Рахмет, Анашым!

 Рахмет, Анашым!

Ибрагим Айнагүл
11 сынып, А.М.Горький атындағы мектеп-лицейі
Түпқараған ауданы,
Форт-Шевченко қаласы
Жетекшісі: Шопанова А.И.

«...Дүниеде не жақсылық болса, соның бәрі ананың ақ сүті мен күннің нұрынан жаралған»
А.М.Горький
Ана жайлы ойыңды айтып тауыса алу мүмкін емес. Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Мен де анама маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айта отырып, өз ойымды аз да болса жеткізгім келеді.
Жер бетінде анасын жақсы көрмейтін адам жоқ шығар, сірә. Әр сәбидің дүние есігін ашқанда өз анасы болады. Бұл әлемде қанша ана болса да, барлығының тілеуі бір. Олар балаларының мейірімді, адал, адамгершілік қасиеті мол, кішіге қамқор боларлықтай азамат болғанын қалайды және сол жолға түсуі үшін еңбегін аямай жұмсайды. Мен осы өмірге шыр етіп келгеннен бері асыл анамның аялы алақаны мен жылы құшағының арқасында ешқандай қиыншылықты сезінбей өсіп келемін. Біздің отбасымыздың ұйытқысы – анамыз! Егер анамыз бір жерге бір – екі күнге қыдырып кетсе, үйіміз жылусыз қалғандай болады. Ал қайтып келгенде мәз – мейрам болып қуанамыз.
Осы аяулы жанды кейде ренжітіп та аламыз. Оған орынсыз талаптар қойып, еркелігімізді асырып та жібереміз. Дауыс көтеріп жатқандарымыз да болады. Бірақ, осы қылықтарымызға анамыздың іштей қиналатынын кейбіреуіміз ойламаймыз. Кейде қателігімізді түсініп, бір ауыз жылы сөз айтып, кешірім сұраймыз. Қанша қателікке ұрынсаң да жүрегі кең ана әрқашан кешірімді болады.
Ана – барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш иесі. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан – Ана.
Ана ! Жалғыз ғана сөз... Дегенмен де жарық жалғанда кез келген адам баласына осы сөзден артық, осы сөзден ыстық сөз жоқ шығар. Тіпті, көк аспан да ана жайлы терең ойға батып, үнсіз мөлдіреп тұрғандай сезіледі. Дүниеде ана махаббатынан қасиетті нәрсе жоқ. Оның алдында адамды ынтықтырушы өзге дүниелер әлсіз келеді.
Ана – әрбір адам баласы үшін ең ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі сөз. Адамзат баласы алғаш дүние есігін ашқанда ананың ақ сүтімен бойына нәр алады, ана құшағына еніп, ана мейіріміне бөленеді . Адамның аузынан шығатын ең алғаш сөзі де – «Ана». Міржақып Дулатов айтқандай, бізді сүйетұғын, күйетұғын, әрқашан қамымызды ойлап жүретұғын абзал жанды адам – «ана».
Баласының алдына қойған мақсатына жетуі үшін ана өз жанын қиюға да дайын. Ана баласының үлгілі азамат болып өсуі үшін бар күшін салып, тер төгеді . Ананың махаббатына, құдіретіне тамсанған талай ақын әнін арнап, талай жазушы қалам тербеген. Соның ішінде, ана тақырыбына ұзақ жылдар бойы қалам тербеген жазушы Ғ.Мүсірепов еді. Оның «Адамның анасы», «Өлімді жеңген ана» атты аудармалары мен «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы», «Ер ана», «Ақлима», «Ұлпан» сияқты шығармаларын атауға болады. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңды өтей алмайсың!» деген дана қазақ халқы. Шынында да, осыншама қиналып, көз жасын төге жүріп, бізді өсірген анаңа қолыңнан келгеніңнің бәрін істесең де, оның бәрі анаңның түн ұйқысын төрт бөлген бір күніндей ғана. Өз парызыңды өтеу, бұл – ана алдындағы парызыңды өтеу. Қаншама байлық иесі болсаң да, әлемге әйгілі адам болсаң да, анаңды, оның саған жасаған жақсылығын ұмытпау – сенің өмір бойғы борышың.
Қай адам қолынан келген сый-құрметін жасамады десеңші, шіркін ! Бірақ соның бәрі анаңның бір ауыз жылы сөзіне де жетпейді. Дүниенің нұры, өмірдің гүлі, қызықтың қызығы – ананың қолында. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді.
Ұлы педагог В.Г .Белинский «Нәзіктік атаулының жиынтығы – ананың алақаны, сондықтан да ол – сәби үшін ең жылы ұя» деген өзіндік пікірі арқылы ананың бала үшін қандай дәрежеде екенін дәлелдеп берді. Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы, ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Ананың нәзік үні, жұмсақ аялы алақаны, жан жылуы мен аялауы бізді әлдилеп жұбатады.
Баласы үшін анасы бармайтын құрбандық бар ма? Ана махаббаты, сүйіспеншілігі жер жүзін жаулап келе жатқан қаһарлы әмірші Ақсақ Темір мен Жалпақ батырға қарсы шығып, тізе бүктіреді. Тіпті: «Менің атым – әйел, мына қыздың анасымын! Бәрің де анадан тудыңдар! Анамен алыспайды да, атыспайды да. Нең бар еді менің жалғызымда? Кел ботам, өзіме!» - деген сөздермен жауын тұқыртып, баласын құтқарады. Сонымен қатар, Ш.Айтматовтың «Найман-Ана» әңгімесіндегі ананың мәңгүрт баласы үшін қалай шырылдап, қанша қиындықтарға тап болса да бәріне шыдап, баласының жолында жанын құрбандыққа шалған ана махаббатының шексіздігі осыған дәлел бола алады.
Ана болу – бүкіл өміріне кететін ұлу рухани күш пен ерен еңбек. Өз баласын бағып-қағуда өзін ұмытып барлық күш-жігерін сарқа жұмсайды.
Қорыта айтқанда, барлық адам ана алдындағы парызын өтеп, ақ сүтін ақтап, ананың шашына ақ түсірмей, тек осы киелі жандардың бақытты болуын ойлау керек. Себебі, ең бақытты адам – анасы бар адам... Адам «адам» болғысы келсе, алдымен ананы қастерлей білуі керек. Өмірде ана алақанының қызуы мен әке-шеше мейірімін тоя жеген тамақ да, шипасы күшті дәрі де алмастыра алмайды.
Шоқан мен Абайдың бойына ұлылықтың дәнін сепкен аналары Айғаным мен Зерені, Елбасымыз Нұрсұлтандай азаматты дүниеге әкелген Әлжан ананың өмірін ғибрат ету бүгінде қажет.
Ана – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі , шаруаның несібесі. Ананың көзінен нұр төгіліп, жан жағына шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейір алып жүрген біз – алтын анамызды мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалап өтейікші. Мен анашыма шексіз жылылық сыйлап, жаныма демеу болғаны үшін алғыс айтамын.
Жер бетінде жақсылық нұрын себетін аналарымыз аман болсын! Мен де өз анама ризашылығымды білдіріп, Алладан анамның аман болуын тілеймін!
Адам бар ма ана сүтін татпаған,
Алуан – алуан ауыр сынды аттаған.
Адалдықты, ар – намысты сақтаған,
Мен анамның сонысымен мақтанам!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі