Қасым Аманжолов | Сталинград түбіндегі жеңіс халықтар достығы мен әскери бауырмалдылықтың жарқын көрінісі
Совет Армиясының Сталинград түбіндегі жеңісі екінші дүние жүзі соғысының бағытын түпкілікті өзгерткен тарихтағы үлкен оқиға болды. Осы шайқаста Совет Армиясы — гитлерлік Германияның 330 мың әскери тобын талқандап, әскери-саяси жағдайды анти-фашистік коалицияның пайдасына өзгертті. Соның нәтижесінде Ұлы Отан соғысына және екінші дүние жүзілік соғыста түбірлі бетбұрыс жасалды.
«Осы шайқаста Гитлердің таңдаулы әскерлері талқандалып қана қойған жоқ. Мұнда фашизмнің шабуыл дінкесі құрып, моральдық рухы жанышталды. Фашистік одақ ыдырай бастады... Гитлершіл басқыншылар алдын-ала бас имегендердің күш-қайраты екі есе үдеді. «Сталинград» деген сөз қарсылықтың белгісі, жеңістің белгісі ретінде ауыздан-ауызға тарады».
Сталинград түбіндегі тарихи жеңіс дүние жүзіне Совет Армиясының күшін неміс-фашист әскерлерінен артық екендігін көрсетті. Еділ бойындағы шайқастың батырлары мен жеңімпаздары барлық көп ұлтты Совет халқы болды. Бұл жеңіс социалистік қоғамның және оның, мемлекеттің құрылысының салтанатты жеңісі болды.
Сталинград шайқасының барысында В. И. Лениннің: «Қандай соғыста болсын, жеңіс сайып келгенде, ұрыс майданында қан төгетін бұқараның рухани дәрежесіне байланысты. Соғыстың әділеттілігіне сенімшілік, өз бауырларының игілігі үшін жанын құрбан етудің қажеттігін түсіну, солдаттардың рухын көтереді және оларды адам естіп көрмеген ауыртпалықтарға төздіреді» деген сөзін тағы да растайды. Көп ұлтты советтік халықтың Сталинград шайқасындағы ерлігі 200 күн мен түнге созылды.
Европада екінші майданның болмағанын пайдаланып, фашистік командование соғыстың алғашқы айларына қарағанда 1942 жылдың жазына қарай совет — герман майданына әлдеқайда көп күшті топтастырды. Бұл жолы гитлершілдер негізгі соққыны өздерінің танк және авиациясы көпшілігі орналасқан совет — герман майданының оң қанатынан бермек болды.
1942 жылғы жазғы шабуылдың мақсаты 1942 жылы 5 апрельде қабылданған Гитлердің 41 директивасында анықталған еді. Мұнда неміс қарулы күшінің мынадай негізгі міндеті көрсетілген: «Әлі де советтердің қолында қалған күштерді түбегейлі талқандап және мүмкіншілігі болғанша маңызды әскери экономикалық орталықтарды жою», деді.
Жоспар бойынша неміс командованиесі Қызыл Армия әскери топтарының Орелдың оңтүстігінде талқандап, экономикалық дамыған Донбасс ауданын және Дон мен Кубаньды алып, сонан кейін Кавказ аудандарын және Кавказ арқылы өтетін жолдарды алу үшін оңтүстікке қарай шабулды жалғастырмақ болды. Гитлерлік командованиенің шешімі бойынша, Кавказ бағытындағы нәтижелі шабуылды қамтамасыз ету үшін 6-шы жалпы әскери және 4-ші танк армиясы Донның ағысымен төмен оңтүстік шығысқа жылжып, Сталинград ауданында Еділге шығып, қаланы басып алып, осында Артемовск-Таганрог ауданы жағынан солтүстік Донецкіге шабуылдаушы герман әскерімен бірігіп, әрі қарай Дон ағысы бойымен солтүстіктен шығысқа беттеуі керек болды.
Сталинградты алу фашистер үшін жақын аралығы міндеттің ең бастысы болды және СССР-ға қарсы соғыстың Германия пайдасына аяқталуының алғы шартын жасайды деп есептеді. Жаңа шабуылды жоспарлай отырып Гитлер және оның жақтастары саяси мақсатты да көздеді. Олар Сталинградты алған жағдайда Совет Одағына қарсы соғысқа Түркия мен Жапонияның кірісуін тездетеміз деп үміттенді. «Дон мен Еділдің арасындағы кеңістікті — деді Совет Одағының маршалы А. М. Васильевскийдің айтуы бойынша — 41 Гитлер директивасына сәйкес бұл бағыт қосымша роль атқарады». Бірақ көп ұзамай ұлтшыл стратегтердің тілегі мен есебіне орай қосымшадан енді күрестің барлық совет-герман майданындағы шешуші бағыт болды.
