Айтуар Өтегенов | Құла ат қасіреті

  Айтуар Өтегенов | Құла ат қасіреті


I
Бұл пәниден пешенесіне жазылғанның бәрін тілімен татып, көзімен көрген Тұрмамбет батырдың қартайған кезінде келінінен естіген сөзінің іште тынған құсасы жан досы Балуанияз батырдың бейітінің басына келгенде лықып ақтарылды.

— Уа, Балуанияз! Еңіреп өткен ерім, орда бұзар отыз-ақ жасыңда еліңді жаудан қорғап жүріп, майданда қаза болған неткен бақытты едің. Сенің артыңда қалып, боқ домалатқан қара қоңыздай ұзақ ғұмыр сүргенде көрген нәпақам қайсы? Ошағының отын әзер жағып жүрген салпы етек, шайпау келіннің тілі тиді. Жаудан қайтпаған жүрегім бір шүйке бастан шайлықты. Енді өмір сүргім келмейді, мені қасыңа алып қал, құрдас...

Тұрмамбет атынан түсе сала құрдасының қабірінің суық топырағын құшақтап, еңкілдеп жылады. Өзі ес білгелі сексен жылдық ғұмырында тұңғыш жылағаны да осы болар. Келінінің "осы кәрі қақпастан-ақ құтылмадым-ау" деген сөзін естігеннен өлгені артық. "Қасыңа ал, құрдас, тай-құлындай тебіскен, жарты құртты бөліскен жан досым, бұл күнде сексен жастағы менің емес, отыз жаста опат болған сенің айбының зор ел ішінде, мен де дамылдайын, қу тірліктен жалықтым".

Мәрт батыр ағайынының, балаларының жалынған жалбарынғандарына қайтпады.

— Көштеріңді жолдан қалдырмай жүре беріңдер, мен енді Балуанияздың қасында қалам, - деумен болды. Қар көбесі сөгіле қыс бойы паналаған жылы ойдан қырға жайлауға бағыт алған ауыл көші амалсыздан Балуанияз батырдың бейітінің қасына келіп қонып, төрт-бес күн еру болуды қалады...

ІІ
Балуанияз батырға мәңгі мекен болған төрткүл төбенің топырағы өмірдегі сызығы таусылған күні өзіне мәңгілік торқа болып жабылғанын қалайтын. Жаз бойы от-судың мол жерін іздеп, тұрақтамай көшіп-қонып жүретін бұл ауыл жайлауы биыл қай өңірде болатынын бір құдайдың өзі білсін. Егер олай-бұлай болып кетсе Жем-Сағыз өзендерін бойлап қоныс тебетін елдің шілденің аптабында бұның мүрдесін өзі қалаған осы төрткүл төбеге жеткізе алары екі талай. Сол себеппен Тұрмамбет алладан ажалды осы сәтте тілеп, қан қысымын кенеттен өзі көтерді. Шынында да қарт батыр пәниден бақиға бір жола кеткісі келгені және оның тым-тым жақындап қалғанын сезгені рас еді. Өйткені бұл жерде Маңғыстау қазақтарының елдігін сақтап қалған, аруағын асырып, мерейін үстем еткен, кейін оны ақындар жырға қосып, әркім құмарта тыңдайтын, сол ерлердің туысы, ұрпағы, жекжат жұрағаты, үзеңгілес серіктері болғаны үшін мақтаныш сезімін кернететін дастанға айналдырған жеңісті шайқас өткен. Бұл жерде тұтқындалып, айдалып бара жатқан аңыраған жесірлер мен жетімдерді, қолды болған мал-жанды құтқару жолында шейіт болған ерлер жатыр. Соның басшысы Балуанияз еді. "Ел шетіне жау келсе менен сүйінші сұра" - дейтін бұла қайратына мас, ақкөңіл, аңғал батыр, қайран Балуанияз. Соңғы шайқаста өзіне сай, қолтығында қанаты бары деп есептелетін астындағы пырағы - Құла атты да Тұрмамбетке бермек болып, осы жорыққа бір мініп шығайыншы, сонан соң сенікі құрдас!- деп ағынан жарылып еді ау! Сол шайқастан соң Тұрмамбетке Балуаниязбен жүруді де, қазақ пен түркпеннің талай ер көңілді жігіттерінің арманы болған Құла атқа тақым салуды да жазбады. Ер жігіттер қуса жетіп, қашса құтылатын сәйгүліктерге, сұлу қызға ғашық болғаннан кем қызықпайтын. Жаугершілікте қолға түскен олжаның ең құндысы мыңғырған мал, алтын алқа емес, айдай Ару мен асыл текті Арғымақ болатын.

Иә, сол шайқас қалай болып еді өзі. Тұрмамбет батырдың бір ерекшелігі - сауда-саттыққа үйірлігі, Бесқала жаққа барып елдің керек-жарағын әкеліп тұратындығы еді. Жанына онша көп кісі ертпей-ақ, жалғыз жалпы жүре беретін.

Тұрмамбет бір сапарында Бесқалаға келе жатып, Айбүгір тауының астында отырған түрікмен досы Құрбанияздың үйіне түскен. Ол осы өңірге белгілі саудагер еді. Кейде оны-мұнысын алып, Сам өңірін жайлайтын Тұрмамбеттің еліне де келіп, саудасын жүргізіп кететін.

— Тұрмамбет құдай қосқан білішім едің, айтпасам адалдығыма сын болар, - дейді Құрбанияз, - Маңғыстаудың ойындағы қазақ туыстарды шабуға екі жүз елу атты түркмендер аттанып кетті. Басшысы Қара Бақы. Бүгін екінші күн. Хабар тарап кетпес үшін ауылдан адам шығармайды.

— Ох, әттеген-ай, Бақы өткен жылғы кикілжіңінде айтқан уәдесінде тұр екен-ау! Мен оны айтыла салған, атасы өлген сөз болар деп едім. Кейін қайтпасам болмайды, -дейді Тұрмамбет санын өкініштен бір соғып.

ІІІ
Өткен жылы көне Үргеніштің базарында жүргенде сұлу арғымақты саудалап тұрған балуан тұлғалы түрікмен жігітіне кезіккен.
"Тұлпарды тақымы мықты адам ғана саудалар болар, көне, жолымнан былай тұрыңдар" -деп әлгі алға ұмтылған. Өзгелердің сыпырылып жүре бергенінен-ақ, оның тегін адам еместігін бұлар түсінген. Аттың иесі де өңірге белгілі байдың бірі болса керек, саудаласушыны жазбай таныды да: "Бақы батыр арғымақтың өзіне лайық пырақ екені рас. Бірақ маған мал-мүлік емес, қызметші құлақ кесті құл керек, егер..." - деп сөзінің соңын жұтып жіберді.

— Келер күзде қазақтарды шабамын, сонда қазақтың он баласын тұтқындап, құлдыққа әкеліп беремін, уәде осы болсын, Хемрақұлы, ал ат басыбайлы менікі, -деді де, әлгі мықты өзге сөзге келмей, сүмбіледей жараған сұлу сәйгүлікті жетектеп жүре берген. Әлгінің үстем сөзіне шыдай алмай Тұрмамбет тұра ұмтылғанда осы Құрбанияз жібермей қалған:- Еліңнен жырақ жүрсің, әрі жалғызсың, ол болса түрікпеннің атақты Қара Бақысы. Сабыр, сабыр, сабаңа тұс, базарда әркім не айтпайды - деген.

Осы сөзді кейін біреу Бақыға жеткізсе керек. Құрбанияздың үйіне қылышын жалаңдатып жетіп келгені:

— Басын аламын!..

— "Мейман атаңнан ұлы" - деген Бақы, мейманыма қол көтеруге қандай хақың бар? Әуелі менің басымды шауып барып, қонағымның басын аласың, - деді үй иесі.

Бабалардың салт-дәстүрін қатаң сақтайтын аңғал батыр сәл абыржығандай болып: "Менің сыртымнан сөз айтып жағама жармаспақшы болыпты, - деп кешірім сұрағандай, үй иесіне ишара білдірді де, қонаққа сұсты көзімен өңменінен өткізе қарады, сосын:

— Әй, қазақ, айтқаным айтқан, келер күзде қан майданда кездесерміз, менің ажалым ба, сенің ажалың ба, оны жекпе-жек шешер - деді.

— Бекет Атам жар болса, қасаңды тістеп, сүйегің сол жақта шіріп қалмасын, - деді бұл да жасқанбай, келушіні ала көзімен атып. Бақы одан әрі сөзге келмей шығып кеткен.

— Бақы уәдесіне тұрған екен, - деді Тұрмамбет тағы да, әп-сәтте әлгі оқиға көз алдынан көлбеңдеп өте шыққан соң. - Мен елге тез жетуім керек, тамыр, сен маған көмектес.

Үй иесі үнсіз біраз отырған соң: — Тұрмамбет, бәріміз де түбіміз бір мұсылман баласымыз, еліңе тез жетуіңе көмектесейін, айыпқа бұйырма, әлгі айтқан жасақтың ішінде менің де ұлым бар. Жасақты аттандырып отырған Хиуа ханы: "Адайлар орысқа қарап кетті. Салық төлейтін түрі жоқ, оларды тәубесіне келтіріңдер", - деп отыр, оның үстіне Хемрақұлы тәрізді байларға қолға түскен жалшы құлдар керек. Жасырынып жет, күндіз ешкімнің көзіне түспе, ыңғайлы мезгілде өзіңді жолға салып жіберем. Бірақ өз атың жарамайды, жолға төзімді емес, әрі ауылдан шыққан аттының ізін аңдып жүргендер көп, соңыңнан қуса қолға түсесің де жаныңмен мәңгілікке қош айтысасың. Менің жарамды қашырым бар. Жүріске талмайды. Еліңе сені бір жеткізсе сол жеткізеді. Араға бір күн салсаң небір арғымағың да оған жете алмас...

Уәде осы болды. Тұрмамбет бой тасалап жатты. Түрікмен досы жүріске мықты, екі-үш күн бойы шабысынан бір танбайтын айғыр қашырын ерттеп дайындап қойды да, түннің бір мезгілін де Үстірт бағытындағы жолға шығарып салды. Досының қашыры шынында да қажырлы болып шықты. Бір күннен кейін түрікпен ауылының із кесушілері бір іздің Маңғыстауға бет алғанын біліп, түре қуған екен, бірақ аттары болдырып, жете алмай кейін қайтыпты. Ал қашыр Тұрмамбетті Сам құмын жайлап отырған қалың елге жеткізді. Келе: "Балуанияз батыр, қайдасың, Маңғыстаудың ойындағы бейқам жатқан елді шабуға Хиуа хандығының түрікмен жасағы аттанып кетіпті. Артынан тез жетіп, туыстарымызды құтқаруымыз керек" - деп айқай салды.

IV
Ер көңілді Балуанияз түн ортасында төсегінен атып тұрып, жан-жаққа жаушы шаптырып, Жарқұдықтағы биік төбеге ұран отын жақтырды. Сондағы Балуанияздың да, өзінің де, Асар сұпының да сөздері әлі күнгідей құлағында сымбырлап тұр.

Балуанияз:
Салсам деп ем жауыма бұлағай сын,
Құрдастардың ішінде Дүр адайсың.
Жау тиді деп Еліңе, ей, Тұрмамбет,
Неге менен сүйінші сұрамайсың?
Жүргенімде жау қосын шапқым келіп,
Құла атпенен жұлдыздай аққым келіп.
Жүргенімде бұла күш бойға сыймай,
Қара Бақы көлдесін қаққым келіп.
Сұрамайсың сүйінші неге менен?
Қылмысы мол қазаққа төленбеген.
Күні кеше қайшылап қос құй ағын,
Құла тұлпар жер тарпып елеңдеген.
Өзі кепті кектесім Қара Бақы,
Жаннан асқан болса да дара Бақы.
Ажал айдап мұнда оны келген болар,
Қара да тұр, Тұрмамбет, қара да тұр.

Тұрмамбет:
— Ей, Балуанияз!
Бұл өмірде қайғы көп, шаттық күй аз,
Ұран от жақ, жасақ жи, шақыр сияз.
Жүрген соң жел өтінде, ел шетінде,
Бала Нияз, атандың Балуан Нияз,
Тағдыр алға тартқан соң қиын сынды,
Неге азапты бізге Алла жиі ұсынды.
"Сұрағаным сүйінші ұлық болар - ",
Деген едім, Бер онда сүйіншімді.

