкіметтік емес ПРООН деп аталатын мекеменің қызметкері Гордон Джонсонның деректері бойынша тек соңғы он жыл көлемінде еліміздегі киіктер саны 40 есеге, Каспий теңізіндегі қызыл балықтар саны 8 есеге дейін азайып кеткен. Жыл сайын өте үлкен көлемде итбалықтар қырылуда. Мұның басты себептерінің бірі мұнай мен газды өндіру барысында табиғатымызға жыл сайын келетін орасан зор зиян мен табиғат байлығына деген тойымсыздық. Біздің еліміздегі жан - жануарлар әлемінің төрттен бірі Қызыл кітапта тіркелгендігін ескерер болсақ, осы бір адам психологиясына ғана емес, табиғат экологиясына да жат қылықтарды уақытылы “құрықтаған” абзал.
Біздің атыраулықтарды қатты алаңдататын нәрселердің бірі - Каспий аймағының экологиялық жағдайы. Теңіз жағалауындағы мемлекеттердің өз беттерінше қолға алып жатқан іс-шараларының жеткіліксіздігі, теңіздегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жүйелі іс-әрекеттердің жоқтығы, Каспийдің экологиясы бүгінгі күні дағдарыс деңгейіне жақындығы, теңіздің, теңіз жанындағы жердің, ауаның ластануы, тірі ағзалардың, жәндіктердің, өсімдіктердің азаюы, аурудың көбеюі айтылып жүрген мәселелер болғанман, әлі шешуін тапқан жоқ. Өкінішке орай осы бір Каспий теңізі аймағына қарайтын бес мемлекет тарапынан теңіздің проблемасымен айналысатын халықаралық қозғалыс құру мәселесі де күн тәртібінде тұрғандығымен әлі күнге дейін шешілер емес. Осы проблемаларды бірігіп шешу мақсатында сот, құқық және табиғат қорғау органдарымен бірлесіп мемлекетаралық ұйым құратын мезгіл жеткен секілді. Осы ұйымды құру жөнінде біздің ел бастама көтерсе құба құп. Елбасы Н.Назарбаевтың жалпы дүние жүзіндегі беделін ескере отырып, қазіргі уақытта ауадай қажет осы мәселені алғашқы болып көтерер болсақ, ол іс біздерге тек қана оң ұпай әкелетіні сөзсіз. Әрі Каспий өңіріндегі бекіре балығының 90 пайызы осы теңіздің Қазақстан бөлігінде жатқандығы да ескеруге тұрарлық жағдай. Еліміздің табиғатына жанашырлық ахуал - күйді көтеру - бәсекеге бет алған қабілетті 50 ел қатарынан нық орын алу үшін керек фактор екендігі сөзсіз.
Ғалымдарымыз қазіргі таңда экология мәселесі атом қаруынан да қауіпті екендігін айтып жатыр. Бүкіл жер бетінде миллиардтаған органикалық заттар атмосфералық ауаға көмірсутегі газы арқылы таралады. Бұған жершарында күн жылынуы мәселесін де қосуға болады. Тіпті Д. Менделеевтің өзі де біз мұнайды жағу арқылы өз ассигнациямызды жағамыз деген екен.
Кез келген ел өзінің экологиялық мәселесін шешуде ең қауіпті деген экологиялық апатты аймақтарын Бүкілдүниежүзілік Ұлттар Ұйымы алдына мәселе етіп қояды. Біздің Елбасымыз Н. Назарбаев осы ұйым алдына Арал мәселесін қойып отыр. Еліміздегі экологиялық жағдайлары тәуір емес жерлерге Семей, Балқаш, Арал, Байқоңыр жатқызылып келсе, соңғы кездері олардың құрамында облысымызға қарайтын Тайсойған, Каспий аймақтары да айтылып жүр. Бірақ елдің экологиясын жақсарту мақсатында Елбасы қол қойған Экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасы жергілікті жерлерде жүзеге аспай отырғандығы жасырын емес. 90-шы жылдардың басында Санкт-Петербург мемлекеттік универститетінің мамандары Химия институты мен «Приморский» реабилитациялық орталығының ғалымдары тексеру жүргізе отырып, тек Тайсойған құмдарының айналасындағы су көздерінен талий, кадмий, никель, ал топырақта алюминий, магний, кальций, хром сияқты элементтердің нормадан тыс көптігі туралы ақпараттар берген болатын. Сол уақыттардан бері қанша жыл өткеніне қарамастан, зерттеу жұмыстарын жалғастыру туралы ешбір жан ауыз ашпай отыр. Осы сұрақтарды Парламент пен Үкімет алдында көтеретін уақыт жеткен секілді. Атырау өңірінен сайланған депутат ағаларымыздың осы тұрғысында «дауыстарын» естігіміз келеді. Тіпті басқасын айтпағанда, Атырау облысында ірі – ірі мемлекеттік мұнай мен газ өндірушілер, өңдеушілер мен тасымалдаушылар жұмыс жасап жатырса да, олардың өздеріне арнайы салдырған емханалары мен ауруханалары әлі жоқтың қасы.
