Қазақ әдебиеті | Асқар Сүлейменов шығармашылығы

 Қазақ әдебиеті | Асқар Сүлейменов шығармашылығы

Мазмұны

Кіріспе

1. А. Сүлейменов шығармашылығы – ой тасқынына толы шығармашылық

2. Жанр табиғатындағы ерекшеліктер

Қорытынды.

Пайдаланылған әдебиеттер

Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі: Әдебиетке XX ғасырдың екінші жартысында келген, "алпысыншы жылғылар" деп аталып жүрген әдеби буын төл әдебиетіміздегі елеулі құбылыс болып табылады. Оны зерттеп саралаудың маңызы зор дер едік. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатыр деуге болады. Оған дәлел ретіңде сол кезеңдегі әдеби процесс мәселелерін зерттеу нысанына айналдырған А.Ісімақова, Ө. Көзбеков, Қ. Әбдезұлы, С. Асылбекұлы т.б. зерттеу жұмыстарын айтып өтуге болады. Асқар Сүлейменов - XX ғасырдың екінші жартысыңдағы әдеби толқынға қатысты тұлға. Бұл толқынға жататын тұлғалар: І.Есенберлин, Ә.Нұршайықов, М.Мақатаев, Ш.Мұртаза, О.Сүлейменов, Ә.Кекілбай, М.Мағауин, М.Шаханов сынды суреткерлер. Мұндағы әрбір есімнің әдеби құбылысқа айналғаны - ешкім жоққа шығармас шындық. XX ғасырдың екінші жартысындағы әдеби кезеңнің төл перзенті болып табылар А.Сүлейменовтің шығармашылығын саралау - осы кезеңдегі әдеби процесті түсініп игеруге жол ашар іргелі қадам.
Осындай қажеттіліктен барып біз, А. Сүлейменов шығармашылығын зерттеу нысанына айналдырдық. Жұмыста негізінен жазушы шығармашылығындағы үш салаға көңіл бөлінеді. Олар: көркем проза, драматургия және сын. Осы үш сала бойынша жазушы шығармашылығының жанрлық ерекшеліктері сараланады.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті:
А.Сүлейменовтың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты талдау, көркемдік қырларын ашу. Жазушы өз шығармашылығында қандай көркемдік ерекшеліктерге ден қойды. Олардың шығу түп төркінін анықтау – жұмыстың басты мақсат-міндеті.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты - жазушы А.Сүлейменов шығармашылығының көркемдік ізденіс қырларын ашып көрсетіп, идеялық-көркемдік тұрғыдан саралау.
Осы орайдағы зерттеу мақсатынан мынадай міңдеттер шоғыры келіп туындайды:
1. Жазушының шығармашылығына тұтас көркемдік талдау жасау.
2. Суреткер шығармашылығының даму кезеңдерін анықтау.
3. Тақырыптың бұған дейіші зерттелу деңгейін анықтау үшін жазушы шығармашылығы жайлы мәліметтерді жинақтап, саралау.
4. 60 жылдардағы әдеби ағым ауқымында А.Сүлейменов шығармашылығының ерекшелігін айқындай түсу.
5. Жазушы стилінің қалыптасуына әсер еткен әдеби зандылықтарды анықтау.
6. Жазушы Асқар Сүлейменов шығармашылығы көркемдік тұрғыдан тұтас нысанаға айналып отыр.
7. Шығармашылық кезеңдерге шолу, «Адасқақ», «Қара шал» әңгімелер циклы, «Шашылып түскен тіркестер», «Эписталярлық хаттары» атты философиялық ой-толғамдары көркемдік идеялық тұрғыдан сараланды.
Зерттеу әдісі:Аталған зерттеу жұмыстары «60-шы жылғылар», 90-шы жылдардағы әдеби процесс секілді әдеби құбылыстар кешенді түрде слыстыру әдісі пайдаланылды.
Ғылыми жаңалығы:Жазушы шығармашылығы жөнінде алпысыншы жылдардың өзінде байсалды пікір қалыптасты. А. Сүлейменов көркемдік танымы туралы түрлі көзқарастар сол жылдарда қалыптаса бастағандығы нақты деректер келтіру арқылы зерттелді.
Құрылымы: жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспеде зерттеу жұмысының тақырыбының өзектілігі, зерттеудің мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылган тұжырымдар, жұмыстың теориялық - практикалық маңызы айтылады.

1. А. СҮЛЕЙМЕНОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ – ОЙ ТАСҚЫНЫНА ТОЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

«Құнды сөз құнарлы ойдан шығады, ойы нәрсіздің тілі де нәрсіз» демекші адамзат санасындағы сан қилы сезімді бейнелі өрнекпен кестелеп сөз арқылы ғана жеткізуге болады. Өйткені көркем сөз – көрікті ойдың көрінісі. Сондай сөз шеберінің бірі – А.Сүлейменовтың өрелі ойының терең иірімдерінен тамаша суретті сөздер өріледі. Оның ақ нөсердей төгілген жыр жолдарында өзіндік өмір өлшемдері, түйінді, тұғырлы таным дүниесі кестелі өрнекпен нақтыланып, даралық сипатқа ие болып тұрады.
Асқар – ұлы рух. Рух – от, рух – жан. Ол – адам жанының ең қалтарыс түкпіріне сәуле түсіретін нұрлы шапақ, адам жанының ең бір нәзік қыл ішектерін қозғалысқа келтіретін ұлы ырғақ.
Асқарды тануда саясат ықпалынан, уақыт қыспағынан аса алмаған кездер болды. Енді заман өзгерген шақта азат елдің азат ойымен, азат жүрегімен, азат зердесімен Асқарды тануға тиіспіз.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданында Шорнақ ауылы бар. Қарлығаштың ұясындай осы ыстық мекенді маңайдағы ел өнер қонған танымал азаматтар жетерлік. Солардың бірі – арамыздан мезгілсіз кеткен талантты жазушы – Асқар Сүлейменов еді.
Көздеген нысанамыз жазушы шығармашылығындағы көркемдік ізденістер һәм сол ізденістер нәтижесінде пайда болған поэтикалық ерекшеліктерді, жетістіктерді ашып көрсетпек. Бұл мақсатта біз үш тарапты бағдаршы етіп алдық. Ол: жазушы шығармашылығындағы көсем сөз, проза, әдеби мақалалар. Әр сала жазушы шығармашылығындағы бір толық, бүтіндіктен тұрады. Жазушы өз шығармашылығында қандай көркемдік ізденістерге ден қойды: олардың шығу түп-төркінін анықтау; жазушының көркемдік қолтаңбасына әсер еткен қандай әдеби бағыттар болған; жазушы өз шығармашылық ізденіс жолында дәстүрлі әдеби бағыттар мен жаңаша (модернизм) әдеби ағымдарды қаншалықты дәрежеде пайдаланады; олардың жазушы қолтаңбалық өрнегіне әсер ету күші қаншалықты; жазушы қолтаңбасының негізгі ерекшеліктері неден көрінеді; қысқаша тұжырымдағанда зерттеу міндеттерінің ауқымы осылай болып көрінеді.
Жазушының өзі жоқ, шығармалары сайрап тұр. Мінезі, бейнесі, тұрмысы, барша тағдыры шығармаларынан өріп шыға келеді. Шығармалары сөйлеп тұрған жазушыны өлді деуге хақың жоқ. Оны ұғуға көңілдің көзі, зерденің зейілі болса, жетіп жатыр...
Рух туы желбіреп тұрғанда өткенге тас лақтырып, қарғыс айтпай, одан сабақ алып, жіберген қателігімізді қайталамай найзаның ұшымен, рух-намыстың күшімен қорғаған Асқар аға аманатын орындау – бүгінгі ұрпақтың парызы.
«Асқардың әдебиет пен философия, саясат пен идеология, бейнелеу өнері мен музыка, кино мен театр, архитектура-сәулет, арғы-бергі адамзат тарихымен терең әрі ыждаһатты түрде айналысып, оқып үйренген, пікір түйген кезі сол алпысыншы жылдардың ортасы мен жетпісінші жылдарда болатын. Дұрысын айтсақ, күллі қоғамдық ғылымдар саласының әрқайсысынан терең білім жинап, энциклопедиялық дәрежеде зерделеген бүгінгі таңға дейін ұлтымыз арасынан шыққан бірден-бір аса зор оқымысты адам еді».
60-шы жылдардағы қазақ әдеби өмірі өте белсенді, қызғылықты болды. «Лениншіл жас» газетінің даңқы шықты. Осы газетте Асқар өзінің «Қара шал» әңгімесін жариялады. Жазушылық тұсауын кесті. Осы кезде ол Қазақстан жазушылар одағының органы «Жұлдыз» журналында қызмет атқарды. Онда ол өзінің қаламгер жақын досы М.Мақатаевпен әріптес боп қызмет атқарды. Осы журнал беттерінде жазушы өзінің сыншылық қабілетін байқап көрді. Шыңдады. Кейіннен «Жұлдыз» журналындағы келеңсіз жағдайларға байланысты қызметтен кетті. Бұл Асқардың бір сүрінетін кездері. Бірақ осы «Жұлдыз» шаңырағында Асқар өзін профессионал сыншы ретінде әдеби ортаға танытты. Асқар сол кездегі әдеби орта мен студент жастар қауымының кумиріне айналды.
Орта кезең. Бұл кезең 70 – 80-ші жылдар шығармашылығын қамтиды. Бұл орта кезең – орта бел, жазушы шығармашылығының да, өмірінің де орта бел омыртқа сүйегі. Негізгі жанрларда қалам тартты. Көсемсөз, драматургия, проза, жеке бас өміріндегі аса күрделі, ауыртпалығы мол ащысы мен тәттісі қатар келген кезең. Осы кезеңде Асқар шынында біз білетін Асқар болып қалыптасқан секілді.
Жазушының шығармашылығының түйінді кезеңі 80-ші жылдар соңы мен 90 жылдар басы. Соның ішінде ерекшеленетін тұс ол – 90-шы жылдар. Бұл тұсқа қатысты шығарма ол – «Шашылып түскен тіркестер». Бұл шығарма жазушының көсем сөз жанрындағы ірі жетістігі. Шығарманың ойшылдық, анализ жасаушылық сарыны қатты білініп тұрады. Ол сарын өз кезегінде мүлтіксіз тілдік жамылғымен оралған. А.Сүлейменов шығармашылық феномені осы кезеңде анық бояу боп көрінді.
«Адасқақ» - А.Сүлейменовтың прозалық ең басты шығармасы болып табылады. Оның талантының шын - жарқырап көрінген тұсы. А.Сүлейменовтың негізгі поэтикалық қуаты ол - проза. Зерттеу еңбегімізде, бізде сондықтан бұл шығарманы ең басты тірек - нысана етіп алдық.
«...Бар мықтағанда белді-белді ақындарымызды Маяковскимен салыстырып, қай ақынның қай қырға, қай қыратқа шыққанын сөз етіппіз. Прозаны ұмытып та кетіппіз. Сондай-ақ прозаның өз Маяковскиі жоқ па екен?» А.Сүлейменов.
Прозаның Маяковскиі Асқар Сүлейменов әлемдік әдеби процеске ішкерілей енген, оның терең, қара иірімдерінен нәр алған жазушы. Өзінің алғашқы әдеби кезеңдегі сыни шығармаларында-ақ ол әдеби процеске әлемдік деңгей тұрғысынан қарайтынын аңғартқан болатын. А.Сүлейменов прозасы күрделі, экспериментті проза. Экспериментті болатыны ол әлі толқып тұрған, әлі аптығы, ыстығы басылмаған проза. Оның поэтикалық ұңғыл-шұңғылы әдеби тұрғыдан жете зерттеле қойған жоқ. Сонымен бірге, А.Сүлейменов проза саласында түрлі эксперименттерге көп барған. А.Сүлейменов прозасы ХХ - ғасыр жаңалықтарын тұтас бойына әдемі сіңіре білген, жинақталған тығыз әлем.