Балуанияз:
Сенен алып сыйлаған сұлуларға сырғам көп,
Шейіт болар елі үшін кім кетсе де құрбан боп.
Аңсап күткен жорықтың хабаршысы ең Қыдырдай,
Қалауыңды айт, Тұрмамбет!

Тұрмамбет:
— Ердің сөзін кім-кімде тұрақты дер,
Бес қарудың бірі сол мұрат-жігер,
Арманым - жауға мініп шапсам деген,
Арманым - жұлдыздай бір ақсам деген,
Қалауыңа - Құла атты бер!
/ Пенделік-ай, мың жылқы бір бөлек те,
Құла ат басқа,
қоймады ішкі сезім сұратпасқа./

Балуанияз сонда сәл ойланып қалған-ды. Әрине, құрдасынан астындағы атын сұрар деп күтпеген-ді.
Батырдың аты шулы Құласы еді.
Баласындай баптаған бұласы еді.
Құла ат шапқан мезгілде тегістеліп,
Кететіндей даланың жыра, селі.
Көзі жайнап, шабыс тілеп тұрар еді,
Қаз мойынды керіле бұрар еді.
Қос қолтықтан қос қанат суға малар,
Ат емес хиссадағы, пырақ еді.
Бәйгеде шыға келер дараланып,
Баратын жер жоқ оған ара қонып,
Аруға емес, Құла атқа ғашық болып,
Көп жігіттің жаны жүр жараланып.
Соның бірі Тұрмамбет болатұғын,
Ат көркіне көңілі толатұғын.
— Құда түсем Құла атқа құрдас-ау, - деп,
Үйеңкіден найза сап жонатұғын.

Балуанияз:
Уәдем, уәде, Өтінем бірақ сенен,
Жемдеп жүр ем арпа, бал, құрақпенен,
Алайын ақберенмен Бақы басын,
Шабайын осы жауға Құла атпенен.
Содан кейін дегенің болсын, құрдас,
Маған бағыт сілтейтін жолсың, құрдас.
Ерлігімді көзіңмен тамашалап,
Маған деген көңілің толсын, құрдас!
Содан кейін асылым - құла тұлпар,
Сенікі болсын құрдас!

Тұрмамбет:
Батыр, уәдең, уәде,
Өтінбе бірақ менен,
Жемдеп жүрсің арпа, бал, құрақпенен.
Мен алайын, маған қи Бақы басын,
Мен шабайын осы жауға Құла атпенен.

Балуанияздың әкесі Мүсіреп:
Бірге өскенсің екеуін жастайыңнан балдырған,
Бекет-Ата жар болсын, ақ жол шықсын алдыңнан,
Екі сөйлеп алдырмай Тұрманжанға бер атты,
Ер жігітке жараспас достың көңілін қалдырған...

Батыр Балуанияз әке сөзінен кейін Құланын жүгенін Тұрмамбетке ұстатқан да жүре берген, Қайран, мәрттік-ай!
Тұрмамбеттің ас ішпей аңсаған арманы құла ат қолына қас-қағым сәтте тиген-ді. Қас-қағым сәт. Бақтың да жігіт басына қона кетуі қас-қағым сәт екен ғой. Шіркін, құла атқа тақымы тиген жігіт аруақтанып кетпей ме?

Осы сәтте Пір Бекет-Атаның ұрпағы, жорықтың ту ұстаушысы Асар Сұпы сөзге араласты. Екі құрдастың арасында алғашқы әзіл шынға айналып, жорыққа аттанғалы тұрған алпыс жігіттің арасына жік салатындай болып сезілгендей ме?!

Асар Сұпы:
Ей, Тұрмамбет, Тұрмамбет!
Бесқаладан әкелген сақинаң мен сырғаң көп.
Бірақ соның бәрі де бір құланың нарқына,
Безбендесек тұрған жоқ.
Мал жайылған беткейге,
Нөсер төгіп өтпей ме?
Сол беткейін құлпырып
Түске енбей ме көк бейне?
Тұлпар - ердің қанаты,
Тұлпар - қамқа, жанаты.
Не кездеспес майданда
Асылықты ойға алма,
Қапылыс сәт болғанда
Бар арманы ішінде
Қас батырдың кетпей ме?
Бесқаладан әкелген сақинаң көп, сырғаң көп,
Бір құланың нарқына безбендесек тұрған жоқ -
Тақымына үйренген бас батырдың өзінің
Бер тұлпарын, Тұрмамбет!

Бұлар үшін жорық туын желбіретіп биікке ұстаушы Асар Сұпының айтқаны заң болатын. Тұрмамбет ләм-лим деместен Құланың жүгенін Балуанияздың қолына қайта ұстатты...

Жорыққа жиналғандар алдында саны көп жаудан жасқанбай, үрей туғызбай, қызға ұрын бара жатқандай қос құрдастың осылай ойнақы мінез танытуы, олардың сөздеріне Асар Сұпының күліп тұрып төрелік айтуы жігіттерді жігерлендіріп, көңілдендіріп жеңіске деген үміт отын маздатып жіберген.

V
Әне-міне дегенше, Балуанияздың ауылына қару-жарағы сай жігіт жиналды. Аттарының жарамсыздығын сылтау етіп, екеуі қалып қойды да, алпыс қыран аттанып кеткен.

