Сүлеймен Баязитов | Әбраханың Қағбаға жорығы

  Сүлеймен Баязитов | Әбраханың Қағбаға жорығы


(Аңыз)

Шөл далада шөліркеп өмір кешкен,

Арабтарды жәһилия айырды естен.

Адам деген атауы қалса дағы,

Қараңғылық түнекте өніп-өскен.

Ада болған иманнан, рухтан да,

Адасқандар ақ жолдан мұны ұққан ба?

Күпірлік пен азғындық құныққанға.

Адам адам болудан қалған заман,

Шіріктің, надандықтың аулынан.

Малша өрген ояна сап тұрып таңда,

Ат басын бұрғызатын күпірліктен

Түбіне жететұғын сәулелі адам.

Туса деп тілесе де тілін тістеп,

Зорлық пенен қорлыққа өзін күштеп.

Көндірген құл да болған, күң де болған,

Күрсініп күңіренген тынып іштен.

Сол тұста сенім-наным дегендерің,

Секілді еді көп құдайға көгендеулі.

Тас, тақтай, халуадан пұт жасап жұрт,

Солардан тілек тілеп, елеңдеді.

Ештеңеге сенбейтін біраздары,

Аятта бұлар жайлы былай деген.

-Сендерге өмір берген Құдай деген.

Өлтіретін, қияметте тірілтетін Құдай деген.

Сеніңдер оған бұдан былай деген.

Кей Араб Аллаға да сенетін-ді,

Жаратқанға көңілін бөлетін-ді.

«Пайғамбар адамдардан шығад» десең,

Қолыңда кей қызбалар өлетін-ді.

Оның да себебі жоқ демес едік,

Жөні бар күйіп-жанып егесерлік.

Бір әйелдің күйеуі бірнеше еркек,

Өгей шеше ұлының әмеңгері.

Қоғамды мұндай жайлар жайлап дерлік,

Жайлаған кезең еді түгел дерлік,

Күш жоқ ед қарсы тұрып жүгендерлік.

Болашақ Исламның алтын төрі,

Бір сөзбен, ластанған Араб жері.

Болашақ Исламның алтын төрі,

Сүйікті пайғамбардың туған жері.

Ағылған қағбаға жұртты көріп,

Әбраха үй алдында тұр түнеріп.

-Малғұндар! –деп зиратшыларға тістенеді.

-Кетпесем дәл осы сәт бүгін өліп,

Көрсетем сендерді әлі!

Қағбаға барған-ды аттай желіп,

Осылай өз-өзінен күпінді кеп.

Бүйірінен Жанн* түртіп, арманы үдеп,

Санадан Куллейс атты шіркеу салып.

Хабаштың билеушісін етпек тірек,

Хат жазды: «Мәртебелім, билеуші!»- деп.

-Құрметіңе бір шіркеу тұрғыздым,- деп

Араб, Ажар бұрын-соңды көрген емес,

Оларға көктен түскен бұл бір елес.

Санадағы Куллеис шіркеуінің

Сыншыл көз таппас еді тіптен мінің.

Сәулеттің сәні келген ескерткіші,

Заманда пайда болар бір ықылым.

Көрген жанның өзіне көзін тартқан,

Алтын, күміс, асылтас жарқыратқан.

Шіркеуге аттың басын бұрғандар көп,

Ағылған алыс-жақын шартараптан.

Тек қана басын сұғып іле шығып,

Жаңбырдан мезі болған қойдай ығып.

Қағбаға іле шала бет алатын,

Шіркеуден жарқыраған түсі суық.

Арабтар бұл шіркеуге кіріп шыққан,

Әбраханың арам ойын бірден ұққан.

-Қағбанның беделін түсірмек қой,

Түк шықпайд,-

деп гүлесті,- дұшпандықтан.

Осылай дегендердің бірі- Нәуфпәл,

Мейлің сөк әрекетін, мейлің таң қал.

Шіркеудің ішіне де, тысына да,

Дәретін сындырыпты сол ақсақал.

Шіркеуді осылайша мазақ еткен,

Әбраха естігенде күйіп кеткен.

-Арабтарға қарсыласқаным, қарсыласқан,

Қағбаны күл қыламын, –деді өктем.

