Бердібек Соқпақбаев | Қайдасың Гауһар

  Бердібек Соқпақбаев | Қайдасың Гауһар

Алматының Пастер көшесімен жүре қалсам, осынау астынғы қабаты белуардан жерге батқан ағаш үйді, осынау бір жағына қарай қыңырайып, қисая бастаған көне ағаш қақпаны көргенде, менің есіме Гауһар түседі. Сондағы бастан кешкен уақиғалар тізбектеліп көз алдыма келеді. Жүрегімде діріл пайда болады.

Біз Гауһармен дәл мына арада кездесіп, танысқан едік. Ол, әне, апа жерде қақпаға сүйеніп, бізге күлімсірей қарап тұрған. Жұп - жұмыр уыз мойнында күн нұрына шағылып, жалт -жұлт еткен ұсақ шынжыр баулы әсем медальон.

Бәрі: көше де, үй де, түбіне шірімес үшін тас орнатып, бағандарды сол тасқа бұрандалап бекіткен қаракөк ескі қақпа да сол сондағы қалпы. Тек Гауһар жоқ. Бәрі шын болғанда, Гауһар ғана елес...

Мен осы арадан әрлі-берлі өткен сайын Гауһардың қарасы жарқ ете қалатындай - ақ қақпадан ішке елегізіп, қарап. өтем. Жоқ, жарқ ете қалмайды.

О, Гауһар, қайдасың? Барсың ба жер бетінде? Бар болсаң, неге кездеспейсің? Жоқ әлде ұмыттың ба сен мені? Менің атымды жүрегіңмен мәңгілікке сызып тастадың ба? Жо, жоқ! Олай болуы мүмкін емес.

2

Соғыс кезі. 1943 жыл. Іске татыр естияр еркек кіндіктінің бәрі дерлік армияда. Ауылда қатын-қалаш, шал - шабыр, ауру сырқаулар қалған.

Мезгіл жетпей үзілген көк жемістей соғыс бізді, балаларды ерте есейтті. Әкелеріміз бен ағаларымыздың еңбектегі қаңырап, босап қалған орымдарына, шамаларымыз келсін, келмесін жарбиын, біз ие болуымызға тура келді. Қазекем бұндайда «ит жоқта шошқа үреді қораға» дейді.

Сондайлардың біреуі мына менмін. Содан бір ғана жыл бұрын тоғызыншыны атүсті бітіргеніме, педагогиканың иісі мынау тәмпіш мұрныма кіріп те шықпайтынына қарамастан, дырдай мұғалім атанып, өзіміздің ауылда, жеті жылдық мектепте aнa тілінен сабақ берем.

Жаз шықты. Оқу жылы аяқталайын деп қалды. Директорымыз күрк-күрк жөтелген көксау шал адам. Әлгі бір күні:

— Оу, Жәнібек, дайындал. Алматыға бір айлық курсқа оқуға барасың, — деді.

— Қандай оқу?

— Біліміңді көтеріп қайтасың?

— Мен ғана ма баратын?

— Біздің мектептен Жақан екеуің.

Жақан осында, ол да мұғалім. Математикадан сабақ береді. Маған ұқсап ол - дағы арнайы педагогтік оқу орнын бітірмеген. Маған ұқсап соғыстың арқасында мұғалім бола қалған. Екеуміз тәуір жолдаспыз. Ауылдағы осы күні сүйкенерге қара таппай жүрген басы бос қыз - келіншектерге, кейде бірлесіп қырындайтын да кездеріміз болады. Жақан менен екі -үш жас үлкен. Дене бітімі кесек, жалпақ бет, қалың ерін, жүн қабақ, мінез-құлқы денесіне лайық доғалдау жігіт.

Алматыға оқуға барасың деген хабарды естіп мен қуандым. Қуануымның бірінші себебі, екінің бірі барып келіп жатқан Алматыны әлі күнге көрмеген жанмын. Көрсем деп, құштар едім.

Екінші қуанған себебім: осы күні киім - кешек, шүберек жағы ауылда тып – типыл. Оңайлықпен ештеңе табылмайды. Дүкенге азын – аулақ бірдеңелер әкелінсе жең ұшынан жалғасып, қолы жеткендер бөлісіп алады. Ал басқа жұрттың жан сақтап, абиыр жауып отырғаны алыс та болса, Алматының арқасы. Бір шаршы бөзге дейін ел сонау Алматыдан әкеледі.

Қалаға барып келушілердің айтуынша онда «тәлкөшке» дсйтін бар. «Тәлкөшкеде» киім кешек, дүние - мүліктен сатылмайтын зат жоқ. Бәрі сатылады. Тек қалта толы ақшаң болсын.

Ауыл адамдары үшін ақша табудың кәзіргі жолы мынадай: қалаға бір қап ұн апарып сатса, бір қап етіп ақшаны күреп алады.

Шамасы келгендер ет, май, тірі қой апарып сатады. Дүние-мүлік, киім - кешекті тең - тең етіп, тиеп әкеледі.

Өмірімде тұңғыш рет барайын деп отырған қалаға менің де құр қол бара қоймасым белгілі. Сатып, пұл ететін бірдеңелерді, мүмкіндігі болғанша, мен - дағы қамдап ала бармақпын. Сосын соған мынау сұры кетіп, жұтап жүрген үсті-басымды біраз бүтіндеп, түзеп кайтсам деймін.

3

Ол кезде біздің Н. ауданынан Алматыға қазіргідей кісі таситын автобус қатынап жатпайды. Автобус түгіл жүріп жатқан жолшыбай машиналардың өзі аз кез. Міне сондықтан да қалаға бір барып қайту, бері болғанда, бір топ әурешілік те, ары болғанда, естен кетпес азап. Жол жүретіндер чемодан, қоржын - кешегін арқалап, бірнеше күп жол тосып машина іздеп сандалады. Машина оңайлықпен табылмайды. Ал табылса, әдетте кузовы толы әрқилы жүк болады. (Үш жүз шақырым алысқа бос машинаны салдыратып кім қуаласып?)

— Айналайын, Алматыға барасың ба? Ала кетші? - деп, шофер атаулының соңында бөлек - салағын арқалап, шұбап жүрген халық.

Не жоқ болса, сол зәру. Не тапшы болса, соның құны аспанда. Әлгідей бірлі-жарым табыла қалған машиналардың шоферлары, ой бәлсінгіш - ау! Бір дегеннен дұрыс жауап бермейді. Күні ертең министр болғалы тұрған адамдай сенімен шекесінен қарап сөйлеседі:

— Мақұл. Ала кетейін, — деген жауапты естігенде, дүниеде сенен бақытты жан жоқ.

Сосын белгілі. Нағыз арсыз болмасаң, жол ақысына қанша төлеймін деп, саудаласып жатпайсың. Шофер не айтса, қалтаңнан соны суырып беруге мәжбүрсің.

Біз, Жақан екеуміз, дүниеге, сірә құтты күні келсек керек. Өйткені, Алматыға қарай жүретін машина оп-оңай кезіге кетті. Анау-мынау жай машина емес, азынаған су жана бензовоз еді.

Бұл бензовоз осындағы МТС - ке қаладан жанармай алып келген. Енді ойнақтап бос қайтып барады. Шофері омырауы жүн-жүн, қутыңдаған жас армян жігіт.

— Бізді қалаға ала кетесіз бе?

— Е, сендердей әдемі жігіттерді ала кетпей... Нешеусіңдер? Екеу түгіл, он болсаңдар да алып кетем. Тек ескертерім: кабинадан дәметпейсіңдер. Кабинаны иемденіп қойды. Анау цистернаның бүкіл үсті сендердің еріктеріңде.

— Құлап қалмаймыз ба?

— Құлау, құламау ол сендердің тек өздеріңе қатысты мәселе. Ал менің айтарым: құласаңдар, құлаңдар. Бірақ мерт бола көрмеңдер.

Біз келістік. Цистернаның үстіне пілге мінгендей қодиып: бір қырындап отырып алдық. Зат, нәрселеріміз қасымызда. Өзіміз қуласақ та солар құламасын деп, өзімізден бұрын солардың тілеуін тілеп, қолтығымыздың астына басып алғанбыз.

Ал кеттік! Айдарымыздан жел есіп, астанаға аман-есен келіп жеттік.

Бір айлық білім көтеру курсына осы жолы Жақанның да келуі және ол екеуміз бірге келуіміз мен үшін бақыт еді. Өйткені, жоғарыда айттым, мен бұрын дала көрмеген жанмын. Қала жайып білмеймін. Мұнда танитын ешкімім жоқ.

Ал Жақан бұрын болған қалада. Бір емес, бірнеше рет болған. Қала жайын, маған қарағанда, азды-көпті біледі.

Екінші біз үшін өте бір маңызды жәйт: осында, Алматыда, Жақанның немере жеңгесі тұрады. Үйі қаланың қақ ортасы — Пастер көшесінде. Көк базарға жақын. Қайда барып түсеміз деп қиналмастан Жақан екеуміз міне осы үйге келіп түстік.

Курс басталуына әлі де бір-екі күн бар. Бұл бір-екі күнді біз базардағы өзіміздің сауда-саттық ісімізге арнамақпыз. Мен сатуға деп: бір қап ұн, бір қойдың кепкен етін, төрт-бес кило тоң май алып келгем. Осы шамалы дүние Жақанда да бар.

Үсті-басымыздың шаңын қағып, жайғасып болғаннан кейін Жақан екеуміз жақын маңдағы көк базарға барып, ұнның майдың бағасы қанша екенін біліп, барлау жасап қайттық. Сол арада, базар аланында, қаптап тұрған есек арбалардың біреуін ерте келіп, енді сататын нәрселерімізді базарға алып жүрмекшіміз.

Үй иесі Майpa жеңгейдің ұлты татар. Қазақша, орысша, татаршаны үш тілді араластырып, өзінше «винегрет» тіл жасап сөйлейді. Күйеуі осы кезде армияда. Ауылдан келген біздің қала жағдайына оралымсыз аңқау түрімізге қарап, ол енді ақыл бере бастады:

— Сендер бұ нәрселеріңді спекулянттарша килолап, грамдап сатып тұра алмайсыңдар. Ол үшін бек способный болыш керек. Жуликтер сендердің сельский екендеріңді анадайдан танып біледі. Лучше мындақ етіңдер: алатын адам табылса, нәрселеріңді беш - он сом арзан бағаға қотарып, оптом бірден сатып құтылыңдар. Міне сол тыныш!

Бұл ақыл көкейімізге қона кетті. Өйткені, Жақан да, мен де сауда жасап, дәніккен жандар емеспіз. Нәрселерімізді қалай сатар екенбіз деп, онсыз да жүрексініп, қобалжуда болатынбыз.

Қалаға барып келгендер неше түрлі үрейлі сөздер айтып келеді: базар толы ұры - қары, жегір. Қалтаңдағы ақшаңды көзіңді бақырайтып тұрып, ұрлап әкетеді. Қалай ұрлағанын білмей, сезбей қаласың дейді. Бұл да ойымызда бар болатын.

Сөйтіп, міне енді базардамыз. Сататын нәрселеріміздің атын атап, қотара сатып алатын адам бар ма деп, хабарлап үлгергенімізше, әлекедей жаланған бірнешеу бізді қоршап та алды.

Мен алам!

— Мен алам! — деп, бірін - бірі қаға - соға кимелеп, жалан қаптады.

Қисық жағалы көк жейде, кепке киген, омырауы аңқиып, ашылып кеткен қолында таяғы бар ақсақ қазақ:

— Доғарыңдар! Тараңдар! Бұл балалар менің жерлестерім. Бәрін мен алам! Өзім алам — деп басқаларды жасқап, қуып жіберді.