Бұлар кеткен жауды қайтар жолдан күтіп алуға келісті. Өйткені олар барар жеріне барып, бейқам елдің шабатынын шапты, алатынын алды, айдайтын малды айдады. Ойдағы шабылған елдерден қапелімде қуғыншы жасақталып шыға қоймайтынына, ал қырдағы елдің хабарсыздығына түрікмендер сеніп келе жатқаны кәміл. Алдынан тосып, тұтқындар мен малды айырып алып қалу керек. Олар ескі жолдың бірімен қайтады. "Ебелектің елі аңғары" мен "Қараған босаға". Ақылдаса келе бұлар шапқыншыларды "Қараған -босағадан" күтпек болды. Осы жерде барлаушылар шапқыншылардың артық қару-жарақтарын күзетіп жатқан бір топ адамдарын ұстап алып, барлық мәліметтерді білді. Ертеңіне сәске кезінде шапқыншылардың қарасы көрініп, тұтқындарды улатып-шулатып аңғарға енді. Осы сәтте қуғыншылар тосыннан лап қойды. Кескілескен ұрыс болды. Түрікмендер тар жерде не істерін білмей сасып, тұтқындардан айырылып қалды. Шапқыншыларды кеңге шығартпай, есеңгіретіп тастады. Қазақтардан мұндай әрекет күтпей бейқам келе жатқан олар алданғандарын кеш түсінді.

Балуанияз шапқыншылардың басшысы Бақы батырды бірден тапты. Екі батыр жекпе-жек майдандасып кетті. Кек күші бойын кернеп келе жатқан жас пері Балуанияз жанталасқан арпалыс үстінде Асар Сұпының: "Батыр Бақыға найза сілтер болсаң емшектен жоғары көздерсің", - деген сөзін қас-қағым сәтте есіне алған. Сонда беліне орап байлап алған қазақтың екі жас баласының қылтиған басын көріп қалды. Бойындағы қаны қайнап, қуаты тасып кеткендей болды. Ол Бақыны емшектің жоғары тұсынан найза шаншып ат сауырынан аударып түсірді де, алға шауып жүре берді.

Тұрмамбеттің де іздеп жүргені осы Қара Бақы болатын.

Балуанияздың найзасының ұшынан құлап түскенін көзімен көрді. Бұдан кейін Балуанияздың қайратының судай тасығаны сондай, қашқан жауды қоғадай жапырды. Атақты жүйрік Құла өзге аттарға омыраулап жетіп барғанда, оның үстіндегі адам Балуанияздың бір сілтеуінен бөріктей ұшып түседі.

Майданда жеңіс қуғыншылардың қолына әбден кешкен мезгілде ақ моншақ арғымақты қашқынды Балуанияздың көзі шалып қалған-ды. Батырдың ниетін ұғынған ту ұстаушы Асар Сұпы: "Қашқанды қумас болар" - деп басу айтса да, қанына қарайып алған Балуанияз тыңдамады. Құла ат қашқынның астындағы ақмоншақ арғымақпен құйрықтаса берген сәтте, қашқынның қолындағы бесатар дауысы саңқ етті де, үстіндегі батыр еңкейе бере жерге сыпырылып түсті. Құла ат оқыс тоқтап, иесінің жанында оқыранып тұрып қалды. Осы сәтте Балуанияз батырдың інісі Қонабай шауып жетті. Ағасының кегін алмаққа өз атының үстінен құла атқа қарғып мінді де, алға ұзап кеткен қашқынды қайта қуды. Жұлдыздай аққан Құла тұлпар лезде-ақ қашқынның жанына қатарласа берген, Қонабайдың найзасы қас жауының кеуде тұсына енді кіріш-кіріш қадалғалы қалған. Оқыс дауыс шаңқ етті де, Қонабайдың қолындағы найза төмен сусып жүре берді. Қонабай ат сауырынан сыпырылып түсіп бара жатты. Өзімен қатарласа берген аттың түрікмен-қазақ жігіттерінің арманы болған әйгілі Құла екенін аңғарған қашқын тізгінінен алып, алға шаба берді. Бұны қуар қуғыншы енді шықпады. Ұрыс қазақтардың жеңісімен аяқталды. Мал-жан айырылып алынды. Шапқыншылардың көбінің ажалды сағаты соғып, жайрап қалған. Астындағы аттары жарамды жиырма шамалы түрікмен ғана құтылып кетті. Бірақ амал не, соғыс заңы қатал, осы ұрыста бесатардың құмалақтай қорғасын оғынан бас батыр Балуанияз, оның туған інісі қаза тапты. Құла тұлпар жау жетегінде кетті...

VI
Әттең-ай,
Әттең-ай,
Әттең-ай!
Ағаттық кетті екен қап, қалай?
Оққа ұшты Балуанияз, есіл Ер,
Деп жүріп "жауымды тонаған,
Тынбаймын табанға таптамай" .
"Жау келсе сүйінші ал" - дегенің,
Асылық болды ма,
Әттең-ай!
Құрдас-ай,
Құрдас-ай
Құрдас-ай!
Қыздарға бір барған сырлас-ай!
Бір жоқтар ел қамын мұңдас-ай!
Зарымды запыран тыңдашы-ай!
Кеудемде соқса егер бұл жүрек,
Кегіңді бір алмай тынбас-ай!
Алмасам қайтарып құла атты,
Құрдас-ай,
Болайын Ер емес, ұрғашы-ай!

Тұрмамбет осылай аһ ұрды. Бесатарлы қашқын түркпеннің астындағы ат бір кезде Қара Бақы базарда саудалаған, өтеуіне қазақтың он баласын құлдыққа әкеліп бермек болған "Аққұш" атты аты шулы арғымақ болатын. Кейін Қара Бақы бұл атына сай құстай ұшатын арғымақты қашқынды қуып, алдына әкеліп отыру үшін інісі Оразмеңдіге мінгізген еді... Құла аттың жүйріктігі одан да асып түсті. Бірақ бұл қасиет Құла үшін сор болды... Қолында ажал сепкіші бар қарақшыны аттатпаймын деп ағалы-інілі екі арыстың жанын шейіт етті. Әйелдің соры көркінде, батырдың соры - намысында, аттың соры -жүйріктігінде екен ғой.

Тұрмамбет қолына қан шеңгелдегендей алас ұрып жүріп, кенеттен мана Балуанияз аттан аударып түсірген Қара Бақының мүрдесін көргісі келді. Неге екені белгісіз. Атақты қолбасшы Бақы аттан құлағанда-ақ оның жасағы қожырап, бытырай қашқан-ды. Жоқ, Қара Бақы өлмепті. Ауыр жараланған, тістеніп, нұры тая бастаған жанарымен Тұрмамбетке қарады.

— Ей, Қара Бақы! Иманыңды үйіре бер, өз қолыммен өлтірем, - деді Тұрмамбет.