Барды жоқ,

Жоқты мәңгі бар қыламын,

Қағбаны жер бетінен мәңгі жоям.

Таппайсыңдар келсе де барғыларың,

Сең соққандай сендерді сенделтемін.

Демеймін қан төгемін, елді өртеймін,

Жазықсызға әсте қол көтермеймін.

Ойланар есті жандар ел ертеңін,

Тек қана Қағбаны талқандаймын.

Шәгім бар құдыретіне бір құдайдың,

Онан мен құдыреттімін, мейірімдімін,

Тың қуат өн бойымнан тапқандаймын.

Сеніңдер айтқанымнан танбасыма,

Күтемін қағбаны күйретер таңды асыға.

Әр күнім оны күткен маған азап,

Жер батад құс төсектен жамбасыма.

Сенсеңдер ішкен балым уменен тең,

Күйретпей қағбаны еңкіш еңсем.

Айрылдым күндіз күлкі, түнде ұйқыдан,

Дерттімін, іш құсамын жұртым сенсең.

Қара тасты күйретсем қыбым қанбақ,

Иеменнің атына түскен салмақ.

Бұл да бір сондықтан да жан аямай,

Алланың үйі атаған ел-жұртты алдап.

Құрайшықтардың өтірігін шығармын,

Кім екенін танытам бір Алланың,

Бұл тек менің арманым дей алмаймын.

-Иеменнің жайлаған гүлзар бағын,

Сіздердің де мүддеңіз деп білемін.

Өздеріңмен Сұлтанның бір тілегі,

Қолдайды деп сенемін мені бәрі,-

Деп Әбраха күндей бір күркіреді,

Теңіздейін толқыны жарды тепкен,

Әбраха өз-өзінен ісіп-кепкен.

Қанға бастап тұрғанын сезбеген ед,

Қараңғы жұрт Сұлтанға сөзі өктем.

Бас шұлғысып «баста» деп шуылдасқан,

Қиратпақ боп Қағбаны дуылдасқан.

Дәл сол бір сәт Алланың құдыретімен,

Қап-қара түнек болып түйілді аспан.

Елең қылған жоқ мұны жұрттың бірі,

Кеудесінде жан барда әркім ірі.

Алланың асықпайтыны әмбеге аян,

Ызыңдаған көрсінбе шыбын құрлы.

Әбраха күйініп тепсінгенін,

Мейірбан Алла қорғаған пенделерін.

Ұмытқанды түсіріп тәубасына,

Қаһар атты жұмсаған ақ семсерін.

...Жорыққа дайындалып аласұрған,

Қағбаны қалай ғана күл етем деп.

Бақсы мен құшынашқа бал аштырған,

Бал ашып, жыны қозып талықсыған.

Балықтай бұлқынып бір шыққан судан,

Сонан соң тыныс алып есін жиып:

-Екенсің адам емес, сен абжылан

Құрайыш түгіл қорқады Алла сенен,

Аталса сенің атың етеді елең.

Сұлтаным, бұл шайқаста асад даңқың,

Толып жатқан Құдайлар сенен төмен.

Қағба шыдамайды айбатыңа,

Қақ айырар қаһарман қайратыңа.

Оларды жағымпаздар жалғастырды,

Даңқың сенің тамсанып сан ғасырды.

Артқа тастайды,

Қағбаға баста бізді.

Сұлтаным, кеш қылмаңыз ерте күнді,

Әбраха ұйып тыңдап ертегіні.

Терісіне сыймай бір

Ал желпінді,

Кел желпінді.

-Артық жан қайдан болсын, сірә, менен,

Құдаймен теңесіп тұр менің төбем,-

Деп ойлап мәртебесін еселеді,

Ақылсыз ақи көзді есер еді.

Қалайша кеуде керіп мақтанбасын,

Тұрғанда аспанға өрлеп бақталайы

Нақты іске Әбраха көшеді енді.

Хабаш билеушісінің пілін алып,

Қол бастауға ысылып төселеді.

Меккеге алпыс мың қол бастап келді,

Айбыны ә дегеннен жасқантты елді.

Он үш пілге арттырған құрал-сайман

Қағбаны көмеді, қалмайды орны,-

Деп дүрлікті сол замат елдің көбі.