Совет — Герман майданының оңтүстігіне негізгі күшін топтастырған жау 1942 жылдың жазында осында шабуылға көшті, өздерінің сандық артықшылықтарын пайдалана отырып, біршама жетістіктерге жетті. Неміс-фашист жаулаушылары Кавказ тауының етегіне дейін жылжып, 23 августа Сталинград түбіне жетуге мүмкіндік алды. 12 июльде 500 километрге созылған Сталинград майданы құрылған еді. Сталинград эпопеясы 17 июльде басталды, майданның алдыңғы отрядтары Чир өзенінің бойында қарсыластармен шайқасты. Бұл жерде 6-шы неміс армиясының 14 дивизиясы тұрды. Кұрамында 270 мың адам, 3 мың зеңбірек және миномет, 500-ге жуық танк, 1200 әскери самолет болды. Жауға қарсы 62-ші және 64-ші армияның 12 дивизиясы, 160 мың адам, 2,2 зеңбірек — миномет, 400-ге жуық танк, 454 самолет тұрды. Майдандағы совет жауынгерлері жаппай ерліктер жасады. «Жеке ерлік көрсеткен қаһармандар тарихта аз емес, бірақ біздің партиямыз бастаған ұлы елімізде ғана совет адамдары жаппай қаһармандық жасай алатынын дәлелдеп берді».
Соғыстың осы өте ауыр кезеңінде орыс халқының патриотизмі оның ұлдары мен қыздарының табандылығы, батырлығы СССР-дің барлық халықтары ұлдары мен қыздарының табандылығын нығайтып, қолдарына қару алып, өздерінің орыс бауырларымен қатар социалистік Отанды қорғауда партияның сенімін ақтады.
Ұлы Сталинград шайқасының қантөгіс ұрыстарының кезінде орыс — сержант Иван Григорьев былай деді: «Мен партбилет алған жерімнен ешқайда кетпеймін» деген сөзі бірнеше күннен кейін халық қорғаныс комиссариатының «бір қадам да кейін шегінуге болмайды» деген бұйрығында айтылды. Осы ауыр кезде 308 ші атқыштар дивизиясының снайпері 242 гитлершілдердің көзін жойған сержант Василий Зайцев былай деген: «Еділдің ар жағында біз үшін жер жоқ». Бұл сөздер барлық Сталинградты қорғаушылардың девизіне айналды.
Сталинград шайқасының барысында солдаттар мен офицерлер Отанының келешегі үшін өздерін құрбандыққа шалды. Еділге Тынық-Мұхит флотынан келген украиндық Михаил Паниках ондаған неміс танкісін жойды. Бір кескілескен ұрыс кезінде ол лақтырмақ болып көтерген жанармай толтырылған құмыраға оқ тиді. Ер жүрек морякты тез арада от жалыны орап алды Батыр өлімнен қаймықпай, бір құмыраны қарсы келе жатқан танкіге лақтырып үлгерді.
Орыс солдаты Палашков қорғаныс шебіне қарай өтіп бара жатқан танкіні көріп, қолына граната алып «жоқ, өте алмайсың айуан», деп алға қарай аттанды. Танкі жарылды. Сталинградты қорғаған совет жауынгерлерінің құрамында қазақстандық жауынгерлер де аз ерлік көрсеткен жоқ. «Бізге өзіміздің сүйікті Алатауымыз қандай болса, Волга да дәл сондай қымбат,— деп жазды майдангер — қазақстандықтар өздерінің аналарына, әйелдері мен апа қарындастарына. — Бізге Дон мен Украинаның даласы да дәл Қазақстанның өз даласындай қымбат. Біздің алдымызда бір ғана жол бар, ол — жауға қарсы ұмтылу». Олар — қазақстандықтар басқа ұлттардың жауынгерлері секілді қайткен күнде де қаланы жауға бермей ұстап тұруға партия мен халыққа серт берді. 1942 жылдың 19 ноябрінде «Казахстанская правда» газетінде жарияланған майдандас — қазақ жігіттерінің антында мынадай жолдар бар: «Немістер ашқарақтана Волгаға ұмтылып бағуда. Олар біздің елімізді езгіге салып, халқымызды құл етпекші. Еліміздің барлық халқы жексұрын дұшпанға қарсы көтерілді. Орыс халқымен бірге қазақ халқы да қоян-қолтық бостандық үшін ұрысқа аттанады. Қазақ халқы қашанда еркіндікті қалаған. Біздің халық дариядай шалқыған кең даласын ешқашанда дұшпанға бастырмақ емес.
Біз Қазақстан қақпасы — Сталинградты қорғаймыз. Біз оны немістерге бермейміз деп ант еттік. Туған халқымыз да бізден осыны талап етеді. Ол былай дейді: қазақтар, жерлестеріміз батыр — панфиловшылар секілді сіздер де жау алдында су жүректілік көрсетпей ұрысыңдар дұшпанмен.
Тыңда бізді, Қазақстан. Ант етеміз: серттен таймаймыз. Жеңіс сағаты да соғар, сол кезде қазақ халқы да мақтанышпен: «Қазақстанның ұлдары барлық халықтармен бірге бостандық үшін, намысы мен өз Отанының тәуелсіздігі үшін күресіп, олар Сталинградты қорғады» дейді.
