Сыбызғышы

 Сыбызғышы


Ертеде бір кедейдің жалғыз баласы болыпты. Аты Асан екен. Күндердің күнінде әкесі дүние салып, бала жетім қалыпты. Шешесі ұлын жетелеп жүріп, ел қыдырып, күнін көріпті.

Бір күні бұлар Тайыр деген ханға келіп, мұңын шағып, жәрдем сұрапты. Сонда хан Асанның шешесі Жаңылға:

— Сен менің тазыларымның күтушісі бол, иттермен бірге жатып, бірге тамақтанасың. Ал мына балаң қозы бақсын, – дейді.

Асан мен шешесі осылайша ханға кіріптар құл болады. Ауыр жұмыс, итқорлық титықтатып, әбден жүдеткен Жаңыл түні бойы зарлап, өзіне-өзі мұңын шағады екен.

Асан сегіз жасқа толғанда, анасының қайғы-қасіретін бөлісіп, зарын қамыға тыңдап, кең далада қозы жайып жүріп, күңірене толғанатын болыпты. Қапалы көңілдің қайғысы мен арманын сары даланың сағымымен ұластырыпты.

Сөйтіп, ол ержете келіп, асқан шебер сыбызғышы болған екен. Бірақ оның өрнектеп сыбызғы жасауға қаражаты жоқ екен. Қурайдың іші қуыс сабағынан сыбызғы жасап алады да даланы күңірентеді. Бұл күйіне «Арман» деп ат қойыпты. Сөйтіп аңырата тарта береді. Тартқан сайын Асанның күйі үдеп, тамылжи сорғалайды. Тау қалғып, дала мүлгіп, жан-жануарға дейін құмарта тыңдайды екен.

Бірде Асан өзінің «Арман» күйін аңыратып отырғанда, екі лағын ілестіріп, нән кер киік қасына келеді. Екі лағы күй сазына билей жөнеледі. Күй сазына елтіп, би қызығына кіріп кеткен киіктер ешбір қауып-қатер ойламайды. Күнделікті өмірі осылайша өтіп жатады.

Күндердің күнінде Асан сыбызғысын сарнатып, киіктер билеп, иен далада ойын қызып жатқанда, аяқ астынан мылтықтың даусы тарс ете түседі. Қою түтіннің астында қалған Асанды біреу келе сала сабай беріпті. Қараса, Тайыр ханның баласы екен.

— Асыранды биші киігіңнің барын маған неге айтпағансың? Қазір ұстап бер! Әйтпесе басыңды шауып тастаймын! – деп, қиғылықты салады.

Асан амалсыздан киіктің бір лағын ханның баласына ұстап береді. Ханның баласы киіктің лағын әкесінің алдына алып келеді. Оның биші екенін айтады.

Тайыр хан қол астындағы сыбызғышылардың бәрін жинап, кезек-кезек күй тартқызады. Қаншама күй тартса да лақ билемей қойыпты. Хан қаһарына мініп, құтырған бурадай зіркілдейді, сыбызғышылардың барлығын ордасынан қуып шығады да:

— Сыбызғы тартатын тағы кім бар? – деп сұрапты уәзірлерінен.

— Жүз елу жасқа келген бір сыбызғышы бар,– депті уәзірлердің біреуі.

— Ендеше соны алып кел! – деп бұйырады хан.

Қарт сыбызғышы да күйді күні-түні тартып, киіктің лағын билете алмапты.

— Тақсыр хан, – депті, сонан соң қарт сыбызғышы, – сіз қараша халыққа жарлық беріп, әміріңізді жүргізгеніңізбен, сезім мен ойға бұйырғаныңызды өткізе алмайсыз. Сыбызғыда сиқыр жоқ. Сыбызғышыларда жазық жоқ. Киіктің мына лағының сезіміне әсерін тигізе алатын күйді Асан баланың өзі ғана біледі. Басқа ешкімнің қолынан келмейді.

Хан қарт сыбызғышының сөзіне иланыпты да Асанды алдыртыпты. Сонан соң күй тартқызған екен, лақ құшырлана билей жөнеліпті. Асанның зарлы күйі мен лақтың биі ханның да жүрегін жібітіп, пейілдендіріпті. Содан кейін хан:

— Мынадай өнерің үшін қандай тілегің болса да қабыл аламын. Не қаласаң, соны ал! – депті Асанға.

Асан ханнан анасы мен өзінің және киік лағының бас бостандығын сұрап алыпты да жалпақ даланы кезіп кетіпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 926



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі