Бейімбет Майлин | Айымкүл

  Бейімбет Майлин | Айымкүл


Оған көп жыл болды.

Ыбырай қызын ұзатайын деп жатыр деген соң тойына бардық. Айымкүл өзі теңдес қыздардың ішіндегі көрікті, ақылды, салмақтысы еді. Елдегі боз балалардың ішінде Айымкүлге көңілі кеткендер көп болған. Бірақ Ыбырай бір ұрт кісі: "Қызымды орынды жерге беремін" деп талайдың атының басын қайырып, ақырында Бурабай деген байдың қатыны өлген баласына берген.

Айымкүл бұған риза емес, бай баласы Рақымды "жасы 40-тан асып кетті, кәрі" дейді, "өзімнің сүйгеніме тиемін" деп айтады деген лақап соңғы кезде ел арасына шашылып жүрген. Сондықтан бұл тойға баруға кім болса да құмартып еді. Бұрын-соңды күйеуге берілген қазақ қыздары әке-шешесінің дегенінен шығып кете алмайтын болса да, Айымкүлде өзгеше бір күш бар, Айымкүл көнбейтін секілденуші еді...

Жалтыр көлдің басы қоралай қонған қалың ауыл. Бір-екі күннен бері Ыбырайдың тойы болып, елдің боз баласы, қатын-қалашы сол үйдің маңайында топтанумен жүр... Той тартыс өткен. Бүгін мерекенің ақырғы күні. Енді бірер сағатта Айымкүл Рақым мырзаның некелі қатыны болмақшы. Бірақ жұрт аузында бір суық сөз бар. "Айымкүл бармаймын деп жылап жатыр екен... әке-шешесі ұрсыпты. Ағасы ұрарманға келіпті..." дегенді айтып, жұрттың көбі жағасын ұстап жүр.

Ыбырайдың отауы шаң-шұң дауыс. Жұрттың бәрі отауды қамап алған. Жас балалар отаудың есігін сығаласып, бермейді.

— "Сендердікі адамшылық па? Сататын мен мал ма едім?..." деген жіңішке дауыс жылау арасынан құлаққа тиеді. Кемпір-шалдар "тобалап" жағаларын ұстап жүр... Тауған ақсақал маңыздап соғып, жөн айтып жатыр.

Болмады... Ризалықты тілеген жан жоқ, неке қиылды. Құда-күйеулер атын жегіп жүретін болды... Екі келіншек Айымкүлді қолтықтап далаға алып шықты. Ол кісі өлтірген адамша қан жоқ, сұп-сұр... Ешкіммен көріспеді... Арбаға мініп отырған соң, артына қарады. Екі көзінің жанары толған жас еді. "Хош" деді.

Одан бері көп жылдар өткен...

Бір күні гүбернелік қаланың көшесінде келе жатсам, қызыл шырайлы бір әйел кетіп бара жатыр. Қашан болса да, қайда болса да бір көрген адамым секілді... Қайда көрдім екен?! Еске түсе қалды.

Айымкүл екен. Таныды. Бұрылып келіп амандасты. Таза ғана киінген. Іс басындағы адамдар секілденіп, қолтығына пәпке қысып жүр. Мен қызықсындым. Бұдан бірнеше жыл бұрын әке-шешенің сатуынан құтыла алмай кеткен бір әйелді мына түрде көрген соң не деп ойлауға да білмедім. Жөнін айтты. Байынан қалай құтылғанын, оқуға қалай кіргенін, қай жерде кызмет қылатынын білдірді.

— Бостандық арқасында ерікті адам болдық!.. — деді. Шыны да солай. Қырық жетіге сатылып кеткен Айымкүлдің бүгін келіп кеңсе қызметкері болып отырғандығы ұлы Бостандықтың жемісі еді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?