Шәкәрім Құдайбердіұлы (Екінші күні қонғанда)

 Шәкәрім Құдайбердіұлы (Екінші күні қонғанда)

Екінші күні қонғанда,
Жататын мезгіл болғанда,
Елсізде жатқан мұңлы шал,
Жыла да, зарла толған да.

Атыңа пішен саларда,
Ұйқыға көзің барарда,
Адасқан сенен аулыңа,
Атыңды жібер хабарға:

– Ей, Қоңыр ат! Қоңыр ат!
Айтайын саған біраз дат!
Тысқарға алып барайын,
Жүгенің шешіп алайын,
Ауылға хабар салайын,
Елге қарай сырқырат.
Кейде желіп, кейде шап.
Көдені жайлап жұлып ап.
Таба жүріп тамақты,
Таң атқанша, үйді тап!

Айғанша сынды жарыма
«Алғаның өтті» дегейсің,
«Боранда жалғыз аш жатып,
Жанына қатты сол батып,
Денесіне мұз қатып,
Қазасы жетті» дегейсің!

Сарқыншық кенжем, шын жаным,
Бір көру еді құмарым.
Алдыңнан шықса Гүлнарым,
Сұраса мені не дейсің?
«Сәлем айтты сорлы атаң!
Көрмейтін сені болды атаң!
Бұл сөзімде жоқ қатам!
Келмеске кетті» дегейсің!
«Ғафырдан қалған көп жетім,
Бір көрмек еді ниетім,
Арманда кеттім көре алмай»,
Деп күңіренді дегейсің!

Қабыш пен Ахат, Зиятқа,
Сәлемімді айтсаң, ұят па?
Қиянат жолға баспасын,
Нәпсіні мүлде тастасын!
«Жуансың» деп үкімет
Жазаласа, қашпасын,
Гепеу де мені таныды,
Аудандық бізді бір таныр!
«Бұларда жаза жоқ қой деп»,
Ауылдық та көз салар.

Батырақ кедей еңбекші,
Әркімге баға бермекші,
Таза жүрсең, сенбекші,
Танығанша, қыл сабыр.
Бұрын да ұққан шығар деп,
Адалдық жолды ұғар деп,
Айтқанымды қылар деп,
Сіздерге сенді дегейсің!

Көрмесе мені қайғырған,
Қасымды түнде жай қылған.
Атасынан айрылған.
Нәжікенге сәлем айт!

Сыр білдірмей, сыйлаған,
«Сүйенішім» деп ойлаған,
Өлім түгіл бейнетке
Біреуі мені қимаған
Мәкей, Мәшім, Сағила,
Күлжікенге сәлем айт!

Алдыма келсе «аталап»,
Жан-жағымнан «таталап»,
Сақалымды аймалап,
«Сорлы атам кетті қайдалап»,
Мырзақазы, Қапият
Ауылда ойнап жүр ме екен,
Тентек сары Рухым,
Сағынып мені тұр ма екен!

Өз әкемнен өрбіген,
Еркек, әйел, балаға.
Сәлем айтып, хабар қыл,
«Қалды,– деп,– атаң далада!»
Бірін қағас қалдырмай!
Айуандық қылып, шалдырмай.
Келін-кепшік, немере,
Кіші-үлкенге сәлем айт!

Өлгемін жоқ, тірімін,
«Мен өлдім» деп неге айтам.
«Ғафыр өлді, қайғырдық –
Тірілді ме?!» деп айтам.
«Өлімге құлақ үйреніп,
Қайғырудан жиреніп,
Мен өлгенде балалар
Жыламасын»,– деп айтам?

Сәлемімді жеткізіп,
Елге хабар еткізіп,
Осы түнді өткізіп,
Ертең кешке маған қайт!

Кәрімқұл мен Ғылымбай,
Миғраж бен Идәят:
«Боранда қайда барасың,–
Деп еді,– бүгін мұнда жат!»
Оларға болмай, кетіп ем,
Қорама келіп жетіп ем,
«Тамына есен барды ма?
Боранда үсік шалды ма?
Бір жерде өліп қалды ма?» –
Деп ойлайды-ау жаманат!

Осы күнде өздерің
Қатты күйзеу шығарсың,
Боранда бір шал күтуге,
Мұнша неге құмарсың?

Өлсем, өліп қалармын,
Өлмесем, тағы барармын.
Егер өлсем бұл жерде,
Бір күні тауып аларсың.
«Қайран ағам, қамқорым?» –
Деп айғайды саларсың!
Есіркеп жылап, көп шулап,
Кебінге орап, арулап,
Жаназамды шығарып,
Бір шұңқырға тығарсың.

Көпке шейін ұмытпай,
Сөз қылудан тынықпай,
Өлеңімді оқырсың.
Құр жазуды қармалап,
Әр сөзін бір шоқырсың.
Ішің жылап тұрса да,
Жүрегің маған бұрса да,
Шын сырын қайдан ұғарсың?

Онан да мені өлтірме,
Құдіретің жетсе, қарақтар!
«Өлтірме деген несі?» деп,
Кей мисыздар алақтар.
Өлтірме мені дегенім –
Сөзімде тәтті шарап бар.
Соның сырын ұғып ал!
Жүрекке түйіп тығып ал,
Айтқаныммен жүрсеңдер,
Өлеңімнің ішінде
Өлікке жан беретін
Мәңгі судай арақ бар!

Осыны ұқсаң, бауырлар,
Жазылар біздің жауырлар.
Өзі өлсе де, сөзі бар
Бұрынғы өткен қауымдар.
Өлмеген сөздің мысалы:
Көк өсірген жауындар.
Жауынның нәрі – асыл шөп,
Ағаш пен бұта, гүлдер көп.
Бәрін де жауын өсірсе,
Жауынды айтпа «өлді» деп.
Сөзімді ұғып ойланып,
Сырымды сынап, толғанып,
Орнымды басса жаңа жас,
Мен өлдім бе, табыңдар?!

Сөзімді ұғар жас болса,
Мен бақыттымын – өлім жоқ.
Құр әніме мас болса,
Шын сорлымын – елім жоқ.
Сөзімді ешкім ұқпаса,
Мен де, сөз де мұтылар.
Келмеген жандай жалғанға,
Топыраққа денем жұтылар.
Жоғалармын, қалармын,
Дүниеде ізім менің жоқ!

Мініки, бүгін тірімін.
Көп тірінің бірімін.
Сөзімнің сырын сұрап қал,
Ұққаныңды құрап қал.
Келмеске бір күн кетермін,
Жалғанға, сірә, сенім жоқ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?