Ақсақ, сірә, тегін ақсақ болмауы керек. Басқалар жым боп, жай-жайына кете барды. Бір де біреуі оның бетіне қарсы келмеді. Әкелген нәрселеріміздің бәрін біз соған қотарып беріп тындық.

4

Шаруамызды әуре-сарсаңсыз тез тындырғанға және сәтімен тындырғанға қуанып, Жақан екеуміз танауларымыз желп-желп етіп үйге келдік. Tөc қалталарымыз әйелдердің төсіндей томпайып шығып кеткен. Ол ақша. Бұрын бітіп көрмеген пәленбай мың кеп ақша!

Өзім өз боп мұншама мол ақшаға тұңғыш рет ие болуым.

(Ақшадан кәзір құн кетуі, ол енді жай ғана шытырлақ қағаз болып қалуы бұл басқа мәселе).

— Қалай, менің советім дұрыс болды ма? Оптом бірден сатып құтылдыңдар ма?

— Сөйттік, Майра апай. Алушы кеп екен. Бір ақсақ қазақ бізді танитын жерлес болып шықты. Бәрін сол алды.

— Сұр кепка киген, палка ұстаған қазақ па?

— Иә, сол.

Майра апай күліп жатыр:

— О, земляк болмай құрып қалсын. Ол жұрттың бәріне солай дейді. Бәрімен земляк бола кетеді. Сендердің сельский екендеріңді көріп, танып тұр ғой. Ол осындағы настоящий кәтта спекулянттың бірі.

Ертең атақты «тәлкөшке» аралайтынымызды, бұйыртса біраз бүтін - жаңа киімдер алып киетінімізді ойлап, Жақан екеуміз түнде жөнді ұйықтай да алмай шықтық.

Майра апайдың үйі кең екі бөлме. Қолында бір ғана кішкене қызы бар. Сонда да болса ол бізден жиренді ме, қайдам, төсекті түнде Жақан екеумізге сыртқа, жан-жағы ашық верандаға салып берді. Бір тәуірі веранда көше жақта емес, ауланың ішінде.

— Кәзір түн жылы, тоңбайсыңдар. Ешкім трогать етмейді. Қайта таза ауада крепко -крепко ұйықтайсыңдар,— деген еді. Бірақ олай болмады. «Крепко - крепко» ұйықтаудың дәл бүгін онша реті келмеді.

Адам жаңа орта, жаңа жайда түнегенде, кейде осылай болады. Тәлкөшке бұл арадан ол да қашық емес екен. Кешегі өзіміз болған көк базардың төменгі жағы.

— Ақшаларыңды түгел алмай, жарым - жартысын үйде қалдырып кетіңдер. Бек сақ болыңдар онда. Қаланың жуликтеріне алданып қалып жүрмеңдер. Ұры, қары, жулик онда бек көп — деп, Майра апай бұл жолы да бір топ ақыл айтып жөнелткен.

Иә, тәлкөшке десе, дегендей - ақ екен. Мұншама көп халықтың бір араға жиналып, сеңдей соғылысқанын бұл менің тұңғыш рет көруім. Әрі қызықтап, әрі таңырқай қараймын. Ойпырмай, қолдары бос, еріккен неғылған жұрт мұншама. Бұлардың істейтін қызмет, жұмыстары қайда? Жоқ әлде жұмыссыздар жинала ма?

Ех, шіркін, осылардың бәрін қуып алып барып, балшықтан адам жасап, ала алмай отырған біздің колхоздың жұмысына салар ма еді.

Қолына жарқыратып жап-жаңа былғары етік ұстаған жирен шал кезіге кетті, Менің бір үлкен арманым осы еді —аяғыма бір жөні түзу етік алып қию еді. Базар тәсілін білмейтін қорбала сорлы басым, енді сәл кешіксем әлгіні басқа біреу қақшып әкететіндей ентелеп, төніп түстім: Сатасыз ба? Қанша сұрайсыз?

Шал сәл бөгеліңкіреп қалды: Сізге қай размері керек?

Meн киімді денеме шақтап, мөлшерлеп киіп үйренген жан емеспін. Әйтеуір табылғанын киетінмін. Ойланып тұрдым да, аяғымның, размерін есіме әрең түсірдім.

— Отыз тоғызыншы.

— Табылады. Жүр бері.

Шал бізді ертіп, шетке таман шықты. Әлгі арада теректің көлеңкесінде быршып терлеген жуантық шабдар кемпір отыр екен. Әлгіге бұйырып:

— Әкел отыз тоғызыншыны, — деді.

Көйлегінің етегін кең етіп жайып тастап, кемпірдің жұмыртқа басқан тауықша жарбая отыруы тегін отырыс емес екен. Астына қымтап басып алып отырған қабы бар екен. Қаптың іші толы жаңа тігілген етіктер. Кемпір соларды тез-тез күйбеңдеп ақтарды да, екі етікті алып, шалына ұсынды. Шал әлгілердің табанына қарап көрді де, маған ұсынды:

— Міне, отыз тоғызыншы.

Өзіме шақ етік табылғанына мен одан бетер қуандым. Әлгі араға арықтың жағасына отыра қалып, киіп көріп жатырмын. Аяғымдағы тозығы жеткен жаман бәтеңкелерімнің біреуінің түйін - түйін бауы шиеленісіп қалыпты. Әлгіні шеше алмай, азаптанып жатыр едім. Шал отыра қап, шешісіп жіберді. Оның сырт көзге оралымсыз жуан тұқыл саусақтары өмір бойы тек осыны — түйін шешуді кәсіп етіп жаттыққандай соншалық епті де, бейім еді. Етіктер аяғыма шақ келе кетті. Түр сымбаты да сондай әдемі. Ауылда қолы жеткендер киетін нағыз қисық табан базар етік.

— Шап-шақ. Қатып кеттің! — деп, шал менің ойымды қостап қояды.

— Алам. Айтыңыз, бағасы қанша?

Шал бағасын енді айтты.

«Тәлкөшкедегі» сәудегер заттың дәл сатар бағасын еш уақытта айтпайды. Бір есе, екі есе өсіріп айтады» деген сөзді ауылда қалаға барып келгендердің аузынан талай естігем. Соны жобаға алып мен өз бағамды айттым.

Шал саудаласу орнына бірден өңін суытып,

— Шеш!

— Неге?

— Шеш! Бол! Саған етік керек емес. Сенің ақшаң жоқ! Өй, не дейді мына сайтан! Сенің ақшаң жоқ?

— Неге жоқ? Ақша деген мінекей!

Сөйтсем, кейін білдім, шал әлгі сөзді мені қайрап, әдейі айтады екен ғой.

Екеуміз қайтадан саудаласа бастадық. Жақан тықыршып:

— Өй, жүрші. Етік сататындар тағы кездеседі. Асықпа, асықпай ал, — дейді.

Дәл кәзір оның сөзін тыңдайын деп жатқан мен жоқпын.

— Сен бұндай етікті бұл базардан таппайсың. Мынаның хромына қарашы, қандай! Нағыз хром емес пе? — деп, шал мен бірдеңе білетіндей - ақ етіктің қонышын уқалап, мыжып көрсетеді.

Ақыры тіл табыстық. Етікті мен сатып алдым.

— Игілігіңе ки!—деп, шал қолымды құшырлана қысып жатыр.

5

Базар базарлап болдық. Тағы да қуаныштан танауымыз желп-желп етіп, үйге қайтып келе жатырмыз. Сатып алған киімдерімізді түгелдей киіп, көшеге шығуға асықпыз. «Паркке барамыз. Мен саған қаланың мынау деген әдемі, сұлу қыздарын көрсетем» дейді Жақан.

Жалпы қыз атаулыдан, оның ішінде сұлу қыздардан да дәмесіз болмасақ керек.

— Қала қыздары ауыл қыздары тәрізді ұялшақ емес, — дейді Жақан.— Кіммен де болса, ашық сөйлеседі. Ал ұнатса, құшақтасып кете барады. Әлі бір-бірден әдемі қыз тауып алып, қашан кеткенше гөләйттаймыз.

Жоғарыда аталған былғары етіктен бөлек мен: бір күрең түсті шалбар, әскердің тік жаға сырт жейдесін, қоқиған сарғыш кепка сатып алғам.

Енді әбден үстіме киіп алған соң байқадым: жейденің екі омырауында, дәл екі емшектің тұсында тіке тартылған екі тігіс бар. Әлгі тігіс бар жер және томпайып шығып тұрады. Денеме дене боп жатпайды. Бұ несі! Мен көріп жүрген әскери жейделерде бұндай болмаушы еді ғой.

Майра жеңгей күлкіге қарық:

— Сен вит әйел жейдесін алғансың. Мынау міне әйелдің емшегі тұратын жер...

Meн таңмын. Әскери жейденің әйелге арналғаны бола ма екен?

— Е, болмай. Осы күні әскерде әйел аз ба? Хамма медик - седиктердің көбі әйел.

Қап деп, санымды, бір-ақ соқтым, Менің түсінігімде әскери жейдесі тек еркектер үшін тігіледі.

6

Кеш. Күндізгі ыстық қайтқан. Жақан екеуміз бүгінгі сатып алған киімдерімізді киіп, өзімізше қатып кеттік деп ойлап, міне енді қалалық паркке қыз аулауға келіп отырмыз. Халық мұнда бірі ауым. Бәрі дерлік көңіл көтеруге, сейілдеп бой жазуға шыққан жандар. Екіден, үштен топ болып, аяқтарын сәндене басқан, Жақан айтқан сұлу қыздар да аз емес. Тағы да сол Жақан айтқан: ауыл қыздарына ұқсамайтын, кіммен де болса ашық сөйлесетін қала қыздары.

Мен бұл мәселеде өзімнен гөрі Жақанды тәжірибелі санап:

— Ал баста, — деймін бүйірден түртіп.

Нені бастаймын?

— Тиіс мына қыздарға.

Жөппелдемеге келгенде Жақан енді тайқи бастағандай: — Сен тиіс. Менен гөрі ептірексің ғой, — деп, ыржиып бетіме қарайды.

— Оу, сен қалай тиісуді білесің ғой. Қалаға бірінші келуің емес.

— Асықпа. Кішкене кеш түсіңкіресін.

Жақан екеуміз осылай паркті бірқауым араладық. Бірімізді біріміз түртпектеп, айдап саламыз. Әншейінде күмпілдеп, мен өйттім, мен бүйттім дейтін Жақанда нағыз іске келгенде менен асып кеткендей пәлендей өнер байқалмайды. Қайта, оған қарағанда сөзге өзім ептірекпін бе деп қалам.

— Қарындас, кімді іздеп жүрсіз? Мүмкін, бізді іздеп жүрген боларсыз?

Жақан менен қалмауға тырысады.

— Адасып жүрген жоқсыздар ма? Адасып жүрсеңіздер, жөнге салып жіберуге болады.

Тиіскен түріміз осы. Қыздар бізге аң көргендей ежірейе қарайды да, өтіп кете барады.

Ақыры бір-бір сұлу қыз тауып алмақ болған әрекетімізден түк шықпауға айналды. Әрі жүре-жүре шаршадық. Құр сөзден ештеңе өнбеген соң бірер қыздың жанынан тақалып өте беpiп, байқамаған боп, қағып, соғып кетуді шығарған едік. Бұның арты енді тіпті жақсылыққа апармайтындай көрінді. Бірер қыздан дөрекі сөздер естіп қалдық

Бір қыз тіпті шаңқылдап, милиция шақырмақ боп, есімізді шығарды.

Сосын бүгінгі қыз аулауды осымен доғаруды, бас аман, мал аманда үйге қайтып, жатып демалуды мақұл көрдік.

7

Пастер көшесінің бойындағы тротуармен келе жатырмыз. Көшенің әр жерінде бағана бастарына орнатылған электр шамдары. Жүріп жатқан адам аз. Пәтерімізге, шамасы бір кварталдай қалған еді. Кенет алдымыздағы қақпадан көшеге қарай сумаң етіп, бір қара мысық жүгіріп өте шықты. Біз бұған пәлендей мән бере қоймас едік. Бірақ сол кезде қақпаның түбінен:

— Жігіттер, енді сендердің жолдарың болмайды, — деген сыңғыраған, нәп-нәзік қыз даусы естілді.

Ала көлеңке жарықтан біз әуелде оны байқамаған едік. Енді тұра қап мойын бұрып қарасақ: қақпаға сүйеніп, бізге күле қарап тұрған әдемі аққұба қыз. Мойнында шам сәулесімен жалт-жұлт еткен ұп - ұсақ шынжыр баулы, оймақтай медальон. Бүкіл кеш бойы ешкімге жолай алмағанның есесіне мен:

— Сіз не айттыңыз? — деп, түр-түсі сүйкімді көрінген әзілқой қызға үңіліп, жақындай түстім.

— Жолдарыңызды мысық кесіп кетті ғой?

— Е, онда не болушы еді?

— Жұрт бұны жаман ырымға жорымай ма?

— Біз ырымшыл жандар емес едік. Сіз қорқытып қойдыңыз ғой. Олай болса біз енді ілгері қарай бармаймыз. Қаламыз осы арада. Не көрсек те сізбен бірге көреміз.

— Сондай-ақ қорқақсыздар ма?

— Жоқ, қорқақ емеспіз. Бірақ біз өзіміз ауылдан келген жандар едік. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп деп, бекер айтпаған ғой. Мынау бейтаныс қалаңызда неге душар боларымызды кім біліпті?

Е, бәсе, менің осындайым болушы еді. Болмашыны сылтау қып, қыз-келіншекке шоңайнаша жабыса кететінім болушы еді. Сонымды қайта тапқан тәріздімін. Әзілқой қызға тақалып тұрып алып, буынсыз қызыл тілге ерікті бере бастадым.

Қыз да әзілге кет әрі емес тәрізді. Біздің әр сөзімізге жауапты іркіліссіз тез қайырады.

Қол берісіп, ат - жөн айтып танысу ауыл дағдысында жоқ. Біздің танысуымыз міне осы — сөзден сөзді қоздатып, әңгімелесу. Қыздан: не істейсіз? Қайда оқисыз? Осы мына үйде тұрасыз ба? Үйіңізде және кімдеріңіз бар деп, қазбалап сұрап қоямыз.

Сондағы білгеніміз: әсем қыз осы қалада медучилищеде оқиды екен. Келер жылы бітіреді. Әкесі соғыста, Кәзір үйде анасы екеуі ғана.

— Анаңыз не істейді?

Қыз күліп:

— Осындағы бір кеңседе төменнен санағанда ең бірінші бастық, — дейді.

Бұнысы үй сыпырушы дегені екен.

Әлгінде аяқтарымыз талып, шаршай бастағанымыз естен шықты. Әңгімелесіп ұзақ тұрдық. Қыз кет демей, кететін түріміз жоқ. Сірә, уақыт бірғауым болып қалса керек. Бір кезде, кенет, қақпанын, батыс жақ түбіндегі белуардан жерге батқан особняк үйдің ашық тұрған терезесінен:

— Гауһар!—деп, соза дауыстаған әйел дауысы естілді.

Қыз үріккен торғай құсап селт ете қалды:

Мама, мен мұндамын!

Әлгі дауыс және қайталады:

Қызым, ұйықтайтын кезің болды, Кәзір барам.

Қыз осыны айтты да, бізге бұрылып:

— Ал, хош болыңыздар. Мені шақырып жатыр. Мүмкін, тағы кездесерміз, — деп, көйлегінің етегі желпең етіп, жүгіре жөнелді...

Біз бір ауыз жауап қатып үлгере де алмай қалдық.

Қыздың аты Гауһар екенін де осы тап кәзір, шешесінің дауыстап шақыруынан білдік.

Былай шыға беріп Жақанға:

— Әлгі қыз әдемі қыз екен, — дедім,

— Несі әдемі?

— Немене, жаман ба?

— Әдемі түгіл, дәнеңесі де жоқ. Кәдімгі қарапайым қыздың біреуі.

— Аты, аты қандай — Гауһар!

— Жаман иттің атын бөрібасар қояды деген, — деп, Жақан күліп, әзілдеген болды. Бірақ оның бұл әзілі дәл кәзір орынды емес еді.

Дегенмен мен түсінемін. Әлгінде Гауһармен көбірек қалжыңдасқан да, Гауһардың көбірек бейімделіп, сөйлескені де мен болып едім. Жақан менің көлеңкемде қалыңқырап қойған. Иә, оны томсырайтып келе жатқан сол екен ғой.

Майра жеңгей жатып қалған тәрізді. Ашық террасаға, кешегі үйреншікті орнымызға, төсек салып қойыпты. Ол кісіні мазаламауға тырысып, үп - түнсіз шешіндік те, жатып қалдық.

Жақаным бір дегеннен маған арқасын беріп, ары қарап, дөңкиіп жатыр. Үстіміздегі жамылғының өзіне молырағын тартып алған. Жер төсектің тура орта тұсына жайғасқан. Енді менің халім кірменің халіндей нe төсенішке, нe жамылғыға жарымай, жер төсектің шетіне әрең ілініп жатырмын.

Бірақ, жатысым жайсыз болса да, көңілім күйлі. Ойымда да, көз алдымда да әлгіндегі Гауһар. Оның әр сөзі, әр қимыл күлкісі көңілімде аса жылылықпен жатталып қалған.

Гауһар жөнелерде «мүмкін, тағы кездесерміз» демеді ме? Ол сол сөзді, құдай біледі, қалай болса, солай айта салған жоқ. Маған бағыштап, астар беріп айтты. Яғни, менімен, бізбен емес, мына менімен тағы да кездескісі келіп айтты.

Мен таңның тезірек атуын аңсай бастадым.

Байқаймын, Жақан да ұйықтай қойған жоқ. Анда-санда мұрнын шуылдата пыш-пыш тартып, көңілінде маған деген салқындық бар екенін арқасының қозғалысымен-ақ сездіріп қояды.

Жақан екеуміздің арамызға тон бітуі ол әуелі мына мен үшін тиімсіз. Мен мұнда Жақанға ілесіп, тәуелді болып келіп отырған жанмын. Жақансыз Майра жеңгей жолата ма мені? Оқу мерзімі бір ай. Әлі бір ай Жақанмен бірге жүріп, тұруым қажет. Сондықтан Жақанның маған теріс көзбен емес, оң көзбен қарап жүруі мен үшін керек-ақ.

Азды-көпті Жақанға жағымпазданбай күн көру қиын маған. Осыны ойлап, ымырашыл жұмсақ үнмен:

— Жақан, — дедім.

— Мм...

— Неге ұйықтамай жатырсың?

Жақан үнсіз.

— Жақан, бері қарашы. Саған дөңкиіп, не болған бүгін? Әлгі... жаңағы қыздың... Гауһардың, сөз жоқ, жолдас қыздары бар. Солардың сұлу біреуімен сені таныстыр дейміз. Сосын, төртеу боп, тамашалап уақыт өткіземіз.

Жақан тағы да үнсіз. Сосын ымыраға келе бастағандай шалқасынан аунап түсіп, ары қарай аздап сырғи жатты.

— Қала қыздары ауыл қыздарындай емес. Олар киноға, театрға апарғанды жақсы көреді, — деді Жақан.

— Несі бар, апарамыз,

— Ал сен театрдың билеті қанша сом болатынын білемісің?

— Қанша?

— О, театрдың билеті деген сұмдық қымбат болады. Және отыратын орнына қарай. Алдыңғы жағы қырық, елу сомнан кем емес.

Жақанның тиын санағыш, сараңдау мінезі бар. Мен оны бұрыннан білем.

— Онда киноға барып жүреміз.

— Жарайды. Оның бәрін ертең таң атқан соң көрерміз. Ұйықтайық.

Жақанның жұмсарып, беті бері қарағанына мен одан бетер қуанышты едім.

8

Облыстық оқу бөлімнің жанынан ашылып отырған бір айлық білім көтеру курсына біздің ауданнан басқа да келген мұғалімдер бар. Көбі әйелдер, қыздар. Бізге ұқсап олар да тамыр-таныс қуалап, әркім-әркімнің үйлеріне жайғасқан.

Алғашқы күнгі оқу оқу секілді болған жоқ. Нағыз оқу ертсең осындағы мектептердің бірінде басталмақ. Қалай, қандай тәртіппен оқитынымызды айтты да, бүгін қала аралаңдар. Тамашалаңдар деп, таратып жіберді.

Ал, Жақан, қайда барамыз?

Тәлкөшке мына араға жақын. Жүр, тәлкөшкені бір аралап шығайық.

— Қыздарға қашан барамыз?

— Қай қыздарға?

— Түндегі өзіміз танысқан...

— Әй, сен сол Қызға ғашық болып қалғаннан саумысың? Түнімен соны ойлап шықтың ғой деймін? Барсаң бар өзің. Мен несіне барам.

Қыздардан гөрі Жақанды тәлкөшке көбірек қызықтыратын секілді. Пәлендей алатын түгіміз болмаса да, тағы.да тәлкөшкеге келдік. Күн көтеріле түскен сайын ысып, шекемізді тесіп өткендей болып барады. Аяқ астындағы асфальт киіз төселгендей былқ-былқ етеді.

Тәлкөшке кеше қалай болса, бүгін де солай — құмырсқаның илеуіндей құжынаған халық.

«Кәне, болыңдар! Барыңдар тәлкөшкеге! Басы артық киім - кешектерің болса, алып барып, сатыңдар!» — деп, әлде кім осы жүрген жұртты мынадай ыстық күнде осында зорлықпен қуып әкелген секілді.

Әйтпесе, мынадай ыстықта үйлерінде демалып, жатпай ма?

Әлгідей қарбаласта кім қолына не түссе, көзіне не іліксе, соны алып жүре берген: біреу көйлек, біреу дамбал, біреу. тақия ұстап тұр. Мына бір әйел ауыл келіншектері ұялып кимейтін, кисе де ешкімге, әсіресе еркек атаулыға көрсетпеуге тырысатын, ал қыздар болса, атын атағанның өзіне беттерін басып, ұялатын киімдерінің бірі емес бір тобын ешқандай қысылыссыз жарқыратып ұстап тұр.

Мен кешегідей — тәлкөшкені тұңғыш көргендей емеспін. Бастығып жөн біліп қалғам. Сатылатын заттардың кейбіріне бөгеліп, орысшалап:

— Сколько стоит? — деймін.

Кейбіреуімен алатын адамша кәдімгідей саудаласа бастаймыи.

Тәлкөшке аралап болып, үйге кайтып келеміз. Мынау міне Пастер көшесі. Гауһар үйі алдымызда. Менің бойым бір ысып, бір суи бастады. Тағы да қақпаның түбінде Гауһар кездесіп қалса игі еді.

Қақпаның сыртында да, ішінде де ешкім байқалмайды. Тым-тырыс. Мен қақпадан ішке емексіп, үңіле қараймын. Гауһарды іздеймін.

Түнде Гауһарды ұйықтауға шақырған әйел дауысы мынау екі терезенің бірінен естілген. Терезелер әлі ашық тұр. Бірақ іш жақта не бары байқалмайды. Екі терезенің екеуіне де шілтер ұсталған.

Гауһар үйінің тұсынан әбден өтіңкіреген кезде Жақан артында қалыңқырап келе жатқан маған:

— Қызың әне, ана үйде тұрады. Бармайсың ба? — дейді.

Мені тәлкек етіп айтқаны тәрізді. Жайшылықта болса, жауапты келістіріп қайтарар едім. Ал қазір қыжылым ұстай тұра тілімді тістеп, үндемедім.