1942 жылғы ноябрьде майдандық «Сталинское знамя» газетінде жарияланған Нұрахмет Рымбековтың хатында Сталинградта шайқасқан қазақ жауынгерлерінің ой-пікірі айқын баяндалды. «Қазақстанның мыңдаған ұлдары туған елді қорғауға аттанды. Біз Сталинград түбінде орыстармен, украиндармен, белорустармен, өзбектермен, грузиндермен, армяндармен, туркмендермен, басқа да ұлт өкілдерімен бірге қоян-қолтық өзіміздің қалаларымызды да, селоларымызды да, ауылдарымызды да, өз семьямызды да, әкелеріміз бен аналарымызды да қорғаймыз» — деп тебірене жазды ол.
Еділ бойындағы шайқаста қазақ халқының даңқты ұлы ұшқыш-шабуылшы Нұркен Әбдіров мәңгі ерлік жасады. Қалада ұрыс жүріп жатқан болатын. Гитлершілдер көп шығындала отырып алға жылжыды. Орталық пристанда және «Красный Октябрь» заводы аудандарында олар өзенге шықты. Қаланы қорғаушы генерал Чуйковтың 62 армиясының қатары сирей бастады. Міне осы ауыр кезеңде ұшқыш Н. Әбдіров өзінің әскери қызметін бастады. Әуеде жау шебіне 18 рет ұшқанда ол немістің 12 танкісін, 28 автомашинасын, 3 дзотын, 3 зеңбірек минометін құртып жіберді және 50 гитлершілдің, көзін жойды.
Шабуыл күндерінің бірінде ол маңызды тапсырманы орындау үшін төрт рет «Ил-дің» құрамында жау шебіне ұшты. Фашистер Совет самолеттерін атқылады. Зенит снаряды Әбдіров Нұркен самолетіне дәл тиіп, ол жана бастады. Аэродромға жету мүмкін емес еді. Нұркен жанып бара жатқан самолетін фашистік танклер колоннасына қарай бағыттады.
Ұлы шайқаста туркмен халқының батыл, даңқты ұлы лейтенант А. Атаев та өшпес ерлік көрсетті. Оның взводы 4 бронемашинаға сүйенген фашистік автоматшылар ротасын көп шығынға ұшыратты. Гитлершілдердің бір батальон жауынгерлері және 10 танкісі жаңа шабуылға шықты. А. Атаев взводы 200 гитлершілдер мен 4 танкіні жойып, бұл шабуылдың бетін қайтарды. Қолма-қолтық найзаласта лейтенант Атаев қаза тапты.
Сталинград қорғанысының жылнамасында шығыстың он бір ұлының ерлігі алтын әріппен жазылған. Лейтенант М. Н. Кабрибовтың взводына 115,2 м. биіктікті қорғау бұйырылған болатын. Командованиенің жауапты тапсырмасымен біздің жауынгерлер 4 тәулік бойы сол биіктікті қорғап тұрды. Гитлершілдер биіктікті алу үшін үздіксіз шабуыл жасады, бірақ бәрінде де олар көп шығынмен шегініп отырды. Көптеген біздің жауынгерлер қатардан шықты. Взводта тек 11 адам ғана қалды. Оның 10-ы өзбектер мен қазақтар және взвод командирі Михаил Кабрибов азербайжан болды. Ашынған жау биіктікке 300 солдат және офицерімен ұмтылды. Жағдайға тез арада түсінген Кабрибов жауынгерлерге былай деді: «Әрбір найзаға 30 немістен келді, кім қорқатын болса, қазірден бастап қатардан шықсын. Өлерміз, бірақ шегінбейміз» деп жауынгерлер бірауыздан, қолдады. Күш тең емес ұрыста олар жаудың 120 солдаты мен офицерінің көзін жойды. Батырлар бір адым да кейін шегінбей қаза тапты. Ауыр жараланған, есінен айрылған ержүрек командир немістердің қолына түсті. Көп ұзамай ол тұтқыннан қашып қайтадан қатарға қосылды. Өзбекстан, Қазақстан және Азербайжан ұлдарының қаны төгілген жер, «Шығыстың он бір батырының биіктігі» деген атқа ие болды.