Қоршаған ортаны қорғау ісінде адам денсаулығының экологиясы табиғат экологиясымен бір қатарда тұрғаны белгілі екендігін ескерсек, бұл істе құқық қорғау органдары секілді сот органдарының да алдында үлкен келелі істер тұр.
Табиғат қорғау заңдылығын сақтамай қоршаған орта байлығын үдемелі түрде игеру Атырау өңірінің экологиялық жағдайының нашарлауына әкеліп соқтырып отыр.
Сот тәжірибесінен көрінгендей, кейбір жағдайларда Атырау облысы аумағында жұмыс істеуші мұнай компаниялары Қазақстан Республикасының табиғат қорғау заңдылығын бұзуға жол береді. Осының нәтижесінде табиғатқа келтірілген зиян мөлшері орасан зор. Ол зиян мемлекет кірісіне қаржы түрінде өндірілуде, бірақ ол теңіздің тамшысындай. Қазірдің өзінде Атырау облысының соттарында көп мөлшерде осындай азаматтық істер қаралуда жатыр.
Атырау облысы аумағында жұмыс істеуші мұнай компанияларының бүгінгі күнгі ең басты міндеті - қоршаған ортаны рұқсат етілмеген жолмен ластауды болдырмауға бағытталған нәтижелі шараларды жетілдіру. Осы бағытта олар мұнай-газ игеру жұмыстарын жүргізу барысында халықаралық тәжірибеде қабылданған стандартқа сәйкес барынша тиімді тәсіл мен технологияны таңдауы қажет.
Аталған мәселенің маңыздылығы Каспий шельфінің жеделтетілген түрде игерілуі мен осының салдарынан Каспий теңізінің ластанғандығы жөніндегі орын алған фактілерге де байланысты. Бұдан басқа, ұзақ уақытқа сақтауға бекітіліп қойылған (законсервированные) су астындағы ескі скважиналардан кез-келген уақытта төнген мұнай ағып кету қаупін де естен шығармауымыз керек.
Жер қойнауы байлықтары мен инвестиция, сонымен қоса қоршаған ортаны қорғауға бағытталған заңнамаларды жетілдіруде өз ойларын ортаға салу және аталмыш тақырып бойынша сот тәжірибесінде кездесетін проблемаларды талдау мүмкіндігі соттар, өкілетті органдар мен жер қойнауы байлықтарын игерушілер бас қосқан 2007 жылдың 27-30 сәуірі аралығында “Жер қойнауы және инвестиция” тақырыбында өткен Батыс өңірлік республикалық семинарда туды.
Семинар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мен Неміс техникалық ынтымақтастығы қоғамының ұйымдастыруымен мұнайлы астана – Атырауда өтті.
Аталған семинарда “Орталық Азия мемлекеттерінде құқықтық және сот реформасына қолдау көрсету” жобасының директоры Иенс Деппе мырза Германияда мұнай-газ және басқа да өндіріс саласында қоршаған ортаны ластау проблемасының жоқтығын атап өтті.
2007 жылдың 9 қаңтардында “Қазақстан Республикасының Экологиялық Кодексі” жарық көрді. Заңның Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзудан келтірілген залалды өтеудің міндеттілігі туралы 321 бабында «экологиялық құқық бұзушылық жасаған тұлғалардың жеке тұлғалардың денсаулығына келтірілген зиянды, жеке және заңды тұлғалардың мемлекет мүлкіне келтірілген залалды өтеуі ерікті түрде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот шешімі бойынша жүргізіледі», деп көрсетілген. Тек соңғы жылдардың өзінде біздің облыс бойынша осындай заң бұзушылыққа жол берген біраз адамдар мен тұлғалар тиісті жазаларын сот органдары арқылы алды. Еліміз бойынша 2006 жылы табиғат қорғау заңдарының сақталуы бойынша 15 мыңнан астам тексерулер жүргізіліп, 13 мыңнан астам заңбұзушылық фактілері тіркеліп, 4,3 миллиард теңге қаржы мемлекет қоржынына түссе, оның көбшілігі әртүрлі деңгейдегі соттардың шешімімен мемлекет бюджетіне түсті.
Мысалы, Атырау облысының тек қана ауданаралық экономикалық соттың шешімдерімен өңір экологиясына өрескел залал келтіргендері үшін шетел мұнай компанияларынан 2005 жылы 740 миллиондай теңге мемлекет пайдасына өндірілсе, 2006 жылы 1 миллиардтай теңге, ал 2007 жылдың 4 айында 2 миллиард 500 миллиондай теңге көлемінде айыппұл салынды. Әрине бұл экологияға келген залалды жоюға бағытталған аз ғана дәрменсіз қимыл. Оның өзінде облыстық бюджетке өндірілген ақшаның аз ғана бөлігі түседі, яғни жергілікті экология мен халықтың ахуалын жақсартуға түсу керек қаржының өзі өзімізге жөнді бұйырмайды. Бұл да шешімін таба алмай келе жатырған мәселелердің бірі.
Шешуін күтіп тұрған проблемалар баршылық, бірақ соларды тудырмай жұмыс жасап, өмір сүру біздің қолымызда емес пе? ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?