-Құрайыштар жол бермес бұған тегі,-

Дегендердің білгендер аузын жапты.

Шамасы жоқ, олардың аз семсері,

Ол мінген пілдің аты Махмұт-ты

Білетін оны байтақ Мекке жұрты.

Меккеге таяп келіп жаушы салды,

Әбрахтай қолбасшы зор үмітті.

Меккеге әскер кірмей алғаш барған,

Барлаушы топ үркітіп лаң салған.

Болашақ пайғамбардың атасының

Түйесін екі жүздей тартып алған.

Тағы да жергілікті бір тайпаның

Малдарына қасқырдай ауыз салған.

Сол тұста Әбраха елшілері

Еркінсіп, есіріп бір желпінеді.

-Басшысы құрайыштың келсін бері!-

Деген соң Әбдімүттәліп бой көрсеткен.

-Мынаны, әй, Әбдімүттәліп ұста,- деді

Тірлікті мұнан өзге таста,- деді.

-Оқып бер жұртың мұны ұқса,- деді,

-Біз сені күтеміз осы тұста,- дед.

-Орында, тез артыңды қыс та,- деді,

Әзірейілден әрман ед сұстары енді.

Ол хатта Әбраха былай деген:

-Сендерді мен қырып-жою ойымда жоқ,

Тұрғам жоқ және мені мойында,- деп.

-Келдім мен Қағбаны құлатуға,

Қарсылассаңдар, қан жоса қылам анық.

Қынаптағы қылышты қанға малып,

Тірің түгіл өлгеніңе салық салып.

Қыз біткенді кетемін күңдікке алып,

Тұздай қылып құртамын ұрпағыңды,

Тумағанды жатырдан жарып алып.

Қарсыласпасаңдар!

Кетіп пе шайтан шалып?

Мал жандарың, тұрағың аман қалмақ,

Зиян жасап біріңе салман салмақ.

Шайқасқысы келмесе Құрайыштың,

Басшысына бұл сөзді айтам арнап.

Қасыма келіп тұрсың мына менің,

Сонда ғана мен оған артам сенім.

Әбдімүттәліптің елшіге жауабы:

-Шайқаспасым онымен тәңірге аян,

Соғысуға шамам жоқ жасырмаймын.

Әбраханың астам сөзін

Басымнан асырайын.

Қағба – Алла үйі, өзі қорғар,

Қирата алмайд

Алла үйін онан зорлар.

Осылай деп ілесті елшіменен

Әбрахаға жолықпақ.

Әбдімүтәліпті көре сап,

Келбетіне, жарқын жүзіне,

Көзі түсіп тамсанды.

Күле сөйлеп қонағын,

Құшақ жая қарсы алды.

Неге екені белгісіз

Сұңғақ бойы қонақтың

Әбрахаға сол сәт ой салды.

Әйтсе де Әбраха сеніміне берік-ті,

Жігіттен соншама көрікті

-Не тілегің бар?- деп сұрады Әбраха.

-Әскерің екі жүз түйемді...

Сөзін бөліп қабағын түйіп тұрып,

Мына бізді келіпті құдай ұрып.

«Қағбанның бақташысы- Құрайыш» деп

Сыйладық білмеген соң біз тік тұрып.

Құрайыш жазда Шамда еркіндеді,

Ал қыста Иеменде төркінде.

Бардай-ақ еркін көшіп, ен жайлады.

Тік тұрып қызмет қып бақтық біздер.

Бұларды Қағба үшін

Ал бүгін не дер едіңдер бұған сіздер?

Қағбаны қасиетті қоя тұрып,

Басыңа не күн туды түйеңді іздер?

-Әй, Әбраха, жөн сөзге сен тоқтағын,

Көсемсініп көкуін бұл арада жоқ мәні.

Мен саған Қағбанның иесі бар дедім,

Қағбаның иншалла бастырмайд соқпағын.

Қорғайды сонсоң да жақ ашпадым.

Түйелер- менікі,

Малы емес басқаның,-

Дегенде Әбраха ашудан жарылды,

Дірілдеп тынысы тарылды.

-Алла ғой сенгенін көрейін!