9

Түскі тамақтан кейін Жақан жейдесі мен бәтеңкесін шешті де, сап-сары ала болған носкиін террасадағы кір жаю үшін тартылған жіпке жайып, шаршадым, демаламын деп, жатып қалды.

Күн әлі қапырық. Менің де жатқым келіп - ақ отыр. Бірақ жүрегімде маза жоқ. Түндегі Гауһарды енді қазір күндіз анықтап бір көруге құштармын.

— Мен біраз қала аралап, жүріп кайтайын, — деген сылтаумен көшеге шықтым. Тағы да Пастор көшесімен Гауһар үйіне қарай келе жатырмын. ЬІстық жерден де, көктен де жалын боп желпіп тұр. Бұл маңдағы үйлердің бәрі тым-тырыс. Жұрт ыстықтан бұғып, үйлеріне тығылып алған.

Ауладан үңіліп қарап едім. Құшағында мысығы бар, көздері бақырайыңқыраған бір кішкентай қара бала көрінді.

— Әй, балақай, бері келші.

Бала жетіп келді:

— О не?

— Сен мынау үйде тұратын Гауһар дейтін қызды білесін бе?

— Ал білем, неғылады?

— Білсең, сен сол қызды шақырып жіберші?

Бала тілалғыш бала екен, жүгіре жөнелді. Мен сол кезде қақпа алдынан тайқып, көшеге шығыңқырап тұрдым. Гауһардың өзім әлі көрмеген анасынан қаймығам. Қандай жам екенін кім біліпті.

Бала тез қайта жүгіріп келді:

— Есіктерінде құлып тұр.

Жалғыз өзім көшеде басым ауған жаққа лағып келе жатырмын. Гауһарды бір көрмей, онымен кездеспей, жаным жай табатын емес. Міне осындаймын, бірдеңені шындап ниет етсем, қашан соны бір жайлы етіп тындырмай, еш тыншымаймын.

Есіктерінде құлып тұрса, мүмкін, бір жаққа бір шаруамен шығып кеткен шығар. Біраздан соң келер.

Адам көбірек жүретін орталық көшеде тротуардың шетінде арықтың жағасындағы жуан нән теректің саясында стол үстіне үлкен қызыл ала афишаны жайып тастап, ұзын мойын бір әйел билет сатып отыр. Афишадағы жазуды оқып көрсем, «Чио Чио-Сан» . Бұрын естімеген нәрсем.

— Бұл не? Кино ма?

— Жоқ, опера, — деді әйел.

Опера деген сөзді, әйтеуір, естісем керек. Бірақ не екенін біле қоймаймын.

- Қалай, қызық па? Қызық ойын ба?

О, бұл деген классикалық дүние емес пе? Бұны білмеу сіз секілді жас интеллигент жігіт үшін күнә. Зор күнә. Кәне, қанша билет берейін? Ен жақсы орындарды тауып берем.

Әйелдің сөзі намысымды қарып, жаныма батыңқырап кетті де, сәл ойланып:

— Үш билет, — дедім.

Әйел билет жыртып ұсынды да, төлейтін ақшамның сомасын айтты. Қымбат! Қымбат болғанда удай! Жақанның айтқан сөзі сап етіп есіме келді. Театрдың билеті сұмдық қымбат деген еді ғой. Бірақ, енді бас тарту ыңғайсыз. Сыр бермеуге тырысып, қалтамнан жүз сомдықтарды жалтырата суырып, төлеп жатырмын.

— Бұл ойын қайда болатын ойын?

— Опера театрында. Жаңа театрда.

Жаңа театр дегенге, елең ете қалдым. Алматыда ғажап әдемі жаңа театр салынғаны жайлы соғыстың алдында газеттер даурыға көп мақтап жазған. Онда болған, көрген жұрттың аузынан да жер-көкке сыйғызбай дәріптеген талай лепірме сөздер естігем. Міне енді мен де көретін болдым.

...Гауһар үйін торуылдап және келіп тұрмын. Тротуармен ары өтем. Бері өтем. Ары өтем. Бері өтем. Ешкімнің қарасы байқалмайды. Көлеңке басы ұзарып, кеш жақындай бастады. Театрға Гауһарға деп алған билет босқа өлмесе неғылсын.

Маған қарсы аяғын тыпың-тыпың басқан, денесі талдырмаш бір ер бала келе жатыр. Жоқ, ер бала емес, қыз бала. Тек ер балаша шалбар киген. Сөйтсем, Гауһар!

— Гауһар!

Гауһар қалт тоқтап, ол да мені бірден таныды:

— Жәнібек!

Екеуміз мәре-сәре болдық та қалдық. Дәл бір ескі таныс, ескі достар тәріздіміз.

— Сен мұнда неғып жүрсің? — дейді Гауһар.

— Саған келгем. Бағана келгем. Театрға билет сатып алдық. Барасың ба?

— Қай театрға?

— Әлгі жаңа театрға.

— Операға ма?

— Иә.

— Онда бүгін қандай спектакль екен?

— Аты қиын. Ши - ши ма, бірдеңе. Билет сатқан әйел қызық ойын деп, мақтап берді.

— Ши - ши... Чио – Чио - Сан шығар?

— Иә, дәл өзі.

Гауһар қуанып кетті:

— Ой, Жәнібек, ты просто молодец! Мен ол операны сондай сүйем. Әлгі жолдасың қайда? Ол да бара ма?

— Барады.

— Онда сендер сағат жетіге таман келіңдер. Кәзір қанша, ерте шығар. Мен дайын болып тұрам.

— Мақұл. Тек кешікпей шық. Біз осы арада тосып тұрамыз.

— Кешікпеймін.

10

Кәзіргі Панфилов көшесі ол келде Краспоармейск деп аталады. Соның бойымен тік өрлеп, Гауһар, мен, Жақан үшеуміз театрға келе жатырмыз. Гауһар ортамызда.

Театрдың сәулетті биік үйі асқақтап анадайдан көрінді. Көшенің дәл орта деңгейіне салыныпты. Осыдан тік жоғары зымыраған машиналар егер ешқайда бұрылмаса, тұпадан -тура барып, әсем үйдің маңдай есігіне бір-ақ соғылғандай.

Театр үйінің үшкіл төбесі көк аспан айнасында көшенің екі жақ қапталына қолдың саласындай болып, тізіліп өскен заңғар бәйтеректер үшінің дәлме-дәл қақ ортасынан келіп, өзінше ол да жарасып тұр.

Мақтаулы театрдың қасына кеп қалдық. Ауданның жабайы қараша үйлерінен өзге мен бұған дейін бұл тәрізді ештеңе көрген емеспін. Шынында да таңырқап, сүйсіне ғажаптанып қараймын. Қасымдағы өзім иемденіп, қырындап келе жатқан Гауһардан қысылмасам: «Ой, сұмдық - ай, қалай жасаған - ей!» деп, үлкен үйді айнала жүгіріп қараудан да тайынатын түрім жоқ.

Ішке кірдік. Шіркін, не деген сәулет! Енді тіпті қасымыздағы Гауһарды ұмыта бастадық. Таңдай қағып, таңырқап, алақ-жұлақ қараймыз.

Орнымыз партерде, алға таман. Гауһарды ортаға ала келіп отырдық. Бір кезде шам сөніп, спектакль басталды. Шын мәніндегі операның не екенін мен білмеймін. Шымылдық ашылар - ашылмастан музыка ойнай бастады. Ауылға қаладан оқта-текте артистер келіп, пьесалар қоятын. Менің түсінігімде театр атаулының бар ойыны сол тәрізді болмақ.

«Чио – Чио - Сан» операсы Баттерфляйдың ариясымен басталады ғой. Мен бұны алғашында жай өлең айту шығар, бұдан соң өлең тоқтап, ойын кәдімгі өзіме мәлім қарапайым сөз түріне көшетін болар деп ойладым. Сөйтсем жоқ ән тоқтамайды. Артистер не айтса да өлеңдетіп айтады. Музыканы да біраз ойнап барып басылар деп ойлап ем. Ол да басылмайды, қабаттасып шиық - шиық етіп артистердің не айтып жатқанын естіртпейді.

Бұл «қойыртпақ» біраздан соң менің жыныма тие бастады. Шұқырдың ішіндегі оркестрді нұсқап:

— Мыналар неге қоймайды? Түк естіртпейтін болды-ау, — дедім.

Гауһар маған ежірейе қарады.

— Бұл опера емес пе? Музыкасын тыңдау керек қой, — деді ол.

Ши шығарып алғанымды сездім де, жым бола қалдым.

— Не айтып, не қойып жатқанын кісі түсінбейді. Ойын сияғы жоқ бірдеңе ғой. Одан да бағана Шараның ойынына билет алмаған екенбіз, — деп, ана жақтан Жақан күңкілдеп қояды.

Біраздан соң Жақан екеуміз мүлдем зерігіп, операны тыңдауды да, сахнаға қарауды да қойып алдық. Одан гөрі төбедегі әсем люстраға, лампалардың әртүрлі құбылған сәулелеріне, өрнектердегі әдемі ою, өрнектерге қарап, қызықтап, уақытты сонымен өткізе бастадық. Кенет ду етіп қол шапалақталды. Мауыты шамылдықтар үнсіз сырғып жабылып барады. Жарқырап шам жанды. Жұрт орындарынан түрегеп, тарағалы барады. Ойын біткен екен қалай, тез бітті, жақсы болды ғой деп, мәз болып, қуанысып қалып едік.

— Жоқ спектакль біткен жоқ. Тағы екі актісі бар, — деді Гауһар.

— Жұрт тарап барады ғой?

— Антракт.

Бұл біздің естімеген сөзіміз.

— О не?

— Он минуттік үзіліс, — деп түсіндірді Гауһар.

— А солай ма? — деп, қала қызының алдында бір қараңғылығымыздың соңынан бір қараңғылығымыз көріне бергенге ұялыңқырап, Жақан екеуміз сыртқа қарай жөнеле бердік. Бүл мәдениетсіздікті қойсайшы. Гауһарға жүр деп айтуды да ескермедік.

Ол сол отырған күйінде қалды.

Фойены аралап жүрміз. Қасымыздағы қысылып - қымсылатын Гауһардан құтылған соң жадырап еркіндеуміз. Төбедегі әшекейлерге шалқая қараймыз деп кейбіреулерге соғылып та қаламыз. Ондай әбестігіміз үшін кешірім сұрауды бізге кім беріпті. Соғылған адамымыздың бетіне бажырая бір қараймыз да, жүре береміз.

Бірсыпыра жұрт шұбап, жалпақ басқышпен жоғары шығып барады. Бірсыпырасы төмен түсіп келеді. Үстінде де бірдеңе бар сияқты. Шығын көрмекші болдық. Онда да төмендегідей кен, фойе бар екен. Әдемі жұмсақ орындықтар қойылған. Амфитеатрға кіретін есіктерден үңіліп қарап қоямыз. Байқасақ біреулер енді бұдан да жоғарыға шығып кетіп барады. Сол ең үстінде не бар екен деп, балкондарға кіретін үшінші этажға көтерілдік. Тап осы кезде кенеттен қап-қараңғы болып, шам сенді де қалды.

Әлгінде шыр-шыр етіп қонырау соғылғанын естігенбіз. Оның неге соғылып жатқанын қайдан білейік. Сөйтсек, ойын басталады деген хабар екен ғой.

Келген ізімізбен жүгіріп, қайтадан ен төменге түстік. Сөйтсек партердің арғы - бергі есігі бірдей жабылған да қалған. Не істеуді, ішке қалай кірерімізді білмей, арлы-берлі тасырлатып жүгіріп жүргенімізде, кенет, тап алдымыздан үсті-басы сап - сарыала, мұртты, генерал ма, біреу, шыға келмесі бар ма?