Екі батырдың да беттерінде айықпас ызғар оты жанып тұрған. Қара Бақы тіл қатпады. "Өлтірсең тезірек өлтірмейсің бе, неғып тұрсың?!" - дегендей еді.

— Жоқ, Қара Бақы, жаныңды жаһанамға жіберместен бұрын соңғы тілегіңді айт, орындаймын. Бірақ қандай өліммен өлетініңді білесің бе, өзіңнің Төремұрат батырға істегеніңдей... Дүние кезек...

— Тө-ре-мұрат ба-тыр-р-ға...

Қара Бақы оқыстан тілі күрмеле, әзер осы сөздерді айтты да, қозғалмастан үнсіз жата берді. " Мейлің, ажалы жеткен адамға қалай өлсе де бәрі бір емес пе?!" - дегендей. Осы сәтте екі батырдың да көз алдынан бұдан біраз жыл бұрын өткен қанды оқиға желілері елесе берді де, ғайып болды.

Ой, заман-ай! "Дүние жалған, бірде алдын, бірде артын береді", - деген осы да. Ол шайқас - "Қызданайдың қырғыны" деген атпен екі халықтың да есінде қалған еді.

"Қызданайдың қырғыны". Атақты Ару-Қыздансұлу үшін болған қырғын еді бұл.

Исі түрікмен мен қазағында ол кезде Қыздан сұлудан асқан перизат бар ма еді?!. Елі еркелетіп, Қызданай атап кеткен. Шіркін, заты атына сай Қыздан сұлу десе қыздан сұлу еді-ау! Оған кімдер ғашық болмады... Төремұрат, Нарынбай, Өтен батырлар, Құрманғазы күйші, Қашаған ақын... және осы Қара Бақы... Бірақ сол ару Төремұрат батырдың несібесіне тиді. Көп батырдың ішінде оның әруағы басып, қызды өзіне иліктіріп, табындырған.

Қызғаныштың қызыл иті деген пәле де жаман ғой... Айдай ару келіншегін алып, ағайын арасынан жырақтап, бір кездерде қатар көшіп жүрген түрікмен достарының ішінде қоныс тепкені де бар... Әйел көркі көз құрты емес пе, орталарындағы жалғыз қазақтың сұлу жарына түрікмен жігіттерінің де аңсары ауа бастады. Соның бірі Қара Бақы болатын. Қоңсыларының арам ойын сезген Төремұрат өзі өкпелеген ағайын жағына ойысып, қазақ пен түрікменнің орта қонысын ала отырды.

Есіл-дерті Қызданай болған жас батыр Қара Бақы үйінде байыз тауып жата алмады. Бар арманы Қызданай... Жорыққа шығуды аңсады. Оның да сәті түсті. Есептеп отырса, қазақтың батыры Төремұраттың түркмендерге тізе батырғаны көптеу болып кетіпті. Тіпті оның жалғыз үй отырып-ақ кеудесін асқақ ұстап, өктем-өктем сөйлеп, кейбір қылжақпас жігіттерді тақымына басып, тәубесін көзіне көрсетіп жіберуінің өзі намысты аяққа басқандық екен-ау. Кезінде оны қалай аңдамаған. Жалғыз-жарым түрікмен оның ауылының маңынан аттай алмайды. Аттаса көкесін көрсетеді.

Демек, оны тәубеге келтіру керек. Оның жалғыз жолы - аттанып барып, Төремұраттың ауылын шабу, ал соғыста аяушылық болмайды. Оның өз заңы бар, өлім, жесір, құл, мал-мүлік... жеңген жақ мол олжаға кенеледі. Сол олжаның ең бастысы - Қызданайды қолды қылып, елге келген соң өзіне атастыру...

Сол жолы Бақының жолы болудай-ақ болған. Қамсыз ауылды аяусыз шапты. Жасанған жасақ қарсыласқанды қырып салды. Ұйқыдан оянған олар да өршеленген. Бірақ қайқы қылыш дегенін істеді. Қапыда қалған батырды Бақының өзін аттан құлатты... Қызданай сұлуды артына өңгерді. Аруағы асты. Қуаты тасты... Кенет жерде ауыр жаралы жатқан Төремұрат ызбарлана:

— А, Қызданай!- деді, ат көтіне мінгеніңе риза болып, бара жатсың ба, айт ана сүмелекке, мені өз қолымен өлтіріп, бетімді жауып кетсін!

— Ә, сен әлі тірі ме едің, көрі азбан, тілегіңді қазір орындаймын!

Қара Бақының қылышын көтере бергені сол еді, Қызданай сұңқылдай жылады:

— Батыр ием, сенен бұрын мен өлсемші, бұндай қорлықты көргенше шыққыр көзім шықсашы!

Қара Бақының басына қан тепті. Мейірім, аяушылық деген сезімді ұмытты. Болашақ жар етпек Қызданайдың көңілін Төремұраттан біржола суытып кетуді ғана ойлады. Ол үшін не істемек? Е-е, тапты.

— Қызданай, сенің қимай тұрғаның мынау екен ғой!

Ол кенет аттан түсе қалды да, қимылдауға әлі жоқ жаралы батырдың шалбары мен тіз киімінің ауын бірге дар еткізіп айырып жіберіп, ұстара кездігін қынынан көз ілеспес шапшаңдықпен суырып алып, Төремұраттың екі бұтының арасына қолын сүңгітіп жіберіп уысындағы қызыл шақаланған екі жұмыртқаны Төремұраттың екі езуіне нығарлай тықты да, Қызданайға:

— Енді енсіз еркек қай қатынға дәрі болыпты, көзіңмен көріп ал, - деп ақырды.

Қапелімде болған оқиғаны аңғара алмай қалған Қызданай істің мәніне енді түсінген. Бетін басып, көзін тарс жұмып, жүгіре бере етегіне сүрініп жығылған...

VII
Адамның зердесі неткен күрделі. Осы оқиға екі батырдың да көз алдарынан қас-қағым сәтте өте шықты. Үрлесе лап ете түсетін қоламтадағы қызыл шоқтай, ескі кек, кеткен есе құрғырың да ұмытылмай, еске сап ете түскен шақта шоқтан алауға айналып, лапылдап шыға келеді екен ғой.

