Антон Чехов | Өлік
Тамыз айының тынық түні. Жер бетінен баяу ғана көтерілген тұман көз көрер жердегінің бәріне буалдыр пердесін жапқан. Көлкіген тұман ай жарығында, біресе тыныш жатқан шалқар теңіз сияқтанып, біресе зәулім ақ дуал сияқтанып көрінеді. Ауа дымқыл, салқын. Таң әлі алыс. Орман жиегіндегі ауыл арасы жолынан бір қадамдай шетте өлімсіреген от жылтылдайды. Сол жерде, жас емен ағашының түбінде, басынан аяғына дейін жаңа ақ кенеп жабылған өлік жатыр. Төсіне үлкен ағаш икон қойылыпты. Өліктің жанында, жолдың тап жиегіне таяу, шаруалардың мойнына артыла беретін міндеттердің ішіндегі ең бір ауырын атқарып, екі "нәубетші" мұжық отыр. Олардың біреуі - үстіне жыртық шолақ тон, аяғына шабата киген, тебіндеген мұрты бар ұзын бойлы, қою қара қасты жасөспірім жігіт, дымқыл шөптің үстінде екі аяғын көсілтіп салып, уақытты жұмыспен қысқартуға кірісіпті. Мойыны сорая солпиып, мұрыны шуылдап, дардай бір буылтық ағаштан қасық жонып отыр. Екіншісі - бет-аузы мыжырайған, селдіреген мұрты, шошайған теке сақалы бар, арық, бұжыр кішкене ғана мұжық, қолын екі тізесіне қойып, селт етпестен, алдындағы отқа мөлие қарап қалған. Өшуге айналған оттан екеуінің де бетіне қызғылт сәуле түсіп тұр. Төңірек тып-тыныш. Тек пышақ жонған ағаштың сықыры мен су отынның жанып пышылдағаны ғана естіледі.
— Сен, Сема, қалғымасайшы, — дейді жасы.
— Мен... қалғып отырғаным жоқ... — дейді оған теке сақал. :
— Сөйт... Жалғыз қорқамын, тіпті құтым қашады. Тым болмаса әңгіме айтсаңшы, Сема!
— Жоқ... білмеймін...
— Сен өзің қызықсың, Семушка! Басқалар әзілдеседі, қайдағы жоқты тауып әңгіме айтады, ән салады, ал сенің қандай жан екеніңді құдайдың өзі білсін. Бақшаға қойған қарақшы сияқтысың, көзіңді оттан айырмай мелшиіп отырсың. Аузыңдағы сөзіңді дұрыстап айта алмайсың.... Сөйлегенде де бейне қорқып отырған адамша сөйлейсің. Жасың елуге келіп қалған шығар - ау, әлі баланың ақылындай да ақылың жоқ... Жарыместігіңді ойлап өзің де бір қайғырмассың ба?
— Қайғырам... — дейді оған теке сақал тұнжырай сөйлеп.
— Сенің кеще болғаның бізге де аянышты емес деймісің? Өзің момын, ішпейтін мұжықсың, бар кемшілігің - басыңда миың жоқ. Құдай ақылға жарытпаған соң өзің тырбанып, ақылыңды толықтырмассың ба?.. Былай, зорланып көрсейші, Сема... Бір жақсы сөз естісең, соның мағынасына жетуге тырыс, құлағыңа құйып ал, сонан соң ылғи ойлан... Түсіне алмаған сөзің болса, соның қандай мағынада айтылғанын зорланып миыңмен ойлан. Ұқтың ба? Зорланып ойлан! Ал егер өзің сөйтіп ақыл-есіңді жинамасаң, жарымес күйіңде қор болып өтесің.
— Иә, құдай, не істесең де өз еркінде! Әжекем-ау! — деді ол қарлыға шыққан нәзік дауыспен - Тастай қараңғыда келе жатып отты көрген соң көңілім шат болды. Әуелі, түнемеге ат жайғандар ма екен деп ем, кейін аттары көрінбейді ғой, атшылар емес шығар деп ойладым. Ұрылар емес пе екен өздері, бай Лазарьды тосып отырған қарақшылар емес пе екен? Әлде, пұтқа құрбандық беріп жатқан сыған әулеті емес пе екен деген де ой келді. Көңілім сергіп кетті. Сонсоң "Бар, құдайдың құлы Феодосий, ғазапкерлердің тәжін ки!" дедім өзіме. Содан, отқа ұмтылған көбелектей елбелектей жөнелдім. Енді, міне, араларыңа келіп, сырт пішіндеріңе қарап, сендердің ұры да, мәжуси де емес екендеріңді танып тұрмын. Құдайдың рақметі жаусын!
— Аманбысың?
— Провославиеліктер, Макухиннің кірпіш зауытына баратын жолды білесіңдер ме?
— Жақын ғой. Осы жолмен тура тарта берсеңіз, екі шақырымнан кейін Ананово кездеседі, біздің қыстағымыз дегенім ғой. Содан, әкетайым, оңға бұрылғайсың, одан әрі жағамен жүріп отырып тура зауытқа жетесің, Анановодан үш шақырымдай жер.
— Құдай амандық берсін. Бұл жерде неғып отырсыңдар?
— Куә ретінде отырмыз. Әне, көрдің бе, өлік жатыр.
— Не дейді! Қайдағы өлік? Әжекем–ау!
