Бердібек Соқпақбаев | Шал мен бала
Трамвай қоңырауын шылдыр-шылдыр еткізіп, қала шетіндегі ең соңғы аялдамаға тақап қалды. Жұрт орындарынан түрегеп есікке қарай бейімделді.
Орта тұста отырған бүкірлеу қаба сақал кішкентай шал да трамвайдың әбден тоқтауын күтпей, имек бас таяғына сүйеніп, ілгері қарай жүрді. Бір қолында тағамдар салған сумкасы. Кенет трамвайдың жүрісі күрт баяулағанда, шал ілгері лықсып, құлай жаздап қалды. Оның арт жағына таман тақыр бас кішкене бала түр еді. Шалдың қолтығынан шап беріп, сол ұстап үлгерді. Әйтпегенде қауқарсыз қарттың не құлап, не алдағы біреулерге сүзе барып соғылатыны айқын еді.
— Рақмет, балам!
Тақыр бас бала шалды трамвайдың басқышынан да демеп, сүйеп түсірді.
Бұл — көз байланып қалған кешкі мезгіл еді. Әлгіндей долы нөсерден кейін жер беті шалшық суға толып, лайсаң батпақ болып қалған. Бұлтты аспан әлі де сыз бүркіп түнере салбырап тұр.
Трамвай қоңырауын тағы да шылдырлатып, келген ізіне қарап бұрыла жөнеп берді. Терезеден түсіп, жерді жарық етіп тұрған шаршы көзді сәулелер онымен бірге қозғалды. Енді маңайды қараңғы түнек басып кетті.
Шал шалшық судан қорынып, қалай қарай аяқ басарын бағдарлай алмай тұр.
— Ата, бері қарай жүріңіз, — деп тақыр бас бала шалды қайтадан келіп қолтықтады. -Сумкаңызды маған беріңіз. Мен алып жүрейін.
Бейтаныс баланын көргенділік қылығы шалды сүйсіндірді.
— Балам, сен қай баласың?
— Мен сіздің үйдің жоғарғы жағындағы кешеде тұрамын. Сіздің Сашаңыз екеуіміз бірге, бір класта оқимыз, — деді бала.
— Жарайсың, балам. Азық-түлік алайын деп бағана базарға барып едім. Содан соң күн жауып, кешігіп қалғаным. Ал менің Сашам қалай оқиды, соны айтшы?
— Жақсы оқиды.
Класта тыныш отыра ма? Тәртіпсіздік қылықтары жоқ па?
— Жоқ.
— Міне, солай болу керек. Тәртіпті болып, жақсы оқу керек, — деп шал баланың қолтығында әңгіме соғып келеді.— Осында, біздің көшеде тәртіпсіз балалар да жоқ емес. Бөтен біреудің бауынан шие ұрлайды. Шиенің өзін ғана үзіп алса, ештеме емес қой. Ағаштың бұтағымен қоса сындырып әкетеді. Әнеукүнгі біреуін аңдып тұрып, ағашқа енді өрмелей бергенде ұстап алайын деп едім. Секіріп түсіп, ұстатпай кетті. Мына сен секілді ақылды бастар оларға айтуларың керек. Бұл істеп жүргенің тәртіптілікке жатпайды. Ұят қылық! Ұрлық істеу — ол жақсы адамның кәсібі емес деп ұялтып, қызартуларың керек. Солай емес пе?
— Иә, — деп бала міңгір еткен болды.
Осы кезде бұлардың алдынан бір бала қараңдап шыға келді. Ол шалдың немересі Саша еді. Атасын күтіп алмақ болып, трамвай аялдамасына қарай кетіп бара жатқан.
Үшеуі шалдың үйіне дейін бірге жүріп келді.
— Ал, ата, қош болыңыз, — деп тақыр бас бала шалға қош айтысты.
Рақмет, балам. Саған көп рақмет. Сен болмағанда мен көшедегі мына шалшық сулардың талайының басын мыжитын едім. Жасың ұзақ болсын, шырағым.
Осы кезде шалдың немересі күліп:
— Ата, сіз әнеугүні бұны құйрыққа оңдырмай ұрып жіберіпсіз ғой? — деді.
— Қашан?
— Әнеугүні, шие үзейін деп жатқанда.
Шалдық үні бітіп қалғандай болды. Тақыр бас балаға тесіле қарап тұр.
— Әй, сол сен бе едің?
— Иә, мен едім, атай. Сіз сонда оңдырмадыңыз мені.
Баланы шал құшақтап, бауырына қысты:
— Кешір, айналайын. Мен сені ұрайын деп ұрған жоқпын ғой. Өзіңнен болды. Тұра қашпай-ақ кетсең де... Кешірім сұрасаң да, тимейтін едім ғой.
— Ата, сіз де кешіріңіз.
Үйге келгеннен кейін шал немересінен сұрап отыр.
— Аты кім жаңағы баланың?
— Аты Мәулен.
— Сабақты қалай оқиды?
— Класымыздағы ең бірінші отличнигіміз, — деді Саша.
— Қап, бекер ұрған екем. Бәсе, сондай үлгілі бала екені білініп тұр. Сотанақ бала болса, сол таяқ жеген бетінде менімен өштесіп кетер еді ғой. Ал мынаны қарашы. Қайта маған жақсылық істеп, балшыққа түсірмей, үйіме ертіп әкеле жатыр. Дегенмен, көргендінің аты көргенді - ау, шіркін. «Жақсылыққа жақсылық — әр кісінің ісі ғой. Жамандыққа жақсылық — ер кісінің ісі ғой» деп халық тегін айтты дейсің бе!
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?