Қазақстан тарихы пәнінен қазақша рефераттар жинағы: Қазақ мемлекетінің саяси және әлеуметтік құрылымдары


Мазмұны
1 XV—XVIII ғасырлардағы Қазақ мемлекеттігі
2 XVII ғасырдағы мемлекет нышандары
3 Билер институты. Құрылтай
4 «Жеті Жарғы»
5 Меншік қатынастары. Салықтар мен міндеткерліктер
6 Пайдаланылған әдебиет

XV—XVIII ғасырлардағы Қазақ мемлекеттігі
XV ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптаса бастаған Қазақ мемлекеттігі Тәуке ханның билігі тұсында өзін басқа көршілеріне мойындатқан Орталық Азиядағы мемлекеттердің біріне айналды. Оның бұл кездегі ішкі құрылымы мен сыртқы жағдайынан дербес мемлекетке тән негізгі белгілерді анық байқауға болатын. Бұл уақыт мемлекеттік құрылымның түзілуіне негіз болған, өзіне тән тілі, салт-дәстүрі, мінез ерекшелігі, атамекені, сондай-ақ ортақ мүддесі бар Қазақ ұлтының қалыптасу кезеңі еді. Қазақ хандығының құрамына енген ру-тайпалардың өзара экономикалық, мәдениет және қоғамдық-саяси байланыстарының нығая түсуі, этностық аумағының анықталуы, осының негізінде ортақ жалпы ұлттық мүдденің калыптасуы және оны сырттан төнген қауіптен ұйымдаскан түрде қорғау қажеттігі белгілі дәрежеде орталықтандырылған басқарушы билік жүйесінің пайда болып, оның ширай түсуіне алып келді.

XV—XVII ғасырлардағы Қазақ тарихы ру-тайпалық мүдде мен жалпымемлекеттік мүдделердің өзара тартысы жағдайында өтті. Еларалық қатынастар тынымсыз жаугершілік пен феодалдық қақтығыстардан тұрған бұл тарихи кезең жалпыұлттық мүдденің маңызын тура түсініп, мақсатты және саналы түрде қызмет жасаған белсенді тұлғаларды да өмірге алып келді. Бұл тұлғалар, ұлттың өзін-өзі тануы, басқа этностармен қатынаста өз мүддесін түсінуі нәтижесінде өмірге келсе, өз ретінде олар ұлттық ұюдың тезірек жүруіне, ұлттық құндылықтардың пісіп-жетілуіне пәрменді ықпал жасады. XVII ғасырда казақ халқы сандық және сапалық өсу жолында тұрды, ол жалпыұлттық сананың қалыптасуына ұласты, ал бұл рухани-интеллектуалдық дәрежеде жүретін жинақы көрініс, мемлекеттік құрылымның бой көтеруі болатын.

Тарих бізге аксүйек төре (сұлтан) тұқымынан Қазақ ұлты мен мемлекеттігінің қалыптасуы жолында еңбек еткен тұлғалардың есімі мен қызметін жеткізді. Солардың алдыңғы легінде Орыс ханның ұрпақтары — Қазақ хандары мен сұлтандары Жәнібек пен Керей, Бұрындық, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Салқам Жәңгір, Тәуке хандар тұр. Мәселен, егер жалпыұлттық мүддесін жеке өмірінен жоғары қойған Салкам Жәңгір 600 жауынгерімен 50 мың қалмақ әскеріне қарсы шығып, оны тоқтата алмаған болса немесе ханзадалық жағдайына қарамастан майдан даласындағы жекпе-жекте мерт болып, азаматтықтың биік үлгісін көрсетпесе, кейін «ақтабан шұбырындыға» ұшыраған Қазақ жұртынан Қабанбай, Бөгенбай, Тайлақ және Саурық сияқты батырлар шығар ма еді?
XVII ғасырдағы мемлекет нышандары

XVII ғасырдың соңындағы Қазақ хандығында дербес мемлекеттікке тән қандай нышандар болды? Қазак хандығы бұл кезде шығысында — Алтай таулары, батысында Жайық өзені, солтүстігінде — Орал таулары, оңтүстігінде Алатаудың батыс етегі аралығындагы алып еуразиялық кеңістікті өзінің атамекені деп білген Қазақ елінің басын біріктірген тұтас мемлекеттік құрылым болатын. Оның экономикасы кең аумақтағы табиғи ерекшелігіне сай қалыптасқан өзара тығыз байланысты көшпелі мал шаруашылығы мен егіншілікке негізделді. Қоғамдағы саяси қатынастың бастау алар буыны және әуелгі субъекті — рулық қауым болды, Рулық қауым — тайпалық, тайпалық жүздік иерархияға ұласты.