Салайын майданға барымды!-

Дегенде Әбдімүттәліп:

-Қатысым мұныңа жоқ,- деді,- еш менің,

Қағбаны көтеріп кет мейлің.

Жөн болар түйемді айдап кеткенім.

Оған ол түйесін қайтарды,

Жолға сап Меккеге беттеді.

Жеткен соң Мекеге аман-сау

Қайтарған малдарын Әбраха қылмай дау

Жолына құрбанғып шалмаққа

Жаратқан иенің

Белгі сап жіберді аймаққа.

Сонан соң халқына Меккенің

Әбраха сөзінің бекерін,

Әскері зұлымдық етерін.

Меккеге кірген сәт ал олар

Әр жанның түбіне жетерін.

Дүние-мүлкінің шығарып,

Күл -күлін тартып-ап кетерін.

Әйелін, қыздарын

Қол жаулық етерін.

Бүкпесіз жасырмай ұқтырды,

-Жау бізді тұйыққа тықсырды.

Қағбаны Алла өзі қорғасын,

Біз қайдан таппақпыз ықтынды?-

Деді жұрт Әбеңе жалтақтап,

-Тау-тасты паналап көріңдер жан сақтап,

Меккеден кетіңдер алшақтап.

Азаптан аз күнгі безініп жүрмеңдер,

Жаулардың қолынан жамсап қап.

Осы сөз талайдың көңілін демеді,

Әбекең шыншыл ед, ер еді.

Қолында күш жоғын жасырып,

Сендерді қорғаймын демеді.

Жол сілтеп Әбекең жұртына дегені:

-Қарсы тұр, амал қыл ажалға!

Жауыңа өліспей беріспе!

Айналғын әп-сәтте берішке.

Өлсең де орының пейіште,-

Деген сөз атадан балаға мирас-ты.

Қорғады Отанды, мирасты.

Ал біздер Қағбаны жауға қалдырып,

(Жау қолын жүрекке салдырдық).

Шындық бұл өзекті өртейтін тым ащы,

Әйтсе де жерге ұрып, өкінбе тымақты.

Тірінің тірлігі жалғаспақ,

Өлмеген адымдап алға аспақ,

Жаумен жанкешті айқаспақ.

Мекке - бұл қалың ел тұрағы,

Қырылмақ қару ап айқассақ.

Ал қырғын біздерге керек пе?

Желіккен жел өкпе,

Қан аңсар қорекке.

Қарамас балаға, қарттарға,

Дүние боғыңды артарда.

Әкетер тұтқынға ұлыңды, қызыңды,

Құлдыққа, күңдікке сатуға,-

Дегенде ел көңілі бұзылды.

«Қағбаны күл етем!» деп есірген

Ессіздерге топырағын таптатпа,

Қарыс сүйем адым алға аттатпа.

Зұлымдардың зұлым ойын іске әсте асырма,

Қара ниет қарғыс айтып тасырға.

Бір Аллаға жалбарынып жылады

Әбдімүттәліп

Достарымен еріп келген қасына.

Сонан кейін Қағбаға беттеді.

-Сақтағанды сақтайтын ең, жан Алла,

Ойда-жоқта батқан мына мұнарға.

Мекке жұрты басшысы едім мен, Алла,

Қара басым Қағбадан садақа.

Ал ел-жұртты отқа салсам мен, Алла,

Ақиретте кешпес едің сен, Алла.

Қағбаны қиратпақ боп есірген,

Бір сәт болсын Мекке отын өшірмек.

Зұлымдықты қалай ғана кешір ем.

Ел -жұртымның

Қалай ғана шығарамын есінен,

Мен өзіңнің құлың едім мәңгілік,

Өзің десем алаулап жанды үміт.

Мейірімді Алла қаһарың,да жетерлік.

Шірік пенен күпірлерді өтінем,

Жағып жібер күлдерін көкке көтеріп.



Егес

Меккеліктерге жағынып, жалпақтап,

Не оттап тұр Әбраха ақымақ?

Қара тасты не таппақ үккенде,

Жоқ әлде қулық қып бармағын бүккен бе?

Әбдімүттәліптің қайтарды түйесін,

Ол менің, не сенің тиесің.

Байлықтарын жасырып,

Қашқан жұрт қулығы асқан жұрт.