— Дү-ние ке-з-ек, Тұрмамбет, ол төсілді бұ-рын іс-теп, жа-а-ныма ләз-зат алғанмен. Білгеніңді аяма! Қазақ қатындарының" күнтимесінен" талай рет дәм татқан "ызбырайымды" айызың қанса үйтіп же!

Қара Бақы да қасарысқан батыр екен. Төніп тұрған ажал қылышына мойынсұнар емес.

— Оныңды не істерімді өзім білемін, көне, тұруға уақытым жоқ, соңғы тілегіңді айт!

— Өлсем майданда өліп барам, арманым жоқ, тек тілегім сүйегімді еліме жеткіз, қазақ жерінде қалып қоймайын, Тұрмамбет!

— Тілегіңді аман жүрсем орындаймын, өз тәсіліңді өзің бір сына...

Тұрмамбет Бақының шалбарының ауын дар еткізіп айырып жіберіп... қанжарын жалаң еткізді...

VIII

Жорықтан соң бірнеше айдың жүзі өтсе де, Тұрмамбет тыншыр емес. Ұйықтаса-ақ болды, түсінде Балуанияз, жер тарпыған Құла ат, ұрты томпайған Қара Бақы жүреді.

"Ел шетіне жау тисе менен сүйінші сұра!". "Аңсаған жауың келді, сүйіншіме құла атты бер." "Айтқаным, айтқан, уәдем уәде құрдас, тек осы жорыққа бір мініп шығайыншы!". Алас-қапаста батырдың өзіне өзі үкім шығарып қойған бұл сөзінің астарына Асар Сұпыдан басқа ешкім түсінбепті. «Қапылыста Балуанияздың арманы ішінде кетер, Құланы батырдың өзіне бер, Тұрмамбет!". О, әулие Асар, табынар піріміз Бекет-Атаның ұрпағы Асар, сен неткен көреген едің. Сонда Балуанияз: "Құрдас мен Құланы соңғы рет мініп жауға шапқалы тұрмын ғой, содан соң саған қалдырмай, кімге қалдырам", - депті де, болашақ ұрыстың немен тынарын алдын-ала болжаған Асекең: "Бұл шайқас соңғы шайқасы. Жеңісті әкелетін Балуанияз. Ал Балуанияз Құла аттың үстінде ғана аруақты. Және бір жай, жүйріктің үсті барлық уақытта басқан тақымға құт бола бермейді!" -дегенді қалайша астарлап, әдемі түсіндірген.

Құла атқа Тұрмамбеттің шынымен тақым сала алмай кеткені ме?

Қосылған бәйгенің алдын бермейтін, денесі қызып, терлеген сайын ерлейтін Шалқұйрық тектес Керқұла...

Иә, қазақтың кәрі-жасы аузының суы құрып, тыңдайтын ертегілердегі Шалқұйрықтай, Керқұладай Балуанияздың құла атының да ертегі-аңызға бергісіз өз тарихы бар-ды...

Бірде жас батыр атақты Саназар байдың ауылында болып кетерінде "нағашы, ен жылқының ішінен мініске жарайтын бір тай бұйымшыласам... әрине, бұл аяқ артар таппағаннан емес, өзіме лайық тұлпар тай, сұңқар таз іздегендіктен" - деп жымиды.

Сонда Саназар жылқышыларына: "Құлагер биенің құла тайын ұстап әкеліңдер" , - деп бұйырыпты. Сонан соң жиен мал танысам сенің қанатың осы Құла болар деп тұрмын. Арғы тұқымы суын су жылқысынан пайда болған. Екі елді жауластыра жаздаған құлын оқиғасын білесін ғой. Қазақ пен түрікмен анттасып, оған Қожаназар байдың алты жасар Қошаны антқа ұсталатыны. Сондағы суын құлынның тұқымы бұл. Өзі көп емес. Бұл тұқым Қожаназар мен менің жылқымда ғана бар. Бірақ кестіріп, ат қылып беремін. Осы тұлпарды мінетін біздің жақта жігіт болар ма екен деп жүр едім. Түр-тұлғаң сүйсінтеді. Бірақ бір ескертерім:судағы тұқымының ер жігіт үшін құт болатынын не жұт болатынын айта алмаймын.

Көзі қарақты Балуанияз тайдың тұлпар мүсінін бірден таныған. Сол Құла жау қолында кетті. Киелі жануарды елге қайтару керек. Бірақ қалай? Тұрмамбеттің ойы сан-саққа жүгірді. Жасақ жинап барып, шаңырағын ортасына түсіріп шауып ала ма?Олай істей алмайды. Қазір екі жақта өліара мезгіл, тыныштық сәтінде. Бір тай үшін ешкімді жаугершілік жорыққа ылықтыра алмайсың. Түн жамылып барып, ұрлап кетсе ше? Тағы келіспейді. Ашық күнде келісіммен ғана қайтару керек. Сонда қайтіп?. . Е, тапты, тапты. Тіпті ұмытып кете жаздапты-ау! Қара Бақыға берген уәдесі бар емес пе еді... " Соңғы тілегіңді айт" "Сүйегімді туған жеріме, еліме жеткіз" .

Қара Бақыны Тұрмамбет қара жерге аманат етіп көмген. Бұл кейін сүйекті қайта ашып алып, өзге жерге табыстаймын деген сөз. Енді сол аманатты орындау керек. Жау болса да ерлікпен өлген батырдың аманатын орындай отырып қарымтасына Құла атты кейін қайырып беруді сұрағаны жөн. Құла атты қайтарудың ең тиімді жолы осы. Яғни екі жақтың асылдарын бір-біріне айырбастау. Осы ойға бекінген Тұрмамбет жол сапарға жиналды...

IX
Кеш білді,
Білді енді Құла өзінің жау қолына түскенін,
Жас болып тамды жанардан запыран қайғы іштегі
Қамыс құлағы жымиып, тарпан мінезбен келген-ді,
Артына келсең тепті де, алдына келсең тістеді
Жемеді берген арпаны, бал суын берген ішпеді.
От-суы жат бұл жердің
Топырағы жат,
Жат бәрі
Құлын кезде өскен өріске махаббат неткен күшті еді?
Сан бәйгеден, Сан жорықтан сыналған,
Суын тектес тұлпарды тақымға басып құмардан
Шығу дегенің,
Шығу дегенің, шіркін-ай,
Исі түркменге, исі қазаққа бір арман.
Өз құнына сан азаматты құрбандап,
Қолға енді міне, өз ұшып келіп тұрған бақ.
Шулатып жұртты бәйгеден дара келетін,
Құла тұлпардың қызығынан кім құр қалмақ.
Алланың сыйы - Оразмеңдіге қиғаны,
Әйтпесе бұған жетпес ед барлық жиғаны.
Бақ құсы қонды жігіттің батыр қолына,
Дүрліктірген Хиуаны.
Бола ма жайлар қисыны сірә, келмейтін,
Бола ма жайлар ойға алсаң даты өнбейтін.
Қос қолтығында қос қанаты бар тұлпары,
Тұлпары құрғыр дегенге әзір көнбей тұр...
Ойланды қисын, қалайша сірә, ісі өнбек?
Жұтқаны қайғы бақыттың балын ішсем деп.
Ашуға мініп темір шарбақтың ішіне,
Ұстады атты кісендеп...

Әлқисса, осылай жылға жуық мезгіл өтіп, жаздың жадыраған күндерінің бірінде атақты атсейіс, білгіштер жиналып, кеңес құрды. Құла тұлпарды көндіру үшін не істеген жөн? "Бостандыққа шығаралық, енді қайда кетер?- дейсің, келген кезде ер-тоқымын бауырына алып тулағандай ел-жұрты, от-суы есінде қалды дейсің бе, ұмытылған болар, қанша дегенмен айуан ғой, ол түгіл адам да басына түскен тағдырына көніп, басын имей ме?

Құланың аяғындағы кісені алынды, бір топ саяқтың үйіріне қосылып, еркіндікке жіберілді. Алғашқы кезде аяғын кібіртіктеп басқан Құла бірте-бірте терісін қиып тастаған тұсауынан босағанын сезіне бастады, айналасын бағдарлады, тын тыңдады. Жерге жата қалып аунаған, төрт аяғын көкке шапшып әрлі-берлі асып түсіп еді, үстін күндіз-түні басып жүретін зіл-батпан ауырлықтан құлан-таза айырылғандай болды. Денесі жеп-жеңіл, қиқуы мол шабыс тілегендей ме?! Кәдімгі тұяқты толықсыған топыраққа толтырып, артқа лақтырып, ақ шаңды шұбалтып шабатын шабыс...

Қамыс құлағын тіктеп, алдына танауын делдитіп жіті қарап еді, алдынан еш кедергі жоқ далиған жазық дала көрінді, мұрнына Маңғыстаудың сабыт самалы ескендей болды. Құйрығы көтеріліп еді, екі-үш тезек тастады. Денесі дір етіп, ыстық қан теуіп, жүрегі дүрс-дүрс соғып кетті. Құйындатқысы келгендей. Оқыстан кісінеп жіберді. Басын қақшитып алып, құлағын қайшылап, құйрығын көтеріп жіберіп желіп жүріп, тағы бір кісінеуі мұң екен, ауыл жақтағылардың әлденелерді айтып абыр-сабыр болып жатқан шаң-шұң дыбыстары естілді. Әлдекімдер ерттеулі аттарына жүгіргендей ме?

Тұлпарға қызбалық тән. Ауыл жақтан шыққан шаң-шұң дауыс құланың делебесін қоздырып жіберді де, әуелі желіске, сосын текірекке, сосын шабысқа басты. Арттан оншақты атты тырағайлап қуды. Құла шауып бара жатып, тағы кісінеді. Бұл түрікмендердің құлағына жеткен соңғы кісінеу құланның еліне бет алғанын толық аңғартты. Құла қыза-қыза құстай ұшты. Еті қызған сайын бұлшық еттері бұрынғы қалпына келіп, бойына жаңа қуат пайда болды.

Артта қиқулаған қалың аттылар, қамшыларын аттарының сауырына аямай салып, тырағайлап-ақ келеді. Алғашында абайламапты, алдында кел бар екен. Енді бұрылуға кеш. Қуғыншылар алыстан орап, көлге қамап ұстағалы келеді. Құла екпінін тоқтатпастан көлдің жарқабақтау тұсынан суға қарғыды. Бір сүңгіп су бетіне қайта көтерілген соң еш қиналған жоқ, жеңіл жүзді. Тіпті үйрек тәрізді. Басы, мойны, арқасы, құйрығы су бетінен едәуір көтеріліп ағып бара жатты. Бұл оның терең ағынды суға тұңғыш рет түсіп, тұңғыш рет жүзуі еді. Маңғыстаудың ойы мен Үстіртінің үстінде су болатын ба еді, ондағы кілең шымыраулар ғой.

Қуғыншылар құланын мына оқыс қылығына таң қалды. Әп-сәтте көлемді көлдің арғы жағына өтіп шығып, бір сілкінді де, желіп кете берді.

— Арғы тегі су жылқысы екенін дәлелдеді деп түрікмендер қауқылдасып жатты. Құла естіген жоқ, тіпті арғы атасы суын екен деп адамдардың өзіне айдар тағатынын да білмейтін.

X
...Есіл-дерті Құла ат болған Тұрмамбет белін бекем буып, басын бәйгеге тігіп, батырдың соңғы тілегін орындамақ болып, Қара Бақының сүйегін артқан атанды жетелеп, түрікмен ауылына келіп отырғаны осы. Түйе жетектеген адамға ара жолдың қашықтығын айшылық деп атайды. Атын қаңтарып, түйесін шөгеріп, сәлем беріп, үйге кіріп келді. Үйде сірә, марқұмның зайыбы болу керек, бір әйел , екі жігіт отыр екен. Төрге шыққан Тұрмамбет малдасын құрып жіберіп, отағасынан айырылғалы жылға жақындап отырған үйге күңірентіп бата оқыды. Үйдегілер қонақтың жайын сұраған. Батырдың өз өмірінде есінде қалған шешендігін танытқаны да, батырлығын танытқаны да, қатты қорыққаны да осы сәт.

