Қазақ әдебиеті | Жүрсін Ерман поэзиясының көркемдік сипаты

 Қазақ әдебиеті | Жүрсін Ерман поэзиясының көркемдік сипаты

Мазмұны

КІРІСПЕ

Негізгі бөлім

І ТАРАУ. Ж. ЕРМАН ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ЖАНРЛЫҚ – ТАҚЫРЫПТЫҚ СИПАТЫ
1.1. Ақын поэзиясындағы адам және қоғам.
1.2. Ұлытау жырлары немесе ақын поэзиясындағы туған жер тақырыбы.
1.3. Жүрсін Ерман поэзиясындағы сезім сырлары.

ІІ ТАРАУ. Ж. ЕРМАН ПОЭЗИЯСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК
ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
2.1. Ж. Ерман поэзиясындағы ұлттық сипат көріністері
2.2. Ж. Ерман поэзиясындағы көркемдік құралдар

ҚОРЫТЫНДЫ.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.

КІРІСПЕ
Өнер мұраты – халықты бір-бірімен жақындастырып, рухани жағынан үндестіру. Оның ішінде, әдебиет – халықтың ой-санасын өсіріп, кемелдендіреді. Әдебиет халықтың рухани асыл қазынасы болғанымен, оны жасайтын халық ішінен шыққан дарын иелері.Сондықтан да жеке адамдар жасаған әдебиет туындыларын сандаған ұрпақ оқып,одан ұлағатты ой, өнеге-үлгі алады. Тәлімдік, тағлымдық тұстары мол. Поэзияның өнер мүлкі ретінде қыр сыры мол жанр. Сезімнен тыс поэзия болмайды. Оның ішінде лирика тікелей сезімдік туынды екені мәлім. Алайда, әр ақынның сол сезімді поэзияға өзек етуінде эстетикалық арсеналдары түрліше.
Ақын – қоғамдық тұлға. Ақынның әдебиеттен алатын орны ақынның өмір сүрген қоғамдық ортасымен, заманымен тығыз байланысты. Ақын шығармаларының құны өзі өмір сүрген замандағы қоғам мен өмір шындығын қаншалықты көрсете білді, қоғамға қаншалықты әсер ете алды, сонымен өлшенсе керек. Адам жанының тереңіне бойлай білуді қажет ететін лирика жанрының басты ерекшелігі – ой мен сезімнің тең қабысып отыруы. Ал, нағыз лирик осы қос қасиетпен оқырман жүрегін сәулелендіріп отыруы тиіс. Бұл әрине, қалам ұстаған кез-келген қаламгердің қолынан келе бермейтін, тек сирек талант иесіне ғана бұйырар шығармашылық бақыт.
Бұл ретте әрине, аға буын өкілдері: Ә.Тәжібаев, Д. Әбілев, А. Тоқмағамбетов, М. Әлімбаев, Х. Ерғалиев, Ғ. Қайырбеков, С. Мәуленов, С. Сейітов, Т. Әбдірахманова, К. Салықов, Қ. Бекхожин, Қ. Шаңғытбаев, т.б. азаматтық-философиялық түйін-тұжырымдарға толы өлең-жырлары, О. Сүлейменов пен М. Шахановтың азаматтық мәселелерге батыл үн қосуы, сол секілді Т. Молдағалиев, С. Жиенбаев, Қ. Жұмағалиев, Ж. Нәжімеденов, С. Иманасов, Ө. Нұрғалиев, Қ. Мырза Әлі, М. Мақатаев, К. Мырзабеков, Ж. Әбдірашев, Ш. Сариев, Т. Медетбек, Ұ. Есдәулет, И. Сапарбай, И. Ғайып, С.Тұрғынбеков, Ж. Ерман, А. Егеубай, А. Әлім, С. Адай т.б. өмірі мен өнерге адалдық танытып, қазақ өлеңін дамыту ісінде қайсар мінез бен қаламгерлік қарымдылық көрсетуі көңіл қуантады.
Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік көзқарасы мен қолтаңбасы бар, ізденіс пен ізгілікке жаны құштар, жүрегі жырға, көңілі нұрға толы талантты ақындардың бірі – Жүрсін Ерман.
Қазақ әдебиеті тарихының күрделі дәуірлерінде XX ғасырдың 60-90 жылдарының алатын орны ерекше. Аталмыш кезеңде қоғамдағы сәл де болса “жылымықтың” нәтижесінде қаламгер санасында бастау алған сілкініс пен серпіліс қазақ романдарының дүниеге көптеп келуіне мүмкіндік берді. Бұл кезеңдегі қазақ поэзиясы дүниедегі аса құдіретті, күрделі жаратынды – Адамның жан әлеміне үңілумен, адам болмысына назар аударумен ерекшеленді.
“Аталған жылдар аралығындағы қазақ әдебиетінің ұлттық көркем өнердегі терең тамыры нәзік арқаудан нәр тарта дамуға талпынған бет-бағдары болатын. Бұл жылдар аралығындағы лирика шын мәнінде тасты жарып шығып гүл атқан қызғалдақтай көзге ыстық тартқаны рас” /1.106/. Шынында да осы жылдары поэзиямыздың жаңа дәуірі басталды. С. Жиенбаев, М. Мақатаев, Ф. Оңғарсынова, Ж. Нәжімеденов, Қ. Мырзалиев, К. Ахметова, О.Сүлейменов, Т.Молдағалиев, Т. Айбергенов т.б. өздерінің ақындық таланттары арқылы қазақ өлеңдеріне үлкен серпіліс, жаңа өрлеу кезеңін ала келді.
Өмірі мен өнерін өлең-ғұмырға сыйғызған ақынның көп жылдық шығармашылық еңбегінің әр алуан кезең еншісінен орнын ойып алып, әдебиет майданы күрескерлерінің қаламына ілігуінің өзі де заманға сай заңдылық. Осы жылдар поэзиясының ізін басып, өнердегі өзіндік мінезімен алдыңғы топтан көрінетін Ж. Ерман поэзиясы – біздің бүгінгі жұмысымыздың басты арқауы да. Бұл орайда «Ақын қуанса, шын қуанып, мұңайса, шын мұңаяды. Оның бір жырдан екінші бір жырға көшіп отыратыны лирикалық кейіпкерінің жан-дүниесіндегі толқыныстар ауыл, аймақ, керек десеңіз кейде ұлт пен ұлыс шекарасынан шығып, жалпы азаматтық толғаныстар кеңістігіне көтеріледі. Ол аспанмен тілдессе де, жермен сырласса да, бір қызығы, сені досыңмен сөйлестіргендей, тілдестіргендей ерекше бір халге бөлейді» деген Ш.Айтматовтың пікірінен біраз нәрсе аңғарылады /2,12/.