Не қалды біздерге тиетін?-

Деп наразы үнмен дүңк етті.

Әлдекім әділдік сүйетін,

Сол сәтте бір епті жанына кеп күңк етті.

Үлестен құр қалам деп шатақ шығарма.

Қара анау тау-тасқа адам ба, жындар ма?..

Адам.

Ал адам айнала алмасын мұнарға

Көкке ұшып су болып сіңбесін,

Сендей ер ұғар да.

Тек, тек ...дымыңды шығарма

Өзіңді мен іздеп табамын,

Меккеліктердің тыққанын

Алақаныңа саламын.

Тек өзің сөзіңді жұтпағын,

Аузыңа бекем бол!

Тілерім жалғыз-ақ сенен сол-

Жаңағы сөзіңді естісе,

Дүрлігіп ереуіл басталад,

Қағыба қалады жайына,

Осыны пайымда.

Қабырғасын Қағбаның

Қалдырып жайына,

Өрлейміз тауға ана.

Қарусыз қалың ел

Көз жасын селдетіп бейне сел.

-Жан сауға, жан сауға...

Саспа сен тонаудың

Табамыз амалын.

Шешуші сәтте тек таймасын табаның,-

Деді де жөнелді жылыстап.

Тағы да бір түн өткенді жылыстап,

Кейіннің жыны ұстап,

Жауды аңсап жұлыспақ.

Қалың қол өткерді,

Шабуылға бұйрық жоқ тегі.



Бұйрықтан соң

Милади 571 - жыл.

Мұхаррам айы бұл.

17 - жексенбі

Бұйрық та кеп жетті енді.

Ақырған айбынды үн

Тербеді жер-көкті.

Шабуыл басталар тұсында

Жолбасшы Нуфайл иби Хабиб

Келді де Махмұт пілдің тұсына:

-Шөк, Махмұт, шөк!- деді.

-Сен Алланың тарапынан

Қасиеті саналған аймақтасың,

Тұрғанда аман басың,

Айтқанымды орындасаң,

Құтыласың.

Келген жолыңмен кері қайтпасаң, тұтыласың,

Қайтсаң Алланың кәрінен құтыласың.

Осылай деп өзі тауға беттеді.

Ал піл болса,

Шөге кеткен-ді.

Тұрғыза алмай әскерлер болды әлек,

Жабылып тұрғызбақ боп көрді демеп.

Тұрғызбақ былай тұрсын әрбірден соң,

Шаршады қозғай алмай бұған себеп.

Не екенін бірде бірі ұға алмады,

Йеменге, Шамға бұрса

Тұра шауып,

Қағбаға бұрғанда бұраңдады.

Сылқ етіп, әлі құрып тұра алмады,

Көргендер өз көзіне өзі сенбей,

Бар десті мұнысында себеп нендей.

Талайдың шыжыған күннен көні кепкен,

Көлеңке іздейтіндей төңіректен.

Дәл сол сәт теңіз жақтан ұшқан құстар,

Бұршақтай тасты үстерінен сеуіп өткен.

Тас тиген тірі қалмай жанның бірі,

Әскердің шеру тартпақ басылды үні.

Шағын құс ұқсайд түрі қарлығашқа,

«Әбабил» деп атаған құран мұны.

Әбраха әскеріне теңіз жақтан

Ұшып кеп, үстерінен тас боратқан.

Әрқайсы алып ұшқан үш тастан,

Бұршаққа оны Мекке халқы ұқсатқан.

Қыздырып сол сәтінде алған оттан,

Соданда тас тигендер сұлап түскен.

Алаулап қас қағымда күйіп піскен,

Көргенде тірілері тұра қашқан.

Айырылып ә дегенде ес пен түстен,

Беталды безе қашып шығандаған.

Бәрібір қалмаған-ды бірі аман...

Алланың қашсаңдағы құрығы ұзын,

Жаратқан жер мен көкті жердің жүзін.

Қор болып қаһарына тап келгендер,

Күнінде таңдамақшар көрмейд жүзін.

Алланың шашыңнан көп алапаты,

Көрсе де пенде шіркін сан апатты.

