Педагогика | Қазіргі педагогикадағы тәрбие әдістері, құралдары

 Педагогика | Қазіргі педагогикадағы тәрбие әдістері, құралдары

Мазмұны
Кіріспе....................................................................................................3
І тарау. Тәрбиенің жалпы теориялық және әдістемелік негіздері..............5
1.1.Тәрбие процесі, оның мәні мен өзіндік ерекшеліктері............................5
1.2.Педагогика ғылымындағы тәрбиенің мақсаты мен міндеттері..........10
1.3.Қазіргі кездегі білім беретін оқу орындарындағы тәрбиенің ерекшеліктері................................................14
ІІ тарау. Тәрбиенің жалпы әдістері, құралдары мен формалары..............19
2.1. Тәрбие әдістері және оларды топтастыру...............................................19
2.2. Тәрбие әдістеріне сипаттама, оларды таңдау және тиімді пайдалану............................................33
2.3. Тәрбие құрал – жабдықтары мен формалары........................................42
ІІІ. Қорытынды....................................................................................................49
ІV. Пайдаланылған әдебиеттер.........................................................................51

КІРІСПЕ
Диплом жұмысының көкейкестілігі:
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» - деп ұлы шығыс ғалымы, ғұлама - философ әбу Насыр әл – Фараби бекерден айтпаған болса керек.
Тәрбие - күрделі әрі ұзақ процесс. Оған белгілі бір дәрежеде білім, тәжірибе, шеберлік қажет. Ондай болмаған жағдайда тәрбие саласында белгілі бір нәтижеге қол жеткізу қиындыққа түседі. Сондықтан да біз тәрбиені шығармашылық жұмыстарының жемісі деп білеміз. Тәрбие, сонымен бірге педагогикалық әрекетте
- мәдени құбылыс;
- педагогикалық ықпал ету;
- балалардың әрекетін ұйымдастыру;
- қарым – қатынас құралы ретінде жан – жақты қарастырылады.
Тәрбие педагогикада бірнеше қырларымен танылған:
- әлеуметтік мағынада – бұл аға буын жинақтаған тәжірибені жас ұрпақ өкілдеріне өткізу. Тәжірибе дегеніміз – адамзаттың өз тарихи даму барысында жасаған рухани мұрасы, дәлірек айтсақ: адамдарға белгілі болған білімдер, ептіліктер, ойлау тәсілдері, құқықтық, адамгершілік және т.б. нормалар.
- педагогикалық мағынада – бұл тәрбиеленушіге ықпал жасау үшін ұйымдастырылған арнайы іс - әрекет, тұлға қалыптастыруға бағытталған мақсатты процесс.
Тәрбие қоғамдық талаптарға сәйкес болуы міндетті. Егер қоғам құқықтық демократиялық мемлекет құрып жатса, ендеше ондағы адам тәрбиесі адамгершілік, азаматтық заңдар мен қылық - әрекет нормалары рухында жүріп жатуы қажетті. Жалпы адамзаттық құндылықтар қалыптастырудың маңыздылығын ескерумен бірге әлеуметтік ортаның кездейсоқ та, мақсатты бағытта да әсер, ықпал жасайтынын естен шығармаған жөн.
Қазіргі заман тәрбиесі гуманистік негізде болып, тұлғаның әлеуметтік – мәдени (өмір және әрекет – қылық кейпін таңдау және іске асыру), даралықты (тұлғаның өзіндік қалыптасуы), жауапкершілікті қатынас (құндылықтар таңдау) бағыттарында дамуына орайласады. Мұндай тәрбие технологиялық икемшілдігіменен (адамның қабылдау және психологиялық даму заңдылықтарына сай орындалады), көңіл – күйге сәйкестігімен (көңіл – күй тәжірибесін қалыптастырады), сұхбаттастығымен (екінші біреуге ұсыну үшін емес, өз меншікті тәжірибесін құрастыру үшін), жағдайға қарай орындалуымен (негізгі құралы – тәрбиелік жағдай), болашақта бағытталуымен (дамудағы тұлғаға арналады) ерекшеленеді.
Сонымен, тәрбие – бұл жалпы, ортақ міндеттерді іске асыру барысында мұғалім мен оқушының ықпалдасты әрекеттерін қамтамасыз етуші арнайы ұйымдастырылған тәрбиелік жүйе жағдайында мақсаты тұлға қалыптастыру болған әлеуметтік процесс.