Жолаушы үстіне икон қойылған ақ кенепті көріп шошып, ыршып түсті. Ойда-жоқта мынадайдың үстінен шыққанына, тіпті құты қашып кеткен еді. Бүрсиіп, аузы ашылып, екі көзі ежірейіп, қалшиып қарап қалды... Өз көзіне өзі сенбегендей, үш минуттай үнсіз тұрғаннан кейін күбірлеп сөйлей бастады:
— Иә, құдай! Әжекем-ау! Ешкімге де соқтықпай өз жөніммен келе жатыр ем, төтеннен құдайдың мынадай кәріне тап болғанымды қарашы...
— Өзіңіз кім боласыз? — деді жігіттің адамысыз ба?
— Жо... жоқ... Монастырьларды аралап жүрмін... Ми... Михайло Поликарпычты білесің бе, зауыт басқарушысын? Соның немере інісімін... Иә, құдай, не істесең де өз еркінде! Мұнда неғып отырсыңдар?
— Күзетіп отырмыз... Бұйрық солай...
— Солай, солай... — деді рясалы күбірлеп, қолымен көзін сипалап. - Өлік қай жақтың адамы?
— Қаңғыған біреу.
— Өмір деген осы! Алайда, бауырларым, мен нетейін... жүрейін... Қорқып тұрғаным. Өліктен жаман қорқамын, айналайын қарақтарым... Міне, бұған не дерсің! Мына жатқан адамды тірі кезінде байқамаймыз да, ал өлгеннен кейін өлі денесінен бейнебір атақты қолбасының немесе аса қасиетті дінбасының алдында тұрғаннан бетер қорқып құтымыз қашады... Өмір дегеніңіз осы! Қалай өлген екен, біреу өлтіріп пе?
— О жағын құдай білмесе, біз біле алмадық! Біреу өлтірді ме, әлде ажалынан өлді ме, кім білсін.
— Солай, солай... Жаны бәлкім жәннаттан орын алған шығар, кім біледі!
— Мұның жаны әзірінше осы маңда, денесінің төңірегінде жүр, — деді жас жігіт — Үш күнге дейін ол денесінің маңынан кетпейді.
— И-иә... Түн қандай суи бастаған! Тісіңді тісіңе тигізбейді... Сөйтіп тұп-тура жүр дейсің ғой...
— Қыстаққа дейін, сонсоң оңға бұрылып, жағамен кетесің.
— Жағамен де... Солай... Ау, мен неғып тұрмын? Қой, жүрейін... Сау болыңдар, туысқандар!
Рясалы жолмен бес-алты қадам жүре түсіп барып тоқтады.
— Өлікті көму шығынына тиын салуды ұмытып бара жатыр екем ғой, - деді ол.
— Православиеліктер-ау, ақша салуыма рұқсат шығар?
— О жағын бізден гөрі өзің жақсырақ білетін боларсың, монастырьларды аралап жүрген адам емессің бе? Егер ажалынан өлген адам болса, ақша салғаның сауап, ал өзін - өзі өлтірген болса — күнә.
— Солай екен-ау әлі... Бәлкім шынында да өзін-өзі өлтірген біреу болып жүрер! Қой, ақша салмай-ақ қояйын. Аяқ бассаң күнәға кездесесің! Маған мың сом берем десе де бұл жерде отырмас ем... Қош болыңдар, туысқандар!
Сылбыр басып былай шыға бере тағы тоқтады.
— Не істерімді білмей тұрғанымды қарашы... — деді ол күбірлеп. — Таңның атуын күтіп осы жерде от басында отырайын десем... қорқамын. Жүруге де жүрексініп тұрмын. Қараңғыда жолда өлік елестейді де тұрады ғой енді. Құдайдың тап келтірген азабын көрдің бе мына! Аман-есен бес жүз шақырым жер жаяу жүріп келіп ем, енді үйге тақап-ақ қалғанда құдайдың мынадай бәлеге кезіктіргенін қарашы... Кете алатын түрім жоқ!
Қорқынышты екені рас...
— Қасқырдан да, ұрыдан да, қараңғылықтан да қорықпаймын, ал өліктен өлердей қорқам. Неге екенін білмеймін, әйтеуір қорқам! Православиелік туысқандар, аяқтарына жығылып жалынамын, мені қыстаққа дейін шығарып салсаңдаршы!
— Бізге өлікті тастап кетуге болмайды.
— Ешкім де көрмейді ғой, туысқандар! Құдай ақы, ешкім көрмейді! Қызметтерің құдайдан жүз есе болып қайтар! Сақалды, мархабатшылық етіп шығарып салсаңшы! Сақалды деймін! Неге үндемейсің?
— Ол есуас адам, - деді жасы.
— Ендеше сен шығарып салшы, досым! Бес тиын берейін.
— Бес тиын берсең, шығарып салсам да болар еді,- деді жасы желкесін қасып, — бірақ бұйрық бізге кетіп қалуға тыйым салады... Егер есуас Сема жалғыз отыра тұрса, шығарып салар ем. Сема, жалғыз отыра тұрасың ба?
— Отырам... - деді есуас.
— Онда жарайды. Кеттік!
Жігіт орнынан тұрып, рясалымен бірге кетті. Бір минуттан кейін олардың жүрген дыбыстары мен дауыстары да басылды. Сема көзін жұмып, жайымен қалғи бастады. От та өшуге айналып, өліктің үстін қара көлеңке басты.
Аударған Р.Ахмедов
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?