А.Сүлейменов «ой тасқыны» әдісіне өзінің жақындығын «Адасқақта» барынша байқатады. «Адасқақ» - А.Сүлейменов қолтаңбасының айнасы. Қалыптасқан дағды, шынайы СТИЛЬ бар. Осы шығармасында ол «ой тасқыны» әдісін мүмкін болған мөлшерде қолданысқа түсіреді. «Адасқақ» — ауыр ойға құрылған интеллектуалды - психологиялық туынды. Шығармада жазушы түрлі баяндау түрлерін шебер қолданады. Олар: ішкі монолог, жат-тіке баяндау (несобственно прямая речь) деген сияқты құралдар. Бұл баяндау құралдары реалистік дағдыда кең қолданыс табатын элементтер. «Адасқақта» Асқар бұл баяндау кұралдарын өзгеше басқа ракурста пайдаланып көреді.
Мысалы: шығармадағы I диалог жаттіке баяндаудың (несобственно прямая речь) кемелді үлгісі. Ал, IV диалогта (Сол күн-түн. Ақан - эпизодында) ішкі монологтың жарқын үлгісі бар.
«Ой тасқыны» әдісі - композициялық құрлымға төңкеріс жасаушы әдіс. Онда кейіпкердің өзінен гөрі оның ішкі ой қатпарына көбірек көңіл бөлінеді. «Ой тасқыны» әдісінің кейіпкері сюжеттік кейіпкер емес, психологиялық кейіпкер (іс-әрекет кейіпкері емес, толғаныс кейіпкері). Біржан осындай ой-толғаныстық кейіпкер. Шығармадағы Біржан образы реалистік шығармадағыдай таза, айқын бедерленіп көрінбейді. Ол шығарманың өн бойында сұлбаланып, үзік-үзік бейне күйінде елес береді. Біржан бұл жерде қарайған обьект. Кейіпкер болудан гөрі, сана, ой кейіпкер ретінде білінеді. Сыртқы бейне тұрғысынан қарағанда, Біржан - импрессионистік кейіпкер персонаж. Ал, кейіпкердің ішкі идеялык, иірімдерінде импрессионистік шашыраңқылык жоқ. Керісінше болаттай беріктік, жинақылық бар.
Импрессионизм бұл тек бояу емес. Сонымен бірге дыбыс.
Мысалы: «... үш өрме тізгін қатты бұралған ішек боп желге
жылады, желмен жылады» [16.18б]. (Жылқы тізгінің тартқанда
шыққан дыбыс-авт.) Жалпы «Адасқақтың» структуралық қанқасы,
ондағы образдар қозғалысы реалистік қалыптан гөрі
импрессионистік қалыпқа жақын.
Асқар әрбір ірі модернистік үлгілерді пайдаланғанда трафареттік көшіруге бой ұрмайды. Керісінше, оның бояуын орынды пайдаланып, қазақы түрге түсіреді. Және де әрбір үлгіні үлкен талғампаздықпен керекті жерінде шым-шымдап қана кіріктіреді. Мысалы, «Адасқақта» үлкен образ жасаушылық қадамдарға барады. «Адасқақтың» жалпы Асқардың ауыр оқылатындығына бірден-бір себепкер материал ол, оның өте көп пайдаланатын образдар тасқыны. Бір жағынан «Адасқақ» образдар коймасы іспеттес. Осы құбылыстың сөйлемдік құрылым конструкцияларда қалай жүзеге асатынына мән берейік....
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 1 075



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?