Сталинград шайқасының от-жалынында түрлі ұлт жауынгерлерінің достығы шыңдалды. Қатардағы жауынгер ұйғыр Әбдірахман Саматбатиев Алматы облысындағы Панфилов ауданының «Ават» колхозындағы зайыбы Хасият пен ұлы Абайдуллаға Сталинградтан жазған хатында былай деді: «Мен Сталинградты ерлікпен қорғаушылармен бірге шайқасып жүргенімді мақтаныш етемін. Жанымда достарым: орыс автоматшысы Михаил Давдов, қазақ Жапсарбай Шәбінеров, латыш артиллерист Андрей Клава, қырғыз пулеметші Атақанов бар. Күн сайын шайқастан кейін біз қанша жауды жайратқанымызды, қанша шақырым жер жүргенімізді есептейміз. Өлген әрбір гитлершіл, алға басқан әрбір қадам біздің жеңісімізді жақындатады. Шайқасқа шығар алдында біз бір-бірімізді қатты құшамыз, адал дос болуға ант етеміз. Біздің достығымыздың дәнекері Отанға деген сүйіспеншілік, жауға деген өшпенділік». Тайгалық аңшы нанайлық Максим Пассар Сталинград майданында снайперлік қозғалыстың негізін салушылардың бірі болды. Ол атудың дәлдеу өнерін тез игеріп 236 фашисті дәл көздеді. М. Пассар Сталинград майданында ондаған жақсы снайперлерді басқарды. Оның басшылығымен 213-ші атқыштар полкінің атқыштары 1942 жылдың сентябрь — октябрінде 3175 гитлершілдің көзін жойды. М. Пассардың және оның жерлестері 3. Килдің, К. Бетумоның, А. Самераның аттары майданнан тысқары жерлерге де белгілі болды. Ұлы шайқас жылнамасының беттерінде кейін Павлов үйі деп аталған үйде гитлершілерден екі ай бойы қорғаныста болған жауынгерлердің ерлігі жазылған. Бұл жер Паулюстың жеке картасында күшті батальон орналасқан деп көрсетілген. Паулюстың барлаушысы көрсеткендей емес, бұл үйде батальоннан да көп. Онда барлық еліміз бар еді. Павлов үйін орыстар Ф. Павлов, A. П. Александров, И. Ф. Афанасьев, И. В. Воронов, B. М. Киселев, украиндықтар А. И. Иващенко, В. С. Пущенко, Г. И. Якименко, грузин А. И. Мосиашвили, өзбек К. Турганов, қазақ Т. Мырзаев, еврей И. Я. Хант, тәжік М. Турдыев, татар В. Д. Рамазанов қорғады. Павлов үйінің жауынгерлері бар батальонды орыс капитаны А. В. Жуков, ал ротаны аға лейтенант И. И. Наумов басқарды. Ротаның политругі армян Авагимов болды. Ауыр күндердің бірінде коммунист Иващенко жолдастарына үнсіз қарап, темірдің сынығы мен қабырғаға былай деп жазды: «Осы жерде гвардияшылар соңғы оғы қалғанша тұрды, өлерміз, бірақ жауды жібермейміз». Гитлершілдер аз ғана гарнизонның табандылығы мен қайсарлығын жоя алмады, жаудың Павлов үйін алмақ болған барлық әрекеттері нәтижесіз аяқталды. «Павлов үйін» қорғауға қатысушылардың жауынгерлік істеріне жоғары баға бере келіп 62-інші армияның қолбасшысы, генерал, кейіннен Совет Одағының Маршалы В. И. Чуйков өзінің «Жол басы» деген кітабында: «Бір үйдің қорғанысында болған шағын топ соншалықты көп дұшпан солдаттарының көзін жойды, гитлершілдер Парижді алғанда да мұндай зиян шекпеген еді», деп жазды. Гитлершіл басқыншылармен айқаста социалистік құрылыс тәрбиелеп, Коммунистік партия шыңдаған Совет жауынгерлері өзінің асқан саналылығымен, өз тұлғасымен, биік моралдық-саяси қасиеттерімен танылды. Совет жауынгерлерінің моралдық рухын, әскери бауырмалдылық, адамгершілік қасиетін паш ететін Сталинградтағы «Павлов үйін» қорғауға қатысушы Тәлібай Мырзаевтің естелігінен мынадай бір фактілерді айта кетейік: «Дұшпан біздің, арамызда араздық отын тұтатуға әрекеттенді, радио арқылы жалған үгіт таратып, бірімізді бірімізге айдап салуға тырысты. Бірақ дұшпан есебінен қатты жаңылды. Ол ең басты нәрсені — біздің советтік біртұтас семьяның адамдары екенімізді, бізді ұлттық туыстығынан гөрі таптық туыстық, мақсат пен мүдде ортақтығы ынтымақтастырып отырғанын ұмытты. Міне осындай достық пен туысқандық бізді ерлік істерге бастады... Біз онда ер атанайық, көзге түсейік деп ойлағанымыз жоқ, тек солдаттық борышымызды адал атқаруға тырыстық. Бір-бірімізге деген достық сезім бізді осылайша ерлік жасауға ұмтылдырды. Бұл арада әрбір совет жауынгері нағыз ержүрек қаһарман болды деп ешбір әсірелеусіз айта аламын».