Су тасқынын, өрт пенен зілзаланы,

Пенделікпен мән бермей сандалыпты.

Соның бірі- Әбраха: «Қағбаны

Жоқ қылам!»- деп күпсініп қағынған-ды.

Қағбаны құрытпақ боп құтырынған,

Сайтанын Алла өзі қағып алды.

Жарасы жанға батып, ірің ағып,

Зарланды ол

Құдайына мұңын шағып.

Әлемде Алла- біреу, қалғандарын

Жалғаншылар шығарған ойдан лағып.

Алла өзі Әбраханы қарғады хақ,

Қағбаға болғанда түсірмек дақ.

Іріп-шіріп өтіпті өмірден ол,

Қолыңнан келсе пенде Аллаға жақ.

«Тау мая боп үйіліп өліктері»

Су сепкендей басылды желіктері.

Пана болар жанына жер таба алмай,

Безіп берді Әбраханың көріпкелі.

Аллаға шек келтірген бұл бір пенде,

Мінезді сыңар езу көнбес жөнге.

Жарымес жалғаныншыны көріпкел деп,

Алланың құлы болсаң мүлде сенбе.

Бір сөзі тигізетін мыңға кесір,

Жаратқан құлдарынды өзің кешір.

Адастырған сандарды отын өшір,

Сонда да солардан біз безе алмадық,

Қапы ұрып қалсақтағы көп алданып.

Меккеге тағы да біз оралайық,

Күңіреніп күйзелген жұрт сандалып.

... Қан сасып кеткендей ед Мекке маңы,

Жаралы кейбірінің шықпай жаны.

Шыңғырған, бебеу қақан дауыстары,

Құлақ тұрсын қарадай жейді жанды.

Шайқаста опат болу – соғыс заңы,

Ажалсыз жараланар шықпас жаны.

Талай жылға созылған соғыстарда,

Дәл мұндай төгілмеген адам қаны.

Бұл сөзді білетіндер растады,

Біразы өліп, біразы боп жаралы,

Негізі сақталатын көп құрамы.

Қас қағым сәт болмай-ақ бұл соғыста,

Быт -шыт боп дұшпан қолы қақырады.

Болмаған бұрын- соңды соғыс мұндай,

Бұл соғыс қарсыластан еді жұрдай.

Қарсы тұрған қарулы қол жоқ еді,

Жамсатты Әбраха қолын

Патша Құдай

Екені ешбір талас тудырмады.

Шулады осылай деп Мекке маңы,

Бұл шындықты бұл күнде мойындайды,

Әлемнің хрестианы, мұсылманы.

...Құстар бейне кеткендей сіңіп көкке,

Жайлады азалы үн төңіректі.

Меккеліктер тау-тасты паналаған,

Үрейленіп зарлы үнінен еңірепті.

Аспан мен жер кеткендей-ақ тұтасып,

Селдеп жаңбыр ағыл-тегіл су тасып.

Өлгендерді, сел ағызып пілдерді,

Алып кетті көз көрмеске тым қашық.



Тілек

Құлымыз бір Алланың құлақ кесті,

Жан Алла сана беріп сыйлады есті.

Мұхаммед пайғамбардың үмбетіміз...

Ат-басын жиі бұрар сүрлеуге ескі.

Сол сүрлеу...

Қан майданның соқпағы да,

Әлемнің оқпен осар оқпаны да,

Айналған миллиондардың жоқтауына.

Тынымсыз төгілген қан

Тоқтауына.

Пейілді секілді боп көрінгенмен,

Мезі боп келіс сөздің көп дауынан

Соғысқа жол жоқ деген күні кеше.

Кей елдің алға қадам баспауынан,

Желігіп дауды қайта бастауынан.

Шошынған құлдарыңды өзің қолда,

Армандары қалмасын жарты жолда.

Құлдарың, Алла, өзіңнен өтінеді

-Соғыстың күйдірмесін отты лебі,

Тұрсын,- деп,- бар әлемнің ашық көгі.



(Аңыздағы деректер Құран Кәрімнің қазақша мағына және түсінігінен, Дамира Өмірзаққызы Ибрагимнің «Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (С.А.У.) пайғамбардың өмірі» атты кітабынан алынды).

Сүлеймен Баязитов



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?