Қалайша шиебөрі жолбарысты алдады
Бір күні жолбарыс тамақ іздеп шығып, бір торға түсіп қалса керек. Сол тордан шыға алмай жатып, со арада бір жаяу адам өтіп жүрсе керек, жолбарыс оны көріп жалынады. «Әй, сен, адам болсаң, мені осы тордан босатсаң, мен өтеп беремін, көп қайырым саған қыламын». Жамандықты ойламаған адам торға келіп, жолбарысты босатып шығарды. Жолбарыс босанып шыққан соң, адамға айтты: «Мен болсам бірнеше күн тамақ көрмей, әбден қарным ашты. Мен сені жеймін». Сонда адам айтты: «Оу, сенің мені жарылқаймын дегенің кәне? Енді өстіп, мені жеймін деп тұрғаның бола ма? Бұл істі біреуге барып айтып жүгінейік», – деді адам. Сонда жолбарыс «Мақұл, біреуге сынатсақ» деп, үлкен ағашқа келіп, ағаштан сұрады: «Әй, ағаш, сен білсең, бізге айт, жақсылықты жақсылықпен өтей ме, жоқ, қастықпен өтей ме?». Сонда ағаш айтты: «Қастықпенен өтейді. Сендер өзің тексер, сендерге айтайын. Осы менің қалқама адам деген келіп көлеңкелеп тұрып, енді жүрерде, менің бұтағымды керек-жараққа қиратады, кесіп алып кетеді. Сонысы маған қылған қастық емей не деп айтасың?» – деп, осы сөзді ағаш айтты. Сонда жолбарыс адамға айтты: «Ал, мен сені жеймін». Адам айтты: «Үш сұратып, одан соң мені же!», – дейді. «Құп, жарайды», – деп, жолбарыс бір күні келе жатса, бір кәрі сиыр жайылып тұрса керек. Сол сиырдан адам сұрады: «Әй, сиыр, бізге айтып бер, жақсылықты жақсылықпен өтей ме, әлде қастықпенен өтей ме?» Сонда сиыр айтты: «Қастықпенен өтейді. Себебі, бұрын өзім жас болғанда, сүтім мол болғанда, мені жақсы көріп жүрді. Енді мен қартайдым, сүтім аз болды, енді ием сояйын деп тұрса, қастық емей не?» Сонда жолбарыс адамға айтты: «Ал, мен сені жеймін». Адам айтты: «Енді бір жолы сұрайық». Сөйтіп келе жатса, бір шиебөрі оларды көріп қашты. Сонда жолбарыс айқайлайды: «Әй, ағайын, сен қашпа, біз саған қас қылмаймыз, сенен сұрар сөзіміз бар!». Сонда шиебөрі тоқтап тұра айтты: «Мен де болсам таң қалдым: тегі жолдас болмайтұғын екі жан бірігіп кеп тұрғаны». Сонда адам айтты: «Әй, шиебөрі! Осы жолбарыс торға түсіп, шыға алмай маған жалынды. Мен болсам оны босаттым. Енді болса, мені жеймін деп тұр». Сонда шиебөрі адамға айтты: «Сен болсаң, өтірік айтып тұрсың. Жолбарыс - аңның патшасы, ол болса, қандай торға түссе де шыға алады». Сонда жолбарыс айтты: «Адамның айтқаны рас». Сонда шиебөрі: «Сендердің айтқан сөзіңнің бәрі өтірік, өз көзіммен көрмей, мен сендерге нанбаймын», – деді шиебөрі. Сонда жолбарыс айтты: «Жүр, сен біздің айтқанымызға сенбей тұрсың, өз көзіңмен көр. Мен сол торға сенің көзіңше түсіп, саған көрсетейін», – деп, үшеуі қайта сол торға барды. Жолбарыс: «Мынадай, мен осы торға түсіп қалған едім», – деп, торға түсіп, оралып қалды. «Міне, көрдің бе?» – деп, жолбарыс шиебөріге айтты. Сонда адам қайта жолбарысты босатайын деп ұмтылды. Сонда шиебөрі адамға ақырын айтты: «Сен болсаң, бұдан кейін торға түскен жолбарысты тегі босатушы болма. Енді болса үйге қайт, мен де кетейін», – деп, екеуі қашып кетті. Жолбарыс сол оралған күйі қалды. Сонда аңшы жетіп келіп, жолбарысты атып тастап, терісін сойып алды. Тегі, күш кейде адал табыс, қулыққа қарсылық қыла алмайды, алдауға көнсе, тұтылып қалады. Бұ да болса бір жұмбақ.
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?