Диплом жұмысының мақсаты:
Тәрбие әдістері – тәрбие процесінің маңызды әрі өте күрделі құрамдас бөлігі. Себебі, тәрбиенің мақсат пен міндеттеріне сай оның мазмұны тек әдістерді қолдану барысында жүзеге асады. Тәрбие әдістерінің көздейтін мақсаты тұлғаның адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, соның негізінде олардың әрекеттерін ұйымдастыру.
Диплом жұмысының объектісі:
Қазіргі кездегі педагогика ғылымының дамуы, қазіргі педагогикадағы тәрбиенің жаңа әдістерімен тәрбие құрал – жабдықтары, формалары. Оларды топтастыру және тиімді пайдалану жолдары.
Диплом жұмысының практикалық қолданылымы:
Бұл еңбекті жоғары және арнаулы кәсіби білім беру педагогикалық оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына, мектептің тәрбие жұмысын ұйымдастырушылары мен сынып жетекшілеріне қолдануға болады.
1 тарау. Тәрбиенің жалпы теориялық және әдістемелік негіздері.
1.1.Тәрбие процесі, оның мәні мен өзіндік ерекшеліктері.
«Жас бала – жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді» - дейді халқымыз. Жерге отырғызған жас көшет те қашан тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалып, саялы ағаш болып үлкейгенше мәпелеп күтіп, үзбей тәрбиелеуді керек етеді.
Тәрбие кездейсоқ оқиға емес, ол қоғамның пайда болуына тән қасиет.
Тәрбие жеке тұлғаның санасына, мінез – құлқының дұрыс қалыптасуына әсер ететін құрал.
Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, олардың айналамен қарым – қатынасын, өмірге көзқарасын және соған сай мінез – құлқын қалыптастыру құралы.
Тәрбиелеу – халықтар бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту (Әл – Фараби).
«Тәрбие – біз кімдерді тәрбиелейміз, солардың жүрегіне ықпал ету... Тәрбие – бізге мәлім адамгершілік әдет – ғұрыптарын меңгеруді мақсат көздеп, бір адамның екінші адамға ықпал етуі»(Л.Н.Толстой).
«Тәрбие – кең мағынасында – бұл рухани жағынан үнемі жетілу және баюда көпсалалы процесс» (В.А.Сухомлинский).
«Тәрбие, кең мағынасымен алғанда, қандай да болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді, адамзат туралы айтылғанда, адамның баласын кәмл жасқа толып, өзіне - өзі қожа болғанша тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі» (М.Жұмабаев).
«Тәрбие – бұл адам жанын жетілдіру өнері. Тәрбиеде адам табиғатын жетілдірудің ең күшті сыры бар» (Иммануил Кант).
«Тәрбие – тұлғаны мақсатты түрде дамуын басқару процесі» (Х.Й.Лийметса).
Олай болса, тәрбие процесінде жеке тұлғаның сана-сезімі мен ақыл-ойына жүйелі түрде әсер етіп, оның дүние танымының дамуына, ерік – жігері мен моральдық бейнесінің қалыптасуына оң ықпал етеді.
Сонымен қатар тәрбие – адамдарды қоғамда еңбекке және басқа да пайдалы әрекеттерді орындауға, көптеген әлеуметтік қызметтерді атқаруға дайындаудың табиғи заңдылық процесі.
Н.К.Крупская «Тәрбие» атты мақаласында (1929ж.): «Тар мағынада алып қарағанда, «тәрбие» деген сөз арқылы балалар мен жеткіншектердің мінез – құлқына әдетте ересек адамдардың алдын ала ойластырылған және жүйелі түрде жасайтын белгілі бір ықпалы», ал кең мағынасында «... қоғамдық мекемелер, айналаны қоршаған бүкіл жағдай, бүкіл қоғамдық құрылыс тәрбиелейді» - деп түсіндіреді.
Осы жағдайға байланысты К.Д.Ушинский «... мектеп, тәрбиеші және ұстаздар – адамның тіпті жалғыз ғана тәрбиешілері емес, оның сонша күшті, ал мүмкін және әлдеқайда күшті әдейі тәрбиешілері: табиғат, отбасы, қоғам, халық ... және оның тілі болады», - деген осы мәселеге қатысты тұжырымдамасы тәрбие жайындағы ұғымның мәні зор екенін дәлелдейді.
Олай болса, тәрбие көптің ісі. Тәрбие мәселесімен қоғамдық ұйымдар, мекемелер және жұртшылық болып айналысқан жағдайда ғана ол нәтижелі болмақ. Соған сай тәрбие туралы ұғымға тар мағынада емес, кең мағынасында, бір жақты емес, кең көлемде, яғни табиғат және әлеуметтік ортаның, мектеп пен ата – аналардың жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына мақсатты түрде ықпалы, өзара әрекетінің нәтижесі ретінде қараған жөн.