Әлгіні керіп, жым болып тұра қалдық.

— Бұл неғылған тәртіпсіздік? Неғып жүгіріп жүрсіңдер?

«Е, бұл генерал мына ғажап үйдің үстінен қарайды екен ғой» деген оймен иеленіп, сасып -салбырап жайымызды айта бастадық.

— Сендер енді партерге кіре алмайсыңдар, барып, анау үстінен балконнан қараңдар! —деді генерал.

Генералдың жазаламай оп-оңай босатқанына қуанып, қайтадан жоғарыға жөнелдік. Балкон дегеннің қайсы екенін де уға алмаймыз. Әйтеуір осы жақта болар деп түртпектеп жүрміз. Амфитеатрдың барлық есігі жабық. Одан да жоғары шықтық. Бұл балконға баратын этаж. Құдай ондап, мұндағы есік ашық тұр екен. Кірдік. Жұрт орын - орындарына жайғасып, oйын басталып кетіпті. Сахна сонау төменде, аяғымыздың астынан көрінеді. Артистердің төбесінен қарау біртүрлі қызық та секілді.

Осылай тұрып, залдан Гауһарды іздеп, тауып алдық. Әне, ол екі бос орынның ортасында шошайып жалғыз отыр. Әлсін - әлсін есік жаққа жалтақтап қарайды. Сірә, бізді іздейтін болуға керек. Балконнан төмен түсіп баруға жол жоқ. Қап, қайран Гауһар, жалғыз отырып қалдың - ау. Не ойлап, бізді қайда жоғалып кетті деп отыр екенсің. Біз жоғалған жоқпыз. Міне, жоғарыдан сенің дәл желкеңнен қарап тұрмыз. Иә, жағдай осылай болды, Гауһаржан. Шыдай тұр, шыда кішкене. Үмітіңді үзбе. Қазір тағы бір үзіліс болысымен арсалаңдап қасыңа жетіп барамыз.

...Ойын бітті. Тарап, сыртқа шығайық деп келеміз. Манағы «генералым» екі қолын артына ұстап, шіреніп, есіктің тап алдында тұр. Гауһардан: «Мына генерал осы театрдың бастығы ма?» — деп сұрадым. «Қайсы?» «Мынау... генерал ма, кім өзі?» Гауһар күліп жіберді. «Генерал емей-ақ, швейцар ғой!»

Гауһар үйіне жақындайық деп қалдық. Қазір енді онымен қоштасамыз. Тағы да кездесейік деген сөзді қалай бастап ай суды білмей, қиналып келе жатырмын. Жақанның «шаруасы және бap. Егер осыдан ештеңе дей алмай кетер болсам, былай таман шыққан coң. Жақан мені, сөз жоқ жүндей түтеді. «Өй, өлік! Бір ауыз сөз айтуға жарамаған мәлғұн» дейді. Екі оттың аралығында шыжғырылып келе жатырмын.

Біз ертең және бір күп боспыз. Ал бүрсігүні оқуымыз басталады.

- Гауһар, ертең не істейсің? — дедім бар батылдығымды жиып-теріп.

— Қайтеді?

— Анау үлкен паркке барсақ.

«Үлкен парк» деп отырғаным қазіргі Максим Горький атындағы парк. Оның жай-жағдайын маған бағана Жақан айтқан. «Іші жыныс орман. Арасына кіріп кетсең болғаны, не істеп, не қойып жатқаныңды адам білмейді. Қыздарды бұдан былай кино, театрға сүйреп, ақшаны босқа шығын еткенше, соған апару керек...» деп, мені дайындап қойған.

— Түске үй шаруасынан қолым босамайды, түстен кейін пожалуйста, — деді Гауһар. Біз бұл кезде оның үйінің қасына келіп те қалған едік.— Ал сау болыңдар. Сендерге үлкен рахмет. Сағат он бір боп қалды. Мен баруым керек, — деп, Гауһар асығып, қоштаса бастады.

— Гауһар, — дедім мен тағы да.

— Иә?

Жүрегім лүпілдеп, сөзімнің қиюы қашып кетті.

— Сен... Мм... мынау Жақанды... ммм... Жақан айтады, бір қызбен таныстырсыншы дейді...

Жақан шақшаң етіп:

— Ей, қашан айттым?

— Сен айтпасаң да былай... төртеу болып жүрген көңілдірек қой.

Гауһар Жақанды жаңа көргендей үнсіз қарап тұрып қалды. Содан соң:

— Менің подругам бар Шолпан деген. Таныстырайын, — деді.

Жақан әлі де болса ақталып:

— Мынау өзі ғой ойдан шығарып айтып тұрған. Мен бұған ештеңе деген жоқпын, — дейді. «Таныспаймын» деп және айтпайды.

11

Түні бойы Жақанның түсіне базар кіріп шыққан тәрізді. Таңертең көзін тырнап ашқан бойда:

— Қазір шайымызды іше салып, базарға барайық, — деді ол.— Ақша деген сумен тең. Қажетті нәрселерімізді дер кезінде түгел алып қоймасақ болмайды. Жұмсалып кетеді. Кеше, әне көрдің ғой, бір кештің арасында отыз сомның басына су құйдық.

Түске дейінгі уақытымыз базар базарлаумен кетті.

Түстен кейін кешегі уәде бойынша Гауһар үйін торуылдап келдік. Дарбазаның түбіне жете бергенімізде кенет балақ тұсымыздан:

— Жәнібек!—деген жіңішке таныс дауыс естілді. Жалт бұрылып қарасақ, Гауһар. Көбікке малынған қолдарымен (сірә, ол кір жуып жатса керек) шілтер перденің бір жақ шетін сырып, бізге күлімсірей қарап тұр.

— Маған келдіңдер ме?

— Иә.

— Ой, Жәнібек, мен әлі үлгіре алмай жатырмын. Сендер бір жарты сағат гулять ете тұрсаңдар.

— Мақұл, — дедім мен.

— Жарайды, — деді Жақан. Жарты сағат емес, жарты күн жүре тұруға қынжылатын біз емеспіз.

«Әлгі айтқан жолдас қызын ерте шықса жарар еді. Онысы осы қорада тұра ма екен, қайда тұрады екен?» деп, Жақан тыпыршиды. Оның әлі Шолпанды көріп - білмей жатып-ақ әлденеге іштей сайланып, жұтынып, әзірлене бастаған кейпі бар.

Жақанның мінезі долбиған денесі секілді. Сөзге де, іске де оралымы аз. Жұқалап қасымалдап баратын жерде дүрс еткізіп төбесінен қойып қалады. Мен оның сонысынан сезіктеніп:

— Сен байқа, ептеп сөйлес. Бірдеңе деп, бүлдіріп ап жүрме, — деймін.

Біреудің ақыл айтқанын Жақан ұнатпайды. Ондайда қасақана егесіп кетеді.

— Қала қыздары қылтың-сылтыңды білмейді. Оларға неғұрлым батыл болу керек, — деп, өзімді үйрете бастайды.

Дәл жарты сағаттай уақыт өткенде, Гауһар шықты. Үстінде көзді қуандырғандай әдемі көкшіл гүлі бар шыт сарафан. Қызарып албырай түскен өнінен, ентігіп тыныс алысынан оның істеп жатқан шаруасын апыл-құпыл жедел аяқтап шыққаны білініп тұр. Бозғылданып, әлі жөнді құрғамаған қол, білектерінен жылы су мен сабынның иісі бұрқырап келеді.

Гауһар жалғыз емес-ті. Қасында Гауһардан гөрі бойы аласалау, тырсиған семіз сары қыз. Құдай тағалам әлгінің дене мүшелерін өңдей түсуде оншалық маңдайы терлеп еңбек етпегені көрініп-ақ тұр.

Дегенмен қыздың беті - жүзі тұрпайы емес, тартымды. Кішкентай кекшіл көздерінде ішкі ақыл сезімін танытқандай ойлы жылылық, тіпті сүйкімділік бар.

— Танысып қойыңдар. Менің подругам Шолпан.

Ауылда менің Үмітай дейтін балуан денелі тракторшы жеңгем бар. Қолдары кішігірім күректің басындай. Шолпанның қолын алғанда, менің есіме тура сол келді. Әйел затына бітпейтұғын шойындай ауыр, кесек қол.

Ішімнен «Жақанға тауып қосқандай екен!» деп, жымың .

Паркке келдік. Аралап жүрміз. Бір кезде көлге келіп қалыппыз. Жұрт шулап шомылып жүр. Қайықпен жүзіп жүргендер бар.

— Кімнің шомылғысы келеді? Кім менімен малтып жарысады?— деді Гауһар.

Ешкім үндемеді.

— Шолпан, шомылмайсың ба?

Шолпан бетін тыржитып, басын шайқады.

— Жәнібек, сен ше? Малту білемісің?.

— Білем.

— Білсең, шешін, шомыламыз.

— Жоқ, мен шомылмаймын.

— Неге?

— Су лай екен.

Бұным сылтау ғана. Шешінбеуімнің басқа, сойылдай мықты себебі бар. Ішкиімім труси емес-ті. Кәдімгі ұзын балақ дабы дамбал! Онымен қалай шомылайын.

Қысылғандықтан бұрқ етіп маңдайымнан тер шығып кетті.

— Ендеше сендер қарап тұрыңдар. Мен шомылып шығайын.

Гауһар шешіне бастады. Сарафанын сыпырып тастап еді, қабығын жарып шыққан балапан тәрізденіп бар әсем мүсінімен жарқ ете қалды. Шомыларын ол күні бұрын біліп үйінен әдейі соған бейімделіп шыққан түрі бар. Денесіндегі ендігі қалған киімдері киім санатына қоспаған да, қоспаған дұрыс...

Әне, ол үлкен бұрымын төбесіне жүре орап, қыпша бел, дөңгелек мықыны бұлт-бұлт ойнай, суға қарай кетіп барады.

Киімшең күйде тұлғасы шағын көрінгенмен, денесі етті - жеңді: сандары сом — бура сан, иықты, төсті. Аяқтары түп - түзу.

Жиекке жете беріп, Гауһар екі қолын төбесінен асыра үшкілдей созды да, суға басымен шаншыла шолп етіп, көрінбей кетті.

Содан ол анадайдан барып бір-ақ сопаң ете қалды. Әлденені аяғымен тірене серпіліп көтерілгендей кеудесіне дейін жарқ етіп, басын сілкіп-сілкіп жіберді. Жүзінде: сендер қалай шыдап тұрсыңдар. Мінекей рахат емес пе дегендей ағыл-тегіл шаттық бар.

«Әй, бәлем, дүние өртеніп кетсе де ертең таңертең тәлкөшкеге барып, бір труси алып кимесем бе!» — деп, іштей ант байладым.

Кеш түсіп, паркте шамдар жанған. Аландар мен аллеялардың бойы жап-жарық, басқа жерлер қараңғы. Әсіресе, былайғы ағаш аралары бір түрлі кісі қорқатындай. Үйге әлі де кайта қоймай, екеу - екеу боп сейілдеп әңгімелесіп жүрміз. Жақан мен Шолпан таяқ тастам жерде біздің соңымызда келеді, біз Гауһар екеуміз, озыңқырап алда келе жатырмыз. Айтатын сөз де қалмаған тәрізді, көзімізге не түссе, соны әңгіме етеміз.

Бір кезде кейін бұрылып қарасам, Жақан мен Шолпан көрінбейді. Ұзын аллеяның бойы жым-жылас, әрменірек басқа біреулер келе жатыр. Бұлар қайда кетті деп, азырақ тосып тұрдық. Атымның сыры өзіме мәлім дегендей, ішіме сезікті ойлар кіре бастады.

Сол кезде кенет ағаштардың өкпе түс қараңғы арасынан Шолпан шыға келді. Жүрісі адуын. Жалғыз. Жақан көрінбейді.

— Бессовестный! Нахал!

Өзі тырсиған семіз адам одан бетер сыздап, түтігіп кетіпті Дір-дір етеді.

Біз қабатымыздан:

— Не болды, Шолпан? — дестік.

- Шолпан ентігін баса алатын емес:

— Қараңғыға қарай дырылдатып сүйрелеп барады. Ойнайды екен десем, жоқ, ойнамайды. Аузымды басады. Мені кім деп ойлайды екен. Шошқаның бердім сыбағасын! Екінші рет білетін болады. Жүр, Гауһар, кетеміз.

— Рас айтасың ба?—деп, Гауһардың кезі бағжиып кетіпті.

— Хайуан!

Маған бәрі де түсінікті еді, «Қап, ит - ай, бүлдірген екен-ау!»

— Сендер жүре тұрыңдар. Мен қазір қуып жетейін, — дедім. Гауһар мен Шолпан кете барды.

Әлгінде Шолпан шыққан ізбен ағаштың арасына қарай келдім, Қанша айтқанмен жолдас, қарайламай кетуге болмайды. Әрі Шолпанның «бердім сыбағасын» деуіне қарағанда, Жақаным бір сойқанға ұшырап қалған тәрізді.

— Жақан!

— А!

Бет алдымда біреу қарайып отыр.

— Өй, не болды?

Қалтаңда қағазың бар ма?

— Оны қайтесің?

— Әлгі иттің қызы, көрдің бе?

Қараңғыда мен түк те көріп тұрғам жоқ. Бірақ білдім. Бірдеңе шөпке шып-шып тамшылайды...

Жақан мен Шолпанның достығы бір кештің арасында осылай басталып, осылай аяқталды.

12

Біздің сабағымыз басталды. Мен өзімді дүмбілез шала мұғаліммін деп қарап, басқаларды өзімнен артық санап, жүрексінетін едім. Сөйтсем, оным бекершілік екен. Менен өткен де шала үйтілгендер бар көрінеді. Әлгілердің қалай бала оқытып жүргеніне адам таң қалады. Бұны керіп, оқу жағы уайым болудан қалды да, енсем көтеріле түсті.

Күндер өте берді. Мен енді Гауһарға жалғыз келетін болдым. Жақан тіпті бүл көшеден жүруді қойып алды. Шолпанды да көріп тұрам. Екеуміз жылы амандасамыз. Мен оның адамгершілігі жоғары, ақылды жан екенін жүре-бара тіпті анық байқадым. Сөзге де ұста, сондай кісілікті қыз.

— Әлгі қасқыр жолдасың бар ма? Жоқ, кетіп қалды ма? Өзі көрінуді қойды ғой? — деп, Жақанды әрқашан күле сұрап қояды.

— Бар осында. Оны неге қасқыр дейсің?

— Қасқыр емей. Қасқыр қой алып қашады деуші еді. Ол болса ай-шайға қарамастан, соқтандай бір адамды алып қашып барады. Ойпырмай, иен жерде кезіксе, түте - түтеңді шығаратын дүлейдің нақ өзі ғой!

Мен Гауһарға, көбінесе, кешке қарай қас қарая келем. Ол мені аңдып, терезеден қарап тұра ма, болмаса аяқ басқан дыбысымнан тани қоя ма, дереу атып шығады. Күттірмейді. Қақпаның күн батыс жақ түбінде дәл Гауһар үйінің іргесінде үлкен бір бөрте шұбар сандық тас жатыр. Бұдан бұрын оның үстін кімдер мекен етіп жүргенін мен білмеймін. Ал енді ол тас көз байланғаннан кейін Гауһар екеумізден босамайтын болды. Тілсіз ұғынысқан тату - тәтті көгершіндер құсап бұйығып, бір-бірімізге жабысамыз да отырамыз. Шіркін, Алматы жазынын май - тоңғысыз қоңыр салқын кеші қандай тамаша. Сүйіскен жүректер үшін рахат қой, өстіп тaң атқанша отырсаң отыра бересің. Тоңбайсың. Ешқандай киім жамылғышының қажеті болмайды. Мап-майда қоңыр мақпал түн жамылғың да, бөгде көзден бүркейтін шымылдығын, да міне сол. Ынтыққан екі ыстық жүрек емін-еркін ұғыссын дегендей барқыт түн тыныштық күйін бұзбай, маужырайды да тұрады. Жұлдыздар өзара жымыңдасып, бірі мен бірі көз қысысқандай болады. Жалын атқан еріндер бір-бірінен бал алып, бал берісіп жатқанда, тесірейе қараудан қаймыққан жартыкеш ай бір үзім қоңыр бұлттың тасасына кіріп жасырына қалады...

Сағат түнгі он бір болғанша біз осылай отырамыз. Ауланың ішіндегі үйлердің бірінен әлдекім есік алдына шыға қалса, бізді көреді де, бөгелмей жалт бұрылып кетеді. Өздерімен өздері рахаттанып отырғанда, шырықтарын бұзбайын дейтін тәрізді. Ал сағат тура он бір болғанда, біздің он қол жағымыздағы үнемі жабылмай. ашық тұратын терезеден Гауһар мамасының оны ұйықтауға шақырған үні естіледі. Мен үшін де бұл үн әбден таныс болып алды.

Гауһардың оған жұлып алғандай етіп қайтарар бір-ақ жауабы бар:

— Қазір барам, мама, — дейді. Бұдан соң еш аялдамайды.

— Хош, жақсы түс көр, — дейді де, жүгіре жөнеледі.

Гауһар бір күні:

— Жәнібек, ертең менімен бірге қаланың сыртына бақшаға барасың ба? — деді.

— Онда не бітіреміз?

— Картоп, жүгерінің арам шөбін отап, жұмыс істеп қайтамыз.

— Мақұл.

Арам шөп отау түгіл Гауһар тас қашауға шақырса бас тартармын ба?

Ертең демалыс. Онсыз да қолым бос. Жақанмен бірге тәлкөшке араламасам басқа бітіретінім шамалы.

— Олай болса, мен ертең сағат сегізде келем саған. Дайын болып есік алдына шығып тұр, — деді Гауһар. (Ол біз жатқан үйді білетін).

— Жарайды.

Ертеңіне Гауһар келді. Бір қолында азық-түлік салған сумкасы. Екінші қолында жеңіл кетпенше. Үстіне жеңіл - желпілеу көнетоз көйлек киіп, басына шаршы орамал тартып алған. Қазіргі тұрпаты біздің ауылдағы колхозшы әйел - қыздарға ұқсайды.

Өзі кереметтей көңілді. (Мен оның, жалпы көңілденбей жүрген кезін көрген емеспін). Тапочка киген аяқтарын сілке басып, қунаң - қунаң етеді.

— Кеттік пе?

— Кеттік.

Көк базарға келіп, помидор, алма, жүгері ұнынан пісірілген күлше, тоқаш секілді және біраз азық-түлік сатып алдық. Ақшаны, әрине, мен төледім. Одан соң сол арадан автобусқа отырдық .

Ол кезде қазіргідей үлкен автобустар жоқ. Жалғыз есікті кішкене автобус. Іші тар. Біз құсап кілең кетпен - күрек арқалаған жұрт. Сығылысып - мығылысып қаланың шетіне келіп түстік. Одан соң көп жер жаяу жүрдік. Күн ыссы. Жол шаң. Жол шетіндегі қурай -шилерге тиіп кетсең, бұрқ ете қалады. Жолмен жүрейін десең, шаң толарсақтан келіп және бұрқылдайды.

ЬІссы, шаң.

Шаң. Ыссы. Алды-артымызда кетпен - күрек арқалаған басқа жұрт: әйелдер, қарттар, балалар. Майданнан келген мүгедектер, Олар сізді қаруларын кетпен - күрекке айырбастап, тіршілік, жанбағыс шабуылына шыққан. Бақшаға да келіп жеттік. Мені аяғандай түрмен:

— Бірталай жер. Шаршадың ғой деймін, — дейді Гауһар. Жоқ.

— Міне, біздікі мынау.

Бет алдымызда бір тақта картоп, бір тақта жүгері егісі. Біркелкі әдемі өсіп жетіліп келеді екен. Жүгерінің бітімі қолдың саласындай, тап-таза. Бүйірлері бұлтиып собық сала бастаған. Картоптың көк бұйра сабақтары жамырап гүл жаруға кіріскен.

— Енді аз күнде жеуге жарайды, — деп, Гауһар қуанып қояды. Маған ол бақшаның егжейін - тегжейін айта бастады:

— Былтыр осы арадан жер бөліп беріп жатқанда, кім оған барып, күтімдеп қарап жүреді деп, мамамның алғысы келмеп еді, — дейді.— Мен болмай алғыздым. Әйтпесе, білесің ғой. Жан бағу кәзір оңай емес. Бәрін базардан сатып алу керек. Қымбат. Ал мамамның болса жалақысы азғантай. Қазуын әйтеуір көктемде бір-екі күн келіп, мамам қазысып береді. Содан кейінгі жұмысының бәрін өзім атқарам.

Дәл осы жерден Гауһар былтыр он мешок картоп, төрт мешок жүгері алғанын айтады. «Картоптың екі мешогін өзімізге қалдырдық та, басқасын саттық. Бәрібір сақтайтын жеріміз жоқ, бұзылып кетеді. Жүгерінің екі мешогін саттық. Одан түскен ақшаға біраз киім-кешек, сексеуіл алдық» дейді.

Қаршадай нәзік жанның бір жағынан училищеде оқу оқып, екіншіден мұнша шаруаны бір өзі тындырып жүруі маған ерен ерлік тәрізденіп көрінді.

Ортамыздағы жалғыз кетпеншемен кезектесіп күні бойы еңбек еттік. Гауһар тіпті шаршау дегенді білмейді. Кетпеншенің кезегі маған тигенде, отырып дем алудың орнына әр-әр жерде қылтиып бой көрсете бастаған арам шөптерді шөпшеңдеп қолымен теріп жөнеледі.

Гауһардың аузына да тыным жоқ. Жұмыс істей жүріп, баяулата сызылтып ылғи он айтады. Ол әндердің көпшілігі мен біле қоймайтұғын, менің құлағыма тосаңдау естілетін дүниелер.

Тегі, опера, оперетталардан үзінділер, ескілікті романс тәрізділер болса керек. Әлгідей тосып бола тұрып, құлаққа соншалықты жағымды, тыңдаған үстіне елігіп тыңдай бергін келеді, бұрып дәмін татпаған тәттіні татқандай болам.

Ара-тұра тынығып, отыра қалсақ, Гауһар көзіне не түссе, сол жайында тақпақтап өлең айтады. Өз өлеңі емес, әрине. Атақты ақындардың өлеңдері немесе олардың поэмаларынан үзінділер. Гүлді көрсе, гүл жайып, аспандағы қалықтаған ақша бұлтты көрсе, бұлт жайып, алма жеп отырса, алма жайып елең ете жөнеледі.

«Бұл кімнің өлеңі, білесің бе?» — деп, менен сұрап қояды.

Көпшілігін біле қоймаймын да. Иығымды қомдаймын. Бұным, әрине, ұяттау.

— Байрондікі, Пушкиндікі, — деп Гауһар өзі айтып береді.

— Жәнібек, сен музыканы сүйесің бе?

— Сүйем.

Бір тал қызғалдақты ширатып ұстай отырып, Гауһар қайғылылау бір әнді өте бір сезімталдықпен тамылжытын айтып шықты.

— Бұл қайдан, тапшы?

Таныс ән тәрізді, бірақ есіме түсіре алмаймын.

— Жуырда ғана тыңдамадық па? «Чио – Чио - Саннан» Баттерфляйдің ариясы ғой.

— А - а!

13

Курс аяқталайын деді. Менің ауылға қайтар кезім таяп қалды.

— Ауылыңа барған соң мені ұмытасың ғой? — дейді Гауһар.

— Жоқ, ұмытпаймын.

— Хат жазып тұрамысың?

— Жазып турам.

Бір күні кешке жақын Гауһармен паркке киноға бардым. Кинодан шығып келе жатып әлі

Жәнібек, сен өлең жазғанды білесің бе? — деді.

— Қандай елең?

- Менің альбомыма бір-екі ауыз өлең жазып қалдырсаң?

Қазақта қызға өлең шығармайтын жігіт кем де кем. Ондай әуестіктен мен де құралақан емес едім.

— Жазуға болады, — дедім.

— Онда қазір біздің үйге барайық. Сен жаз, жарай ма?

Meн Гауһар үйіне бас сұғып көрген емеспін. Оның шешесіне көрінуден біртүрлі жүрексініп тұрам. Бұным ауылда өскендігімнен болар. Ауыл балалары мен ауыл қыздары ата - апасының көзінше бірімен бірі сұқбаттасып жүрмейді, ұят көреді.

— Мамам бүгін үйде жоқ. Колхозға туыстарымызға кеткен. Ертең келеді, — деді Гауһар.

Жақын маңдағы колхоздардың бірінде туыстары бар екенін, олармен араласып, ауыс-түйіс жасан тұратындарын Гауһар бұрын да айтқан еді.

Шешесінің үйде жоқтығына мен қуанып кеткендей болдым. Гауһар үйін көрмекке ынтығудан ба? Жоқ әлде ол екеуміз үйде оңаша болатындықтан ба? Осының екеуі де болуы ықтимал.

Miнe біз Гауһар үйіне келіп те қалдық. Жүрегім бір түрлі қабына соғады. Ұрлыққа келе жатқан адам тәріздімін, жұрт көзіне шалынудан сескенем. Ауланың іші оңаша, ешкімнің қарасы көрінбейді.— Сірә ел жатар кез болып қалса керек. Сонда да дыбысымды шығармауға тырысам, аяғымды ұшынан басам.

Жерден қазып істелген басқышпен төрт-бес аттап, төмен түстік. Сыртқы есік құлыпталмай, ашық тұр екен. Гауһар алдымен кірді де, шырт еткізіп шам жақты. Бұл далан үй екен. Едені жер, сыз иісі бар. Үстіне клеенка жабылған ас столы, ыдыс-аяқ, керосинка секілді нәрселер байқалады.

Төр үйді Гауһар кілтпен ашып, шам жақты. Бұл бөлме кеп - кең екен. Төбесінің аласалығы болмаса, көңілді, таза. Еденіне алаша төселген. Екі төсек, ортада стол, диван, этажерка тұр. Ұқыпты, ұнасымды етіп жиналған.

— Міне, біздің үйіміз осы. Кедей тұрамыз, — дейді Гауһар. Мен үшін Алматыдағы ең бай, ең бақытты, ең әсем үй осы. Мұндағы асыл байлық өзге үйлердің біреуінде де жоқ. Ол — Гауһар. Менің Гауһарым.

— Келші, — деп, шөп еткізіп сүйіп алсам, Гауһар саусағын шошайтады.

— Тсс, ақырын. Үстіміздегі үйге бәрі естіледі.

«Немене, төбенің тесігі бар ма еді?» дегендей шалқайып жоғарыға қараймын. Тесік көрінбеген соң Гауһарды қайтадан құшағыма алам.

— Тоқташы, жетеді енді... Сен бүйтетін болсаң өкпелеймін.

Мен «бүйтпеуге» уәдемді берем.

Гауһар екеуміз столда альбом қарап отырмыз. Жасыл плюшпен тысталған қалың альбомның бірінші бетінде Гауһардың ата-анасының суреттері. Екі суреттің де төңірегін әсем бояумен гүлдеп көмкеріп қоюының өзі-ақ Гауһардың оларға деген сүйіспеншілігін білдіріп тұрғандай.

Әрмен қарайғы суреттердің көпшілігі жастар. Гауһардың өзінің және бірге оқитын жолдас қыздарының суреттері. Суреттердің ара - арасына бір шумақ, екі шумақ өлеңдер жазылған. Ол өлеңдерді жазушылар ескерткіш ретінде қолдарын қойған. Парақ - парақтың арасына салып кептірген жапырақтар.

Осы тәрізді альбомды бой жете бастаған қыздардың талайынан көруге болады. Әр беті махаббат, шаттық жырына, арман мен қиялға, аңсау мен көксеуге толы болып келеді.

Жүрегімнің ең терең түкпірінен алып бір асыл маржанымды мен де қалауым керек. Гауһар сопы өтінеді. Маржан болғанда, барынша әсерлі де, әдемі болсын дейді.

Мұрнымды уқалап қойып не жазарымды ойланып отырмын. Мен саған бөгет жасамайын деп, Гауһар диванның үстіне барып, кітап оқыған болып отыр. Бірақ екі көзі менде. Кітаптың тасасынан әлсін-әлсін баспа ғып қарап қояды. Менің не жазғанымды оқып білгенше шыдамы таусылып, әрең отырғаны байқалады.

Жарығы түскір де жаныма әбден тиіп болды. Жыртыңдап әлсін-әлсін өшіп қала береді. Қайта жанады. (Сірә электр қуатының аздығынан болар, ол кезде мұндай жағдай жиі ұшырайтын).

Бір кезде жарық сөнді де, қайтып жанбады. Кешіге берді. Meн әлі ештеңе жазып үлгерген жоқпын. Орнымнан тұрып, диванның үстінде отырған Гауһардың қасына келдім. Отырдым. Әлгінде «бүйтпеймін» деген уәдемді ұмыта бастадым...

Уәде түгіл адам өзін өзі ұмытатын кездер болады. Адам құйындай ұйтқыған сезімге, сезім от-жалынға айналады. Тежеу бермей лықсып, жолындағы бөгет атаулыны жайпап жоқ етеді. Адам сезімнің құлы, оның бұйырғанын тек орындаушы ғана. Ақыл-сана жұмыс істемейді.

— Жәнібек, не болған саған?

— Жаным, алтыным...

— Жәнібек...

— Сәулем...

— Жәнібек.

— Күнім

— Ой...

Бетіме жеңіл ғана шарт етіп тиген шапалақтап шошып ояндым. Тан атып кеткен. Үйдің іші жап-жарық.

Мен диванда жатырмын.

Гауһар шашы ұйпа-тұйпа болып, қасымда тұр. Көйлекшең, жалан аяқ.

Шапалақ Гауһардікі.

Дәл мұндай сүйкімді, дәл мұндай жұмсақ шапалақты өмірі көрген емеспін.

— Ұятсыз, ұйықтап жатыр.

Таң атып кеткенін көргенде, менде ес қалмады. Түрегеп, тез-тез киініп жатырмын, Гауһардың жүзіне қарай алмаймын...

Бірақ бақытты едім.

Мінекей, таңертеңгі елсіз бос көшеде үйге қайтып келе жатырмын. Құс боп самғап жөнелгім, ән боп кекке шырқалғым келеді.

Адам өмірінде осындай ғажап сәттер, шіркін-ай, неге аз болады екен!

Жақан ғой әлі тұра қойған жоқ. Тіпті ол оянбаған да болар.

Ақырын білдірмей кеп, шешініп, қасына жата кетпекшімiн. Сосын менің қашан, қалап келіп жатқанымды ол қайдан біледі.

Қақпадан дыбысымды білдірмей, еппен кірдім. Аяғымды үшін басып террасаға мойын созып қараймын. Екеумізге арнап салынған жер төсекте Жақан төңкиіп, шалқасынан жалғыз өзі жатыр. Аяқ жағы мен кеуде тұсын жалаңаштап көрпені тек қарнының үстіне жинап алған. Оның ыстықтағанда өститін әдеті. Кір-кір үлкен шодыр аяқтары төсеніштен асып, тақтай еденге түсіп кеткен.

Мен қателесіппін, Жақанды ұйықтап жатқан болар деуім бекер екен. Томпиған қызғылт кездері бақырайып, ояу жатыр. Мені көргенде, елең етті де, екі ұрты жыбырлай, қулана күлімсіреді:

— Қалай, жолың болды ма?

Мен қысылып, сасып қалдым. Не айтарымды білмедім. Жақанның сұрағын тұрпайы көріп, ашуланған болайын десем, ондай жасандылыққа бара алмадым. Жақан бәрін менің кезімнен оқып, біліп тұрған секілді. Жалтаруыма жол қалмағандай. Қысылудан гөрі мақтануымды көбірек байқатып, ыржалақтап күле беріппін.

Бүгін ауылға қайтпақшымыз. Таңертең ерте тұрып, алдын ала буып-түйіп, дайын етіп қойған жүгімізді арқалап, трамваймен қала шетіне — Тәшкен және Жетісу көшелерінің тоғысқан жеріне келдік. Машинаны осы арадан тоспақшымыз.

Біздің ауданға баратын машина оңайлықпен кезікпеді. Бірсыпыра уақыт тосып тұрып қалдық. Жақан бір кезде:

— Ана Қара! — дейді.

— О не?

— Қызың келе жатыр.

Шынында да, «менің қызым» — Гауһар, трамвайдан түсіп, бізге қарай келе жатыр. Бізді көріп, анадайдан ақсия күлімсіреп келеді. «Сендер кетіп қалды ма екен десем, кетпепсіңдер ғой» дейді.

Кеше кеш бойы Гауһармен бірге болғам. Бүгін елге қайтамыз дегем. Қай арадан машина күтетінімізді ол біледі. Бірақ келем, шығарып салам деп айтқан жоқ болатын.

Гауһардың келгеніне мен риза боп, қуанып қалдым.

Ақыры, бізге лайық бір машина табылды. Біз сонымен кетпекші болдық. Гауһармен қош айтыстық.

Көзден таса болғанша Гауһар орнынан қозғалған жоқ. Біздің артымыздан қарады да тұрды.

Ауылға келгеннен кейін күндіз-түні Гауһарды ойлайтын болдым. Ақымақпын. Қалада сонша жүріп, Гауһармен тым құрса бір рет неге суретке түспедім? Шіркін-ай, тамаша болар еді-ау! Төс қалтама салып жүріп, сағынғанда алып, қарар едім. Гауһарымның өзін көргендей болар едім.

Гауһардан неге ескерткішке суретін сұрап алмадым? Беретін еді ғой. Сыртына өз қолымен, өзінің әсем жазуымен жазатын еді: «Досым Жәнібекке мәңгілікке ескерткіш!» Немесе «Жәнібек, ұмытпа мені!» Неге ұмытайын, Гауһаржаным. Қалай ұмытайын. Қанатым болса, осы кезде бір минут аял қылмас едім, ұшып жетер едім.

Гауһарды түсімде көретін болдым.

Армияға алынып, соғысқа барған екем. «Атака! Алға! Алға!» Түтін мен шанның ішінде, гүрс-гүрс жарылған снарядтардың арасында автоматымнан оқ сеуіп, жүгіріп келем. Дәу қара қоңыздай бір танк бет алдымнан шыға келді. Мен оған граната лақтырып, жата қалдым. Граната танктің төсіне тиіп жарылды. Жылан бауыр дөңгелегінің біреуін қиратып кетті. Бірақ танк тоқтар емес. Шақыр - шақыр етіп, шек - қарнын сүйреткен жаралы жыртқышша қираған дөңгелегін шұбалтып менің үстіме келіп қалды. Басты міне!

Зілдей боп жаншып өлтіріп барады. Қабырғаларым күтірлеп сынып, тынысым бітіп барады. Ойбай деуге де халім жоқ.