Ортағасырлық дәстүрлі түркілер қоғамында тек хандар ғана сайланды. Бұл салт қазақтарға да тән еді, ал хандық билік Шыңғыс хан ұрпағы саналатын төре (сұлтан) тұкымына ғана тиесілі болды. Қарадан хан сайланған емес. Хан ел билеуші сүлтандар мен билердің, дінбасылар және ел арасындағы беделді адамдардың жалпыұлттық құрылтайында сайланды.

Ел арасында аса беделді төрт би сайланған. Хандық билік әкеден балаға мұраға өткен. Сонымен бірге қалыптасқан дәстүр бойынша сайланған хан өзінің хандық билікке лайық екендіғін ылғи да атқарған ісімен, қоғамдық мәселелерді шешуде ақыл-парасатымен дәлелдеп отыруға тиіс болған.

Иерархиялық билікте ханнан төменгі сатыда тұрған белсенді және ықпалды жеке сұлтандар бүтін бір тайпа елді билеген. Хан жеке сұлтандардың мұндай құқын мойындаған. Өз ретінде тайпа басы сұлтандар да орталық хандық билікті мойындауға тиіс болған. Күнделікті өмірде жергілікті ру-тайпа билігінің тізгіні беделді ақсақалдар мен билердің қолында болды. Мұндай дәрежеге олар сайлау арқылы емес, ел мойындаған қызметі мен ақыл-парасаты арқылы жеткен. Ал олардың шешімі мен ұсынысы әділ болған жағдайда ғана ел арасында өтімді, ал өздері билік өкілі ретінде жұрттың сеніміне ие болған. Халықта «Тура биде туған жоқ» деген ұғым осы дәстүрлі жолды білдіреді.

Ең жоғары сот билігін хан иемденген. Ал одан төменгі сот билігі билерге тән. Көне дәстүр бойынша, билік қызмет елдің сенімі мен құрметіне ие адамға ғана жүктелген. Көп жағдайда би қызметін немесе сот ісін тайпа басшылары жүргізген, өйткені олардың кінәлі жақты сот үкімін орындауға мәжбүр етерлік күші болған. Әрбір бидің билік ауқымы өз ру-тайпасымен шектелген. Сонымен бірге өзге тайпа, тіптен, жүз адамдары келіп жүгінетін аса беделді билер де аз болмаған. Ал ру-тайпалар арасындағы даулы, сондай-ақ жалпыұлттық мәселелерді арнайы шақырылған құрылтайда талқылап, ортақ шешім қабылдап отырған.

Орыс тарихшысы А.Левшин Қазақ мемлекеттігінің осы кезеңі туралы: Ол (яғни, Тәуке хан) өзінің ақыл-парасатымен және әділдігімен бәрін де өзіне бағынуға мәжбүр етті… және жалпыға ортақ заң беріп, сол бойынша төрелік жасады, сөйтіп күшке емес, ақылға, тәжірибеге және айлаға сүйенді. Әрбір Жүздің ерекшелігін ескере отырып басқару және бақылап отыру үшін оған бағынышты үш би сайланды:

Ұлы жүзде — Төле,
Орта жүзде — Қазыбек,
Кіші жүзде — Әйтеке билер.

Билер институты. Құрылтай

Қазак хандығында мемлекеттіктің барлық негізгі белгілері болды. Хан — мемлекет басы, ал оның жанында тұрақты билер кеңесі жұмыс жасады. Тәуке хан тұсында билер институтының белсенділігі өсіп, олар күнделікті құқық, шаруашылық, әскери және идеологиялық істерді жүргізуде маңызды орынды иемденді. Хан сарайы жанында сенімді адамдардан құралған қарулы топ — төлеңгіттер ұсталды. Төлеңгіттер жекелеген ірі сұлтандар жанында да болды. Төлеңгіттер түрлі міндеттер атқарды, солардың ішіндегі ең маңыздысы, әрине, халықтан алым-салық жинау. Салықтың көлемі «Жеті Жарғы» бойынша былай анықталды: «Сұлтандардан басқа барлық қару асынатындар хан мен ел билеушілеріне жыл сайын мүлкінің 20-дан бір бөлігін салық ретінде төлейді».

Аса маңызды жалпыұлттық мәселелер, соның ішінде басқа елдермен қатынас сипаты, әскери іс жылда күзде шақырылатын жалпы-халықтық Құрылтайда талқыға түсті, ал оның шешімін орындау және басшылыққа алу барлық буындағы билеушілерге міндеттелді. Құрылтайдың шешімін тек Құрылтай ғана өзгерте алатын еді.

«Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» атты заңдық ережелер, кейін оларды ауыстырған «Жеті Жарғы» қоғамдық қатынастарды реттеп отыруда жетекші міндет атқарды. Хандықтың астанасы және елдің рухани орталығы — Түркістан қаласы болды.

Қорыта айтқанда, Тәуке хан кезеңі Қазақ қоғамында мемлекеттік басқару жүйесінің біржола калыптасуымен сипатталады. Тәуке хан Қазақ билеушілері арасында өз билігін үш жүзге түгел жая білген хан болды. Сонымен бірге Тәуке ханның өлімінен соң бүл мемлекеттік жүйенің әлсіз жақтары да байқалды. Қуатты мемлекеттік басқару жүйесінің жоқтығы салдарынан Қазақ қоғамы тағы да феодалдық бытыраңқылық жолына түсті. Бұл жағдай, біріншіден, жоңғарлық басқыншылыққа жол ашса, екіншіден, Қазақ жүздерінің біртіндеп Ресей империясына отарлық тәуелділікке ұшырауына алып келді.
«Жеті Жарғы»

Қазақ қоғамындағы түбегейлі әлеуметтік және саяси өзгерістерден заңдық ережелер жинағы — «Жеті Жарғы» өмірге келді. Ол XVIII ғасырдың бас кезінде Тәуке ханның тапсыруы бойынша сол тұстағы белгілі Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке және басқа билердің қатысуымен жазылды. Ереже Қазақ қоғамында сол уакытқа дейін мәлім болған заңдық ережелердің табиғи жалғасы, сондай-ақ заман талабына бейімделген нұсқасы еді. «Жеті Жарғы» — Қазақ қоғамындағы қоғамдық қатынастарды белгілі бір жүйеге түсірген жеті тараудан тұратын ережелер жинағы. Яғни, ол қоғамдық өмірдің мынадай жеті саласындағы даулы мәселелерді заңдық тұрғыдан шешіп отыруды көздеді:

жер дауы,
жесір дауы,
құн дауы,
ұрпақ тәрбиесі және отбасы қатынасы,
қылмыс үшін жауапкершілік (ұрлық, барымта, адам қорлау, т.б.),
ру-тайпа аралық дay және елді жаудан қорғау.

Қасым хан, Есім хан заманында адам өлтірген айыпкер өте ауыр жазаланды, яғни оның өзі ғана өлім жазасына кесіліп қоймастан, отбасы да ойрандалды. «Жеті Жарғы» енді айыпкерге жеті түрлі жаза белгілейді. Олардың арасында

«қара қазан» (айыпкерге өлім жазасы),
«қара нap» (айыпкерге өлтірілген аса беделді кісіні Түркістанға апарып жерлетіп, құнын төлету),
«қара мылтық»,
«қара кілемт» т. б. жазалар болды.

Мұндай өзгерістер, белгілі дәрежеде, қоғам өмірінде жеке адам рөлінің арта түскендігін, өмірлік құндылықтарға байланысты көзқарастың өзгеріске ұшырағандығын білдірсе керек. Мәселен, «әйелді ренжіткен адам одан кешірім сұрауға тиіс, сұрамаса, арсыздығы үшін айып салынады» деп көрсетілген бап та осы мазмұндағы өзгерістер қатарына жатады.