Абай әлеміне еркін еніп, оның өлең сөздегі дәстүр -өнегесін лайықты жалғастырған қазақ ақындары /Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт т.б./ көркемдік рухани мәселелерді ,адам мен оың еңбегін ,өмір тұрмысын терең толғады.Ұлттық поэзияның ұлы мұраттарын бар қырынан ашып, биік белестерге көтерген – С. Мұқанов, Ә.Тәжібаев, Т. Әбдірахманова, С. Мәуленов, Ғ. Қайырбеков, М. Әлімбай, М. Айтхожина, Ф. Оңғарсынова, А. Бақтыгереева, Н. Оразалин, О.Сүлейменов, Қ. Мырза Әлі, Қ. Бұғыбаева, М. Шаханов, Т. Медетбек, Ө. Нұрғалиев, С. Иманасов, Р. Ниязбек, Ж. Әбдірашев, К. Мырзабеков, А. Егеубаев, Ж. Жақыпбаев, Ұ. Есдәулетов, Е. Раушанов, И. Ғайып, Т. Оразбаева, Б. Серікбаев, Г. Салықбаева, Т. Әбдікәкімов, Н. Мәукенлы, т.б. ізденіс-еңбектері, көзқарас эволюцияары, кеше-бүгін мәселесін жырлаудағы амал-тәсілдері қалың көптің көңілінен шығып, рухани нәр сыйлады. Аталған ақындар шоғырының бел ортасында өлең -өнердің өз өкілі – осы буын жасаған поэзияны жалғастырып, өзіндік даралығымен келген ақынның бірі – Жүрсін Ерман.
Қалыптасқан ұғым бойынша, лирика дегеніміз – ақынның ойы мен сезімінің ұштасып келіп тұтас көрінуі. Лириканың предметі де, бейнелеп айтар ойлары да, бейнелеп көрсетері де – ақынның өз көңіл-күйі. Н.А.Добролюбов өзінің И.Никитин өлеңі туралы жазған мақаласында лирикаға орай мынадай тұжырым айтады: «Лирикалық өлеңде, – дейді сыншы, – ақын өзінің табиғатты немесе өмірдегі белгілі бір құбылыстан алған тікелей сезім-түйсігін айтып береді. Бірақ мұндағы нәрсе – сол түйсіктің өзі де, оны ақынның енжар қабылдауы да мес, ақынның сол сыртқы әсерге іштей ұйып, құлай ықылас қоюында» /3, 112/.
Ұлттық поэзия патшалығына өзіндік өрнек, өзгешеліктерімен келген, адамдық, ізгілік иірімдерін нәзік лиризиммен, терең тебіреністі толғамдармен еркін жырлаған – ақын Жүрсін Ерман уақыт талаптарын жіті зерделеді. Қайсы бір тақырыпты да тереңнен толғап, ақыл-парасат нұрын, көңіл күнделігін, жан-жүрек сәулесін молынан түсірді. Өлең өрімі, өрнектері арқылы уақыт алға тартқан келелі мәселелерді, тәуелсіздік талаптарын жүректен қозғады. Атамекен мұратын, ел-жұрт тағдырын, адам әлемін алуан ізденіс, түрлі салыстырулар арқылы шебер де шешен жеткізеді. Біздіңше Ж. Ерманның ақындық өнері – талант қуатымен, көркемдік нәрімен, сыр-сезімге толы шындық сипаттарымен даралана түседі. Мұны ізденіс іздері де, қолтаңба мәнері де бедерлей түседі.
“Әр заман поэзиясының өзіне лайық күйі бар, өзіне лайық үні бар, – дейді ғалым М. Базарбаев. Адам баласының бүкіл тарих бойына ілгері өсіп дамуы қаншалықты тынымсыз, толассыз жүріп жатқан процесс болса, көркем бейне жүйесімен ойлау, дүниені образбен танып баяндау, суреттеу өнері де тоқтаусыз дамып, жаңаланып, жақсарып келе жатқан құбылыс. Қоғамдық сананың бір түрі ретінде көркем әдебиет қай ғасырда болса да, сол заманғы адамдардың бір-біріне деген қатынасын, ой-арманын, дүниетанымын байқатпақ” /4, 26/.