Сондықтан да тәрбиенің мәнісі, біріншіден, қоғам үшін саналы, белсенді, ізгіленген, іскер азаматты қалыптастыру болса, екіншіден, жеке адам үшін – оны өмір сүре білуге, өзін қоршаған ортамен қарым – қатынас жасай білуге үйрету.
Олай болса тәрбие процесі деп – қоғамның талап – тілектеріне сай әрбір жеке тұлғаның ақыл – ойын, сана сезімін, ерік – жігерін, мінез – құлыұ ерекшеліктерін жүйелі түрде қалыптастырып, дамытудағы тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара бірлескен әрекетін айтамыз.
Адамды табиғт жаратса да, қоғам әрбір жеке адамның қабілетін дамыту үшін, бәріне бірдей жағдай жасап, ортақ тәрбие беруге тиіс. Кезінде б.э.д.ІVғ. Аристотель тәрбиенің қоғамдағы атқаратын қызметінің маңызына айрықша назар айдарып, «... заң шығарушының жастар тәрбиесіне айрықша мән беруі тиістігіне ешкімнің де күмәні болмауы тиіс. Себебі мемлекеттің ең негізгі бір мақсатты, барлық адамдарға бір ғана ортақ тәрбиенің болуы тиіс және онда жеке дара емес, бәріне бірдей ортақ қамқор болуы тиіс. Тәрбиеге қатысты заң болуы тиіс және ол ортақ болуы тиіс» деп есептеген. Сондықтан да ол тәрбиені ұлттар мәдениетінің мирасқорлық процесі деп қарастырған.
Платон тәрбиешінің әрекетінде кең түрде және қатаң бақылаудың болуы қажет дей отыра, «Бізде заңды қорғаушы қырағы болуы тиіс; ол балалардың тәрбиесіне өте қамқор болуы тиіс; олардың мінез – құлқын түзетуі және әркезде оларды заңға сәйкес игілікке бағыттап отыруы тиіс» деп есептеген.
Ертедегі Римде ұжымдық оқу б.э.д. ІІІ ғасырда жүргізіле бастаған. Ондағы антикалық педагогиканың теориясы мен практикасының негізін жасаған Квинтиллиан Римде бірінші рет мемлекеттік тұрғыдағы мектептің іргесін қалап, жылма – жыл мемлекеттен сыйақы алып тұрған. Соған сәйкес Римдік қауымдастықта оқытудың мазмұны және оны ұйымдастыру мәселелері ғана талқыланып қоймай, сонымен бірге көбінесе тәрбие әдістеріне де үлкен маңыз беріліп, тәрбиені мемлекеттік басқару әрекетінде маңызды сала ретінде қарастырған.
1758 жылы М.В.Ломоносовтың «Академиялық гимназия тәртібінің үлгісі» атты педагогикалық тұрғыдан құнды еңбегі жарық көріп, гимназистер арасында үлкен сұранысқа ие болды.
Қазіргі кезде біздің қоғамда өркениеттілікке бағытталған «Білім беру» заңы бар. Онда азаматтық қоғам орнатуда өскелең ұрпақтың оқу және тәрбие мәселелерінің сұрыпталған қатаң ғылыми негіздегі тың жүйесі қалыптасқан. Бүгінде оны тәрбие процесінде басшылыққа алу барлық әлеуметтік мекемелерінің міндетті ортақ ісіне айналып отыр.
Тәрбиенің қоғамдағы атқаратын қызметіне орай өзіндік ерекшеліктері бар.
Тәрбие қоғамдық құбылыс. Себебі қоғамның материалдық жағдайының өсуі, идеологиясының өзгеруімен байланысты тәрбиенің мақсат – міндеттері, мазмұны мен ұйымдастыру тәсілдері де толығып, жаңа жағдайға сәйкес жақсарып отырады. Әрине адам жеке тұлға болғанымен, қоғамнан тыс өмір сүрмейді. Ал қоғам дегеніміз – адамдардың тіршілік ету, өмір сүру үшін топтасқан ортасы.
Тәрбие мақсатты процесс. Тәрбие мақсаты айқын әрі нақты өмір жағдайына сай белгіленсе ғана өз нәтижесін дұрыс береді. Оны тәрбиеші – лердің өз қалауымен анықтауға болмайды. Себебі тәрбие мақсаты қоғамның, мемлекеттің әл – ауқаты және оның саясатымен әрқашан тығыз байланысты болады.
Тәрбие – біртұтас процесс. Себебі тұлға жеке адам ретінде тәрбиеленеді. Сондықтан жеке тұлғаның кісілік қасиеттерін қалыптастыру жеке – дара атқарылмайды, керісінше бір мезгілде, бірыңғай жағдайда жүзеге асырылады. Өйткені тұлғаның қалыптасып, дамуы тұтас процесс.
Тәрбие ұзақ әрі күрделі процесс. Жеке адамның қалыптасуы бүтіндей бір ұзақ дәуірді қажет етеді. Адам баласы туғаннан бастап, есейіп ержеткенге дейін тәрбиенің ықпалында болса, кейінгі уақытта ол өзін - өзі тәрбиелеу процесімен жалғасып отырады.
Екіншіден, тәрбиелеу барысында қойылған мақсаттың нәтижесін көбінесе жуық арада байқауға болмайды. Өйткені әрбір жеке тұлғаның мінез- құлқында дара ерекшеліктері, қабілеттері, дүниетанымы бірыңғай қалыптасып дамымайды. Оған ықпал ететін ішкі және сыртқы факторлардың да әсері мол.
Тәрбие - көпжақты процесс. Жасөспірімдерді азамат етіп тәрбиелеу, қоғамдық пайдалы еңбекке әзірлеу процесі қоғамның барлық азаматтарының міндеті, отбасы, мектеп пен жұртшылықпен бірлесіп атқаратын ортақ мақсаты. Дегенмен де ата – аналар мен жұртшылық әрекетін қадағалап, бағыт – бағдар беріп, олардың бала тәрбиесіндегі жұмыстарын бірыңғай бағытта ұйымдастырып отыратын ол – ұстаздар тобы. Оның орталығы – мектеп.
Тәрбие процесін табысты, нәтижелі ұйымдастыру тәрбиешілерге, алдымен тәрбие заңдылықтарын жете түсінуді қажет етеді.
Тәрбиенің заңдылықтарына:
1. Баланың үнемі жетілуі, даму жағдайында болуы, бұл – табиғи заңдылық;
2. Баланың өзінің түрлі әрекетінсіз және оның сыртқы орта мен табиғи қарым – қатынасынан тыс тәрбиенің болмауы жағдайы;
3. Тәрбие мен дамудың бірлігі және өзара байланыстылығы;
4. Тәрбие мен өзін - өзі тәрбиелеудің бірлігі және өзара байланыстылығы;
5. Тәрбиеде бірыңғай дайын рецептің болмауы және оны қолдану мүмкін еместігі;
6. Қоғамның үнемі өркендеп дамуы, онда өмір сүріп отырған әрбір жеке адамның күш - қуатымен өмірлік ұстанымына тәуелді екендігінде, сондықтан да тұлға тәрбиесі, бұл заңды құбылыс.
1.2.Педагогика ғылымындағы тәрбиенің мақсаты мен міндеттері.
Мақсат – бұл ғылыми түсінік, ол белгілі бір әрекеттің түпкі нәтижесін сезіну деп түсіну керек. Оны ойдан шығаруға болмайды.
«Мақсат – белгілі бір межеге қол жеткізуге бағытталған әрекеттің ой – санадағы көрінісі. Мақсат тікелей міндет ретінде іс – қимылды бағыттап, реттеп отырады. ... Мақсат адам санасының белсенді жағын білдіре отырып, объективті заңдарға, қоршаған ортаның және субъектінің нақты мүмкіндіктеріне сай келуі керек, сонда ғана адамдардың нысаналы қызметінде азаттық пен қажеттілік арасындағы дидактикалық қарым – қатынас көрініс табады. Мақсат шындықты жүзеге асыру үшін қажет белгілі құралдармен бірлесе іс – қимыл жасағанда ғана оны өзгерте алатын күшке айналады. Мақсат келешектегі, таяудағы тікелей, жалпылама, жеке, аралық және түпкі мақсаттарға бөлінеді. Шартты мағынада «Мақсат» терминімен ғылымда кері байланыс».
Орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский «Адамды табиғат жаратқанмен, оны өсіріп, тәрбиелейтін - қоғам», - деп өте орынды айтқан. Педагогика ғылымында тәрбие мен оқытудың мақсаты мен міндеттерін қарастырғанда оны әрқашанда қоғаммен бірлікте, қоғамдық құбылыс ретінде, қоғамның талаптарымен байланысты қарастырады.
Тәрбие мен оқыту қоғамдық категория ретінде оның талаптарын объективті түрде білдіреді. Яғни, «тәрбиесіз қоғам, қоғамсыз тәрбие өмір сүрмейді» деген қағидаға сүйенсек, онда тәрбиенің мақсаты қоғамның мақсатымен бірлікте болады. Сондықтан да қоғамдағы тәрбиенің қызметі қоғамның мақсатын, талап – тілектерін іс жүзіне асыру болып табылады. Бұл талаптар әр кезде қоғамдағы өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың даму дәрежесімен байланысты анықталады. Олай болса, «Тәрбиедегі мақсат адамды, һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлты бақытты. Адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиедегі мақсат – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару».
Қоғамның материалдық негізі мен идеологиясының өсуі әртүрлі қоғамдық – экономикалық формацияның алмасуына ықпал етеді. Ол өз алдына тәрбие мен оқытудың мақсат – міндеттерін, оның мазмұны мен әдістерінің өзгеруіне де себепші болады.
Бізге мәлім, ерте замандағы педагогтар әрекетінде тәрбиенің мақсат – міндеттерін белгілеуде ортақ пікір болмаған. Ол негізінен екі бағытта өрбіген. Біріншісі, прогресивті идеяны ұсынса, яғни жалпыға бірдей білім бере отыра жеке басты жан – жақты, үйлесімді дамыту болса, ал, екіншісі, яғни реациялық идеяның өкілдері үстем таптың мүддесін көздеп, дін мен идеалистік философияның теорияларын уағыздады.
Бүгінгі таңда қоғамның жаңа сатыға, жаңа сапалық жағдайға көтерілуі еліміздің әлеуметтік – экономикалық саласында жаңа міндеттерді, жаңа талаптарды шешуді жүктеп отыр. Егерде қоғамның әлеуметтік саласында қайта құру міндеті жүктелсе, яғни ол жалпы орта білім және тәрбие беретін мекемелер алдына жаңа сатыдағы сапа жағынан жаңа міндеттерді шешудің объективтік қажеттілігі туындағанын көрсетеді.
«Педагогика ғылымы тәрбиенің мақсатын жеке адамды жан – жақты дамыту, әділетті қоғамды өз қолымен құратын және оны қорғай алатын адамзат етіп тәрбиелеу деп қарастырады. Тұлғаны жан – жақты жетілдіріп, дамыту деген ұғымды оқу мен жастардың практикалық еңбегінің тікелей байланысы, дененің және ақыл – ой дамуының біртұтастығы деп түсіну керек.».
Жеке тұлғаны жан – жақты дамыту идеясы ертедегі Грек мемлекетінде пайда болып, өткен дәуірдегі алдыңғы қатарлы прогресшіл ойшылдарды терең толғантты. Педагогикалық және философиялық еңбектерден «жан – жақты дамыту» идеясы туралы көзқарастар қайта өрлеу дәуірінен бастау алғанын байқаймыз. Олардың негізінде дене және рухани сұлулықтың үйлесімді дамуын айта келе, оған жету тек адамдардың өнермен, гимнастикамен айналысуы жағдайында ғана жүзеге асады деп дәлелдейді. Бұндай көзқараста еңбек қызметінің маңызы қарастырылмаған. Себебі, еңбек қызметі тек құлдарға ғана тәуелді болған.
Аристотельдің көзқарасында дене, адамгершілік және ақыл – ой тәрбиесі тұлғаның жан – жақты дамуы ретінде қарастырса, қайта өрлеу дәуірінде гуманистер Витторино да Фелбтре, Ф.Рабле, М.Мантень, Э.Роттердамский жан – жақты идеясын дамыта отырып, тұлғаның эстетикалық дамуы қажеттілігіне назар аударады. Кейіннен жеке тұлғаның жан – жақты үйлесімді дамуы жайында пікірлер социал – утопистер Томас – Мор, Т.Кампанелла, Р.Оуэн, Сен – Симон еңбектерінде де дұрыс көзқарасқа әрі толық мазмұнға ие болды. Олар қоғамның барлық мүшелері қатысқан еңбек пен оқытудың бірлігін жан – жақты даму деп қарастырады. Бірақ та қанаушы тапқа бөлінген қоғам жағдайында бұл ойды жүзеге асыру мүмкіндігі болмады. Сондықтан да бұл арман утопистік сипатта қала берді.
ХVІІІ ғасырдағы француз философ – ағартушылары Гельвецию және Дидро еңбектерінде бұл ойдың негізіне ақыл – ой мен адамгершілік тәрбиесін қарастырды. Ж.Ж.Руссо бұл пікірге терең талдау жасап, табиғатпен дұрыс қарым – қатынас жасай білетін барлық балаларды еңбекке тарту қажеттігі жайында өз пікірін уағыздайды.
Жан – жақты дамыту идеясын орыстың революцияшыл – демократия-лық педагогикасының негізін қалаушылары Н.Г.Чернышевский мен .........
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?