Меншікті қорғау — ереженің негізгі міндеттерінің бірі. Жайылым мен егістік — ру, ал мал — отбасы меншігінде. Ереже ақсүйектердің құнын қарашанікінен жеті есе жоғары қойды.

«Жеті Жарғы» — ұрлық, қарақшылық, зорлық-зомбылық, сондай-ақ моральдық азғындау сияқты жат қылықтарға байланысты өте қатал шараларды қарастырды. Мәселен, «Әйел зорлау кісі өлтірумен бірдей қылмыс болып есептеледі», т.б.

«Жеті Жарғыда» сондай-ақ шариғат жолдары да қарастырылды. Онда: «Құдайға тіл тигізген кісі (7 адам куәлік берсе) таспен атып өлтіріледі, көпір болған адам мал-мүлкімен айдалады», — деп көрсетілді.

Ережеге «Құл өмірі құнсыз, ол қожайынның билігінде» деген бап енгізілді. Тәуке ханның Ережелер жинағы Қазақ коғамында Ресейдің Уақытша Ережесі енгізілгенге дейін, 1867—1868 жылдары, негізгі заңдық ереже міндетін атқарды.
Меншік қатынастары. Салықтар мен міндеткерліктер

XVI—XVII ғасырлар Қазақ мемлекетінде меншік қатынастары болды. Мұны Шыңғыс хан тегінен шыққандардың белгілі бір қалаларды иеленуінен, үлестік жүйенің сақталуынан көреміз. Мәселен, казақ ханы Есім Түркістан қаласын биледі, ал сол кезде Ташкент Тұрсын ханның қолында болды.

Жалпы, жер иелену мен жерге деген меншік түрлері мынадай болды:

икта,
сойырғал,
вакуф,
милк.

Икта — дәстүр лі мағынасында Орталық Азияда Қарахан мемлекеті кезінен белгілі. Арабша «кесінді жер» деген мағынаны береді. Әскери-азаматтық қызметі үшін сыйлық ретінде уақытша жер пайдалану және салық жинау құқын білдіреді.

XIV ғасырдың соңына қарай бұл уақытша жер иелену түрі неғұрлым кеңейтілген құқықтар берілген сойырғалмен ауыстырылды. Сойырғал «сыйға тарту» деген мағына білдіреді. Иктадан айырмашылығы — өмір бойына берілді, демек, мұрагерлікке қалдырылды. Салық жинаумен қатар сот-әкімшілік істерін де басқару мүмкіндігіне қол жеткізді.

Вакуфтық жер — салық салынатын мұсылман дінбасы мен мекемелеріне тиесілі жерлер.

Милк — жер телімдеріне және халықтан жиналатын салыққа жеке меншік құқы.

Райаттар — негізінен, қаладағылар және жер өңдеушілерден тұратын салық төлеуші сословие.

Алым-салықтардың мынадай түрлері өмір сүрді:

Хараж — жер өңдеуші егіншілерден алынатын салық.
Баж — саудагерлерден алынатын жол салығы.
Жасақ — көшпелі малшылардан алынатын салық.

Қамсыздандыру үшін алынатын заттай алым:

Зекет — мұсылмандардан сауда мен жылжымайтын мүлік үшін алынатын заттай алым.

XVI—XVIII ғасырларда Қазақстан аумағын мекендеген тұрғындар төмендегідей міндеткерліктер атқарды:

Мардикар — суландыру арықтарын қазу, тазарту, көпірлер, жолдар салу, жөндеу жұмыстары, парсыша «мард» — адам, «кар» — іс, жұмыс.
Құналғы — әскер бөлімдерін лайықты қабылдау.
Жамылғы — әкімшілік адамдарын қабылдау (үй-жаймен, құралмен, тамақпен қамтамасыз ету).

Салықтар, алымдар және міндеткерліктер қарапайым халық үшін ауыр салмақ болып саналды.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965-33-633-4
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу