Мезолит, неолит

 Мезолит, неолит

Тас дәуірінің тарихында Қазақстан аумағында мезолит пен неолит заманы шамамен б.з.б. XII-X және III мың жылдықтардың арасындағы уақытты қамтиды.
Бірінші аталған дәуір атауы гректің мезос (орта) және литос (тас) деген сөздерінен қалыптасқан. Бұл дәуір алғаш рет ХІХ ғасыр соңғы ширегінде бөлініп көрсетілгенімен, ондаған жылдар бойы аталмыш терминнің дефинициясы ғалымдар арасында пікір-талас тудырып келді. Мамандар арасындағы түрлі көзқарастардың ұзақ уақыт орын алуын белгілі ғалым А.Л.Монгайт былайша түсіндіреді: «Материалдық мәдениет даму көзқарасынан алғанда, мезолит палеолиттің тікелей жалғасы болды, бірақ бұл уақытта аталмыш дәуір өнім өндіруді бастады, мұның өзі өз кезегінде мезолитті келесі неолиттік дәуірмен жақындастырады. Сондықтан да кейбір археологтар «мезолит» терминінен қашқақтайды және ерте мезолиттік ескерткіштерді эпипалеолит (эпи – грекше «соңынан», «кейінгі» деген мағынады) дәуіріне, ал кейінгі мезолиттік ескерткіштерді – протонеолитке (прото – грекше «түпкі», «алғашқы», «бірінші» деген мағынада) жатқызады немесе ... айтылғандай ... жоғарғы палеолит пен мезолитті миолит дәуіріне біріктіреді».
Неолит немесе жаңа тас дәуірінен металдарды кеңінен пайдалануға бет алған өтпелі дәуір әдетте энеолит немесе мысты-тас дәуірі деп аталады. Аңшылар мен балықшылар тайпаларында бұл дәуір археологиялық материалдар бойынша әр уақытта бірдей жеткілікті айқын түрде бейнеленбегендіктен, отандық тарихнамада ұзақ уақыт Қазақстанның энеолиті неолитпен бірге қарастырылып келді. Қазіргі таңда оны да жеке қарастыруға мүмкіндік туып отыр. Қалай болғанда да уақыты жағынан біршама қысқа осы замандардың барлығында да өндірістің және адам өмірінің көп салаларында маңызды-маңызды өзгерістер болды.
Ең алдымен голоцен дәуірінің орнығуымен тұспа-тұс келген ол замандағы табиғи орта қазіргі бейнеге көшті. Ол кейінірек қоғам дамуына, белгілі бір өңірлерде өзіндік шаруашылық типтердің қалыптасуына әсерін тигізді. Табиғи өзгерістер жануарлардың кейбір түрлерінің жойылуына (мамонт, т.б.) алып келсе, басқаларының өсіп-өркендеуіне жағдай жасады. Жану¬арлар дүниесінің түрлік құрамы өзгерді: енді аңшылардың аулау нысаны көбінесе бизон мен жылқы, жабайы ешкі мен киік, қоян мен үйрек болды. Осы түз тағыларын ұстау үшін аңшылықтың жаңа құралдары ойлап шығарылды. Андарды бірлесе қуалап, қамап ұстау әдісімен қатар жеке-жеке аулау да зор маңыз алды; балықшылық кәсібі өрістеді.
Айта кететін бір жайт, мезолит заманында ірі-ірі екі оқиға болды: садақ пен жебе ойлап шығарылды және микролиттер — үш бұрыш, ромб, трапе¬ция, сегмент тәрізді шағын тас тілікшелері шықты. Ал неолит дәуірінде микролиттік индустрия ерекше кеңінен өрістеді. Микро¬литтер негізінде жебенің ұштары мен қыстырма құралдар жасауға жұмсалды: сүйек немесе ағаш саптың үзына бойындағы қуыстарына ондаған ұсақ микролиттер тығылды; нақ осылар құралдың өткір жүзі болып шықты. Желім ретінде тау балауызы, қара май, битум пайдаланылды.
Мезолит кезіндегі кейбір аңшылар тобы түз тағыларының соңынан ілесіп, жиі қозғалып отырды. Олардың жедел түрде қозғалуы, жиі қоныс аударуы бұл кездегі ескерткіштердің көп табыла қоймауына алып келіп отыр. Себебі сол замандардан сақталған мәдени қабаттардың қалың болмауы, мезолит уақытына жататын стратиграфияны анықтау мүмкіндігін үнемі шектейді. Қазіргі таңда Қазақстан жерінен мезолит дәуіріне жататын 50 шақты ғана ескерткіштердің орны анықталған. Олардың ішіндегі ең көрнектілері: Оңтүстік Қазақстан Отырар жазирасындағы Маятас, Жаңашілік-1-3 тұрақтары, Ордабасы ауданындағы Бөген (су қойма маңы), Қаратау өңіріндегі Бүркітті, Шахантай мен Соркөл-1-2 кешендері, Орталық Қазақстандағы Қарағанды-15, Әкімбек, Талдыөзек-21, т.б. тұрақтары, Батыс Қазақстандағы Қарсы (Қаршы), Шәуші ескерткіштері, Торғай даласы мен солтүстік өңірлердегі Тұз, Дүзбай-6, Евгеньевка-1, Мичурин, Қарасор-5-6, т.б. Сонымен қатар Шідерті-3 (Екібастұз өңірі), Шүлбі (Шығыс Қазақстан), Тоқтауыл (Жезді аймағы) секілді бірнеше мәдени қабаттан тұратын археологиялық нысандардан да мезолит кезеңіне жататын бұйымдар топтамасы аршып алынған. Олардың барлығы мезолит дәуіріндегі адам баласының тыныс-тіршілігінен мол ақпарат береді.
Мезолитте адам баласы табиғаттан дайын өнімдерді алып отырды. Бұл дәуірідегі өнім өндірудің кейбір нышандары Таяу Шығыстың кейбір аудандарындағы археологиялық ескерткіштерден байқалған. Ал неолитте адамзат өнімді өзі өндіре бастады. Дегенмен Жер шарының солтүстік аудандарында табиғаттан дайын өнім алу ұзақ уақыт сақталды.
Неолит адамзат тарихында өнім өндіруге көшуді бастайтын ірі тарихи-мәдени кезең болып табылады.
Б.з.б. V мыңжылдықта басталған неолит тастың пайдалы қасиеттері барынша пайдаланылған дә¬уір болды. Еңбек құралдарын өндіру барған сайын мамандандырылды. Қысып түзету техникасының жетілдірілуімен қатар тас өңдеудің тегістеу, бұрғылау, арамен кесу сияқты жаңа технологиялық әдістері шықты, бірте-бірте қиын өңделетін тастар пайдаланылды, тас балталар, кетпендер, дәнүккіштер, келілер, келісаптар жасала бастады.
Дәуірдің аса маңызды белгісі мал өсіру мен егіншілік, яғни өндіруші шаруашылық деп аталатын шаруашылық туды; бұл өндіруші шаруашылық табиғаттың дайын өнімдерін иемдену орнына — жиын-терін мен аң аулаудың орнына келді.
Шаруашылықтың жаңа түрлерінің шығуының адамзат қоғамының дамуы үшін орасан зор маңызы болды, адамның еңбек кәсібінің саласын кеңейтті, сонымен қатар оның сипатын сапа жағынан өзгертті. Адамның экономикалық қызметінің одан кейін талай мың жылдарға созылған бүкіл тарихының дені ша¬руашылықтың осы екі формасының даму, жетілу тарихы болып табылады.
Неолит дәуірінде алғашқы халықтың қолы жеткен өндіргіш күштер дамуының деңгейі басқа да мәдени-тұрмыстық жаңалықтардың шығуына себепші болды. Қазақстанның ежелгі халқында кен кәсібі мен тоқымашылықтың бастамалары шықты, оған керамикалық ыдыс белгілі болды.
Әлеуметтік жағынан алғанда неолит дәуірі рулық қауым дәуірі болды; онда ұжымдық еңбек және өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болды. Сонымен бірге мұның өзі қоғамның ұйымдасу формаларының неғұрлым жоғары дамыған уақыты болды: тайпалар немесе тайпалық бірлестіктер құрылды. Тайпалар қандас-туысқандық байланысына қарай және шаруашылығының біртекті сипатына қарай біріккен бірнеше (саны азды-көпті) рулық қауымдардан құрылды.
Қазақстан аумағындағы әуелгі неолиттің ескерткіш¬тері әзірше аз зерттелген. Алайда күмәнсыз жай сол, қазақстандық неолит бұрынғы КСРО аумағында жаңа тас дәуірінде болған тарихи-мәдени үрдістердің басты-басты бағыттарында дамыды. Бұл үрдіс неолиттік мәдениеттердің сан алуандығымен, Еуразияның табиғи-климаттық жағынан әр түрлі өлкелерінде ірі-ірі тарихи-мәдениеттік аймақтардың қалыптасуымен сипатталады; ал бұл аймақтар біртекті шаруашылық кәсіп арқылы, материалдық және рухани мәдениеттің ұқсас тип¬тері арқылы бірікті.
Халықтың «мәдени қауымдастық» деген ұғым біріктіретін тарихи тұрғыдан қалыптасқан осындай топтарының біріне неолит дәуіріндегі ежелгі Қазақстанның тайпалары да енді. Зерттеушілердің пікірі бойынша, бұл қауымның шекаралары өте кең болған. Олар Қазақстан мен Орал маңынан басқа Батыс Сібірдің далалық аудандарын, Алтайды және Орта Азияның солтүстік аудандарын қамтыған. Бұл қауымға енген тайпалардың көпшілігі аңшылыққа, балық аулауға, жиын-терінге негізделген ұқсас шаруашылықпен шұғылданды, ал кейінірек оларда мал өсірудің, егіншіліктің және кен кәсібінің бастамалары пайда болды.
Бүгінгі таңда Қазақстан аумағанан 800-ден аса неолиттік ескерткіштердің табылғандығы мәлім, алайда олардың, басым көпшілігі іріктеліп қана зерттелді. Неолиттік тұрақтар орналасу сипатына қарай әдетте бұлақтық, өзендік, көлдік, үңгірлік тұрақ деп төрт түрге бөлінеді. Әдетте өзендік тұрақтарда, сондай-ақ көлдік тұрақтарда едәуір көп заттар табыла¬ды; мұның өзі бұл жерлерде адамның түпкілікті немесе ұзақ уақыт тұрғанын көрсетеді. Мұндай тұрақтардағы негізгі құрал-саймандар — пышақ тәрізді тас тіліктері және солардан жасалған бұйымдар.
Қазақстан аумағында бұлақтық тұрақтар неғұрлым көп тараған, өйткені шөл және шөлейт аймақтарда өзендер аз болады. Бұлақтардың жанындағы тұрақтар — көбінесе кезбе аңшылардың уақытша, маусымда тұрған жерлері. Қазақстанның шөл даласындағы неолиттік ескерткіштердің бір ерекшелігі сол, олардынң көпшілігі — ашық (жер бетіндегі) тұрақтар.
Барлық тұрақтарда жергілікті материалдардан жасалған тас құралдар — жебелер мен найзалардың ұштары, балталар, қашаулар, пышақтар, қырғыштар табылды. Белгілі бір қаруларды жасау үшін тастардың түрлері сараланып, іріктеліп алына¬тын болды. Шикізаттың әр алуандығы оны ұқсатудың әр түрлі техникалық тәсілдерін дамытып, жетілдіруге себепкер болды. Қазақстанның неолиттік ескерткіштері бірнеше аумақтық топ құрайды, бұл топтардың мәдениет жағынан бір-біріне жақын, туыс тайпалардың мекендеген аудандарына сай келуі ықтимал.
Қаратау жотасының ескерткіштері. Оңтүстік Қазақстанда, әсіресе, Қаратау жотасының солтүстік және оңтүстік бөктерлерінде, жаңа тас дәуірінің көп ескерткіштері ашылды. Бүркітті өзенінің жағадағы аланқайларын зерттегенде мезо¬лит дәуіріне жататын тас индустриясының үлгілері жиналды. Өзеннің оң жағасында малта тас қабатында көптеген мезолиттік шақпақ тас бұйымдары: жергілікті ұсақ түйіршікті шақпақ тастан дайындалан призмалық өзектастар, пышақ тәрізді тас тіліктері және олардың сынықтары табылды.
Халцедондық 140 бұйымнан тұратын ендігі бір топтама Бүркітті өзенінің жайылма үстіндегі Қойтас қойнауының солтүстік жағындағы екінші алаңқайын тазартқанда жиналды. Тас бұйымдардың ішінде пышақ тәрізді тас тілігінен жасалған бір қырлы мезолиттік трапеция ерекше көзге түседі; оның бүйір қырлары мен үстіңгі жағы тігінен түзетілген.
Мезолит дәуіріне жататын заттардың үшінші ірі тобы Ақтау тауының етегіндегі Үшбұлақ бұлағының арнасынан балшық қабатынан табылды. Қара және ақ майда шақпақтан жасалған бұйымдар жиынтығының ішінде қалам тәрізді, сүйір тәрізді, ұзындығы 3-6 см-дей призмалық өзектастар, шағын тас тілікшелері, тескіштер, трапециялар, қырғыштар да кездеседі.
Қаратау жотасының оңтүстік бөктерінде (Шымкент қаласының солтүстік-шығыс жағында) Қараүңгір өзенінің оң жағасына орналасқан Қараүңгір неолиттік үңгір тұрағын қазғанда нео¬лит дәуіріне қатысты ең көп және көрнекі материал алынды. Мұнда қалың мәдени қабат сақталған; оның жоғарғы бөлімі ғана соңғы мезолиттен қоса есептегенде неолитке дейінгі уақытты қамтиды. Жер ошақтар мен от орындарының жанынан хайуандар-дың көптеген сүйек қалдықтары табылды. Ежелгі қараүңгірліктердің аулағаны аю, бұғы, жабайы бұқа, қабан, арқар, қоян, борсық болған. Үңгірді мекендеушілердің аңшылық қорегінде бұлардан басқа, қырғауыл, кекілік, тасбақа болды. Сірә, хайу¬андарды қолға үйрету басталса керек; мұны қолда ұсталған бұқа мен жер ошақтың қасындағы иттің сүйектері де дәлелдейді.
Қоныс тұрғындарының еңбек және аңшылық құралдары жұмырланған ұзынша қырғыштар, призма және қалам тәрізді өзектастар, бүйірлері ойылған және шеттері мұқалған тас тіліктері, тескіштер, садақ ұштары, шот-балталар, тас келісаптар, т.т. болды. Жүздері өңделгені бар, өңделмегені бар микролиттік тас тіліктері өте көп; бұлар құралдардың сүйектен немесе ағаштан жасалған сабына орнықтырылатын қыстырма ретінде қызмет еткен. Көптеген сү¬йек заттар — біздер (бігіздер), тескіштер, осы заманғы иненің ежелгі түрі — көзі бар инелер, тегістегіш-жонғыштар табылды, хайуандардың жауырындарынан жасалған құралдар да болды. Бұлар хайуандардың терісін ұқсату үшін қолданылды. Әсемдігі жағы¬нан сирек кездесетін заттар — сүйектен істелген, сызықшалары бар өлшеуіш, тесілген қауашақтардан, сызықша өрнегі бар азулардан, сүйек салпыншақтар мен моншақтардан құралған сәндік бұйымдар, хайуандардың топайларынан жонып жасалған мүсіндер шықты.
Қараүңгір үңгірінің тұрғындары керамикалық ыдыстарды қолмен жапсырып жасау әдісін игерген. Балшық ыдыстардың түбі дөңгелек етіп жасалды, ал олардың сырты кейде қызыл бояумен боялды. Көбінесе ыдыстардың жоғарғы жартысы тісті қалыппен түсірілген сызықшалар, ойықтар, мүсіндер түріндегі өрнекпен ажарландырылды. Өкінішке орай, біздің қолымыздағы Қараүңгір үңгірінен алынған материалдар дәстүрлі түрде кезеңдестіру мен хронология сауалдарын толыққанды шешуге мүмкіндік бермейді, сондықтан да барлық пікірлер жорамалдармен ғана шектеліп отыр.
Қазіргі таңда Қазақстан аумағынан атбасар, маханжар, келтеминар секілді бірнеше археологиялық мәдениеттер анықталған. Біз тек Қараүңгір үңгірінен алынған бұйымдарға ұқсас кейбір мәдениеттер мен кешендер материалдары жайында қысқаша мәлімет бере кетпекпіз.
Келтеминар мәдениетін (мәдени-тарихи қауымдастығын) С.П.Толстов бөліп көрсеткен (1946 жылы). Бұл мәдениеттің таралу аймағы – Ақшадария атрабы, Үзбой, Сарықамыс атрабы, Әмударияның сол жағалауы, Қызылқұмның ішкі бөлігі, Сырдарияның төменгі ағысы, Заравшанның төменгі өңірі.
Келтеминар мәдениетінің уақыты б.з.б. Ү мыңжылдықтың ортасы мен екінші ширегінен бастап б.з.б. ІҮ мыңжылдықты қамтиды. А.В.Виноградов Қызылқұм неолитінің шеңберінде оның үш кезеңін бөліп көрсетеді: ерте неолит – дариясай – б.з.б. ҮІІ мыңжылдық соңы мен б.з.б. Ү мыңжылдық ортасы; орта неолит – жанбас – б.з.б. Ү мыңжылдық соңы мен б.з.б. ІҮ мыңжылдық ортасы; кейінгі неолит – б.з.б. ІҮ мыңжылдық соңы мен б.з.б. ІІІ мыңжылдық.
Заттай мәдениетінің сипаты. І. Алғашқы өңдеу. Алғашқы өңдеу өнімдерінің арасындағы негізгі дайындамалар (заготовка) көлемі 15-32х3-7 мм шағын тас тілікшелерінен, сондай-ақ тас тіліктерінің кесіндемесінен (сечения); Ақшадария (Жанбас-4) және Жоғарғы Үзбой (Құртыш-1) ескерткіштеріне тән көлемі 25-50х9-14 мм және де профилі тік орташа тас тілікшелерінен; сонымен қатар профилі аздап қайырылған тас тілікшелерінен тұрады. ІІ. Екінші қайтара өңдеу. Негізін дорсаль жағынан келіп бүйір тұсынан түскен түзетулер құрайды, оған екі шетіне дорсаль жағынан түсірілген түзету де тән, ал вентраль жағынан түскен екі жақты түзету аса айқын емес. Құралдар жиынтығы жеті түрлі құралдардан тұрады, олардың арасындағы негізгілері: бір жақты шеткі және де қарама-қарсы түсірілген түзетулер, шеттері өткір емес әрі түбі шабылған қыстырмалар.
Шығу тегі. Қолдағы мәліметтер жиынтығы келтеминар мәдениетінің шығу тегі көп құрауышты (компонентті) екендігін және де оның негізінде оңтүстік құрауыштар басымдау екендігін көрсетеді (Археология СССР. Неолит Северной Азии. М.,1996).
Қараүңгір үңгірінен алынан материалдарды Орта Азиядағы келтеминар, гиссар, орталықферғана секілді неолиттік мәдениеттердің материалдық қалдықтарымен салыстырып қараған кезде келтеминар мәдениетінде алғашқы жаңқалау техникасында, екінші қайтара өңдеуде, құралдар жиынтығында аздап болса да жақындық (ұқсастық) бар екендігін айта кеткен жөн. Сонымен бірге келтеминар мәдениетіне тән шағын тастық (микролит) белгілермен қатар мұнда кездесетін «дөрекі» өзектастар оны гиссар және орталықферғана мәдениеттерімен де байланыстыра түседі. Егер Қараүңгір үңгірінен алынған материалдық қалдықтар бірнеше кезеңдерге жатпайтын болса, онда біздің алдымыздағы құбылыс гиссар және орталықферғана мәдениеттеріне жататын еді. Және де, бұл жерде жеке мәдениет жайлы сөз қозғаған дұрыс сияқты, өйткені онда жазық жерлерге тән шағын тас пен малта тас құрауыштардың араласуынан тау беткейлерінде өзіндік мәдени құбылыс қалыптасқан секілді. Осыған байланысты Қараүңгір үңгірін зерттеп, қолындағы матеиалдар негізінде Қазақстанның оңтүстігінде өзіндік неолиттік мәдениеттің болғандығын айтқан Х.А.Алпысбаев көзқарасын жоғары бағалағанымыз абзал.
Қараүңгір үңгірінде нақты жерлеу орны жоқ. Бірақ кем дегенде екі адамға тиесілі тіс қалдықтары, қызыл түсті заттардың қалдықтары, әшекейлерде сақталып қалған тесіктер мен әшекейлер секілді фактілер өзіне ерексіз назар аудартады. Егер де бұл құбылыстарды кешенді түрде қарастырсақ, онда белгілі бір дәрежеде адамды жерлеу ғұрпы орын аландығын байқауға болатын сияқты. Остеологиялық материалдар мен сүйектен жасалған бұйымдардың, қабыршақ-ұлутастардың жақсы сақталуы антропологиялық материалдардың да осындай күйде сақталуы мүмкін екендігін көрсетеді. Әйтсе де біздің қолымызда бұл пайымдауды нақты дәлелдей түсетін одонтологиялық олжалардан басқа материалдар жоқ.
Қысқаша түрде Қараүңгір үңгірінен алынған адам тіс қалдықтарына қатысты пайымдауларға тоқтала кетелік. Ең алдымен, біріншіден, үңгірде адам қаңқасы толық жерленбеген болуы мүмкін, оның тек белгілі бір бөлігі, айталық бас сүйегі ғана жерленуі мүмкін. Мұндай сирек кездсетін жерлеу ғұрпы ерекше жосын-жоралғыға байланысты болуы да ықтимал. Мұндай ғұрып Месопотамияның халав мәдениетінде, Солтүстік Қазақстандағы Ботайда кездеседі, онда бірнеше жұлынмен бірге бас сүйек және қызыл түсті балшық ұшырасқан болатын. Айта кететін бір жайт, Қараүңгір үңгірінен табылған тістердің бірінен қызыл түсті затпен бірге мойынға іліп жүруге арналған тесік жасалғандығы анықталған.
Екіншіден, ол инициация ғұрпымен байланысты болуы мүмкін. Жас ерекшелік инициациясы түрлі ғұрыптар мен манипуляциялардан тұрды, бұлар жасөспірімдерді ересектерге тән қасиеттерге баулуы тиіс. Олардың арасында денені жарақаттау, әдетте тісті ұрып түсіру, т.б. болды. Мысалы, Австралияның шығыс және оңтүстік-шығыс бөлігіндегі тайпаларда ғұрып бойынша тіс, соның ішінде күрек тіс әдейі сындырылды. Қараүңгір үңгіріндегі тістер жас мөлшері 20-30-дардағы әйел адамдарға және 55-60 жастағы тағы бір адамға тиесілі болған, демек, шыдамдылыққа баулуға арналған ғұрып мұнда орын ала қоймаған секілді.
Үшінші пайымдау бойынша, тіс сүйектері магиялық жосын-жоралғыларда пайдаланылып, бойтұмар ретінде қолданылуы мүмкін.
Әлбетте, айтылған пайымдаулар мұндай олжалардың нақты мәнін ашуды бірден шеше қоймайды. Оны табысты шешу үшін кешенді жұмыстармен айналысқан абзал. Қараүңгір үңгірінен алынған құрал-саймандардың негізгі бөлігін сипаттауды аяқтай келе, Оңтүстік Қазақстандағы бұл ескерткішті одан ары зерттеу қажеттілігіне де назар аударған жөн дейміз. Тарихи-мәдени тұрғыдан Қараүңгір Орта Азиядағы келтеминар мәдениетінің ескерткіштеріне жақын екендігін де тағы бір рет айта кеткен жөн.
Оңтүстік Қазақстандағы бірқатар неолиттік тұрақтардан да (Тасқотан, Шілік, Дермене-1-4, Арыс-1, т.б.) нақты материалдар алынған. Олардың көпшілігінде қыштан жасалған ыдыстар жоқ. Мұны археолог Х.А.Алпысбаев кейбір жергілікті тайпалардың теріден жасалған ыдыстарды кеңінен пайдаланғандығымен түсіндіреді. Оңтүстік өңірдегі кейбір ескерткіштерде қыш ыдыстардың болмауы немесе болуы (мысалы, Қараүңгір үңгірі) мұнда көне замандарда-ақ сан қилы мәдениеттердің тоғысқандығын көрсетеді.
Арал маңынан табылған олжалар. Неолиттік ескерткіштердің жергілікті неолиттік мәдениет құрайтын келесі бір тобы Сырдарияның көне құйылмасынан белгілі. Олардың көбі Сырдарияның ежелгі сағасы болып табылатын Іңкәрдарияның құрғақ арнасынан, ірі құм жалдарын жел айдап әкетіп жататын қазаншұңқырлардан табылды. Тарихи-мәдени жағынан алғанда бұл ауданның ескерткіштері Орта Азияның солтүстік далалық аймақтары мен Оралдың сыртқы жағынның неолиті ортасындағы аралық қалыпта бола отырып, келтеминарлық мәдениетке де, Оралдың сыртқы оңтүстігі мен Аралдың шығыс өңірінің неолиттік мәдениетіне де ұқсас.
Жалпақ қойнауында алты тұрақ табылды; олардан жапсы¬рылған керамиканың сынықтары және кварциттен жасалған құралдар жиналды. Балшықтан жасалган ыдыстардан көбі — мойны анық шығарылып жасалган ірі қыш құмыралар мен дөңгелек тостағандар. Бұлардың екеуінің де түбі томпақ немесе жайпақ. Ыдыстардың сырты тісті қалыппен басылған және сы¬зып жасалган қарапайым өрнекпен ажарландырылған. Кварциттік бұйымдардың ішінде үсті мұқалған және шеті қисайтылған қыстырмалар, тас тілікшелері немесе тас жаңқаларынан жасалынған тескіштер көп.
Қосмола-4 және Қосмола-5 тұрақтарында шақпақ тас пен ақ кварциттен жасалған құралдар, өңделмеген пышақ тәрізді тас тілікшелер және балшықтан жасалған өзінше бір үлгідегі ыдыс жиналды. Бұл ыдыс бүтіндей ірі құм қосылған балшықтан жа¬салған, жұқа, әжептәуір жақсы күйдірілген, тегістелген, майдаланған; өрнегі жоқ дерлік, мұның өзі неолит үшін сирек құбылыс. Қыш құмыраның жиегі ғана қамыспен батырылып түсірілген ойықтармен, сызықшалармен сәнделген, ал оның сыртына біреуінде көлденеңнен қатар-қатар қамысты батырып ізі түсірілген, екіншісінде терең шұңқырлы және ирек сызықты өрнек салынған. Құмыралардың бітімдеріне бітімдері ден қоярлық. Дөңгелек тостағандар мен кейде ішіне қарай иілген мойны шығыңқы құмыралардан басқа, тұрақта төрт-бес науаның фрагменттері кездесті. Осыған ұқсас кешен Әмударияның оңтүстігіндегі Ақшадария құймасынан, келтеминар мәдениетінің Дингильдже-6 және Кават-7 тұрақтарынан табылды. Олар б.з.б. IІI мыңжылдықтың бірінші жартысына — орта шеніне жатады. Егер Қосмола-4 және Қосмола-5 тұрақтарын сол уақытқа жатқызсақ, онда бұлар Сырдария өзенінің көне алқабындағы қазіргі кезде белгілі ескерткіштердің ішіндегі ең ежелгі ескерткіштер болып шығады.
Арал төңірегінен табылған кейбір ескерткіштер екі хронологиялық дәуірді қамтиды. Мысалы, неолит пен энеолитке жатады. Сек¬сеуіл-1, Ақеспе неолиттік тұрақтарынан табылған заттардың ішінде екі жағы өңделген жебе мен сүңгі ұштары жоқ, бірақ оның есесіне трапеция тұрпатындағы қыстырмалар, көптеген ұсақ, дұрыс қырланған, пышақ тәрізді тас тілікшелер бар; ыдыстар¬дың сынықтарында тісті қалыптың таңбасы қалған немесе түгел көлденең ирек сызықтар сызылған. Ал Сексеуіл-2 тұрағындағы жебелердің ұштары екі жағынан қысып түзету арқылы мұқият өнделген; олар ойықтау сағалы, қалақша бітімді келеді; сондай-ақ, найзалардың, сүнгілердің ұштары, көлемі мен бітімі әр түрлі қырғыштар бар.
Керамикалық ыдыстар — негізінде ұсақ, түбі жайпақ және дөңгелек; мойны дұрыс шығарылып, үстіңгі жағы жалпайтылған. Құмыраларға өрнек салу тәсілдері мейлінше әр алуан: сызықты (тік сызықты және ирек сызықты) тісті қалыптың танбасын түсіру, әр түрлі геометриялық фигуралар болып шығатын ойықшалар салу болып келеді.
Соңғы жылдары Арал өңіріндегі бірқатар неолиттік ескерткіштерде зерттеулер жүрді. Олардың арасынан біріккен Қазақстан-Ресей археологиялық экспедициясы ғылыми айналымға енгізген Ағеспе, Арал, т.б. ескерткіштерді атап кетуге болады.
Орталық және Батыс Қазақстанның ескерткіштері. Орталық Қазақстанның аумағы неолит пен энеолит дәуіріне жататын тұрақтарға өте бай. Олар Қарағанды облысында және Қараторғай өзенінің аңғарында неғұрлым көп.
Орталық Қазақстанның неолиттік тұрақтарын мекендеушілер садақ пен жебені қолданып, тағы жануарларды аулаумен күн көрді. Жебелер бітімі жапырақ немесе үшкіл тәрізді, сағасы ойық болды. Аңшылар садақ пен жебелерден басқа найзалардың ұштарын көптен пайдаланды. Қалған барлық саймандар — қыстырмалар мен тас тілікшелер түріндегі микролиттер. Қоныстардың денінде қырғыштар көп кездеседі. Мұнда мезолиттік техниканың дәстүрлері айқын бейнеленген микролиттік кешендер үстем болды.
Батыс Қазақстан мен Орталық Қазақстанның шекарасында орналасқан Қараторғай тұрақтар тобы Батыс Қазақстандағы тұрақтарға ұқсас. Сонымен бірге оның материалы одан әрі шығысқа қарай таралатын және Орталық Қазақстанды түгел дер¬лік қамтитын жана техникалық тәсілдерді бейнелейді.
Балқаштың солтүстік-шығыс төңірегіндегі неолиттік ескертіштердің дені бұлақтық қоныстар бо¬лып табылады. Мұнда құралдар дайындау үшін пайдаланылған негізгі шикізат — яшма, кварцит және түсі әр түрлі яшмалы кварциттер болған; жылтыр сары опал және анда-санда порфирит пен қоңыр түсті порфирлер кездеседі.
Жардың жайпақ төбесіндегі кварцитті тас қашалған орын өзіне қатты назар аудартады; жардың етегінде бұлақ орналасқан, онда аздаған шақпақ сайман шықты. Бұлардың көбі (1000 данадан аса) тас қазылған жерден табылды. Мұнда тас жаңқалар, өзектас тәрізді сынықшалар, долбарлы жарықшақтар жиналды; бұлар алғашқы өңдеудің осы жерде жүргізілгенін қөрсетеді.
Жезқазған маңайынан табылған заттар соңғы неолит пен энеолитке жатады. Мұнда тастан жасалған көптеген балғалар, балталар табылды. Басқа саймандар топтамасы ірі көлемді тас жаңқаларынан тұрады.
Иманборлық тұрағы (бұрынғы Көкшетау облысы) осы аттас өзенінің сол жағасында орналасқан. Оның жарынан сүйектер, кө¬мір, ұсақ шақпақ бұйымдар, ірі құралдар және керамика жатқан қабаты айқын көрінеді. Мұнда қырғыштар мен сыдырғыштар, балталар мен шоттар, тақтатастан жасалған құралдар мен тоқпақшалар, найзалар мен сүңгілердің ұштары табылды. Пышақтардың, оның ішінде орақ тәрізді пышақтардың көптігі шаруа-шылықтың негізін аңғартады. Жебелердің ұштары қысып түзету арқылы екі жағынан жұқартылған. Ірі шапқы құралдардың ішінен көзге түсетіндері — сланец тастан жасалған бал¬талар; бұлар ірі сынықшалар арқылы екі жағынан жұқартылған. Бұл жерден күрзі тәрізді жалтырата тегістелген және бұрғыланған бұйымның фрагменті де табылды; мұның өзі тас өңдеудің ерекше техникалық тәсілдері қолданылғанын керсетеді. Бұның бітімі бір-біріне қосылған екі жарты шар сияқты. Қосылған жерінде ені 1,5 см-дей жайпақ белдік бар, ал бұйымның өзінің диметрі 10,5 см. Сондай-ақ ара тәрізді, ірі қабырғалардан жасалған үш бұйым табылды; бұлар қисық пышаққа немесе ораққа ұқсас ішкі имегінде көптеген тістері бар.
Қыш ыдысты Иманборлық-2 тұрағының тұрғындары таспа әдісімен жапсырып жасаған. Сірә, жасалған ыдыстар отқа күйдірілсе керек. Ыдыстар әр түрлі: параболоид тұрпатты; ернеуі иілген және бүйірі шығыңқы; жиегі тік, мойны біраз ұзын және бірте-бірте кеңи беретін бүйіріне жалғасады. Өрнек салудың негізгі техни¬калық тәсілдері: әр түрлі тарақ тәрізді қалыптармен жасалған ойықтар және сызықшалар. Бұған қоса ыдыстардың беті кертпешелермен және шұңқыршалармен сәнделетін болған. Өрнек салу әдісі мен сурет композициясы жағынан алғанда бұл қыш кешен Орал ескерткіштерінің тобына өте ұқсас.
Иманборлық-2 тұрағының қыш ыдыстары мен Батыс Қазақстандағы тұрақтардың қыш ыдыстарының техникалық тәсілдері мен өрнек композициясының ортақтығы бұл өңірлерде шығыс шека¬расына Наурызым қорығы енетін біртұтас этникалық-мәдени ареалдың болуы ықтимал екенін көрсетеді. Иманборлық-2 тұрағында, Солтүстік Қазақстандағы тұрақтар мен Оңтүстік Оралдағы қоныстарда нақ бір құрамдағы жануарлардың (жылқының, сиыр мен қой-ешкінің) сүйектері табылды.
Орталық Қазақстандағы Жезді төңірегінен бірнеше неолиттік тұрақтар зерттелген. Олардың арасындағы ең көрнектілері Талдысай елді мекені жанындағы Талдысай-2-3, Сарыбұлақ, Аяқбұлақ, т.б.
Батыс Қазақстан аумағында негізінен өзендік және көлдік типтегі тұрақтар көп тараған.
Үстірт қыратындағы қысқа мерзімді тұрақтар ерте заманға жатады. Мұнда табылған сайман¬дар әр алуандығымен ерекшеленбейді: трапеция тәрізді құралдар, кескіштер ғана; қыш ыдыстар жоқ.
Батыс Қазақстанда келтеминар мәдениетінің кезінде С.П. Толстов ұсынған бір ғана нұсқасы бар. Бұл аталып отырған келтеминар мәдениеті Қазақстан мен Орта Азияның үлкен аумағы қамтиды. Тас индустриясы орташа және шағын көлемдегі тас тілікшелер түріндегі дайындамалармен, тас тіліктері сынықтары мен жаңқаларымен сипатталынады. 1989-1990 жылдары Гурьев облысынан (қазіргі Атырау облысы – ред.) Шатпакөл, Құлсары-1-5, Шаңдыауыл, Қыземшек, Қайнар, Жыланқабақ, Қойқара, Сарықамыс, Шаянды, т. б. тұрақтар мен жұрт-орындар табылған. Шатпакөл жұрт-орны Ембі ауданындағы Шоқпартоғай ауылынан 12 км солтүстікке қарай орналасқан. Тас бұйымдарынан пышақ тәрізді тас тіліктері мен жаңқалары бар. Қыш ыдыстар сынықтары бұлақ жанындағы шағын баурайдан табылған. Құлсары-1-5 тұрақтары Құлсары ауылы маңында шоғырланған. Олардың барлығы жол құрылысы мен газ құбырларын салу жұмыстарының нәтижесінде бүлінген. Көптеген тас заттар арасынан түзетілген немесе түзетілмеген пышақ тәрізді тас тіліктері, тас жаңқа мен тіліктерден даярланған қырғыштар, кескіштер, екі жағы өңделген сапты жебелер, бүйірі ойықты (анкош) құралы, өзектас пішіндес жарықшақтар және призма бітімді өзектастар айқын байқалады. Қыш ыдыстардың көпшілігі өрнексіз, тек кейбірінде ғана көлденеңінен түскен сызықтар бар, бұлардан тік немесе жоғары қарай сызықтар тартылған.
Шаңдыауыл Құлсары ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 22 км жерде. Тас бұйымдары кейінгі уақыттағы Аққызтоғай моласынан онша ұзақ емес жерден табылған. Бұлар - тас тілікті қырғыштар, екі шетті қырғыштар, тас жаңқалары мен қыш ыдыстары.
Қыземшек жұрт-орны Иманқара таулары маңынан, Жантерек темір жол станциясынан оңтүстікке – оңтүстік-шығысқа қарай 37 км жерден табылған. Тау үстінен призма тәрізді тұрпаттағы өзектастар, үстіндегі қырлары түзетілген тас тіліктері және қыш ыдыстар сынықтары жинастырылған. Осындай артефактілер Қайнар өзенінің биік жарларынан да табылған.
Жыланқабақ пен Қойқара жұрт-орындарына «шырша» және майда «тарақ» өрнектер салынған қыш ыдыстар тән. Тас бұйымдары жоғарыда аталған индустрияларға ұқсас.
Сарықамыс және Шаянды тұрақтары Гурев (Атырау – ред.) облысы Ембі ауданындағы Сарықамыс ауылынан оңтүстікке қарай 3 км жердегі құм төбелерінен табылған. Бұдан пайдаға асырылғандықтың ізі байқалмайтын пышақ тәрізді тас тіліктерінің үлкен бөлігі, үсті түзетілген бірнеше тас тіліктері, тас тіліктері мен жаңқаларына негізделген ойықты құралдар жинастырылған. Қыш ыдыстар бөлшектерінде басылған қиғаш оюлар, көлденең сызық пен үш бұрыш тәрізді геометриялық фигуралар анықталды. Боялған қыш ыдыстар жоқ.
Жалпы алғанда, тұрақтар мен жұрт-орындардағы индустрия өңделуі мен жарықшақтануы бойынша жақын, олар: шеттері түзетілген, бір және екі шетті, үсті моқал және омырылған немесе шеті бір не екі жағынан тік тас тіліктері кеңінен тараған, шетті қырғыштар, тас жаңқа мен тіліктерге негізделген ойығы бар қырғыштар.
Шақпақ тас саймандары кей жағдайда Қараүңгір (Оңтүстік Қазақстан) үңгір мен Өзбекстан жер өңдеуші неолиті тас бұйымдарымен үндеседі. Мұның негізінде келтеминар мәдениетінің жергілікті нұсқасын батысқазақстандық ретінде бөлу заңды да.
Солтүстік-Батыс Қазақстанның тұрақтары уақыты жағынан неғұрлым бертініректегі тұрақтар болып табылады; оларды мекендеушілер пышақ тәрізді тас тіліктерді кеңінен пайдаланды, бұлардан қыстырма құралдардың жүздерін, жебелердің ұштарын, қырғыштарды жасады. Қыш ыдыстар бітімі жағынан да, өрнектелуі жағынан да ерекше; ирек сызықты немесе геометриялық тарақ тәрізді өрнек, не болмаса осы екеуінің қиюласуы тән болып келеді.
Бұл ауданның неолиттік тайпаларының мәдениеті Оңтүстік Оралдың, Солтүстік Қазақстанның және Арал маңының неолит мәдениетіне ұқсас; мұның өзі, сірә, ол дәуірде Солтүстік-Батыс Қазақстанда күрделі тарихи үрдістер болғанын керсететін бол¬са керек.
Ырғыз өзені бойындағы тұрақтар тобы одан да гөрі соңғы уақытқа жатады. Бұл тұрақтардың тұрғындары бұйымдардың көпшілігін тас тіліктерден жасады.
Ырғыз ыдыстарындагы өрнектер тарақ тәрізді ірі қалыппен түсірілген. Мұнда өрнектелмеген ыдыстар да көп.
Осы белгілердің бәрі ырғыздық тұрақтар тобын Батыс Қазақстанның басқа неолиттік ескерткіштерімен жақындастырады.
Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысы аумағынан бірқатар ескерткіштер ашылды. Олардың арасындағы Сұлукөл-1-3, Аққұм-1-2, Сарыиван, Майтөбе, Жантемір тұрақтарынан тас құралдары мен қыш ыдысары көптеп табылған. Бұл ескерткіштердің тас топтамасында тас тіліктері басқа еңбек құралдарына қарағанда жиірек ұшырасады.
Жоғарғы Ертіс өңірінің қоныстары. Шығыс Қазақстанның неолиттік тайпаларының ең ірі қоныстары Ертістің жоғарғы өңірінде зерттелді. Бұларға Усть-Нарым мен Мало-Красноярка деревняларының жанындағы..............


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!