Сталинградты қорғауға қатынасқан қазақстандықтар туралы «Волгоградская правда» газетінде көлемді мақала жарияланды. Онда былай деп жазылды: «Біздің қаламыздың іргесінен, Волганың арғы бетінен кең байтақ Қазақстан жері бесталды. Сол бір қиын-қыстау шақта қаланы қорғауға сол жақтан толассыз тың күштер келіп жатты. Олардың ішін де көптеген қазақстандық ұландар да бар еді. Айталық, 1942 жылдың сентябрінде Сталинград майданында шайқасқан он үш дивизияның құрамында 8280 қазақ жауынгері мен командирі болды. Олардың басым көпшілігі 116-шы атқыштар дивизиясында шайқасты. Ал полковник Ғ. Сафиулин басқарған 38-ші атқыштар дивизиясының төрттен үш бөлігі қазақ жігіттері еді. Олар генерал Фон Дреббердің фашистік гренадерлік дивизиясын талқандап, жаудың танк корпусын тізе бүктірді, 8 мыңға жуық гитлершілерді тұтқынға алды». Сталинград майданында шайқасқандардың қатарында: 6670 татар, 4400 бурят, 2967 өзбек, тағы басқа ұлт өкілдері болғанын айтсақ та жеткілікті. Олар Сталинград түбіндегі кескілескен ұрыстарда ерліктің теңдесі жоқ үлгілерін көрсетіп, неміс фашист басқыншыларына қарсы күресте советтік патриотизм мен СССР халықтарының ұлы достығы, жауынгерлеріміздің интернационализм ісіне, адалдығы, халқымыздың коммунистік партияның төңірегіне берік топтасқандығын нақтылы дәлелдеді. Қазақстан еңбекшілерінің «...жау есін жинай алмайтындай етіп аяусыз қырыңдар, ақырғы демдерің, бір қасық қандарың қалғанша аяусыз соққылаңдар, ұландар» — деген аманатын адал орындады.
Фашистік Германия Совет мемлекетін тек бомба, снаряд пен ғана емес, фашистік насихат арқылы да талқандамақ болды. Гитлершілдер жалған фактілерді арандату, демогогия, дизинформацияларды пайдаланып, Совет халқын идеялық жағынан қарусыздандыруға тырысты. Олар халықты Компарияның басшылық роліне сенімсіздікке шақырып, жеңіске деген сенімін жойып, фашистік армияның жалған күшімен қорқытпақ болды. Біздің әскерлер орналасқан жерлерге самолетпен тасталған листовкалар, радиохабарлар арқылы орыс емес ұлттың жауынгерлері өздерін орыс халқының мүддесі үшін құрбан етіп отырсыңдар деп іріткі таратпақ болды. Бірақ Қызыл Армия қатарында ұлтаралық қайшылық болады деген гитлершілдер есебінің күл-талқаны шықты. Жаудың күткеніне керісінше біздің жауынгерлердің арасында интернационалдық бірлік күшейе түсті. Партия, комсомол ұйымдары әскери бөлімдерде күнделікті саяси жұмыстар жүргізіп отырды. Жауынгерлер мен орыс емес ұлттардың кіші командирлерінің арасындағы тәрбие жұмысына ерекше мән берілді. Бұл жұмыстарды жүргізу тәжірибелі коммунистерге, жауынгерлерге, үгітшілерге тапсырылды. Олар жаңадан келген жауынгерлерді әскери жағдайлармен, міндеттермен таныстырды, саяси оқиғаларды түсіндірді, газет материалдарын жеткізді, қаруды және ұрыс тактикасын игеруге көмектесті. 39-шы армияның бөлімдеріне қазақ Жабаевтың батырлық ісі кең тарады. Ол өзі кеудесінен жаралана тұрып, екі аяғынан жараланған орыс лейтенанты Суховты ұрыс даласынан алып шықты. Сержант қазақ Өтемісов ротаның саяси бөлімі командирінің көмекшісі Ловцовқа фашист автоматшыларының оқталғанын көріп, орыс офицерін өз денесімен жауып қалды.
Ашхабад ауданының колхозшысы аға сержант Ишаниязов ұрыста ерекше көзге түсті. Ол өз зеңбірегімен жаудың 2 батареясын, бір дзотын танк және бір взводқа жуық гитлершілерді жойды. «Отан патриоты» газетінің редакциясына ер жүрек артеллерист былай деп жазды: «Түркмениядағы біздің ата-аналарымыз білсін: Сталинград түбінде адалдық пен бауырластық туы астында бірлескен әр түрлі ұлттың ұлдары күресуде. Менімен бірге Алматыдан қазақ, Қазаннан татар, Новгородтан орыс соғысып жатыр, бір-бірімізге адал және мызғымас достыққа анттасқанбыз және антты орындаймыз» деді. Орыс емес ұлттың көптеген жауынгерлері неміс-фашист жауларымен ұрыста көрсеткен ерлігі үшін наградталды. 1943 жылы 15 январьда 264 мың 198 адамның ішінен 76581-і орыс емес ұлттар, яғни орыстар 71 процент, басқа ұлттар 29 процент болды.
Сталинградты батырлықпен қорғау күндерінде Советтік тыл майдан мен бірге болды. Еңбекшілер жауынгерлерге рух берді, сөзімен, ісімен жауды талқандауға көмектесуге тырысты. Қала мен село тұрғындары жауынгерлерге сыйлық жіберіп тұрды. Сталинград қаласын қорғауға қатысып жүрген лейтенант Евгений Викторов Қазақстан ЛҚСМ Орталық Комитетіне жазған хатында: — «Біз сіздердің жіберген посылкаларыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Дүние жүзінде бірде-бір армия өз тылынан Қызыл Армиядай шынайы қамқорлық пен сүйенішті көрген емес шығар» деді.
Совет әскерлері Сталинград түбінде қорғаныс ұрысын жүргізіп жатқан кезде «Правда» газетінде өзбек халқының өзбек жауынгерлеріне хаты жарияланды. Онда өзбек енбекшілері өз жауынгерлерінен совет жерін табандылықпен қорғауды, өз қатарларында тәртіпті күшейтуді талап етті.
«Егер кімде-кім өз Отаны алдында борышын орындамаса, ол өз анасын өлтірумен бірдей, жауды Сталинград түбінде тоқтатыңдар, оларға аямай соққы беріңдер! Әйтпесе олар сендердің туысқандарыңды өлтіреді. «Жеңіс, не өлім, басқа жол жоқ — өз Отаны үшін өмірін қиюға дайын әрбір патриот өзбек осылай дейді».
1943 жылғы февральда «Правда арқылы өз жерлестеріне Қазақстан, Армения, Тәжікстан, мартта Татар АССР-і, апрельде Түркменстан өздерінің хат-бұйрықтарын жолдады.
Өзбек халқының хатын талқылау кезінде өзбек Мерзажатов былай деді. «Гитлер орыстар мен орыс емес ұлттарды жауластырмақ болды. Ол қателесті. Біз орыстармен біргеміз және өз Отанымыз үшін солармен бірге күресеміз».
Советтік республикалар еңбекшілерінің хаттары Совет жауынгерлерінен зор қолдау тапты.
Осы ауыр күндерде Сталинград майданының жауынгерлері былай деп жазды: «Біз Еділ бойына біздің ұлы Отанымыздың барлық түкпірінен келдік. Біздің көп ұлтты мемлекетіміздің барлық халықтарының ұлдары бір әскери семьяда ержүректілікпен Сталинградты қорғап жатыр. Біз әр түкпірден келсек те әрқайсысымыз Сталинградты қорғай отырып, өз Отанын, өз семьясын, өз халқын қорғайтынын біледі».
Коммунистік партияның басшылығымен Совет Қарулы Қүштері 1942 жылдың жазы мен күзінде қатаң сынақтан өтті. Партия халықтар достығын одан әрі күшейтті. СССР халықтарының семьясын соғыс үшін еңбек етуші, Қызыл Армияны қолдаушы біртұтас мызғымас лагерьге айналдырды. Шайқас барысында СССР достығын көрсетті. Сол күндері «Правда» «Совет Одағы халықтарының әскери бауырластығы» деген мақаласында былай деп жазды: «Фашист басқыншыларының Совет Одағы халықтарының арасына іріткі салу арманы іске аспайды. Бұдан ештеңе шықпады. Гитлердің жоспары күйреді. Дүние жүзі халқы Сталинградтағы ғажап туралы айтады. Адамзат тарихы ешқашанда өздерін Отан үшін құрбан еткен қорғаныстарда мұндай батыр қайсарлықты көрген емес. Сталинградты қорғаған кімдер? Кім оған темір қорған болған? Ол Совет елінің барлық ұлттарымен бірге күрескен орыс халқы. Онымен бірге украиндықтар, белорустар, олармен қатар өзбектер, грузиндер, армяндар, азербайжандар жалпы көп ұлтты Совет мемлекетінің барлық ұлдары бар. Халықтар достығы Советтік қорғаныстың ұлы күші бауырластықтан күшті күш жоқ». 1942 жылы Сталинград түбіндегі шайқастың ауыр кезінде еліміздің шығыс аудандары Қызыл Армияның қуатты арсеналына айналды. 1942 жылғы июньде олар барлық соғыс өнімінің төрттен үш бөлігінен астамын берді. 1942 жылы шығарылған соғыс өнімінің мөлшері 1940 жылғымен салыстырғанда Уралда 5 еседен астам, Повольжьете 9 есе, Батыс Сібірде 27 есе артты. 1942 жылы танк өнеркәсібі 24719 соғыс машинасын берді. Авиация өнеркәсібі 25500 самолет жасап шығарды. Бұл самолеттердің көпшілігі жаңа ЛА-5, ЯК-7, ЯК-9 жойғыш (истребитель) еді. Артиллерия мен минометтерді, оның ішінде реактивтік қондырғыларды («Катюшаларды») көптеп шығару ісі жолға қойылды. Осы қатаң кезеңде орыс жұмысшы табы бүкіл дүние жүзіне өзінің пролетарлық интренационализмге берілгендігін, өзінің Ленин партиясының ісі үшін күресте табандылығын көрсетті. Россия Федерациясының жұмысшы табы соғыс жылдарында еліміздегі барлық өнеркәсіп өнімінің 80 процентін берді.