Шешендігі — түрікмен мен қазақтың арасындағы ұрысты, оның негізгі күнәкәрі осы үйдің иесі Қара Бақы екенін, өздерінің жетім-жесірді айырып алу үшін соңынан қуып жетіп соғыс ашқанын, майданда екі жақтан да аяулы ерлерінің қайтпас сапарға аттанғанын, Қара Бақының соңғы тілегін орындау үшін сүйегін еліне табыс еткелі келіп отырғанын жеткізе білді. Бұл жерде дүңк еткізетін батырдың доғал тілі емес, бидің майдан қыл суыратын шешен тілі керек.

Қорыққаны — әкесін осы кісінің өлтіргенін естіген сәтте екі жігіттің үн-түнсіз, сұп-сұр қалпында кереге басында ілулі тұрған қылышқа тұра жармасып, қынынан жалаң еткізіп суырып алуы. Бұл сонда ажалымның жеткен тұсы осы жер екен ғой, деген ой сап ете түскенде орнынан атып тұра жаздағаны...

Батырлығы — сол қас-қағым сәтте сол қорқыныш сезімін, ішкі үрейін жеңе біліп, ештеңе елемегендей отыра бергені. Бәрі де бірер секөнттік сәттің ішінде болған сезім арпалысының үстінде әйелдің дауысы саңқ етті:

— Ұлым!- деді ол.

Осы сөз одан әрі буынын бекітіп, нығарлана отыруына жағдай жасады. Төніп келген өлім бұлты сейіліп жүре берді. Тұрмамбет "Ұлым!" деген бір сөзінен-ақ әйелдің, яғни өзі саудырлатып құр сүйегін әкеліп отырған Қара Бақының қаралы зайыбының не айтарын бірден ұқты.

— Ұлым! - деді ол, - әкеңнің кегін алар орын бұл жер емес, төрімді қанға былғама. Әкең өзі іздеп барып қан майданда қаза тапты. Ниетінен тапты. Кегін майданда ал!

Сонда Тұрмамбет төмен етек әйелдікке салынып шашын жұлып, бетін тырнай түсіп, қолында қылышы жалаңдаған ұлына «неғып отырсың, әкеңді өлтірген қас жауыңның басын жұлмай" деп зарлап жатып алмай, аналық ақыл айтуына тәнті болған. Біз, еркектер, өр көкіректігімізге салынып, нәзік жанды әйел затының асыл қасиеттерін түсінбейді екенбіз ғой, деп түйген.

Бұл келсе Құла елге қашып кетіпті. Құс қанат тұлпар бұл жолы да қолына түспеді...

Көзі үңірейген, ерні салпиған, кірпігі әзер қимылдайтын, іші қабысқан Құла Көгесем құдығының басына келіп, ауызды астауға салған... Тас астаудан күңсіген күн исі шықты. Құдықтың әйкеліне үңілді. Танауға дымқыл ауа тиіп, құлаққа судың сыңғыры естілгендей. Осының өзі оның бойын сәл-пәл тыңайтқандай.

Шыңыраудың со-о-нау түбінде бір нәрсе жылтырайды. Ол өмір, ол - нәр, бірақ оны кім қауғалап тартып алып, астауға сарылдатып құймақ. Шыжыған шілденің аптабында бір тамшы судың ерініне тимегеніне, міне, он күн. Ел-жұртын аңсаған қайран Құла, жершіл Құла... ажалының жетіп, дәм-тұзының біткен жері осы болар. Төрт аяқтының сұңқары -Құла, бір кезде Құла тұлпар едің, қазір Құла тулақсың. Иә, сонау Хорезмнің ойынан қуғыншыларды шаң қаптырып, көлге қарғып, үйректей жүзіп өтіп, үстіндегі суды бір сілкіп желіп кеткенсің.
Қасқа жолдан Үстірт үстіне бір-ақ шыққан соң барып, сәл кідіріс жасадың. Еркіндікке шыққаныңды әбден сезген соң Үстірт топырағына

армансыз аунадың. Төрт аяқты аспанға көтеріп олай бір, бұлай бір он рет астың. Тұрдың. Сілкіндің. Сосын маңдай алдыңдағы жусан, изен, ебелектерді шалып оттап, тағы жол шектің. Бір-екі күннен соң шөлдегеніңді сездің. Балуанияздың тақымында талай тап келген шымыраулардың бірінен соң біріне соқтың. Бірінде де ел жоқ, бәрі қоныс іздеп алып жайлауларға көшіп кеткен. Мынау -Жаңасу, мынау - Тесіктам, мынау - Үйсін, мынау - Ұзын. Бәрі иесіз. Япыр-ау, қалың жұрт қайда кеткен. Балуанияздан айырылған халық бұл өңірді талақ қылған ба?

Су, су, бір жұтым су! Бірақ су жоқ. Соңғы үмітің Көгесем еді. Бұған да жеттің. Ол үмітің де үзілді. Шөлден есің кетіп қаңғуырлап басын ауған жаққа жүре бердің. Басқарып келе жатқан басың емес, тек төрт аяқ қимылдайды. Қай жерге келдің, белгісіз, бір кезде сүрініп кеттің де... сол жатқан жерден тұрмадың. Сені бұл жерге жетелеп келген төрт аяғың емес, басың, зердең, ой-санаң екен. Өйткені баяғы үстіңде Балуанияз батыр оққа ұшқан жерге құлапсың.

Кейін елге келген соң Құланың елге келіп өлген хабарын естіген Тұрмамбет оны ит-құсқа жегізбей, сол жерге адамша жерледі де, басын кесіп алып, Балуанияз батырдың бейітінің қасына апарып көмді... Сөйтіп Құла атқа да туған жердің топырағы бұйырып, иесінің жанынан мәңгілікке орын тепті.

XII
...Атынан түсе сала құрдасы Балуанияздың бейітін құшақтап еңкілдеп жылаған Тұрмамбет ақыры балалары мен ағайындарына дегенін істетті. Көш сол жерде еру болған соң Тұрмамбет те дүниеден өтті. Сөйтіп, кәрі батыр өмірден жас кеткен құрдасы Балуаниязбен, өзі кезінде бір мінуді армандаған Құла аттың қасына барып мәңгілікке дамылдады...



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?