Ауыр танк мені тапап өтіп кетті. Мен бірақ әлі. де тірі едім. Шинелінің етегі аяғына оралған, мойнына сумка салған санитарка жүгіріп жетті. Басымды алдына алып, аузыма сусын тамызды. Сәл есімді жиып, кезімді аштым. Өзімнің Гауһарымды көрдім. Қуанғаннан айқайлап:

— Гауһар! — дедім.

Өз дауысымнан өзім оянып кеттім. Төсекке бастырылып қалған екем.

Осы тәрізді түстерді жиі керем.

Гауһарға қалай жетем? Жетудің бір ғана жолы бар, ол — Алматыға оқуға кету.

Институтқа түсіп оқу — ол менің көкейтесті арманым. Соғыс болмағанда ол арманым ендігі орындалған болар еді. Оныншыны былтыр бітіріп, осы кезде студент болып жүрер едім. Соғыс менің ол жоспарымды (тек менің ғана ма?) бомба түскен үйше күл-талқан етіп қиратты.

Жағдай келмей, керек десе, оныншыны бітіре де алған жоқпын.

Газеттерде осы кезде әр түрлі оқуға қабылдайтын көп-көп хабарландырулар басылады. Әттең - ай деп, мен ішімнен қызыға да, қызғана оқимын. Қалтамда аттестатым боп, осы оқулардың біреуіне кетер ме едім. Техникумға баруды олқысынам.

Бір күні бір хабарландыру оқыдым: Университеттің қасынан тоғыз кластық білімі барлар үшін алты айлық даярлық курс ашылыпты. Оны бітірген соң университетке сынақсыз қабылдайды. Ура! Мен үшін нағыз табылған оқу! Осыған кетуім керек. Гауһармен бірге болуым керек.

Оқуға кетем деген сезімді шешем тікірейіп қарсы алды.

— Қалай кетесің? Хасен ағаң болса, армияда. Үш айдан бері хат та, хабар да жоқ. Жеңгең болса колхоздың жұмысынан бір босамайды. Мен болсам, аурушаңмын. Сен оқуға кетсең, мына балалар не күн көреді? Жалғыз сиырдың жем - шөбіне, үйдегі отын-суға кім қарайды?

(Мына балалар дегенде шешем Хасен ағайымның екі кішкентай баласын айтып отыр).

Мен өз дегенімнен қайтпадым.

— Үйінде ер азаматы жоқтардың бәрі осы күні қырылып қалып жатыр ма? Жұрт қатарлы бірдеңе етіп күн көрерсіңдер. Мені армияға әкетсе қайтпексіңдер?

— Онда амал қанша, бірдеңе етіп көнеміз де.

— Көнсеңдер, бұған да көніңдер. Мен қалай да кетем оқуға. Жылма-жыл уақытымды текке өлтіріп жүре алмаймын.

— Сол жақтан армияға әкетсе қайтпексің?

— Қайтушы ем Әкетсе, кете барам. Ол жақтан әкетті не, бұл жақтан әкетті не, бәрі бір емес пе?

Менің илікпесімді анық көрген, дүниедегі қиыншылықты қандайына болса да көніп үйренген шешем ақыры.

— Өзің біл, — деді.

— Өзім білсем сол — оқимын.

Оқимын деген адамға районо қарсылық жасамайды. Қызметімнен оп-оңай босатты. Жалғыз сиырдың торпағын сатып, жекжат - жұрағаттарды аралап қаржы, азық-түлік қамдап, бірінші сентябрьдің қарсаңына оқуға кетудің дайындығын жасай бастадым.

Осының бәрі, сайып келгенде, Гауһар үшін. Қалаға, Гауһарыма тез жету үшін.

16

Бір күн! Гауһардан хат алдым. Оқып тұрып, маңдайымнан бұрқ етіп тер шықты.

«Жәнібек!»

Неге хат жазбайсың? Әлде теп - тез-ақ ұмытқаның ба?

Немесе, еркек халқы осындай ма?

Мен сені кінәламаймын. Мүмкін, өзім көбірек кінәлі шығармын.

Ал енді жазбасаң да болады. Жазған хатың бәрібір маған тимейді... Мен бүгін - ертең Алматыдан кететін адаммын.

Мұнда қала алмаймын. Ел бетіне, анамның бетіне қарап жүре алмаймын.

Сол... Түсінетін шығарсын.

Хош!

Гауһар!.

Төбемнен тас құлағандай болды.

Иә, хат жазбағаным рас. Жуырда өзім баратын болған соң еренсіздік жасап, жазбап едім. Гауһар маған хатты үйге емес, медучилищеге жаз деген. Қазір сабақ жоқ кезі. Жазған хатым оған қашан тиеді деп, хат жазбай кешігуіме бұл да себеп.

Гауһардан алған сұмдық хат мені есімнен тандырғандай болды. Кеще емеспін, не айтып отырғанына түсінемін. Жайымен жүрген жазықсыз адал жанның осынша қиын жағдайда қалуына себепші боларымды мен ол кезде жете ойлаппын ба? Не істеймін енді? Жақында болса, кұстай ұшып жетер ем. Ол емес, бәріне Мен кінәлі екенімді айтып, аяғына жығылар ем. Қандай жаза кессе де көнер едім:

«Жазған хатың бәрібір маған тимейді.. Бүгін-ертең Алматыдан кететін адаммын» деген сөзі мені ерекше шошытады. Сонда қайда кетеді?

Мен Гауһарға дереу хат жазбақ болдым. Жаздым да, жыртып тастадым. Хаттан оған не пайда? Одан да тез қамданын, өзім жетейін.

Міне енді Алматыға жүретін машина іздеудемін. Біздің шалғай түкпірдегі Н. ауданынан астанаға қатынау ол кезде жеңіл шаруа емес. Машина оңай табылмайды. Табылса, жүгі мығым болады да, алмайды.

Сабылып машина іздеумен тағы да бір жетідей уақытым өтті. Ең бір тығыз, қымбат күндер еді.

Таңертеңгі шайымызды әлі алдымызға алып үлгерген жоқпыз. Сау етіп біздің үйге ауылдың төрт-бес ақсақалы суыт кіріп келді. Іштерінде ауылдық советтің председателі бар. Біз үдірейісіп, үркіп қалғандай болдық. Шалдардың келістері сау келіс емес тәрізді. Қойындарына жылан тығып әкелгендей құнжаң - құнжаң жайғасып, отырысып жатыр.

Шалдың бірі мақалдап сөз бастады:

— Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, канаты бүтін сұңқар жоқ деген...

Бір сұмдықтың болғаны сезіліп қалды. Шалдар майданда қайтыс болған Хасен ағайымды естірте келген екен. Аяқ асты күтпеген жердей у-шу, азан-қазан болдық та қалдық.

Менің Алматыға қанатсыз ұшсам деп отырған жолым осылайша аяқ астынан, ешқандай ойламаған жерден, күрт кесілді. Қаза шыққан үйдің опыр-топыр машақаты талайға дейін басылатын ба. Көңіл айта келген ағайын - туысқанды күтіп алу, шейіт болған азаматтың жетісін, қырқып беру секілді ырым - дәстүрлер бар. Бұның бәрі шетінен әуре, мол шығын. Қазақ дәстүрінде тірінің өліден аяп қалары болмайды. Өлінің рәсім - салтын, шама келгенше, мінсіз етіп атқару ағайын арасында үлкен сын. Міне осының бәріне де мен енді өзім араласуыма, өз қолыммен өткеруге тура келді. Шешем онсыз да денсаулығы нашар, әрі барлық шешелер секілді уайымшыл адам еді. Ағайымды естірткеннен кейін ол мүлдем шойырылып, жатып қалды.

Қолда бар тиын-тебеннің бәрі де осы қаза қамына жұмсалды.

17

Гауһарға бірнеше рет хат жаздым. Жауап болмады.

Хатты медучилищеге жазған едім.

Шынымен-ақ қаладан кетіп қалғаны ма? Қайда кетеді?

...Суық күз. Соғыс бітер емес. Міне енді менің жасымдағы балаларға шақыру басталды. Әскерге алу кезегі бізге де келді.

Мен де шақырылдым. Жүретін болдым.

Ойламаған жерден Алматыға барудың сәті келіп қалғаны үшін қуанып жүрмін. Ойымда Гауһар. Ол кәзір қайда?

Не де болса анықтаймын, білемін.

Мүмкін, ешқайда кетпеген де шығар.

Міне, мен Алматыдамын. Гауһарды іздеп келе жатырмын.

Таныс қақпа, таныс үй көзіме оттай басылды. Жүрегім лүпілдеп, бір ысып, бір суынады. Қақпаның шыға беріс сырт жағында жататын анау, әне әлгі бөрте шұбар сандық тас, сол орнынан тапжылмаған. Қозғалмаған. Жаздың талай әсем кешінде Гауһар екеуміз оның үстінде тәтті қиялдап, сыр шертісіп отыратын едік. Ех, қайран күндер - ай, десейші!

Тыста адам қарасы көрінбейді. Ауланың ішін барлап қараймын, тым-тырыс. Гауһар үйіне бірден кіріп баруға батылсызбын, ұяңмын.

Ары таман өтіп, қайта бұрылдым. Мүмкін, біреу-міреу шығып қалар. Мүмкін Гауһар өзі жүгіріп шығар.

Тротуардың бойымен маған қарай бір әйел келе жатыр. Таныс тәрізді. Е, Шолпан ғой. Гауһардың өзін көргендей қуандым. Шолпан да мені бірден танып, шұрқырасып амандасып жатырмыз.

— Қайдан жүрсің? Топ етіп, аспаннан түсе қалғаннан саумысың? — дейді.

Мен жөнімді айттым. Гауһар қайда, үйде ме деп сұрадым.

— Гауһарды іздесең майданға бар...

Армияда екі жылдай қызмет атқардым. Оның бір жылы майдан шебінде өтті. Гауһарды ешқашан да есімнен шығарған емеспін. Ол енді менің есімнен мәңгілік шықпастай болған еді.

Япырай, бір жер болмаса бір жерде кездесіп қалмас па екен деп, ылғи да елегізіп іздеумен жүрдім.

Соғыста талай бүлдіршін қыздар кездесті. Солардың қай - қайсы да маған Гауһар болып көрінетін.

Әскерден босап, қайтып келе жаттым. Бұл соғыс біткеннен кейін. Алматыға жеткенше тақат қылмадым. Кім біледі, Гауһар, мүмкін, ендігі үйіне оралған шығар. Табысып, мәре-сәре болармыз деп үміттендім.

Кешегі ұяң халім енді жоқ, өмірдің біраз қыспағынан өтіп шыңдалған солдатпын. Темір тақалы бәтеңкеммен тақ-тақ басып келіп, өзіме таныс үйдің есігін қақтым. «Да!» деген жуан еркек дауысы естілді. Менің күткенім нәзік әйел дауысы — Гауһардың дауысы еді. Бір аяғы тізеден жоқ мүгедек адам етік жамап отыр.

Бөтен бір әйел тұр.

Орыс семьясы.

Үй іші де баяғы Гауһар үйіне ұқсамайды.

Мен сасыңқырап қалдым.

— Сізге кім керек? — деп сұрады.

— Осында бір кезде басқа адамдар тұратын еді. Қазақ семьясы.

— Тұрса керек, кәзір тұрмайды.

— Олар қайда кеткенін сіздер білмейсіздер ме?

— Бізге дейін бұл үйде жалғыз әйел тұрған екен, Елден туыстары келіп, көшіріп әкетіпті.

Білетіндері сол ғана.

Қорадағы үйлерден Шолпанды іздедім, таба алмадым.

Шолпан Күйеуге тиіп кетіпті.

Мен Гауһарды осылайша мәңгілікке жоғалттым.

О, Гауһар, барсың ба жер бетінде, жоқсың ба?


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?