Қазақ халқы еліміздің басқа да халықтарымен бір сапта жеңіс күнін жақындатуға үлес қосты. Республикадан майданға қару-жарақ, киім-кешек, азық-түлік, үздіксіз ағылып жатты. Майданды қамтамасыз етуде әсіресе Қазақстанның көмір өнеркәсіп орындары зор роль атқарды. Лениногордың кеншілері де қомақты үлес қосты. Қазақстан майданға қорғасынның жалпы одақтық өндірісінің 85 процентін, мыстың 30 процентін. Мыс рудасының 50 процентін, марганец рудадысының 60 проценты, және висмут концентратының 65 процентін, полиметалл рудасының 70 процентін беріп келді. Сол бір жылдарда Өскемен, Текелі қорғасын-мырыш комбинаттары, түсті металл рудаларын шығаратын 25 рудник, шахта, 1 байыту фабрикасы, Ақтөбе ферросплав, Қазақстан металлургия заводтары, 4 мұнай кәсіпшілігі, Гурьев мұнай айдау заводы, тағы басқалары қатарға қосылды.
«Правда» газеті «Даңқты қазақ халқы фашизмге қарсы күресте» деген бас мақаласында: «Қазақтар майданда жауға қарсы жақсы соғысып жатыр, тылда олардың әкелері, апалары, әйелдері майдан үшін жұмысты аянбай жақсы істеуде. Қазақстан өз жерінің барлық байлықтарымен, таулардың барлық асыл кендерімен майданға қуатты тірек болып отыр... Біздің ел қазақ халқынын турашыл, шынайы ержүректігін, оның кішіпейілділігін, оның адалдығын жақсы көреді».
Еділ бойына резервтер келе бастады. Сталинградқа қару-жарақтар жинақталды. Еділ бойына тіпті гитлердің өзі сенбеген нәрсені тылдағылар жіберді. Гитлер әкелінген барлау мәліметтерін көре отырып, «мен тер төге отырып айына 600 танк шығарамын. Ал Сталин айына 1000 танк шығарады деп айтуға қалай батылдарың барады» деп ашуланады. Ал біз ол кезде айына 2 мың танк шығарып үлгерген едік. Бірақ олар әлі түгел жеткізілмеген.
Ноябрьдің ортасында Сталинград қорғаныс операциясының соңғы кезеңі аяқталды. Сталинград бағытындағы совет әскерлерінің ауыр қорғаныс шайқасы 125 күн мен түнге созылды. Еділ бойындағы қаланы бүкіл еліміз қорғады. Қорғаныстың тірегі коммунистік партия болды. Сталинград шайқасының барысында партия совет халқының, жауынгерлерінің бауырластығын шыңдата түсті. СССР халықтарының мызғымас достығы Советтік Қарулы Қүштің маңызды тірегі болды. Туған жеріміздің әр бөлшегі үшін кескілескен ұрыс нәтижесінде Қызыл — Армия гитлерлік командованиенің 1942 жылдың жазына жасалған стратегиялық жоспарын күйретті, соғыс барысындағы түбегейлі бетбұрыс үшін барлық майдан көлемінде қарсы шабуылға көшудің қажетті шарттарын жасап берді.
1942 жылғы 18 ноябрьде Сталинградта қорғаныс кезеңі аяқталды. Қорғаушылар қаланы жауға берген жоқ. Жау өзінің мақсатына жете алмады.
Стратегиялық қорғаныс операциясы кезінде Совет әскерлері жауды орасан зор шығынға ұшыратты. Германия өлгені, жараланғандары бар 700 мың адамынан, 2 мың зеңбірек және минометінен 1 мыңнан астам танкісі мен 1400 самолетінен айрылды.
Партия әскери — шаруашылықты көтеруде армияға, оның жауынгерлеріне зор қамқорлық жасады. ІІІ айқастың бірінші кезеңінің соңында фашистердің техникаларын және адам саны жөнінен артықшылықтарын жойды. Осы жағдайлар советтік жоғары бас командованиесі Сталинград ауданында 1942 жылдың ноябрінде басталатын шешуші қарсы шабуылға ірі әскери күштерді топтастыруға мүмкіндік алды.
1942 жылы 19 ноябрьде Сталинград бағытында фашист әскерінің құрамында 1011500 адам, 10290 зеңбірек және миномет, 675 танк, 1216 әскери самолет болды. Совет әскерінде — 1103000 адам, 15501 зеңбірек, 1463 танк, 1350 самолет болды.
Барлық Совет халқының назары Сталинградта болды. Олардың әрқайсысы осы Еділ бойындағы шайқастың нәтижесінде фашистік басқыншылардың қашан талқандалатынына байланысты екенін білді. Тек майдандағылар ғана емес, еліміздің барлық еңбекшілері жеңіске өз үлестерін қосты, олар біздің қасиетті адал ісіміздің жеңетініне сенімді еді.
Совет әскерлерінің шешуші шабуылы қарсаңында Дон майданының әскери советі жауынгерлерге шақыру хат жолдады.
«Жолдас жауынгерлер, командирлер мен саяси қызметкерлер, Сіздер Сталинградты қорғау, Сталинградты қоршаған немістерді талқандау міндетін жақсы атқарыңдар. Өздеріңіздің табандылықтарыңыз бен батырлықтарыңыз арқылы аттарыңызды әлемге әйгілі еттіңіздер. Бұл әскери міндетінің бір жағы ғана... Бүкіл совет халқы батыр қала Сталинградтың толық азат болғаны, қоршаған жаудың талқандалғаны туралы қуанышты хабарды асыға күтеді». Совет әскерлері Сталинград түбінде қарсы шабуылға шықты. Қоршау операцияны Дон мен Еділ бойындағы фашистік әскерлердің негізгі күштерін талқандаудан бастады. 19 ноябрьде жауға солтүстіктен Оңтүстік Батыс және Дон майданындағы жауынгерлері соққы берді. Келесі күні оңтүстіктен Сталинград майданының шабуылы басталды. Бұл ірі операцияларға туысқан республикалардан құралған көптеген әскери бірлестіктері белсене араласты. Бұл күндері жау жағында болған жағдайлар туралы осы оқиғалардың куәгері неміс жазушысы Ваинерт неміс-фашист әскерлерінің жағдайы туралы өзінің күнделігінде былай деп жазды: «Сталинградқа жақындаған сайын таңданарлық картиналарды көруге болады. Жолдың жағаларында өлгендердің және шамасыз жанталасқан жаралылардың, ұрыста жеңілгендердің отырғанын көремін. Біреуі бағананы құшақтап тұр. Бағанада «Сталинград» деген жазу бар. Гончар хуторына апаратын жол бойында талқандалған жанып жатқан танкілер мен машиналар тұр. Кейбіреулері тіптен төңкеріліп қалған... Біз қираған үйінділер мен өлген адамдардың арасынан әзер жүрдік. Алдымыздан тұтқын болған немістер мен румындардың айдалған тобын көрдік.
200 күн мен түнге созылған ұлы шайқас кезінде фашистік блок совет — герман майданындағы күшінің 1/4 бөлігінен айрылды. Өлгені, жараланғаны, хабарсыз кеткені бар, барлық шығын 1,5 миллионға жуық солдат пен офицерлер болды. Фашист әскерлерінің Сталинград түбінде 1942 жылдың 19 ноябрінен 1943 жылдьщ 2 февраліне дейінгі шығыны 800 мың адам, 2 мың танк және штурмовиктер, 10 мың зеңбіректер мен минометтер, 3 мыңға жуық әскери және транспорт самолеті, 70 мыңнан астам автомашина болды. Фашистер толығынан 32 дивизиядан және 3 бригададан айрылды, ал 16 дивизиясы ауыр жеңіліс тапқан болатын. 2 февральда Волга бойындағы тарихи шайқастың соңғы оқтары атылды. Дон майданының әскери советінің жоғары Бас қолбасшысының атына берген мәлімдемесінде былай деп айтылды: «Сіздің бұйрығыңызды орындай отырып, Дон майданының әскерлері 1943 жылғы 2 февральда сағат 16-да Сталинградты қоршаған жаудың тобын талқандап, жоюды аяқтады... Жаудың қоршалған әскерлерін жоюмен байланысты Сталинград қаласындағы әскери әрекеттер тоқтатылды».
Сталинградты қоршаған жауды жоюдың кезінде 1943 жылғы 10 январьдан 2 февральға дейін Дон майданының әскерлері немістің 22 дивизиясын талқандады. Осы кезде 91 мың жаудың солдаты мен офицерін тұтқынға алды, оның ішінде 2500 офицер және 24 генерал болды. Ұрыс даласынан 140 мыңға жуық өлген гитлерлік солдаттар мен офицерлер табылып, олар жерленді. Коммунистік партия мен Совет өкіметі Сталинград батырларының ерлігін жоғары бағалады. 55 әскери құрама мен бөлімдер ордендермен наградталды. Ондаған мың солдат пен офицер мемлекет наградаларын алды. Ерекше ерлік жасаған 112 жауынгер Совет Одағының батыры атағына ие болды. «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен 700 мыңнан астам жауынгер наградталды51.
Бізің даңқты коммунистік партия осы жеңістің ұлы бағыт берушіci болды. Сталинградтың басты батыры Совет халқының туысқан семьясы болды. СССР халықтарының достығы, олардың әскери саяси бірлігі және экономикалық ынтымақтастығы Сталинград түбіндегі жеңістің маңызды факторларының бірі болды.
Фашистердің Совет мемлекетінің интернационалдық бірлігін әлсіретіп жоймақ болған барлық әрекеттерінің күлі көкке ұшты. СССР халықтарының достығы қатаң сыннан өтті.
Бұл шайқаста гитлер әскерлері талқандалып қана қойған жоқ. Сонымен қатар фашизмнің моральдық рухы қирады.
Сталинград батырлары ерлігінің тарихи маңызы 1939 жылы басталған агрессорлардың жеңіс салтанаты Еділ бойында түпкілікті тоқтатылды.
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?