І ТАРАУ
Ж. ЕРМАН ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ЖАНРЛЫҚ – ТАҚЫРЫПТЫҚ СИПАТЫ

Әдебиетте қалыптасқан қанша жанр болса, соның барлығының атқаратын қызметі – өмір шындығын әр қырынан танытып, көркем шындықтың суретін салуға септігін тигізу. Осы жағынан алып қарағанда, әр жанрдың, әрине, өзге ұтымды жақтары бар.
Көркем әдебиеттің негізгі саласының, жанрының бірі – лирика. Лирикада ой мен сезім бірлесіп, терең қабысады. Оған тартымды күш-қуат дарытатын терең оймен суарылған, нәрленген жалынды сезім әсерсіз, құрғақ қағида-тұжырымдар арқылы берілсе, оқырманды тебірентпейді. Өмір, дүние, адам тағдыры туралы үлкен толғаныстан тумаған жай сезімшілдік лириканы жандандыра алмайды.
Жүрсін Ерман шығармашылығының ең басты жанры – лирика. Лирикада ой мен сезім бірлесіп, терең қабысады. Оған тартымды күш-қуат дарытатын терең оймен суарылған, нәрленген жалынды сезім әсерсіз, құрғақ қағида тұжырымдар арқылы бірлесе, оқырманға әсер етпейді. Өмір, дүние, адам тағдыры туралы үлкен толғаныстан туылған жай сезімшілдік лирикасы жандандыра алмайды. Себебі, лирикаға жан беретін сезімнің аты, нәзіктігі. Лириканың басқа жанрлардан айырмашылығы да осында. Шыншылдық пен сезім байлығы, ойшылдық – оның өмір танудағы, адамды танып бағалаудағы үлкен байлық. Қай кезде қандай тақырыпты жырласа да ақын осы жолдан тайған жоқ. Өлең әр күйде, әр жағдайда жазылып оның болмысын аша түседі.
Лириканың басқа жанрлардан айырмашылығы да, өзіндік артықшылығы да бар. Академик Зәки Ахметов: “Лирикалық шығармада негізінен алғанда жеке адамның көңіл-күйі, сезімі суреттеледі. Нағыз лирикалық туындылар жеке адамның жан-дүниесін, толғанысын, тағдырын бейнелеп, сол арқылы бүкіл ортаны, қоғамды, заманды сипаттап береді” /5, 21/, – дейді.
Ақын тудырған өлең-жырлардың өрімі де әлеуметтік, философиялық, көңіл-күй әуендеріне айналып, жалпы адамзаттық, дүниетанымдық көзқарасын баян етеді. Лирикаға тән қасиеттердің бірі – адам сезіміне әсер берер отты, жалынды эмоциялық сезімталдық екені белгілі. Құрғақ баяндау немесе сезімге құрылмаған жай әншейінгі жалаң тұжырым музыкалық шығарма тудыра алмайды. Жүрсін Ерман поэзиясының басты ерекшелігі – нәзік сезімге, ойлы толғанысқа құрылумен ерекшеленеді. Таңдаған тақырыбының түп-төркінін терең зерттеп, баянды барлап барып, сезім сырын шерту – ақын шеберлігінің бір қыры. Ақын кейіпкерлері кімнің атынан сөз алса да оқырман есінде ұзақ сақталатын ерекше мінез даралығымен өзгешеленеді.
Біздің бүгінгі бітіру жұмысымыздың басты арқауына айналып отырған ақын Жүрсін Ерман жырларының басты бір ерекшелігі – ақын өлеңдерінде ойшылдық сарынның молдығы. Өмір бар жерде күрес, тартыс бар. Күрес, тартыс азапсыз өткен емес.
Ақынның:
Ақыннан ес кететін,
Жырдан – маза.
Керегі не дақпырттың құр даңғаза:
Таңда машқар болғанда, әр пендеге
Анық болса бір әділ тұрған жаза?!

Даңқымды емес, тәңірім, антымды бер,
Болжамасам халімді – халқым күлер.
Кешейін қойдан қоңыр тірлігімді –
Өзінің шамасы мен шарқын білер.

Жайдақталып кеткенмен заманатым,
Өңмеңдеумен шықпасын жаман атым.
Шұға жауып жатса да көктен жерге
Қалғып кетпе, қазақы қағанатым! /6, 14/, –
деп айтылатын алғашқы жыр жинағынан-ақ, өзінше үні бар, өлеңге қояр талабы бар, өмірге деген махаббатын, толғаныстарын өлеңмен жеткізе білетін ақын екендігін байқатады. Ақынның қай өлеңін алып қарасақ та батылдық пен еркіндік қатар тұрады. Қай тақырыпқа қалам тартпасын, ақын өлеңдерінің бағдаршысы болып шындық тұрады.
Бұғын десең – бұғындық,
Жығыл десең – жығылдық.
Аярлықтың майынан
Жүрек кілкіп, шығындық.

Ойсыраған ойымды ұқ:
Теспей бітеу сойылдық.
Шөліркедік шындыққа,
Өтірікке тойындық.

Болса әбден жігер құм,
Мықтысы ғой шідердің.
Көкбөрідей қазақты
Қоян етіп жібердің /6,31 /.
Жүрсін Ерман поэзиясы мынау алмағайып боямасыз дүниенің сыр-сипатын, болмыс-бітімін, өксігі мен өкінішін, қайғысы мен мұңын, қуанышы мен шуағын сөз етеді. Өмір сәттері, қоғам, заман жайлы сезімдері өлең жолдарымен кестеленеді.
Осы тұста ақын Қ.Мырзалиевтің мына бір бағалы пікірін келтіре кетсек: “Меніңше, жақсы өлең – мазасыз тебіреністен шығады. Өзім жазған поэмалар мен жақсы деген өлеңдерім – өз жанымды тербетіп, маза бермеген ойдан, қиялымды дүбірлеген әуендерден туса керек. Жаным сүйген тақырып жүрегімді тербейді де, жазбасқа қоймайды. Шын тебіреністен туған өлең – асқардан ақтарылған тас бұлақтай тегіреуінді болуға тиісті. Не жазса да ақынның өз мінезі, өз «мені» болуы шарт. «Мені» жоқ ақын, жасық ақын. Ал өзі жасықтың – сөзі жасық” /7,29/.
Алдым бұлдыр.
Құлап келем қауғадай салдыр-күлдір
Бір кісідей кештім бе бұл ғұмырды
Ағаш егіп,
Үй салып,
Қалдырдым ба ұл?

Үміт артып ататын таңға аса бір,
Тәнге саулық тілеймін,
Жанға сабыр.
Бәрі жалған екенін біле тұра,
Алдағым кеп тұрады,
Алдаса өмір!, –
деп кең тыныстап кейінде қалған өмірге шолу жасайды. Осы екі шумақтың арасында халқымыз бастан кешкен өмір жатыр, онда ақынның өз бояуымен өрнектеп салған қолтаңба ізі жатыр. Ақын өлеңдерін оқи отырып өткен жылдарды қаз-қалпында көз алдымызға елестетеміз.

1.1. Ақын поэзиясындағы адам және қоғам.

Өмірде ақынға тақырып болмайтын құбылыс жоқ. әңгіме сол құбылыстың ішіне үңіл қарап, сырын ашып нағыз ақындық қуатпен, зерделі шеберлікпен өрнектей білуде.
Ақын Жүрсін Ерман шығармашылығындағы басты тақырыптар – атамекен, ел – жер мұраттары , достық пен жастық жырлары көркемдік –рухани мұраттар тұсынан кемел де келісті сипаттарымен әр буын өкілдерінің талап – талғамдарына жауап беріп келеді. Ақын ізденісі мен көзқарас мұраттарынан жаңа уақыт бедері, тәуелсіздік талаптары кеңінен көрініс береді. Әсіресе, ұлт мұраты, демократия тағлымы, адам мен оның еңбегін аялау мен бағалау сипаттары айқын. Кезең көріністері, мезгіл әуендері де нанымды өріс алады.
Талант – күрделі құбылыс. Орыс әдебиеті теориясын зерттеуші Н.А. Гуляев талант жөнінде : «Это – комплекс творческих сил и способностей человека, обеспечивающих прежде всего эстетическую сторону писательского труда, образную, эмоциональна выразительную специфику хужожественного произведения», – дейді /8.106/. Ал қазақтың ұғымымен, талант – ана сүтімен бойға даритын туа біткен қасиет. Ақындық та солай. Заман талабы өзгеруі мүмкін, бірақ оның өлеңдері бәрібір оқылады.
Жүрсін Ерман өлеңдерінің басым көпшілігі адам мен қоғам жайында, яғни Ел мен Жер тағдыры. Ақын осындай терең тақырыптың терең қатпарларына үңіліп, біз біле бермейтін тылсым құпияларын ашуға тырысады. Жүрсін ақынның “Бас” деп аталатын үлкен философиялық мәнге ие өлеңі бар.
Тиіп басым тасқа
Кейде ашиды миым.
Дұшпаным көп болса
Ие болу қиын.

Көрешегін көрмей
Көрмес, сірә, көрге.
Мен игенмен жерге
Ұмтылады Ол төрге!

Қадірімді кісі
Біле түссін дей ме?!–
Ойға толып іші
Сықырлайды кейде /6, 63/, – дейді.
Өлеңнің ішінде басы артық бірде-бір сөз жоқ. Ал көтерер салмағы қорғасындай ауыр.
Ақын лирикасы толысу, кемелдену сатысынан өте келе, тақырып әуені байсалды, байыпты түрге енеді. Ақынның әлеуметтік лирикасынан насихат, ғибрат өнегесі байқалады. Бұл да болса, сөз жоқ, автордың қоғам өміріндегі саясатпен байланысты жалпы жұрттық қызметінің әсерінен, ықпал-әрекетінен туындап жататын табиғи процесс болса керек.
Дүниетаным – табиғатқа, жаратылысқа деген қоғам мен адамзат ақыл-ойының дамуы жөніндегі көзқарастар жүйесі. Жеке адамның дүниетанымы ең алдымен қоғамдық болмысты бейнелейді. Жүрсіннің “Алматыдағы арбакеш” аталатын жай ғана тұрмыстық тақырыптағы шағын ғана бір өлеңі бар. Оны оқи бастағаннан-ақ, мұндайды екі күннің бірінде кезіктіріп жүрміз, бізден асып не айта қояр деген де күдік қылаң бере көлденеңдей кеткенін байқайсың. Әйтсе де оқи бастасаң “асығы алшы түспей ашқарын жүрген адамның арбакеш болып Алматының жарымын тасыған күйкі тірлігі емес, арғы түбінде кісілік болмысты төмендетпей:
Тек, көңілім, кірленбе,
Білем әзір бағамды.
Жұрт сөз тасып жүргенде
Мен тасыдым адамды, – дейтін қоғамдық астар жатқанын аңғарар едік. Болымсыздың өзінен боталы түйедей ой тапқан ақын көңіліне тағы да риза болар едің”, – дейді ақын поэзиясының кейбір сипаттары жөнінде ақын С. Иманасов /9, 4/.
Ақынның лирикасы жеке басының сезім иірімдерін, көңіл-күйін жырлаумен шектелмей, қоғамға тән құбылыстар мен адамға тән мінез-құлықтардың табиғатын ашуға, өмірдің қиын да күрделі тұстарын зерделеуге, адам санасы мен ғалам байланысының сырлы жұмбақтарын тануға көмектеседі.
Мына заман, қай заман – залым заман,
Кешегіден бүгінгі халім жаман.
Үмітіміз күл болып көкке ұшты да,
Жігеріміз құм болды жалындаған.

Тағдырының тізгінін пері ұстаған,
Мына заман, қай заман – теріс заман?
Сайтан адам алшаңдап өмір сүріп,
Қорғалайды күн үшін періште-адам /6, 26/, – деген Жүрсін ақын заманның ащы шындықтарын терең барлап, батыл сөйлейді, еркін жырлайды, көркем суреттейді.
Нешеме жыл өтсе де, неше ғасыр
Қарға қыран болмайды, есек – асыл.
Бір сілкінбей қойдың-ау, ей, ағайын,
Бүгін басыр көздерің кеше басыр.

Нұқымаған кім қалды, жекімеген,
Қозғалмайсың сен оған етіп елең.
Аят оқып аңырап отырасың
Перзентіңнің басында шетінеген.

Болғаны ма басыңа баянды азап?
Батыр сенің қасыңда қоян ғажап.
...Басыңа кеп мен азан шақырайын:
– Бастырылып жатырсың, оян қазақ! /6, 27/, – деген ақынның осы бір өлең жолдары ХХ ғасыр басында өмір сүрген алаш ақындарымен сарындас, рухани тұтастықта жазылғандай әсер қалдырады. Жүрсін ақын атақты қазақ ақыны, қайраткер М. Дулатовтың “Оян, қазағын” ХХІ ғасырда қайта тірілткендей. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының “оянуы” мен “оятуға” ерекше еңбек еткен қоғамдық ой-сана көшбасшыларының болмысына үңілу – бүгінгі ұрпақтың ең басты парызы. Осыны терң түсінген ақын Алаш орда ақындарының идеясын шамасы жеткенше өз жырларына тірек етіп ұстанады.
Жүрсін Ерман поэзиясындағы орны бөлек өлеңдерінің бірі – “Абайға мұң шағу” топтамасындағы “Жиырма теңге”.......
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 1 917



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі