Әбіш Кекілбаев | Бәйгеторы
I
Бәйгеторы Сейісті бірден таныды. Сейіс бірақ осы ауылдың бота-тайлағына таланып, жал мен құйрықтан атымен ада боп сүңкі кеткен бұны қапелімде тани алмай қалды. Жалтыр сауыры көк масатыдай күлің-күлің еткен көк ала дөненді көлеңдетіп ортадағы ақ үйге барып түсті. Сосын баяғы әдетінше, тұсап жатып, атының тірсегін, шашасын, тұяғын түгел тінтіп қарап шықты. Көлеңкеде қарш-қарш шыбын қағып жатқан қара ала төбетті қуып жіберді.
Арса-арса қабырғасындағы қатпар жарасына тиісіп, қара ала төбетті діңкелеткен көк шыбын енді көк ала дөненнің мазасын алар деп сескенді. Асыққа таласып қызыл шеке болып жүрген екі баланы да: «Қасына бармаңдар, асау, теуіп кетеді», — деп қорқытып қойды. Ақ үйге сосын барып кірді. Жаулығының ұшын толарсағына жеткізіп, шұбата тартқан ақ үйдің әйелі қолына қара шәйнек ұстап, жерошақ басына беттеді. Бәйгеторы Сейістің шамалы уақытта шыға қоймасын білді.
Жерге басын салып еді, жаншылып қалған кесірткедей жер бауырлаған тарамыс жусан арасы сиреп селдіреп қалған тісіне ілікпеді; өзінін бір түрлі көңірсіген сілті иісі бар екен. Бәйгеторы басын көтеріп алды. Екі көзінің арасында ұшып-қонып жүрген сары пәлені көрді, мүкіс тартқан құлағы ызыңын да естімепті. Басын шұлғыса, ту сыртына барып қонады. Өне бойын дір-дір шіміріктіріп, тызылдатып шағады. Құйрығын бұлғап еді, бар қылынан айырылған бір тұтам қылта ауада ербеңдеп қалды. Одан бөгелек қайдан үріксін? Бәйгеторы шыдай алмай шапшып көрді. Шапшығанда да қайда барарын білмеді. Ауылдың желкесіндегі машинамен су әкеліп құятын тоғанның қасына барса, темір астаудан опыр-топыр су ішіп жатқан қозы-лақ бұған бәрібір жол бермейді, осы ауылдың бар бота-тайлағы да со маңда жүр. Боталары мен қозы-лағына су жеткізе алмай жаны күйіп жүрген қатындардың қақ маңдайдан салып қалуы да мүмкін. Әне бір екі-үш бөшкені қалқалап қойған тақтай күркенің көлеңкесіне барып тұрар еді, құжынаған көк шыбынын шұбыртып қара ала төбет жатып алыпты. Ортадағы ақ үйдің түрулі іргесінен дәл керегенің көзіне тіреп салған биік ақ жастыққа шалқалап жатқан Сейістің шашын ұстарамен типылдап алғызған көк жалтыр басын таныды. Сол үйдің маңына барғысы кеп кетті. Дүрс-дүрс шапшымай, кендір тұсау аяғын қажаса да мимырттап, ақ үйге беттеді. Көк ала дөненнің қасына жете бере тоқтады. Көк дөнен тезектеп тұр. Бұған әбден таныс бір иіс аңқыды. Тарыға байлап, сүтке суарып жемдеген жылқының тезегі. Сейістің әне бір дүрдиіп келіп, бұның мойнына сасық дорба іліп кеткенінен бері мынау иіс танауына бірінші рет келіп тұрғаны.
Бұл әуелі Сейіс іліп кеткен кенеп дорбаның ішіндегі шаң аралас ашқылтым иіске тұншығып қала жаздады, тамағы қыжылдап, басы айналды. Ернін тигізіп көріп еді, тікенек-тікенек бірдеңелер шағып-шағып алды. Сүт татып тұрған тарыға ұқсамайды. Басын әрі шұлғыды, бері шұлғыды; қаудырлақ кенеп дорба жабысып алған, түсер емес. Ерегісіп екі-үш күнге дейін бұ да татпады, ерегісіп кенеп дорба да мойнынан түспеді. Енді, міне, қылшығы ерініңді жыбырлатқан шаң аралас арпаның өзі көзінен бір-бір ұшты.
Бәйгеторы тарының иісіне құмартып, шапшып, көк дөненнің қасына жақынырақ келіп тұрды. Ту сыртынан дүсір шыққанда көк дөненнің шар айнадай сауыры тұяқ тиген көл суындай дір ете қалды. Құлағын қайшылап, бұған бұрылды. Жылқы екенін танып, бәсең оқыранып қойды. Көк дөнен неге мазасызданды деп, Сейіс іргеден сығалады. Бәйгеторыны бұ жолы да танымады. Әрі құбылып, жайпақ жаға ақ көйлегінің омырауын иығына шегіндіріп желпініп еді. Тағы бір таныс иіс мұның танауын жарып кетті. Жанында қалған алғашқы бөгде иіс те осы еді.
Оған дейін ол иіс дегеннің не екенін білмейтін. Әлі есінде төңірегі тасыр-тұсыр етті. Жып-жылы бірдеңе үстін еміне жалады. Шұрқырап қатты шыққан бір үн жарғақ құлағын жарып кете жаздады. Көзін ашты. Екі құлағы едірейіп, төбесіне төніп тұрған нәрсенің не екенін білген жоқ. Ұмтылып-ұмтылып төне түседі, жып-жылы қып өне бойын сипалайды, бұл маужырап жата берді. Кенет өне бойы мұздап кетті. Көзін ашып алып, жоғарыға көз салып еді, салтақ-салтақ сұп-сұр нәрсені Көл-көсір үлкен екен, кішкене жанарына сияр емес.
Бұл бір-екі талпынып тұрмақшы болғанда, мойнынан әлде не ұстай алды. Таң атқалы танауындағы иістің бәрі күрт ыдырап, төңірегін бір күңірсіген күшті иіс жайлады. Бұл орнынан атып тұрды да, әлдеқайда жөңкіліп бара жатқан көп төрт аяқтының соңына ілесті. Шапқылап жүріп, бұл өзінің де алдындағы күсір-күсір шауып бара жатқан көп төрт аяқты екенін білді. Бірте-бірте түсірген топтың артында ылғи бұған қарайлап, қалғыштай беретін төрт аяқты енесі екенін аңғарды. Өсе келе оның жатағандау жапырық сауырын, ылғи шодырайып оқшау шығып тұратын топшысын, жерге дүңк-дүңк нығыз тиетін жуантық аяғын, алдыңғы оң жақ тұяғының үстіндегі оймақтай ақ меңін — бәрін танып алды.
Анада қасынан енесі кеткенде, сұп-сұр боп төбесінен төнген көл-көсір нәрсенің аспан екенін, оның дәйім сонау тұяқ тимес, ауыз жетпес алыста, тас төбеде тұратынын білді, оның ылғи сұп-сұр боп бозарып жатпай, қаталап келгенінде алдынан шалқып шыға келетін көл суындай жадыраған келбетін де талай көрді. Ол жарғақ тәнін енесіне жалатып, маужырап жатқанда танауын жарып кете жаздаған жат иістің де иесін таныды. Ол иісті жатырқамауға да үйренді, қайта өзге жылқылар сияқты бұ да сол бір күңірсік иіс ұзақ уақыт танауына келмесе, айналаға құлағын қайшылап, елеңдеп елегізетін болды.
Ол иіс ылғи бұлардың қасында жүрді. Оған әбден еті үйреніп кеткені сонша, о да мұның енесінің иісіндей, көк шалғын шөптің иісіндей, көсіліп келіп жүргенінде қарсы алдынан аңқи есетін самал желдің иісіндей мұрнын қытықтайды. Бұл ылғи енесінің соңында томпаңдап жүрмей, сары ала жал қызыл көз кәрі айғырдың қайта-қайта қытығына тиіп үйірден бөліне шауып жүретін өзі тұрғылас ойыншыл жас жылқылар тобына қосылған кезде әлгі иіс пышақ кескендей тиылды. Бұлар елеңдеп, әрі жүрді, бері жүрді — ол көрінбеді.
Бір күні қапталдағы көк төбеден екі атты қылт ете түсті. Біреуінің иығы шошаяды. Жылқы біткен анадайдан көріп ап шұрқырасып қалды. Бірақ баяғы таныс иіс бәрібір аңқымады. Иығында салақтатып асынып алған ат дорбадан көрі кішілеу қап-қара бірдеңесі бар біреуді бұлардың әрқайсысының өңменінен өткізе сұқ қолын бір-бір шошаңдатты да, қасындағыға айқайлап бірдеңе деп, ілгері қарай шоқыта жөнелді. Иығы шошайған бұлардың қасында қала берді. Екі аяқтылардың да бәрінің иісі біп-бірдей болмайтынын бұл сонда аңғарған.
Әлгі жаңағы екі аяқтыдан маңайының бәрі қопа, масасы көп, мазасыз қара судың иісіндей жылымшы өлексе иіс шығады. Бұрынғы иелеріндей емес, тым шаңқылдақ. Қит етсең тұщы етіңді тызылдатып сауырыңа әлдене сарт ете қалады.
Абырой болғанда, оның алдында көп жүрмеді. Бір күні бұлардың өрісіне бір көзін ақ шүберекпен таңып алған біреу келді. Жылымшы иістің қасына барып, қойнынан алақандай қағаз шығарды. Жылымшы иіс сыздап тұр еді, жадырап кетті. Бұл ылғи ортаға кірмей шеттеп жүретін, сол жолы да анадай жерге бөлек жүлгеде жайылып жатқан-ды, мойнына инедей қадалып бірдеңе оратыла кетті. Әрі жұлқынды, бері жұлқынды, болмады. Қорқыратып тамағын сығып барады. Мөңкісін мейлі, туласын мейлі — мыңқ етер емес. Ерегісе берсе кеңірдегін бір-ақ орып түсер түрі бар. Жылымшы иіс қара жыландай қап-қара нәрсенің шетінен сатылап тартып жақындап келеді. Тіпті жақын қалды. Шап етіп құлағына жабысты. Бұрап жұлып барады. Шыңғырып жіберді. Сол екі ортада басына ноқта да түсіп қалды. Жылымшы иіс мұны жетелеп әкеліп, манадан бері жылқының шетінде сырттай бағып тұрған сыңар көз бейтаныс адамға ұстатты.Ол бір қолымен мұнын ноқтасын бекемдеп ұстап, екінші қолындағы қамшымен астындағы бурыл шолақты шылп еткізіп тартып қалды. Бұл дір етті, бурыл шолақ былқ еткен жоқ, жүріп кетті.
Бұл көк төбенің бауырында қалып бара жатқан үйіріне қарады, бұның жаңағы шыңғырған дауысына елеңдесіп үркердей боп бәрі бір жерге иіріліпті. Басын жерге салған ешқайсысы жоқ, едірейіп-едірейіп қарап тұр. Алдыңғы жақтағы жатаған торы биені — езінің енесін көрді. Басын жұлқи көтеріп, азынап бір кісінеді. Соның арасынша жылқының арғы шетінде құрығы шошайып тұрған жылымшы иіс жылқышыны көзі шалып кісінегенін кілт тоқтатты. Шоқытып бара жатқан бурыл шолаққа бұл да ілесті, ене бойын ошаған қажап тастаған сол бір шолақ құйрықтың қайда бастап апаратынын білген жоқ, мойнына ноқта түскесін амал бар ма, ере берді... Бұлар ұзақ жүрді. Әлденеше өрге де шықты. Бурыл шолақ бүлкіп тартып барады. Екі аяқтың астында рақаттана желеді. Шолақ құйрығында да тыным болмады, бүлкең жүрістің ырғағымен оңды-солды шелтеңдей береді. Бұ да жетекке үйреніп қалыпты. Тек бурыл шолақтың үстіндегі кісінің қолындағы кішкене таяқтан, оның ұшындағы бұдыр-бұдыр шұбар жіптен көзін алмайды. Бірақ ол бұған қамшы сілтеген жоқ. Алдарынан етпеттеп жатып алған аласалау қара тау көрінді. Бірінші рет тас басқаны еді, шықыр-шықыр етіп миын шағып барады. Аттаса болды, әлденелер төмен сусып, жылжып кеп, аяғына ұрады. Бұл әлі шор тарта қоймаған балғын тұяғын жасқана басып, өрге итініп шыққан бурыл шолақтың әр адымын қалт жібермей, қайталап аттап келеді. Тау үсті күндегі өрісіндей жұмсақ болмағанмен тегіс екен. Аяқ басқан сайын дүңк-дүңк дыбыс шығады. Жіңішке кішкене соқпақ төбе-төбені орағытып өтіп, жатыр. Кенет қапталдағы қара тұмсықтан айнала бергенде, бытырап жатқан қойларды көрді. Бұл оған бұрын тек суат басында ұшырасатын, олар опыр-топыр топылып, қапелімде суатты босатпайтын. Қой шетінде жүрген кішкентай екі аяқты далбаңдап алдарынан жүгірді. Оның соңынан құлағы салпаңдаған тағы бір төрт аяқты тұра шапты. Бұл басын жерге салып, төрт тағандап, шыңғырып тұрып алды. Жон арқасы түгел жиырылып, сіңір атаулының бәрі шиыршық атып, қалшылдап барады. Бурыл шолақтың үстіндегі кісі шаңқ етіп ақырып жіберді. Жүгіріп келе жатқандар сексиіп-сексиіп тұрып қалды. Шолақ бурылдың олармен ісі болған жоқ, тау үстінің қатқыл, қара сояулау жусанның арасынан еміс-еміс қылаңытқан жіңішке соқпақты бойлап, тып-тып тарта берді. Енді бір жалдан асқанда томпиған-томпиған қара құрымдай екі үй қылт етті.
Үйлерге жақындай бере бурыл шолақ кілт кідірді. Селк етіп бұ да тоқтады. Сыңар көз жүргінші атынан түсті. Бұны анадай жерге жетелеп апарды да, шошайып шығыршығы шығып жатқан темір қазыққа байлап, үйіне кірді. Бұл жер бетіне қылтиып шығып тұрған жіп-жіңішке кішкене темірге әрі үрке, әрі таңырқай қарады. Басын кегежектетіп, бір-екі тартынып көріп еді, былқ еткен жоқ. Тағы да төрт тағандап тұра қап, шіреніп кеп тартынды — темір қазықтың миына кірер емес. Көзін танып алған адам қайтып көрінбеді. Үйден әйел шығып, оттың басына барды. Бұл құлағын тікірейтіп, оқыранып еді, ол да назар аударған жоқ, үйіне қайта кіріп кетті. Бұл тағы да тартынды — қазық тағы да қозғалмады. Шіреніп келіп тартынып еді — қазық сіресіп тұрып алды. Мойны ауырды, сауырына шып-шып тер шықты. Қазықтың қасына жата кетті. Таң атқалы жүрістен тершіп келген қолтығына, бауырына тау үстінің қоңыр самалы сүйкенді. Дел-сал маужырап, сауырын күнге төсеп жата берді.
Тырп-тырп басқан дыбыс шықты. Жерден мойнын көтеріп алды. Мана қой шетінен көрген кішкентай екі аяқтысы екен. Қасында салпаңқұлақ төрт аяқты да шапқылап келеді. Орнынан атып тұрды. Жаңа иесі де терлеп-тепшіп, үйден шығыпты. Кегежектеп, осқырынып еді, ол шаңқ етіп тағы ақырды. Арқанды қазықтан шешіп ап, сатылап бұған жақындай берді. Тіптен жақын келді де мұны шықшыттан сығып, аузын ашқызды, тісінің арасына сақыр еткізіп әлденені асатып жіберді. Мұп-мұздай екен, таңдайын қарып өткендей болды, тұмсығын, екі құлақ шекесін қайыс көңмен шандып тастады. Сосын шап беріп шүйдесіне жабысып, шүйліге кетті. Терісін шеңгелдеп бүріп, жұлып алғысы келгендей жұлқи көтеріп барады. Бұ да не болып, не қойғанына түсінбей, анадай жерге бір-ақ атты. Екі бүйірі солқ ете қалды. Бұл одан әрмен ытқыды. Әлгі солқ етіп тиген соққы сол жерге жабысып қатты да қалды. Тулап жүр, тулап жүр. Әбден шаршап, ақ тер, көк терге түсіп, әлі кетіп, тілерсегі дірілдей берген соң, бір сәт тыным ап, ес жимақ еді; өкпесін жаншып бара жатқан екі зіл шабына жүгірді. Мөңкіп кетті. Екі өкпесі тағы да солқ етті. Шыңғырып жіберді. Көзіне тер құйылды. Қос аяқтап, көкке шапшып, шаншылып тұрып алды, қыр арқасына жабысқан пәле түсер емес. Тау үстіндегі тар алқапты басына көтере кісінеді. Үн қатар, жауап қайтарар ешкім жоқ. Манағы иесі тұсап кеткен жерде жайылып жатқан бурыл шолақ бұл неге кісінеді деп жерден басын да көтермеді. Сауырына шып етіп тиген нәрсе тыз еткізіп қарып алды. Беті ауған жаққа құйғытып ала жөнелді. Үстіндегі адам бұның балғын қабырғасына темірдей тізесін шанши қадап, қатып қалған, тырп етер емес, тебінген де жоқ, сауырына қамшы салған да жоқ. Біраз шапты. Қайтадан жортып еді, сауыры тағы тыз ете қалды. Тағы шапты. Бұ жолы көзі қанталап, ерегісіп, емініп шапты. Жон арқасына қонжиып алған қасарыспа адамды ауылынан, бурыл шолағынан, бытырап жайылып жатқан қойынан ажыратып, аяқ жетпес алысқа апарып тастағысы келгендей құйғытып келеді. Бұрын шөптен басқа бөгде зат жолап көрмеген екі ұртын ауыздық қажап, ұдай ашытып барады, езуінен қанды көбік ақты. Оған да қарамады. Шаба берді. Тау үстінде томпиған-томпиған төбе көп болады екен. Біреуінен өтсе, алдынан екіншісі шығады. Өрге де салды, ойға да құлады, жылға-жырадан да қарғыды. Екі бүйірін тесіп бара жатқан темірдей тегеурінді екі тізе бәрібір былқ етпеді. Жоқ, жердің шеті жеткізер емес, шашасын тас қажап, өкпесі алқынып, қос бүйірін соғып қалды. Жаңағы тасырлаған екпіні қайтып, борпаяқтайын деді. Қанша жерге шапқанын өзі де білмейді. Әйтеуір, көз байлана ауылға шатқаяқтап зорға жетті. Батпақтап келе жатқандай аяғын зорға көтереді. Шапши-шапши, кегежектей-кегежектей мойыны да талып қалыпты; өз басы өз мойнынан зіл батпан жүк болып, жерге тартып, әрең-әрең қазыққа жетті. Сол жығылғаннан түн орталай есін бір-ақ жиды. Бағанағы сәскеден бері бүгіндікке нәр татпаған, таң атқанша қазық кеміріп шықты. Таң атты. Сәске болғанша мұның маңына ешкім келген жоқ. Күн қызып, маңайдан күйген жусанның, қызған тастың иісі енді біліне бастағанда жаңа иесі жанына кеп, бұның шылбырын жұлқыды. Кешегідей кегежектей алмады, өне бойы дір-дір иесінің әр қимылын бағып тұр. Өңі бүгін қату екен. Жүн-жүн қолын тұмсығының астына әкеп, ауыздығын тартып қалып еді, екі ұртындағы енді-енді қара қабыршақтанып келе жатқан жара қайтадан қан қақсап қоя берді. Бүгежектеп бұға түсті. Бүкіл жон терісі жыбыр ете қалды. Қылшық-қылшық қатты киіз желден басқа жоламаған ұлпа етін шағып алды. Киіз тоқымның үстіне әлденелерді сылдырап-күлдіреп зіп-зілдей бірдеңе қонжиды. Жаңа иесінің жүзіне қанша жаутаңдап қарағанмен, жылы рай байқайтын түрі жоқ. Бұның сол жағына шығып, ешкінің қылынан тоқыған, айыл тартпаның шетін тістеп, шірене тартты. Бүкіл іш — қарынын уыстап көтеріп, ту бел омыртқасына апарып, жапсырып тастады; қаншырдай қатты да қалды. Жаңа иесі үзеңгіге аяғын салуы-ақ мұң екен, лып етіп үстіне бір-ақ шықты. Бұдыр-бұдыр бес өрме қамшы бар тісін бірден қадап, май сауырдан тістей алды. Жортақтай жөнелді.
Бұ да тулап-тулап, екі аяқтының тақымына ақыры көнді. Оның қай пәрменін де қалт жібермейді, жүгенінің әр дірілін оп-оңай ұғады. Тек көпке дейін бірінің шабына бірі басын тығып ап, мандымайтын көп қойдың жыбырлақ жүрісіне үйренісе алмады; лекітіп, емпеңдеңкіреп кетсе аяғының астында қалады. Сол үшін талай рет жағын қамшы сойды. Ең әуелі қой қайыруға барғанда әбден миы ашып, басы қатып қалжырап қайтты. Шаршап келген түндері тұсаулы тұрып, екі көзін зіл басып, сілесі құрып қалғып кетеді. Көз жұмуы-ақ мұң екен, көгал төбе өрісі, шұрқырай шауып, бытырай жайылып жүретін үйірі оралады, опыр-топыр жөңкіле шауып бара жатқан көп жылқының арасынан жатаған торы биені — өзінің енесін танып қалады. Бұл көзін сатып тұра береді. Үйір бұған қайырылмайды. Қара жоннан ақ құйын таспа тіліп құйғытып бара жатады. Қылт-қылт сусаған су жұқпас семіз сауырлар бір жола ғайып боп, маңайын ақ шаңыт тұман басады. Өкпесіне шаң тығылып, демі біткендей болады. Елегізіп алыстап кеткен үйірдің соңынан арқырайды кеп... Өз дауысынан өзі шошып оянды. Маңайында ештеңе жоқ. Тек анадайда жалғыз жайылып бурыл шолақ жүр. Ол бұл кісінеді екен деп, басын да көтермейді, бүкіл жер бетіне біткен түкті осы қазір обып жіберетіндей тұқшыңдай береді.
II
Бұл қойшы ауылда жүріп қанша қар басқанын да ұмытып қалды. Қойдың мимырт жүрісіне де үйреніпті. Ен далада өзінен басқа қара ұшан-тоғайда бір ұшырасады; ешкім асықтырып кеудеңнен теппейді, саныңды сабаламайды. Жанға жайлы тыныш тірлік. Жазда от-суың әзір. Қыс болса қораның қасына үйген тау-тау қос маядан күні-түні тұмсық айырмайсың. Қойшы ауылдың бойкүйез тірлігіне іші тіпті де пыспайды. Бір көзін ақ шүберекпен таңып, қара көзілдірік киіп, қашан да қабағынан қар жауып, сазарып, сыздап жүретін қойшыны, оның күн-түні күркілдеп жүретін дімкәс жадау сары көмекшісін, екі үйдің де әйелін, бала-шағасын — бәрін танып алды. Тіпті осы отардың бақташы иттері — қараала мойын төбет пен ұзын тұра қызыл қаншықты да жер түбінен өзімсініп тұрады. Иесі қой түнетуге барғанда, отардың бір шетінде таң атқанша ер-тұрманын шыр айналып, тұсаусыз жайылып шығады. Бурыл шолақ сияқты бұ да қасынан үйір-үйір жылқы өткізсең де мыңқ етпейді, ал енді қора маңынан ит-құстың сесін сезіп қалса шұқыранып, кісінеп, жер тепкілеп, үйге сүйкеніп, қолды-аяққа тұрмайды. Омырауын жел қауып, көсіле шабудың не екенін де ұмытты. Анда-санда ат суаруға барғанда қойшының баласының сапалағымен санын шыпытып, текіректейтіні бар. Соған бола оны көрсе қыржыңдап тұрады.
Бір жазда қойшы ауыл бұрын бұл жүріп, бұл көрмеген бір соны жайлауға көшті. Маңай көз талдыратын көл-көсір жазық. Қойдың өрісі жер тістеп өскен жатаған қоңыр жусан. Бір күні иесі құдықтан мал суарып, шай ішуге ауылға келе жатыр еді, қалың қара бұта жақтан өскен шолақ самал қолқаңды қабар күңірсік жиіркенішті иіс әкелді. Құлағын қайшылап, осқырынып, әлгі маңайдан тезірек кеткісі келді. Иесі бұның қашқақтағанына қарамады, қалың қара бұтаға бұрды. Тиіп кетсең тірсегіңді тіліп түсетін пышақтай қап-қара баялыш. Бұл құлағын қақшаңдатып, үрке-соқтап, әзер жүріп келеді. Жақындаған сайын әлгі бір өткір жат иіс кеңсірігін кескілеп барады. Баялыштардың басына ілініп қалған шөкім-шөкім жабағы жүндер көзге түсті.
Бұлар кілт бұрылып, ауылға тартты. Ауылға мойнына жем дорбадан кішілеу қара кенеп қалта асынған біреу келіпті. Белдеуде аяғы серейген құла қасқа ат байлаулы тұр. Иесі аттан түсе сала алдынан қарсы шығып келе жатқан кенеп қалта асынған тапал сарымен сөйлесе кетті. Қара баялыш жаққа қолын қайта-қайта сілтейді. Тапал сарының ауызы аңқайып қалыпты. Олар үйге кірді. Екеуі екі сойыл тауып алды. Аттарын мініп қалың қара баялыш жаққа бет қойды.
Қалың баялышқа кіре бере екінші шеттен сүмеңдеп енді еніп келе жатқан тұз тағысын көздері шалып қалды. Жер бауырлап, қалың бұтаға сіңіп жоғалмақ, көк жұлын жеркөкті дүңкілдетіп келе жатқан қос аттың дүбіріне шыдап жата алмады. Бұтаны тастап, маң жазыққа қарай безе жөнелді. Құла ат ойнақтап шыға келді. Тапал сары қамшысын көтере беріп еді, құла ат сыздыра жөнелді. Бұл қапелімде не істеу керек екенін білмей кібіртіктей берді. Бұның иесі де қамшы басты, Құла ат құйғытып барады, Көк жұлын да әлі өрі тая қоймаған мақара жусанның ара-арасынан еміс-еміс бозараңдап, жұлдыздай ақты.
Көптен бері шабыс көрмеген бұның тұла бойының зілі тарар емес. Қара қатқыл жазыққа тиген тұяқ дүсірі де келі түйгендей дүңк-дүңк етіп, тым ерсі естіледі. Құла сонау көз ұшындағы көк жұлынның соңынан төтелеп салды. Бәрінің алдынан тағы да қалың қара баялыш жолықты. Құла баялыштың ішіне кіре алмай, аумақты бұтаны анадайдан орағытып өтпек. Иесі бұны тебіне түсті. Бұ да құлағын жымып алды. Таң атқалы көкірегінен итеріп келе жатқан қарсы жел астына аунап, бауырын желпіді. Манадан бері омбы қарға малтыққандай ауырлаған қол-аяғы енді-енді жеңілдегендей. Шапқалы бері көзінің үстіне бүк түсіп жатып алған зіл батпан да сейілейін деді.
Қалың баялышқа бұлар да ілікті. Жазық дөңге ойдым тоғай боп біткен қалыңның бір пұшпағы ұры бүйенденіп, созылып кетеді екен. Сол пұшпақтан аман шықса, бөрінің жал асып, адастырып кетері айдан анық. Ал енді баялыштан шықпай қалса, бұтаның ішімен ат шаба алмайды. Құла ат ұры жыраға бір шалғайлап, арғы бүйірден тиісті. Бөрі сасайын деді, елермендікке басты. Баялышты тастай беріп, бел асып кетпекке жанталасып, тіке ағызды. Өкпе тұста үстірттің тік құлайтын құз шыңы бар. Төтелеп салған соң, аттың атына болмаса, шамалыға шалдыртпай өрнек асып кетуіне болады. Ернекке бір іліксе, ар жағы бостан. Ат құлатпас ақ шыңның қарнау қолтығына түседі де, қияға өскен қара ағашқа, не қарнаудың өне бойында үңірейіп-үңірейіп тұратын кеуек үңгірлердің біріне паналайды. Құла ат баялышты орағытам деп жүріп бір қиян қалатын болды.
Иесі шабыс кермеген бұның өкпесін қысып тастамайын деп тебінбей, тақымын қыса береді. Бұл да құлақты жыма түсті. Көк жұлынның да белі ойыс тартыпты. Жал басына бұдан бұрын шықты. Алыстан көлегейлеп, көлденең түсіп жатқанмен аяқ қағар, өкпе өшірер өрі жоқ тегіс дөңес. Жалға бұ да ілікті. Бері қара үзіп кете алмапты. Алды көкжиекке барып кілт сүрінетін — қара үстірт. Ар жағы — өңшең құз. Жағалай шыңнан бөлініп шығатын аппақ-аппақ сеңгір тұмсықтар жер түбінен атой салып тұр. Бөрі байғұс бауырымен жер сызып бара жатқандай. Созылып шабады.
Бұның осы дүниеге келгелі тап осындай шабы қызып көрген емес. Көк бөріні тіпті тұмсығының түбінен көрген соң, еміне түсті. Ернектің ала бөтен желі бар-тын. Тұяқтарының арасы зуылдап кетті. Бөрінің кек шулан жонын анық көрді. Шабысынан танғысы келгенмен, бүйірін соғып қалыпты. Тек ернекке құлап кетпесе екен. Иесі тақымын жымып алды. Құлақ шекесінен мұздай тер шықты. Ернектің биігіне көтерілді. Ар жақтағы қара бауыр адырлар көрінді. Кек бөрі де барын салды. Бірақ бұл енді құтқарылмасына кәміл сенді. Тағыны таптап кетердей тым жақын келді. Аң ақырғы айбатын шекті. Мойнын бұрып ап, арс ете түсті. Шойындай зіл сойыл шекеден салып өтті. Бөрі анадай жерге омақата құлады, басын қайтып көтере алмай шоңқайып қалды. Бұл екпінімен зулап өтіп, анадай жерге барып, кері бұрылды. Иесі сойылын тағы бір сермеді. Қасқыр қираң етіп, біржола сұлады. Иесі секіріп түсіп, қынынан сапы суырды. Тұяғы қызған бұл тынши алмай, бөрінің үстіне қонжия қонған иесін айналсоқтап қыдырып жүр. Құла қасқа тіпті қара үзіп қалған екен, аңды сойып, терісін өңгеріп ап, қайтып келе жатқанда қарсы жолықты. Тапал сарының бөрімен ісі жоқ, бұның біресе алдына шығып қарап, біресе артына шығып қарап, ауылға жеткенінше ауыз жаппай қауқылдаумен болды. Қанша жыл астында жүрсе де, серігімен дін ашысып, тіл қатысқанын көрмеген бұның иесінің де бүгін тиегі ағытылыпты. Ауылға жеткен соң екі үйдің қатын-баласы да қасынан шықпады. Көрші қойшы ауылдардың кісілері де үсті-үстіне шауып келіп жатты. Ертесінде құдық басында да жұрттың қаумалағаны осы болды. Қойшы ауылдарды аралап жүрген тапал сары құдыққа ере кеп, бұның иесімен көп сөйлесті. Кетерінде жалын тарап, тұмсығынан сипады. Бұл болса бірнеше күнге дейін тақым еті жыртылып, тұла бойы алдыртпай зорға жүрді.
Бірде кешқұрым қойшының баласы бұны құдыққа апарып суарып қайтты. Белдеуде бөтен ат тұр. Бұл үй іргесіне жете бере қасына бөтен кісі ерткен иесі қарсы шықты. Бөтен кісі бұны көріп, қасына келді. О да алды-артына шығып көрді. Тұқшиып, шашасын, тілерсегін ұстады. Ерінен қақты. Қолынан бұған етене таныс, бірақ ұмыт бола жаздаған бір иіс шықты. Бөтен кісінің алақанын құшырлана иіскеді. Таныды. Саумал иісі. Құлын кезінде өзегі талып, көзі қарауытып кеткенде енесінің бауырына бас сұғатын еді, сонда басыңды айналдыратын осындай хош иіс аңқушы еді. Бөтен кісінің қолында бұл көріп жүрген адамдардан ала бөтен сол жұпар иістің сесі қалыпты. Әрине, енесінің бауырындағы иіс бұдан тым күшті, кеңсірігіңді тіліп жібере жаздайды, бірден басыңа шабады. Бөтен кісі бұның иесіне бірдеңе айтып күлді. Даусы да таныс. Сол қарлығып, қырылдап шығады. Е... баяғыда енесінің сауулы кезінде бұл ноқтасын жұлқылап, тыныш тұра алмаушы еді. Сонда ту сыртынан осы бір дауыс шығып, зекіретін. Басқа, мынау бөтен кісі бұның бірінші көрген адамы екен. Бұның тұңғыш сезген бөтен иісі де осындай еді.
Сөйтіп, Сейістің қолына қайта түсті. Ол ертесіне бұны жетегіне ап, қойшы ауылдан ерте аттанды. Айдалада оқшау отырған екі үйдің бар адамы сыртқа шықты. Бәрі де қия алмай қарап қалды. Үйдің оң жағындағы ши күркенің ішінде бұның тер иісі аңқып ер-тұрманы жатыр. Екі ит те біраз жерге дейін соңына ерді. Күн батыс беттегі қара дөңге жеткен соң, екеуі шоңқиып жол үстіне отыра кетті. Бұл артына бұрылды. Көз ұшында еміс-еміс бұлдырап екі үй қалып барады...
III
Сейістің үйі шоқы-шоқы қаратауды қақ айырып құлайтын бір қара қапы аңғардың табанында екен. Тау жақта сылдыр-сылдыр судың дауысы. Есіктің алдында анадай жерде оймақтай егіс жатыр. Олай қарай мал баласын аттатпайды. Түн болса сол ойдым егіс жақтан көк балауса иіс шығады. Сейіс баяғысындай құрық асынбады. Таңертең, сосын түс ауып, ыстық қайта қолына күрек ұстап егіс жаққа кетеді. Үйдің іргесіндегі келте желіде шабдар бие байлаулы, оның дәл өзінен аумайтын шабдар құлыны ноқтасын жұлқып тұр. Сейістің үйінің түрулі іргесінен әдемі саумал иісі аңқиды. Бұны келген күн-ақ, аңғардың ауызындағы кішкене тоғанның қасына өскен өлең шөпке тұсап жіберді. Тау жақтан екі жағасына жал топырақ үйген салма арық құлап жатыр. Арықтың үстін иісі мүңкіген түйе жапырақ басыпты. Астында күні-түні су сарқырайды. Өлең шөп, ағын су. Бұл үшін бір емін-еркін бостан дәурен басталды. Ешкім таң атар-атпастан ерттеп ап, қой қайыртпайды. Күндіз-түні ауылдың қасында, судың қасында.
Сейіс бұның жалынан асар-аспас бойы бар, жұқалаң сары кісі. Кішкене көгілдір көздері күлімдеп, әр сөзінің дәмін алып тұрғандай, ылғи жай сөйлейді. Аяғын да жай алып, жай басады. Қимылының бәрі майда, бипаз. Күні бойы күрек ұстап жүргенмен қолы жұмсақ, алақанындағы, саусағындағы күстеріне шейін шағып алмай, мұның мойнын, сауырын қыдықтай сипайды. Бұл мынадай мәпеге қапелімде үйренісе алмай жүрді. Қойшы ауылда жүргенде қыр арқасын ер қажаған, жауыры ақ қылшықтанып жазылып еді. Қолын соған апара ма деп, маңына жолап кетсе, дір-дір етеді. Сейіс бұны әлі тақымына тигізген жоқ. Арқасындағы, тірсегіндегі тоқым ойған, шөп жырған жарақаттарының бәріне де үшкіріп, әр түрлі шөп тағып еді, дәл қазір тұла бойында ауырсынатын жері жоқ. Сейіс күніне бір-екі рет келіп, о жер, бұ жерін көргеннен басқа салмақ салмады.
Терісі жылтырап семірейін деді. Енді-енді қазы жия бастағанда, Сейіс бұны шүйгін шөптен айырып алды. Киіз үйдің күн батыс қасындағы бұлтық-бұлтық бұжыр тастан қалай салған тәпелтек үйге кіргізді. Үстіне қыз-қыз қайнаған зілдей жабу жапты. Шілде тамызда көмілтіп қымтап қойды. Өне бойы тер алып еріп барады. Сирағынан су саулап, маңайының бәрі күңірсіп кетті. Сүйегіне дейін балқып бара жатқандай. Сейіс шара табақты баданадай-баданадай ақ жүгеріге толтырып әкелді де, аяғына дем түсер деп қорқып, шетінен алақанына сап, там-тұмдап асатады. Кейін жүгеріні шикілей емес, қуырып әкеп, ақ үлпілдекке байлады. Бірер күннен соң ағыл-тегіл тері тыйылды. Өне бойын ұсақ жабысқақ алып, дымданады да тұрады. Әлсін-әлі топатайға су қосқан сүт құйып әкеп қылқ-қылқ жұтқызады. Тойғыза жемдемейді, қандыра суармайды.
Кешкіғұрым бала мінгізіп, ауылдың алдындағы қоңыр жалға алып кетеді. Сейіс бір төбенің басына шығып ап қарап тұрады, бұл жын қаққандай жападан-жалғыз шапқылайды да жүреді. Әрлі-берлі шаптырып-шаптырып ауылға алып қайтады. Тер қатып қалады деп, сүмеңдетіп қыдырта береді. Баяғы қарны шермигенше астаудағы суды аямай ішіп, қоңыр шөпке құныға тиісетін қойшы торы күнін аңсады. Зілдей жабудың астында тұрып, мең-зең қалғып кетеді. Ен далада екі түтін қылт-қылт ұшып, оңаша отырған екі үй елестеді. Қызыл қаншық пен қара ала төбет шапқылап, алдынан шығып жүреді. Бурыл шолақ байғұс қасына мұның келгенімен шаруасы жоқ, басын жерден көтермей құнжыңдап жатады. Оянып кетеді — аузында жем дорбасы.
Бір күні Сейістің үйіне үш-төрт атты келіп түсті. Ыстық қайтқанша үйде жатты. Күн салқындаған соң, аттарына мініп, орталарына бұны алып, ауылдың алдындағы жалға тартты. Бәрі Сейістің қасында қалып, қарап тұрды. Бұл тағы да жалғыз шапты. Тақтайдай тегіс жазықтың үстінде жападан-жалғыз қылаңытып тұратын төрт құлақты сары там бар. Бұл сол сары тамға дейін үш рет шауып барып оралуы керек. Үш айналымның үшеуін де айналып келді. Шабандоз бала аяңдатып қыдыртып, суытып жүр. Сейістің қасындағылар қауқылдасып жатыр. Құла ат мінген тапал сары қайта-қайта кеудесін ұрып, көпіріп тұр. Енді бөрі бұған беттеді. Қолдарын таласа созып, жалынан сипады; шекелігін, көз аңғарын, танауын, алқымын, ернін, сағақтықты түк қалдырмай тінте қарасып шықты. Аттарынан түсе-түсе қалып, құйрығын, тірсегін, шашасын, қолтығын дым қалдырмай көрді. Біреуі, тіпті анадай жерге барып, қалпағы жерге түскенше еңкейіп, бұның шабына сығалап қарады,
Үш-төрт күннен соң Сейістің үйіне құла атты тапал сары далақтап тағы шауып келді. Атынан түспей дауыстап Сейісті сыртқа шақырды. Асығып-үсігіп әлдене айтты. Сонан соң мұның жанына кеп, көзінің алдын қасып, жалын тарады. Сөйтті де, келген ізімен кері қарай шауып ала жөнелді.
Ертеңіне Сейіс бұған бәйге баланы мінгізіп жолға шықты. Жатаған таудың бауырында көздері жылтырап, он-он бес тас үй тұр. Құбыла беттегі төбесіне қызыл ту байлаған біреуінің қасына келген соң, Сейіс бұны төбесі ызыңдап тұрған бағана ағашқа байлады. Сылағын жаңбыр шайған шабдар үйдің көлеңкесінде қауқылдасып отырған көп адам бұны көріп, орындарынан өре түрегелді. Ортасында тапал сары да жүр. Ол бұның қасына жетіп келіп, о жер, бұ жерін көрсетіп көпіріп жатыр. Бұтына жарғақ шалбар киген бір жарбиған шал мынау шуылдақ топқа қосылмай, анадай жерде осқырынып тұр. Дәріден босаған шыны шақшаның тығынын таңқ еткізіп ашып, тырнағына насыбай үйіп, танауына апара беріп, тапал сарынын сөзін шекесінен тыңдап мырс етіп қойды. Тапал сары бұған басын таңданып шайқаса, ол күмәнданып шайқайтын сияқты. Жұрт қайсысына иланарын білмей, екеуіне алма-кезек жаутаңдайды. Соның арасынша шабдар үйге кіріп кеткен Сейіс қайта шықты да, бұны ауылдың күн шығыс шетіндегі оңаша дарбазаға алып келді. Бұ жерде оны әбден желкілдетіп жасаулады. Сейістің алақанынан да жұмсақ жаңа жабу сауырын қыдықтайды. Түс қайта ішінде тапал сары мен Сейіс бар төрт-бес атты бұны ортаға алып тағы да жол шықты. Көшеде жүрген, үйлердің көлеңкесінде отырған көп адам тұра қап қарайды, таңырқап бастарын шайқайды. Тап соларға не қыла қойғанын кім білсін, ауылдың шәуілдек иттері де көп дүбірге өре түрегеліп, жалп-жалп үріп жатыр.
Олар жарты күншілік жол жүріп, Қаратаудың бір әсем қойнауына жетті. Әр жер-әр жерде әсем көгеріш, ағып жатқан суы да мол. Кең қойнауға қатар-қатар тізіліп ақ үйлер тігілген. Үйлердің маңы жер қайысқан халық; жылқы баласы да жетерлік. Бұның алдынан төрт-бес адам жүгіре шығып, ауылдан оқшау қойнау көгалға алып кетті. Түні бойы Сейіс бастаған бір топ адам төңірегінде жүрді. Таңертең жиын басталды. Ауылдың желкесіне орнатылған үстіне шымқайы қызыл мата жабылған ағаш тұғырға шошайып-шошайып он шақты адам көтерілді. Ішінен қалқиып қалпақ киген біреуі ілгері шықты. Жұрттың дыбыры тиыла қалды. Ілгері шыққан көзілдірікті күжбан қара гүрілдеген жуан даусымен қолындағы бума қағаздың көп парағын бірінен соң бірін сырғытып аударып, сайрай жөнелді. Бұл аяғы талып қозғалақтай берді. Күжбан қара әлі сөйлеп тұр. Кенет жұрт ду қозғалды, құлағын жарып шатыр-күтір дыбыс шықты. Жалт қарады. Күжбан қара қағаздан көзін енді көтеріп, аспанға қарай бақшаңдап, әлденені айтып, айқай сап тұр. Бұның тұла бойына діріл жүгірді, құлағын қайшылады. Жұртта ес жоқ. Дуылдасып, бар алақандарын аямай-ақ сабап жатыр. Ілгеріге тағы біреу шықты. О да қолындағы бір жапырақ қағазды тұқшаңдап оқып берді. Жұрт тағы да шатыр-шұтыр шапалақ сабасты. Орамалы иығына түсіп кеткен бір әйел әлденені бастап келе жатыр еді, сөзін ұмытып, мүдіріп тұрды-тұрды да, қолын бір сілтеп түсіп кетті. Жұрт қыран-топан күлкіге батты. Алғашқы сөйлеген көзілдірікті қара қайта шығып, біреулердің атақтарын айтып, шақыра бастады. Аты аталғандар ағаш тұғырға шығып, көзілдірікті қолын алды. Ол әлгілердің омырауына жарқырауық моншақтар тағады, не қолтығына қағазға ораулы бірдеңе қыстырады. Олар екі езуі екі құлақтарында, ағаш тұғырдан түсіп келе жатады. Осы бір алабажақтан көзі бұлдырап, басы зеңген соң танауын желге бұрып, керіліп зәр жіберіп алды.
Жиын тарады. Аты барлар аттарына мінді. Жер қайысқан көп халық жапатармағай кең қойнаудың қақ алдындағы жазыққа беттеді. Балалар жағы қойнаудың бір ұшындағы тастақ төбешікке қарай жүгіре жөнелді. Әп-сәтте төбешіктің өне бойында ине шаншар жер қалмады. Сейіс бұны үстіне бәйге баланы мінгізіп, жұрттың алдына көгалдың үстіне жиылып жатқан үркердей бір шоғыр аттың ішіне апарып қосты. Қасындағы аттардың бәріне де бастарын орамалмен таңып алған, өңшең бір атқа жеңіл құбашап балалар мініпті. Бәрінің де тізгіндеріне жабысып ап, әлденелерді сыбырлап бір-бір шал жүр. Қарына қызыл байлап, ақ боз атқа мінген біреу кеп, шалдарды төбешікке қарай қуып жіберді. Ақ боз атты бұларды төбешіктің шығыс бетіндегі кішкене қызыл жалау көтерген адамдардың қасына келіп тұрғызды. Бұл айналасына алақтап қарай береді. Мына жұрт осыншама неге топырлайды? Әне бір алдына темір таяқ шанышқан адам, таяқтың басындағы жұдырықтай қара темірге аузын төсеп, неге өзеурейді? Үстіндегі бәйге бала тізгінін қайта-қайта тарта бергені несі?
Құлақ шекесін шымырлатып, әлдене зың ете қалды. Үзеңгі қағысып қатарында тұрған аттар алға қарай атып-атып шықты. Бала тебініп қалды. Өзге аттардың соңынан бұ да салды. Жұлынып бара жатқан бір ат. Таңертеңгі жым-жырт алқап төбеден тас бұршақ жауғандай дүрсілдеп кетті. Қапталындағы қалың жұрт ысқырып, гуілдеп жатыр. Басқа аттар ілгері кеуделеп, еміне береді. Бұл жырылып, оңаша қалғысы келеді. Төңірегіне топ-топ түскен тұяқтар жерге тимей, құдды бәрі жабылып бұның тас төбесін төмпештеп жатқандай, миы зеңіп барады. Үстіндегі бала тақымын қыса түседі. Оған қайта осы жақсы емес пе? Анау қара шаңыт қалың тасыр-тұсырдың арасында соншама өліп-өшкендей не бар дейсің? Аттар мұның ана қапталынан да, мына қапталынан да зу-зу ағызып, ілгері озады, әлі топ жазған жоқ. Бұның шамалыда бауыры жазылар түрі жоқ. Ілгерідегі қара селдір тозаң алыстаса екен деп келеді. Алдынан соққан өткір жел тұяқ ұшырған шаң мен топырақты, кейде түйдек-түйдек түйір саздарды айдап әкеп бетіне ұрады. Көз алды ашып, қышырлаған қиыршыққа толып, тұманданып барады. Дүниенің бәрі бұлдырап, лайытып кеткен. Жап-жаңағы көкпеңбек аспан да шаңға аунап тұрған аттың жабуындай сатпақ-сатпақ. Көз алдындағы лай бұлдыр ыдырар емес. Үстіндегі бала дегбірсізденіп, қозғалақтай береді. Әлде бұның шабысы жайсыз болды ма? Тақымын қыса түседі. Шап дейді. Көзі құрғыр бітеліп қалды. Мына бір қызыл шүберек көтерген адам мұнда не бітіріп тұр? Жаңа бір әзірде де осындай біреудің тұсынан өткен сияқты еді ғой. Қызыл шүберек көтерген адам бәйге балаға бірдеңе деп ақырды. Бала мұның мойнынан қолын созып, жұп-жұмсақ орамалымен кезінің айналасын сүртті. Көзі енді ашылды. Манағы қалың шоғыр ыдырапты. Бірақ әлі де екіден-үштен топ-топ болып барады. Шоғыр бытыраған соң әлгі жабағыдай ұйысқан ақ шаңыт та сейіліпті. Әр кішкене топтың соңында шүйкедей есілген шөкім тозаң бар. Ауа тазарып келеді. Бұның дені енді жайылайын дегендей. Алабажақ төбе алдынан шықты. Бір айналма бітіп қапты. Төбе басындағы жұрт тұсынан өткен аттың бәріне де бақырып-шақырып шулап жатыр. Серейген темір таяқты қылғындыра құшақтаған бір адам тарғыл даусын аямай созып, айқайды салып тұр. Әне бір көк атты кім? Сейіс қой. Аттың жолына ол неге осынша елімін салып ұмтылады? Қарына қызыл байлағандар оны кеудесінен итеріп, неге жібермейді? Бұл Сейісіне бұрылғысы келіп еді, үстіндегі бала көнбей қойды. Сейіс те бұған бірдеңе деп айқайлады. Жұрт ду күлді, ысқырды. Мына бір у-ду басын даң қылды. Қойшыторы кезінде бурыл шолақтың аяғы ақсап қап, шығырға бұны салғанда да басы дәл мынадай айналмаған сияқты еді. Гуілдескен алабажақ қалың топыр артта қалды. Үстіндегі бала тебіне түсті. Мынандай жерде тұяғы қызып, бауыры жазылып ат шаба алатын ба еді, тәйірі. Ың-жың. Ысқырған, ежеңдескен, бір-бірінің жағасына жармасып, керілдескен жұрттың не дейтінін, не талап ететінін еш түсіне алмайсың. Шіркін, баяғы бөрі қуған ала дөңін айтсайшы. Алаңдайтын ештеңе жоқ, тақымың жыртылғанша тартасың-ай кеп.
Тұла бойында бір тамшы тер жоқ, бедірейген қалпы. Әр нәрсеге бір алаң боп, басы қатқаннан ба екен... Үстіндегі бала аттардың жел жағын алуға тырысты, тақымын қыса түсіп, тізгінді босатыңқырап, «бол, шапсайшы» дегендей белгі қылады. Жел аңқи соқты. Екінші айналма да бітіп қапты. Алабажақ төбешік әлі даң-дұң. Соңғы үш-төрт атпен қапталдасты. Көп шуылдақ оң жақ шекесіне шегедей қадалып, миын жеп барады. Осы бір құмырсқаның илеуіндей құж-құж төбенің қасынан тезірек өтіп кетсе екен. Қарсы алдында құйрық тістесіп қос баран ат кетіп барады. Құйғытып олардың да жел жағына шықты. Өзара егесіп бара жатқан екі аттың екеуі де бұған қан толып қызарып келе жатқан көздерімен алая қарап, тозаңға малтығып қала берді.
Бұл ортада оқшау келеді. Қыз-қыз дудың көбі артта. Құлағы енді тыншыды. Манадан бері аңызақ құсап өрттей жаланған қарсы жел енді бойын шағып салқын тиді. Құлақ түбі шымырлады. Бойын буып келе жатқан тер қазір шығайын деді. Тағы да алдынан үш-төрт ат қабаттасқан үлкен шоғыр көрінді. Ең алдындағы екі ат әлі құйрық тістесіп жүр. Одан кейінгі жирен де үшінші қарақшының тұсына барыпты. Ілгерідегі үш аттың үшеуі де әбден бауыр жазыпты. Бала тағы да орамал әкеп, көзін сүртті. Тізгінін еркіне жіберіп, тыныш келеді. Алдындағы айғыр шоғыр да тым жақын қалды. Шоғырдың өкпе тұсындағы қылаң ат бұны жел жаққа шығарғысы келмеді. Қалың шоғырдың ішіне бұ да кірді. Топ-топ тұяқ дыбысы. Қасарыса итерген жел бұрынғыдан да күшейе түсті. Көзін жұмып алды. Екі жағындағы дүңк-дүңк дүрсіл бірте-бірте шегінейін деді. Кеудеден итерген жел де бәсеңдепті. Тек қылаң ат қана құйрық тістерге келіп қапты. Бәйге бала сауырын қамшымен тағы бір сипап өтті. Құлағын жыма түсті..
Таң атқалы құлақ шекесінде гуілдеп келе жатқан жел астына ауды. Аяқтары да дыңылдап жеңіл сезілді. Тұла бойында сіресіп тұрған қалың зіл ыдырай бастады. Төңірегіне көз салған жоқ. Сарғыш жолақ... Көкшіл жолақ. Қара қошқыл жолақ... Ала теңбіл жер астында шыр айналып қалып жатыр, қалып жатыр. Әлде бір уақытта дәл көзінің түбінен бір жирен ноқат зу етті де, ғайып болды. Оң құлағына тағы да гуілдеген үн жармасты. Ол тарапқа көз салған жоқ. Үшінші айналма да бітіпті. Бәйге бала бұның жас толып, бұлдырап кеткен көзін сүртіп, құлағының түбін қасиды. Бұл сонау ту-ту алыста, көз ұшында кетіп бара жатқан екі ноқатты байқады. Олардың арасы әлі алшақтай қоймапты. Бірақ манағыдай емес, қаралары дараланыпты. Екі озғын ноқат үшінші қарақшыға таяп қалыпты.
Бірақ сол екеуінен озсам екен деп, өкпесі өшіп келе жатқан бұл жоқ. Манағыдай емес, басы да сейілді, өзінің шапқанын жерге тек жанай тиіп, жанай тиіп қалқып бара жатқан ұшқыр тұяқтарын, қауырсындай жеп-жеңіл денесін қызықтап, рақаттанып келеді. Бұған тек осындай бостан дала, аяғыңа жығылып, шабыңнан өбер майда самал болса болғаны. Ешкіммен тайталаспай-ақ, ешкімнің шаңын жұтпай-ақ өзімен өзі боп, сауырын жібектей сипаған бейпаз жел мен тұяғынан көтеріп, шашасын сүйген саф ауадан ләззат алып шаба береді. Гүж-гүж ұрыстың да қажеті жоқ. Бұны тек шаптырса болды. Баяғы құлын кезінде де шабысқа құмар еді. Қойшыторы тірлігі бұның бойына туа біткен сол құштарлықты, шөлдегенде су тілегендей, қарны ашқанда жем тілегендей, ара-тұра қаны қозып елегізгенде құмарын тарқататын шабысты ұмыттыра жаздапты. Өткенде ойда жоқта жолығып, ажалын бұдан тапқан аң тұқшаңдаған тұғыр мінезден құтқарып, тамыр-тамырына сарысу ұйытқан самарқау қанды қайта қоздырып, жаратылысына біткен ата құлық, түс мінезіне қайта табыстырды. Енді, міне, құлағын тігеді: дүрс-дүрс... дүрс-дүрс... Бұл не үн? Әлде жерге топытып үсті-үстіне түсіп жатқан тұяғының дүбірі ме, әлде өне бойына қан айдап, мынау дарқан тірліктің, даңғыл даланың ләззаты мен жұпар ауасын жұтқызып келе жатқан тіршілік басы — жүрегінің дүрсілі ме — айырып болар емес.
Бұ шабысына баланың да көңілі бітіп келе жатқан түрі бар, тып-тыныш. Төртінші айналымның да бел ортасынан ауды. Таң атқалы біресе артында қап, біресе қапталынан жалт-жұлт көзге түсіп келе жатқан алабажыр төбешік енді алдына шықты. Соңында жақын жерде дүсір жоқ. Шамасы бұл да қара үзіп кетпесе керек. Алдындағы екі ноқат әлі алыс. Дегенмен екі аттың түр сипаты айқындалып қалды, соңғысы баран ат, алдыңғысы бозараңдайды — не бурыл, не ақ боз. Бала сауырынан тағы да бір сипады. Алабажыр төбешіктің айқай-шуы естілді. Алдыңғы ақ боз қара үзе түсті, соңғы баран құрық тастам жерге келді. Жұрт у-ду. Айқай. Ысқырық. Алдыңғы екі аттың үстіндегі балалар қамшыларын көтеріп, қызыл жалау көтергендердің тұсынан ағызып өтті. Бұл баран аттан бір кеуде кейін етті. Бәйге балалар тізгін тежеді; аттар біраз жерге дейін текіректеп барып, аяңға зорға көшті. Боз баран кілт бұрылып, бәйге төбеге беттеді. Бұл болса, анау ызы-қиғы алабажыр жиынның айқай-шуына әлі беттей алмай жүр. Тапал сары мен Сейіс бұған қарай далақтап шауып келеді. Келе шылбырынан сүйрелеп төбеге қарай жетектеді.
IV
Бәйгеторының өмірінде бірінші рет шапқан бәйгесінде екі аттан кейін келген хабары ауылға өздерінен бұрын жетіпті. Қырат басына шыға келулері-ақ мұң екен, шабдар кеңсенің қасындағы қара-құраң көбейе түсті. Кеңсеге жақындай бергенде, жұрт топылып алдарынан шықты. Бәрі де көздері жылтырап, ентелей қарайды. Тапал сары құла атын тебініп, тағы да ілгері озды. Жолдың шаңы қонып сатпақтанып қалған тор-тор қағанақ қалпағын қолына алды. Ұшын уысына жиып ұстаған шолақ қамшысын ербеңдетіп саулай жөнелді. Жұрттың аузы аңырайып қалған. Көмекейлеріне бөгелек кіріп, шағып алса да білер емес. Анау күні осқырынып тұрған жарғақ шалбарлы жапырық шал бүгін шыны шақшасының тығынын ашпаған күйі елтіп қалыпты. Бұның белі талып, тыпырши берді. Сейіс серіктеріне жүрейік деген рай байқатты. Бұлар жүріп кетіп еді, қалың топыр құдды бұл алтын тезектеп бара жатқандай соңынан көз ала алмай қарап тұр. Кеңседен бес-алты қалпақты шығып атқа қонды. Тапал сары көшені бойлап ауылдың екінші шетіне қарай шауып ала жөнелді.
Бұлар кеңсенің көлеңкесінен аттанған бес-алты аттыны ертіп, Сейістің ауылына беттеді. Жалғыз үйлі Сейістің ауылына енді жете бергенде жал басынан құла ат та қылтиды. Бұлар үйдің ту сыртына келіп, енді қаңтарылып жатқанда о да жетті. Тапал сары аттан секіріп түсіп, ердің басынан сылдыр еткізіп бір қалтаны ап, бәйге баладан үйге беріп жіберді. Үйдің іші абыр-сабыр. Қауқылдасқан әңгіме көбейді. Бұл бес-алты аттың ортасында белдеуде қалды. Қалпақтылар қайта-қайта қарқ-қарқ күледі. Гүрс-гүрс піскен сабаның даусына ілесе, түрулі іргеден қымыздың хош иісі аңқиды. Сырты күйе-күйе кебеже қарын пұшық шайнек мосыға ілінді. Үйден енді сырт-сырт сусып түсіп жатқан қағаз дауысы шықты. Бәйге бала белін шешпестен үйдің желкесіндегі тауға көтерілді, ұшпа тастың көлеңкесінде жатқан қозы-лақты үркітіп, ішінен құрт мүйіз қоңыр марқаны ұстап ап, бері сүйреледі.
Қозы сойылып, қазанға түсті. Қара шайнек сарқылып, дастарқан жиылды. Үйден дың-дың домбыра үні келді. Бұның белі сонда шешілді. Ерін алып, желең жабумен тау жақтағы қалың шидің ішіне тұсап жіберді. Бәйге болған жерде екі-үш күн жатып суытылған. Ырду-дырдудан құлағы босап, отқа тиісті. Шидің арғы басынан, аңғардың ауызғы қалтарысынан жылқы пысқырды. Шабдар құланның шіңкілдеп кісінегені естілді.
Бұл су ағып жатқан арыққа беттеп жайылды. Жылқының пысқырғанын естіген соң асыға шапшыды. Қалтарыс жартастың арғы тасасында шабдар бие көлеңкелеп тұр екен. Бұны көріп о да ұсақ тастарды шақұр-шұқыр құлатып, төменге беттеді. Шабдар құлын шабын түртіп қайта-қайта мазасын ала берген соң, кілт бұрылып, тісін ырситып, осқырынып қояды. Бұның қасына жетті. Кекілінің арасында зыңылдап жүрген бөгелектен қашып, бауырына тығылды. Бөгелек шым еткізіп шағып алғанда, шабдар бие сарт ете қалып, тісімен жасқап үркітіп жібереді. Бөгелек оған қонса бұл қуады, бұған қонса ол қуады. Үйірден ажырағалы жылқы атаулының маңына жақын келіп тұрғаны осы. Шолақ бурыл өліп бара жатса да бұған жоламайтын. Сейістің қолына келгесін де алғашында мұның қарамен ісі болған жоқ, кейін күні-түні байлаулы тұрды, бәйге баланың тақымынан түспеді. Желіде жатқан шабдар биені күнде көріп жүргенмен, маңына жолауға мұршасы болмады. Шабдар бие бірер ғана құлындаса керек, балғын мүсінін әлі жоғалтпапты. Бұл сауырына басын салып еді, жып-жылтыр жоны дір-дір етті. Бұл жып-жылтыр, жұп-жұмсақ бауырдан басын алып кете алмады. Тұмсығына көптен сағына аңсаған, енді болмаса ұмыт бола жаздаған бір таңсық иіс келіп, басы айналды. Шабдар бие де бөгелекті үркіткен сайын бұның сауырын жып-жылы ернімен жұмсақ ұйпап өтеді. Әлсіреп тілерсегі қалтырады, бойына сүйек-сүйегін үгіп бара жатқан жұмбақ діріл жүгірді. Биенің шабын түрткілеп жүрген шабдар құлынды тістелеп, былай қуып тастады.
Соңғы кезде бұның шабдар биеге тым үйірсек болып кеткенін Сейіс те байқап қалыпты. Шабдар биені тау үстіне тұсап жіберіп, бұны үйдің қасындағы шиден шығармады. Бұрынғыдай емін-еркін жайыла алар емес. Ара-тұра басын көтеріп, аңғар бойынан ескен тау самалына танауын тосып, шабдар биенің таныс иісін іздейді. Сейіс соның бәрін аңдып, біліп жүрді. Бір күні ол тағы атқа қонып, бұны жетекке алды. Жылқышы ауылға әкелді. Жылқышыға бұл туралы ұзақ әңгімелейді. Түс қайта атына мініп, ауылына жалғыз қайтты. Жылқышы бұны жетелеп әкеп, жылқыға қосты. Көк құрақты күрт-күрт сындырып жатқан көп үйір бұған таңырқай қарасты. Екі-үш күнге дейін шеттеп жайылды. Көп жылқы нені істесе, соны істеді. Көп жылқы жөңкіліп суға құласа, мұның құдайы береді. Ағызып алдына шығады. Жер тағы да сар жолақ, көк жолақ боп, тұяғының астында шыр-көбелек айналады. Көк желкесінде — кеп дүсір. Бұл дүсір жақындаған сайын құлағын жыма түседі. Екі-үш күннен соң үйір бұған үйренісейін деді. Әуелі бұны жабағы тайлар төңіректеді; келе-келе кейбір мама биелер де қасына жайылып қалатынды шығарды. Ондайда қазанбас бурыл айғыр анадайдан азынап кісінейді. Жабағы тай жағы жымып, бірден зыта жөнелді. Сары қарын самарқау биелер көп селт ете қоймайды. Ондайда бурыл айғырдың өзі осылай салады. Әлі күнге жылқы баласымен кіржіңдесіп көрмеген бұл кіжініп келе жатқан айғырды көргенде, тайқып шыға береді. Бурыл айғыр соңына түсіп қуаламайды; сес көрсетіп кісінейді де, биелерді қайтадан үйіріне қуып тығады.
Қойшыторы болып қалған бұл сәуріктік жасап, бурыл айғырға азу көрсете алмай жүр. Соны байқаған жылқышы кейде жылқы қайырғанда бұны екі-үш биемен бөліп тастап кетеді. Бурыл айғыр азынап қоя берсе, бұл серіктерінен тағы айырылып қалады.
Күндер өте берді. Мынау көп дүсірден жылқылардың ызы-қиқы шұрқырынан да жалықты. Саяқ күнін сағынды. Сауырын, жалын сипаған жұмсақ алақандарды аңсады. Аңғар бойының салқын суы, өлең шөбі, самал желі есіне түсті. Шабдар биені көргісі келді. Әдемі сауыры бұлт-бұлт етіп қасында жайылып жүрсе, шіркін. Аяқ астынан жылқы пысқырды. Басын көтеріп еді, үйір анадай жерде тепсеңде жатыр. Бурыл айғыр ойпаңға шыққан қалың құраққа сұғына кіріпті. Бұған бір дөнежін бие ілесе жайылып келеді. Бұл оның қасына келгенін тосып, жайылып тұра берді. Боз дөнежін құрақты сырт-сырт құлатып, жақындай түсті. Бұл оң қапталында қалып бара жатқан қалың құраққа бас салып еді, боз дөнежіннің де көздеп келе жатқаны сол екен. Бастары түйісіп қалды. Боз дөнежін құраққа таласқан боп, сүйкеніп өтті. Бұның да еріні ұп-ұлпа. Бұның да әлі құлын мүшесі қаз-қалпында; сауыры да шабдар биенің сауырындай жып-жылтыр. Бәйгеторы басын жерге салмай, боз дөнежіннің шоқтығына сүйкенді. Дөнежін тісін көрсетіп, бәсең оқыранып, шөпке тиісе берді. Бәйгеторының ерніне биенің сауыры жібектей тиді. Басын салып тұрып алды. Дөнежін де басын құрақтан көтеріп, бұның жалын қасыды. Сол-ақ екен сауыры қарш ете қалды. Боз дөнежін ытқып кетті. Соңынан бурыл айғыр қуып берді.
Содан былай бұл қалың жылқының ішінен ылғи боз дөнежінді іздеп жүретін болды. Боз дөнежін де үйірсек боп барады. Бурыл айғырдың көзін ала беріп, бұған қарай ығыса жайылады. Көріп қалса болды, бурыл айғыр да атой береді. Тістесіп қалып, тебісіп қалып жүргендері болмаса, әзір шындап шайқаса қойған жоқ.
Жаз өтті. Қоңыр күз түсті. Бұл енді бурыл айғырдан көп қаймыға бермейтін болды. Боз дөнежін жайылып жүрген жерге шауып жетіп барады. Айғырдың әбден зығырданы қайнап жүр. Бүгінде бұған тиіспей дөнежінді қуалайды; сәл шет шықса үйірге қуып тығады.
Алакөздік оларды ақыры шайқастырып тынды. Бурыл үйірдің соңында тісі сарғайған кәрі айғыр екен; кейінгі кезде үйіріне ие бола алмай, қырқылжың қыршаңқыға айналыпты. Күні-түні азынап жүргені, Құлын-тайлармен де тістесіп қалып жатады. Үйіріне бұл келгелі тіпті дегбірі кетті. Бірде құдық басында астауға сыймай шетке шыға берген боз дөнежінді шайнап тастады. Бұрын ол бурыл айғыр өз үйіріне не істеп жатса да араласпай шет тұратын. Боз дөнежіннің құлындағы даусы құраққа жетіп, шыңғырғанын естігенде шыдай алмады, көзінің алдына лықсып кеп тентек қан теуіп өтті. Астауды тастай сап, көп жылқыны кимелеп барып, бурыл айғырды шоқтықтан ала кетті. Тісі қарш етіп қатты тиді. Ерніне жылымшылап, ап-ащы қан ақты. Тыжырынып аузын тартып ала беріп еді, бір уыс жал аузында қапты. Бурыл айғыр да бұның шоқтығына жармасты. Бұл аспанға шапшып, бүйірден теуіп еді, кәрі айғырдың қаусап тұрған жағы қайдан шыдасын, аузынан шығарып алды. Бұның көзіне қан толып, алдындағы бурылға бас-көз демей тісті салып өтті, айлакер кәрі табан астында тайқып кетті де, адуын айғырдың ту сыртынан орағытып, құлақ шекеге бас қойды. Құлағын қайзалап жатыр. Бұ да жан-дәрмен басын кекшеңдетіп бурылдың жақ сүйегін сақ еткізді. Әлсіз тіс құлағын жұлып әкете алмапты. Бірақ, оң жақ шекесі бебеулеп барады. Сол екі ортада жылқышының ақырған дауысы шықты. Қауғасын шошаңдатып, қасына келіп еді, көзіне қан лықсып, долырып алған бұл қарамады. Жылқышы сауырдан сабап, жалма-жан арашалап алып бара жатқан бурыл айғырды қыл құйрықтан жоғары тағы бір тістеп қалды.
Етіне жарақат түскен соң, бұрын төбесіне тау құлап жатса да мыңқ етпейтін бұл қатты ашынды; өне бойы қалш-қалш етіп, төңірегіне де көз салмапты. Құла ат мінген тапал сары мен Сейіс келіп тұр екен. Тапал сары жарақаттарын ұстап көріп, күйіп-пісіп, әйкелде тұрған жылқышыға жұдырығын түйіп, шыжбалақтап жатыр. Сейіс жайбарақат. Қайта «Осынысы дұрыс болды»,— дегендей ыржиып күле береді.
Бәйгеторы бұ жолы үйірден ызалы кетті. Сейістің жетегінде бара жатып су басындағы бурыл айғырға кіжіне кісінеді.
Сейіс сол алып қайтқанынан бұны екі ай жаратты. Екі ай бойы бәйге бала мен мұнда тыным болған жоқ. Шабдарды кеңсенің көп қалпақтысы бірінен соң бірі кеп көріп кетіп жүрді. Сейіс бұны бұрынғыдай оқшаулап баптамай, көбіне көп атқорада ұстады. Кейде бұны бөлмесінен оңаша алып кетіп, көп жылқының ішіне апарып қамайды. Қазір жылқы көрсе қасына барғысы кеп емешегін үзбейді, қайта қыржыңдап, шамданып қалатынды шығарды. Сейіс те ол қасындағы серіктерімен шекісіп қалса, ұрсып, жасқамайды, қайта кішкене көгілдір көзі күлімдеп разы боп қалады.
Он шақты тас үй асығыс ағартылды. Шабдар кеңсенің төбесіндегі күн жеп оңып кеткен шүберек алынып, орнына нарт қызыл ту ілінді. Кеңсенің қасындағы үйлердің де әлекей-күлекейі көбейді. Ауылдың қара-құрасы да мол. Осындай абыр-сабыр күндердің бірінде атқораға тапал сары бас сұқты. Қасында екі әйел бар. Олар мұның о жақ, бұ жағын бір-бір қарап шықты да, анадай жердегі сабанның үстіне барып отырып алды. Тапал сары қойынынан ақ жылтыр мата суырды. Екі әйел матаны тістеріне алып дар-дар жыртты. Тапал сары жалтыраған жаңа жабуды бұның үстіне өз қолымен жауып көрді. Сосын оның бұ жағынан бір, о жағынан бір сығалап, қыдыңдап біраз жүрді.
Ертеңіне бұл тағы да қасына көп қошаметші ертіп, көшеге шықты. Тізгінді тапал сары Сейіске бермей, өзі алып жүрді. Жаздағы жарбиған қалпағын тастап, басына көк елтірі бөрік киіпті. Үстінде де су жаңа сырт киім. Мойнындағы қара кенеп дорбаны да күндегідей қалай болса солай емес, сәнмен асыныпты; құр бауын еш жерде бұралтпай, дәл қамшылар жақ мықындығына тастапты. Сағағына жалтыр сақина салып, шашақтап тастаған қамшыны жұрт көрсін деп құланың сауырына тигізбей, әуеге қалқытып, жанай сілтеді.
Бұлар кештете екі таудың арасынан бақшаң ете түскен кішкентай аппақ қалашыққа жетті. О да қып-қызыл, үй болса — төбесінде бір ту. Ертеңіне сәскеде бәйге басталды. Ақ шаңқан қаланың алды әр жер-әр жерінен бір кездегі тастақ жотаның тұқыл жарықшақ тастары қылтиған жар қабақ екен. Жар қабақ пен қаланың арасы мидай тегістік. Бұларды алып келгенде жар қабақтың үсті адамға лықа толыпты; иісін бұрқыратып машина да көп келіпті. Бұрын қарасы көрінгеннен үркуші еді. Қазір тұмсығы жыбырлай берген соң, қасындағы машинаның бір теміріне сүйкеп-сүйкеп алды. Бәйге аттар бөлініп ортаға шыға бастады. Сейіс бұны да соларға қарай жетеледі.
Бұ жолы көтермеде тұрғандардың саны көп, арасы да алшақ-алшақ. Бәйгеге шабатын аттардың қарасы да өткен жолғыдан молырақ. Қоңырау қаңғыр етті. Бұл суырылып алға шығып еді. Бәйге бала тізгінді тұқыртып келеді. Әлі топ ыдыраған жоқ. Жан-жағынан зуылдап бөтен аттар өтіп жатыр. Күздігүні түгінен айырылып, тыр жалаңаштанып қалған жас қуаң жер көп тұяққа төтеп бере алмады. Бұрқ-бұрқ шаң көтерілді. Бір шаңқан боз шаншылып ілгері шықты, одан кейінгі кеп дүсірдің ішінде бұ да бар. Екі жағындағы ерең-серен көп сирақтарды жаман көзімен атып-ақ келеді. Бірақ бәйге бала тізгінді жіберер емес. Екі көтерменің тұсынан өтті. Баланың сол селсоқ қалпы. Бұ да өлімін сатып ұмтылмайды. Соңында келе жатқан бір-екі ат зуылдап ілгері озды. Аттың алды бәйге төбеге қайтып барды. Бәйге төбе дүр сілкінді. Міне, бұ да ортада оқшау шауып өтті. Жұрттың көзі әлі де бұдан екінші айналымға кеткен аттардың соңында. Бәйге бала әлі еш белгі бермеді. Бұ да бұрынғы шабысынан үдеген жоқ. Тағы да екі-үш шаң боратып өтті. Аттың алды ту сонау көз ұшында. Бәйге бала тырп етпейді. Бұның соңындағы қалың дүбір де жақындап келеді. Әне бір оқшау дүбір тап мұның құлағының түбінен шықты. Шелтеңдеген бір қызыл ат атанақтап озып барады. Қап, мына жаманның құтыруын-ай! Сирағы да сирақ емес екен. Жерге бұлғақтап ауып-ауып түседі. Құлағын жымып, басып озайын деп еді, бәйге бала жібермеді. Өткен жолы үсті-үстіне тақымын қысумен болған, бүгін тіпті жайбарақат қалғып келе жатқаннан сау ма өзі?
Бүгін бойы жеп-жеңіл. Басын қоя берсе, көсілер еді. Тағы да бәйге жақындап қалыпты. Алдыңғы шаңқан боз өткенде жұрттың бәрі жыртыла айқай салды. Озған аттың тұсында жан алар келгендей ышқынған дауыстар кейінгі аттардың тұсында түсініксіз балдыр-бұлдырға айналды.
Бәйге бала әлі тақым қимылдатқан жоқ. Бұдан әрі шыдай алар емес. Тойтаң-тойтаң тапырақтап бара жатқан шелтеңбай қызылды қуып жетті. Шәлтік қызыл да қалысқысы келмеді, ауыздығын шайнап, біраз тайталасты. Бірақ қысқа адым, келте топшы қанша жанталасқанымен бола ма, қайраны құрып, ақыры қалды.
Ол енді алыс қалды. Алдында кетіп бара жатқан үш атты шоғыр да быт-шыт ыдырады. Бәйге баланың тақымынан болар-болмас қимыл сезілді. Бұ да үдей шапты. Алдындағы үшеуге де шаң асатып кетті. Тағы да аттардың құйрық үзіскен оңаша арасына түсті. Бала тағы да жайбарақат тартты. Енді бұның алдында бес-алты ат бар. Алдыңғы шаңқан боздың соңына бір жирен емініп түсіпті. Одан кейінгі аттардың да шабысы тың. Сыр бере қойғаны байқалмайды. Үшінші айналым да бітті. Шаңқан боздан бір кеуде кейін жирен келе жатқанын көрген соң, жұрттың у-дуы бұрынғыдан да күшейіпті. Жыртыла айқайлап, ысқырып, дуылдап жатыр. Осынша көп жылқының сауырын сабындап сабылтқанда мына екі аяқтыларға керегі де осы шығар.
Жұрттың дуын естіген соң жиреннің де арқасы қозды. Жиреннің шабысы бұрынғыдан да ширай түскенін көріп, төбеде тұрғандардың тіпті есі қалмады. Мұның миы дыңылдап кетті. Айналым тіпті ұзақ екен. Үшінші айналымның өзінде сыр алдырғандар көп. Кейбіреуі жол-жөнекей жайылып қалды, енді біреулері тек қараға сан боп, бөксе сүйретіп барады. Бәйге бала қопаңдай бастады. Таң атқалы бұл маңдайынан итерген желді омыраулап кесіп келе жатқан. Енді тұяқтарын жел кеуледі. Манадан бері әр ноқатына дейін ап-айқын жатқан бұлдыраған шексіз жолаққа айналды. Төртінші айналым да бітті. Қарақшының қасынан тағы да зулап өтті. Көзінен жас енді парлады. Бала орамалын әкеп сүртіп қойды. Алдында үш ат бойы жерде бір құла қасқа кетіп барады. Одан арман шаңқан боз. Қазір алға жирен шығыпты. Артта шамалы жерде дүсір жоқ. Бала тізгінді әбден еркіне жіберді. Міне, құла қасқамен қатарласты. О да мықтап шауып келеді екен. Желі бұны бүйірінен теуіп ұшырып барады. Бұ да барын салды. Қапталынан қасарыса итерген қайсар желден құтылды.
Бәйгетөбе шуылдап тағы артында қалды. Алтыншы айналмаға кетті. Бәйге басындағы бәсекелес екі ат бұдан көш ілгері жүр. Әп дегеннен алдан түспеген шаңқан боздың шабы созылып қалғандай. Бірақ шабыстың жылқысы екен. Алдына ат түсіп кеткенмен сыр алдырмай барады. Аяқ алысынан әлі жаңылысқан жоқ. Бұл әлі маңайлай алмай келеді. Тұмсығын желге төсей түсті. Бала орамалын көзіне тағы әкелді. Шаңқан боз жиренмен тағы да құйрық тістесіп қалыпты. Екі жылқының есегін көріп бұ да кіжінді.
Ап-ашық айнала су түбіндегі нәрседей алашабырланып, бұрынғысынан да бұлдырай түсті. Бәйге төбенің айқай-шуы құлақ жарып барады. Енді бұған да қошаметші көбейіпті. Бұл өткенде бақырған, ысқырған дауыстар күшеймесе, бәсеңдеген жоқ. Жетінші айналымға кетті. Бұлдырап көрінсе, алдындағы тайталас екі аттан көз жазып қалмауға тырысты. Әне шаңқан боз қайтадан жиренмен қапталдасты. Тек құйрығы кейін. Қатарына барды. Мойыны озды. Енді құйрықты жирен тістеді. Бұ да құлақты жыма түсті. Кеудеден соққан жел барған сайын күшейіп, қырындатып алып барады. Арасы тақау қос атқа бұ да жетіп қалды. Бала жел жақты ала шапты. Көз алды бұлдырап, лепіре тасып жатқан лай ағынға айналды. Бәйге төбенің дуылы тағы да қақ маңдайына шықты. Бала тағы да көзін сүртті. Алдында ат жоқ. Жалғыз келеді. Көк желкесінде күшті дүсір бар екен. Артына түскен екі аттан әлі алыстай қоймапты, құлақтың түбінен шым-шым мұздай тер шыққанын енді байқады. Міне бәйге төбемен қапталдасты. Соңындағы екі аттың дүсірін тыңдап құлақ түріп келеді. Артынан ат емес, бәрі қуып келе жатқандай қатты қорықты. Екі аяқтыларда ес жоқ. Жан ұшырып айқайлап жатыр. Қызыл жалау көтергендердің тұсынан ағып өтті.
Елдің айқай-шуында есеп жоқ. Бәйге бала бұны анадай оқшауға апарып суытқалы қыдыртып жүр еді, қара нөпір халық жолдағы қолына қызыл байлаған көк жағалы адамдардың есін кетірді. Ат мінгендердің бәрі алынып-берініп бұған ұмтылғандардың жолына тосқауылға тұрды. Не істегелі жүргендерін анық білмегенмен, бұл жолы олардан бұрынғыдай сескенген жоқ. Мынау ызы-қиқы, қым-қуыт, айқай-шу да, алабажыр топ та бұрынғыдай басын даң қылмады. Қайта құлағына жағып бара жатқан сияқты.
Бір кішкене машина толы адам зулап кеп мұның қасына тоқтады. Секіріп-секіріп түсіп жатыр. Қолында көзі жалтыраған бірдеңе ұстаған бармақ мұртты біреуі бұны шыр айналып жүр, ана жерге тоқтап та бір шырт еткізеді, мына жерге тоқтап та бір шырт еткізеді. Машинадан түскендер бәйге баланың шылбырына жабылып, бірдеңе қолқалайды. Бала не істерін білмей артындағы қалың топ жаққа айқай салды. Тапал сары Сейісті қолынан жетелеп бұған қарай екі етек боп шауып келеді. Мойнындағы қара кенеп дорбасы санын сабап келеді. Тапал сарының онымен шаруасы жоқ. Енді әлгі кісілер баланы тастай беріп, тапал сарыға жабысты. Олар бірдеңе сұрап еді, тапал сары миығынан күліп, рақаттанып қалды. Шыртылдақ темірі бар кісі де соған жүгірді. Келе тізгінді тапал сарыға ұстатып тұрғызып қойды. Қалған жұртты кейін ысырды. Өзі темірін сығалап анадай жерге шегініп кетті. Машинамен келгендердің ішіндегі келте шашты келіншек тапал сарының алдына түсіп кеткен қара кенеп дорбасын түзеп, бір қапталына шығарып қойды. Сығалап жатқан кісі тағы бір сырт еткізді. Енді тапал сарының орнына Сейіс тұрды. Жарғақ құлағы от боп жанып, қысылып-қымтырылып, жан-жағына жалтақтай береді. Енді қасында тұрған адам бәйге баланы жерге түсірді.
Мұның үстіне көзінде көлтабандай көзілдірігі бар бір жуан қарын қос қолтығынан төрт жігітке деметіп, ырсылдап күрсілдеп зорға мінді. Бармақ мұрт оны да бір шырт еткізді. Одан кейін әлгі келте шашты келіншекті бір еркек лып еткізіп көтеріп әкеп, ер үстіне қондыра қойды. Жылтырақ темір тағы да шырт етті. Бір машина адам бірінен соң бірі мініп түсіп жатыр. Жылтырақ темір де үсті-үстіне шыртылдай береді.
Бұл жалығып кетті. Тыпыршып, Сейіске қарай бір оқыранып қойып еді. Екі аяқтылар да қызық халық қой, құдды әкесі ақырып, жасқаншақ боп қалған балалардай бұдан қымсынып, кейін шегіне берді.
Бұның бәйгеден озғанына қуанбаған кісі жоқ. Кейбіреулер шапқанын керсе бір сәрі; сырт қарасына-ақ ғұмыры жылқы көрмегендей бас шайқап, таңдай қағысты. Бәрінен де тапал сарының қуанышында шек жоқ. Бір күні Сейістің үйіне тағы да тасырлатып шауып келді. Екі езуін жинай алар емес. Қолында бірдеңе ағараңдайды. Анадайдан әлдене деп айқайлап келеді. Келе Сейіске жабыса кетті. Қолындағы тоқымдай шұбар қағазды жайып жіберді. Қағаздың қақ ортасындағы тайдың тұяғындай қара таңбаны көрсетіп, аузы жалпылдап сөйлеп жатыр. Сейістің де көзі күлімдеп кетті. Үйден әйелін шақырып, оған көрсетті. Тапал сары қағазды қолдарынан жұлып ап, бұған әкелді, сатырлаған даусынан жасқанып, басын қашырып тек иіскеп көріп еді, одан Сейістің үйінің белдеуінде ілулі тұратын қи майы құйған қара шелектің иісі шығады екен.
Енді бұл өңірде ат шаптыратындай шаруа шыға қалса, алдымен бұның Сейісіне хабар тиеді. Жұрт бұның шапқанын бір көруге құмар-ақ. Бұл қайда барса да қасынан тапал сары қалмайды. Сейіс екеш Сейіске де сенбей, жем дорбаны өзі толтырып, өзі әкеліп іледі. Қайдан тапқанын құдай білсін, осыған бер деп, бұл өңірде өспейтін тарының да екі қабын тауып әкелді. Оны Сейістің әйелінің қолына жармасып жүріп, келіге өзі түйді, өзі ақтады. Тау алдында отыратын сиыршылар аулынан сүтті де шауып барып өзі әкелді. Маржандай қып ақтаған ақ тарыны жем дорбаға салып, аузына кигізіп беріп, анадай жерге барып отырып, «уһ!» деп демін бір алады. Қашан жем жеп болғанша қасынан кетпейді. Тарыны бұл емес өзі жеп отырғандай көзі күлімдеп, беті нұрланып рақаттанып қалады. Бұның маңына Сейістен басқаны жуытпайды. Әне бір жолы көрші ауылдан төрт-бес атты адам бұны көрмекке келіп еді, тапал сары анадайдан алдарынан шығып, шаңқылдап ұрысып, кері қайтарып жіберді. Өзі бір-екі күн келмей қалса, бұның аяғы, тұяғы аман ба екен деп, көш жерге жортқызып қарайды. Қашан келсе де қара кенеп дорбасына қант сала келеді. Атынан түсе сала, бұның аузына алақанын ұстап, қол басындай қант асатады. Бұ да оған әбден дәндеп алды, маңына келсе алақанын жалайды.
Тапал сары бұны адамнан қызғанғаны бір жөн, жылқыдан да өліп-өшіп қориды. Өткен жылы қалаға бәйгеге барғанда түн ортасында бұл тұрған қораның есігі сықырлады. Әлдекімдер ұрланып кіріп келеді. Тұла бойы түршігіп кетті. Оқыранып көріп еді, кіріп келе жатқандар еркелете тіл қатты. Адамдар. Бірақ мұның серіктері емес. Олар қараңғыда мықшыңдап жүріп есіктен бірдеңе іздеді. Есіктің екі жақтауын аңқитып ашты. Аспанда бұлт бар қараңғы түн еді. Кіріп келе жатқан нәрсенің не екенін анық көре алмады. Әйтеуір, адам емес, қарасы үлкен. Ол шегіншектеп кіріп болмады. Әлгілердің біреуі оған сыбырлап жекіп қойды. Ересен қара есіктен бері аттады. Екі адам есіктің жақтауын сықырлатып алмайық деп, еппен ішке тартты. Есік сықырлаңқырап барып жабылды. Ешкім сезбесе керек. Маңайда ешқандай дыбыс жок,.
Адамдар айналаға құлақ түріп, босағада біраз тұрып қалды. Сосын серейіп тұрған әлгі қарайғанды бұған қарай сүйреледі. Исінен таныды — жылқы. Бұның құлағы тікірейіп кетті. Соның арасынша бір жұмсақ қол бұны жағынан сипады. Бұл маңайында не болып жатқанына түсіне алмады, бірақ үндемей тұра берді. Адамдар есіктен жасырып кіргізген жылқы мұның жанына жақындай түсті, бұл тістейін деп аузын ала жүгіріп еді, анау тірсегінен жұмсақ ұйпалады. Еркек жылқы болса, о да едіреңдеп шыға келер еді. Бұл мойнын созып шоқтығынан иіскеді. Анау да бұның бетін жалады. Тұла бойынан таныс бір иіс аңқып тұр. Бұған бір әзәзіл діріл шапты. Ұрланып кірген екі адам сес шығармай, бұларды аңдуда. Бұл екі құлағын алма-кезек қайшылап, елеңдеп тұрғанмен, бейтаныс биенің сусылдақ сауырына тұмсығын тыға түсті. Көз алды мұнарланып, кеуде тұсы дүрсілдеп ала жөнелді. Бұл тығыншықтай семіз биенің шоқтығын жанталаса іздеп еді, сусыма сауырдан қайта-қайта тайып түсіп адаса берді. Ақыры шоқтықты тапты, қырши тістеп алды, биенің бөксесі бүгіле берді...
Бұл сүлдері құрып, сұлқ тұр. Қараңғы қораның ішінде екі адам екі жағына шығып, жағынан қақты, жалынан сипады. Сосын биелерін жалма-жан есікке қарай жетеледі. Қараңғыда бір-біріне қуана сыбырлайды. Есік шиқ етіп қатты ашылды. Ар жағынан тапал сарының айқайы шықты. Бажылдап жүгіріп келеді. Екі адам қаша жөнелмек болып еді, үркек бие жетекке ермей тұрып алды. Тапал сарының ізінше Сейіс, бәйге бала, бұнымен бірге келген ауылдың тағы бір-екі адамы көрінді. Тапал сары шалбарының қалтасынан шыжылдатып бірдеңе суырды, бұның көзін ұялта жарқ ете қалды. Әлгі екі адам ала биенің шылбырынан ұстаған күйлері состиып-состиып тұра қалыпты. Тапал сары қалш-қалш етеді. Шаңқылдап жатыр. Ала бие жетелеген екеу әуелі міңгірлеп тұрды. Тапал сары шапылдай берген соң, олардың да дауысы шығайын деді. Тапал сары атқораның босағасында тұрған ұзын сырықты алып ап, бие жетелеген екеуге тұра ұмтылды. Араға Сейіс түсті. Тапал сары қолындағы сырықпен ала биені сауырдан салып-салып қалды. Бие байғұс ышқынып, анадай жерге ытқып кетті. Бие жетелеген екеуі ауланың қақпасына беттеді. Арттарынан тапал сары жұдырығын түйіп, балпылдап жатыр. Тапал сарының сонда неге шабаландағанына, байғұс ала биені неге сабағанына бұл әлі түсінбейді.
Бәйгеторы талай жарыста қарақшыға алдына жан салмай келді. Бәйге алған сайын бұның селдірлеу қарақошқыл жалын бір сипауға құмарлар көбейе берді. Адамдар неғұрлым сылап-сипаған сайын бұның да көңілі өсе түсті. Бәйге төбеге жиылған жұрттың у-шуы да миына инедей қадалмайтын болды. Қайта жұрт шуылдаңқыраған сайын тақымы қызады. Жарыс жоқта да ол жылқыдан гөрі адамға үйір. Маңына жылқы жолап кетсе, едіреңдеп аузын ала жүгіреді.
Бәйгеторы бәріне үйренді. Бір-екі рет баржамен үлкен қалаға барып бәйгеге шауып қайтты. Онда ауылдағыдай көл-көсір тегістікте емес, жан-жағын қоршаған кең аулаға қамап қойып шаптырады екен. Самсаған халық екі бүйірде ағашқа мініп тұрады. Көздері тостағандай-тостағандай бір жылтылдақ темірлер бұның әр адымын аңдып сыр-сыр етеді. Тығыншықтай бұйра шаш қара жігіт қолындағы бір ұшында қамшының сабындай темірі бар арқанын сүйретіп келе жатыр. Бұл үркіп оқыранып қойды. Анадай-анадай жерлерде ағаш басына ілінген даңғырлақ ақ шелектер де бұнымен жарыса оқыранып-оқыранып жіберді. Бұйра шаш сиқыр темірді бұның тұмсығынан жұлып ап, өзінің аузына апарып, бірдеңе деп еді, жиналған халық ду күлді.
Бәйгеторы үстіндегі шабандоздың тақымының әр қимылын, тізгіндегі әр дірілді қалт жібермейді. Бәйге жолының да біраз құпиясын біліп болды. Кей айналмалы ұзақ шабыстарда бәсекелес аттардың шамасын әбден біліп алғанша, күш сақтап шабуға да төселді. Бүгінде ол алдында кетіп бара жатқан аттан көп қорықпайды. Ылғи қарақшыға бұрын келе берген соң, жүйріктің жауы соңында болатынын да ұғып қалды. Ілгеріге бір шығып алса, артындағы дүбірді аңдып, елеңдеп шабатын болды. Бұрынғыдай бәйге жолында өзінің жеп-жеңіл ұшқыр тұяқтарын, қойнына кіріп бара жатқан бауырмал қоңыр салқын самалы, шыр көбелек айналып, бұлдырап қалып жатқан жер бедерін қызықтап, өзімен-өзі рақатқа батып, елігіп шабуды қойды. Ылғи көзі алаңдап, төңірекке құлағын тігіп, шекесі шаншып, жүрегінің де дүрсілі көбейіп, қиналып шабады. Бәйгеден соң аяғы тың, жүрісі мығым болғанмен бір түрлі қалжырап қалғанын сезеді. Қанша шапса да баяғыдай ләззат ала алмайды. Өне бойында сырқап-сыздайтын да ештеңе байқалмайды, дені сау, су мен отқа да тәбеті жақсы; Сейіс бабын бұрынғыдан да жақсартты. Қазір қаңбақтай қалқиды. Әншейінде қызықтаушы құмарпаздардың ықылас-ілтифатына ылығып, сергек те сері сезінетін бұл бәйге дүбірі шығысымен құты қашып, жұлын-жүйкесі ширығып, орынсыз оқыранып оңды-солды кіжініп, кінәмшіл болып кетеді. Бәйге жолында баяғысындай жақсы шабатынына машықтанып емес, қасындағы аттарға ерегісіп тақымы қызатын боп жүр. Бұны тақымдайтын жүйріктер де көбейіп келеді. Барған сайын бұның да іші тарынып, бәйге төбеде маңына ат жуыса, құлақ шекеден ауызды салғысы кеп, зығырданы қайнап тұрады. Бұрын мұның топтан бөлініп жалғыз шапқанына естері кетіп даурығатын жұрт енді мұнымен басқа аттар тақымдасса естері қалмай еліретін болды. Ондайда ол бәйге жолын тастай беріп, мынау неге құдайлары бергенін өздері де білмей өңештері жыртылғанша өкіріп жатқан көп шуылдақты тұяққа жаншып, таптап өткісі келеді.
Кейінгі кезде бір көктеңбіл ат қырына ілікті. Ақырғы айналмаға келгенде қайдан сап ете қалатынын білмейді, бір қапталынан шыға келеді. Бұл ондай кезде әбден ерегісіп, тістеніп шабады. Әзір алдына түсірген жоқ. Бірақ теңбіл көк қайта-қайта құйрық тістесіп келе беретін болып жүр. Күні кеше ғана тек мұның маңына жиналатын көп шуылдақтың жартысы енді көк теңбілді қоршап алатынды шығарыпты.
Бәйгеторыны ақыры құртқан сол көктеңбіл ат. Соңғы бәйгелердің бірінде көк теңбіл шу дегеннен бұдан бір адым ілгері де шықпай, кейін де қалмай, өкшеледі де отырды. Содан ақырғы айналмаға дейін құйрық тістесті де жүрді. Тап көк желкесінен дүрс-дүрс еткен қаныпезер дүрсіл жүйкесіне тиіп, емін-еркін көсіліп шаба алмады. Ақырғы айналмада бәйге төбенің тұсынан өте бере көктеңбілдің дүрсілі жүдемелдеп кеткенін аңғарды. Бұ да ағызды. Айналма орталай бере мұнымен қатарласты. Екеуі де ауыздық шайнасып, арпалысып келеді. Көктеңбілдің мойыны ілгері түсе берді. Бәйге төбеге тіпті жақын қалғанда көктеңбіл сауыры көз алдынан көлеңдеді.
Бәйге қызықтаушыларда ес жоқ. Көктеңбілге лап қойды.
Сол күні ол қол-аяғы қалтырап ызамен аттанды. Ендігі жылы көк теңбілді соңымда сүмеңдетермін деп кетті. Сол жылғы күзде тағы шапты. Көк теңбіл қарақшыға қара үзіп келді. Бұл жолы бәйгеторының қасында бәйге бала мен Сейістен басқа жан қалмады. Тапал сары екеш тапал сары да көк теңбілге кимелеген жұрттың иығынан мойынын асырғысы кеп, өкшесін көтеріп, кеңірдегін созып, өліп барады.
Бәйге жолы сират көпірден өткен сыңар аяқ сын жолы екен; онда қатар келер, қосар жүрер басы артық соқпақ атымен жоқ боп шықты. Бәйгені қызықтап, қыз-қызға құмартатын жұрттың тек топ жарған дараға ғана жаны қалмай, былайғыны қанша асыл болсаң да көзге ілмейтінін де сол жолы бір жолата біліп кетті; бұрын ду көргенде тықыршып тұра алмайтын, ағын судай асып-тасатын көңілі енді жиын көрсе жан шыдатпай шамырқанатын мәңгілік шор жара түйіп кетті.
Сол күні атқораға әкеп қамады. Кешқұрым Сейіс сыртына бұрқырап шаңы ұшқан қаудырлақ жем дорбаны мойнына ілді. Бұл қыс түскенше ат қорада қала берді. Қыс түсе тапал сары Сейісті қасына шақырып ап көп пыш-пыштады. Ертесіне Сейісті ертіп бір жаққа аттанып кетті. Арада бір аптадай уақыт өткен соң, қайтып оралды. Анадағы көктеңбіл айғырдан аумайтын көк ала жабағы тайды әкеп, бұның қасына байлады. Тапал сары көк ала тайды байлап тастап, ыржалақтап бұның қасына келді. Бұл мекіреніп тұмсығын ұсынып еді, тұмсығына қолын тосты. Екі саусағының арасынан әлденені қылтитты. Тәтті нәрсе әкелген екен деп, асап қалып еді, тісі кірш ете қалды. Тапал сары бажылға басты. Соның арасынша оң жақ шекесін қамшы көме жөнелді. Бір жақ көзі анадай жерге ұшып кеткендей болды. Естен танып, миы зеңіп қиралаңдап жығыла берді. Көз алдын қан жуды. Сол жығылғаннан қанша жатқанын білген жоқ. Есін жиса, Сейіс күп боп ісіп кеткен оң көзін жуып отыр екен.
Содан қайтып Сейісті көріп тұрғаны осы. Содан бері бұның оң жақ қапталы су қараңғы қара түнек. Көзі жоқ жағынан сыбдыр шықса, қасқыр шап бергендей зәре-құты қалмай, тұла бойы шімірігіп кетеді. Содан бері аспандағы ай мен күн де жартыкеш, аяғының астында жарқырап жатқан айдын көл де жартыкеш, бұрын қанша шапса да шегіне шыға алмайтын байтақ әлем де жартыкеш, тіпті қыбыр-қыбыр жүрісі де, өмір емес, жай әншейін жартыкеш жанбағыс, итшілеген құр әуре-сарсаң. Содан бері бүл кімнің тақымына түспеді! Ең әуелі бір егінші мінді. Сосын қорықшы мініп, мал қайырды. Шикі кірпіш соғатындарға саз балшық басып та көрді. Ең соңында почта тасып еді, почташы жуырда осы ауылдың тұсынан өтіп бара жатып, жол-жөнекей машинаға отырып, бұны тастап кетті. Қайтып соққан жоқ. Шамасы, басқа көлік тапқан шығар. Анада қырқым кезінде баяғы шолақ буырылды көрді. Ол әлі қартаймапты. Бұндай сүйегі саудырап, сүмірейіп тұрған жоқ; тойнақы жылт-жылт етеді. Үндемес қойшының да иінінен қара ала шекпен түсіпті, омырауында күн нұрымен тайталасқан жалтырауық тай тұяқ моншақ. Өзі күйленген соң, астындағы атының да бабын күшейтіпті.
Үйден шай ішіп, қызара-бөртіп Сейіс шықты. Оған ілескен екі-үш адам көк ала дөненнің қасына келді. Ар жақ-бер жағына алма-кезек шығып қарап, ауыздары жалп-жалп етеді. Бұлардың не істегелі жүргенін білмей көк ала дөнен дірілдеп тұр. Сейіс атының тізгінінен ұстап, қызықтаушыларға күлімсірей қарайды. Бұл оқыранып қойды. Сейіс жалт қарады. Тұрды-тұрды, сосын барып таныды. Қасына келді. Бұ да ұмтылып мойнын созды. Сейістің әр күс, әр мүйізіне дейін таныс аялы алақаны маңдайын, құлақ шекесін, жағын, жалының орнын сипап көрді. Өзі қартаяйын деген бе, әлде бұның мына түрін көріп, көңілі бұзылып кетті ме, тодырайып тұрған соқыр көзінің тұсына келгенде қолы қалтырап кетті. Көптен бері бұның етіне тиген аялы алақан. Бәйге торы қимай тұр. Бірақ Сейіс бұның жағынан еркелете қақты да, көк ала дөненге қайтып барды. Тұсауын алып, атына мінді. Сосын бұл жаққа бір қарады да жүріп кетті.
Көк ала дөнен суреттей. Мүсінді жылқы екен. Тойнақы денесін ұйыған қатықтай дірілдетіп, аяғын да сұлу алады. Ауылдан былай шыға аяңға басты. Бұл қылт-қылт жүрісті, сұлу көк дөненнің соңынан сүйсіне де, мүсіркей де қарап біраз тұрды. Көк дөнен көкжиекке барып сіңді. Бәйгеторы құлағындағы дүбірдің не дөң асып кеткен бәйге дөненнің дүсірі екенін, не күннен-күнге меңіреу тартып бара жатқан, қалжыраған кәрі жүрегінің дүрсілі екенін ажырата алмады.

Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?