Асқар Алтай | Салқын ұрған жапырақтар
Ботаға...
Сүттей ақ телефон шылдыр ете түскен. Сол-ақ екен күпті көңілі нілдей бұзылып, не істерін білмей дағдарған. Ақ телефон тағы шырыл қақты. Жәй күнде жанына жағып, құлағына жұғымды естілетін шылдыр абайсызда құйрығын есік қысып қалған мысықтай шар ете түсіп, тарғылдана қалды.
Дәті шыдамаған қол көтерген бойда:
— Әлеу-әлеу, Мәуліқан! — деген әйелдің жіңішке, таныс дауысы анық естілді.
Жігіт жағы қарысқандай үнсіз. Сол қабағы оқыс тартып, демде бұлттай түйілген.
— ... — (!)
— Неге үндемейсің? — Әйел үнінен дегбірсізденгендік білінген.— Мәуліқан, саған не болған? Не қылып хабарласпай кеттің?.. (Жігіттен жауап күткен сыңаймен телефон құлағы бір сәт тына қалды. Жас әйелдің мамықтай жұмсақ, ыстық демін телефон құлағынан-ақ ет жүрекпен сезіп тұрды. Көмейіне қысылтаң түйін байланып, бойын белгісіз бір толқын шарпып өтті...) Бірдеме деші, Мәуліқан? Мені қорқытпашы! Не боп қалды? Қойшы енді, жаным!. Қой, қоя ғой! Қинамашы, қимасым!.. Болды енді, өзің аманбысың!?.
— Аманбыз!.. Менен бір білместік өтті, — деп Мәуліқан тоқтап қалды да, тез жалғады.—Біз енді кездеспейміз. Маған қайтып телефон шалмаңыз?!.
— Неге? — Жас әйелдің сезімін жасыра алмас әдетімен таңданған дауыс тап құлағының түбінен естілді. — Мәуліқан, “шалмаңыз” деп сызылып тұрғаның не? Бір-бірімізді білетіндей, түсінетіндей күйге жеткен едік қой.
... Мәуліқан тіл қатқан жоқ.
— Түсінсем бұйырмасын? Не болса да айтып өлтірсеңші! Кісінің құны болса да...— деп әйел булығып қалды.
— Бұдан да құнға жығылғаным абырой еді...— Мәуліқан бір-ақ кесті.
—Қой-қой, Мағашым! Соғұрша таусылатындай не болған? Көңілің қалатындай ненің реті бар? Әлде... әл-де... Әйгерім бе, кедергі?..— деген әйелдің көңіл аулай шыққан үні, шарасыз халі жігіттің шамына тиді.
— Талжан, бәрі де бітті! Хош боп тұр. Енді телефон соғуың артық... Мен сөйлесе алмаймын! — деп телефон құлағын қоя салды.
Ол орнынан асығыс қозғалып, қоңыр шифонерден сырт киімін қолына ілгенде телефон қайыра шырылдады. Бірақ ол қайырыла қойған жоқ. Бөлмені жедел кілттеп, жас сәбидей шыр-шыр етіп жатқан телефоннан аулақ кетуге асыққан.
Мәуліқан өзі қызмет істейтін көп қабатты мекемеден тез ұзап, жеңіл-желпі көлік қайшаласып жатқан қаланың енді көшесін қиып өтіп, аумағы көш қоналқалықтай шағын саябаққа қарай беттеді. Бұлыңғыр күнде салқын да сызды саябақтың ішін қиған тассоқпақтардан қиыстау орналасқан орындыққа тізе бүккен. Қалтасынан темекі алып тұтатты. Қол сағатына қарап еді, түскі асқа әлі ерте екен. Темекісін сора түсіп, табан астында тапталып жатқан сарғайған жапырақтарға көз салды. Ойпыл-тойпыл көңілін мұң шалды. Көтерем малдың арық қабырғасындай арса-арса қарағаштардың салмаланған жуан бұтақтары мен сидыйған көк теректердің құлазыңқы кебіне қарап, оңашалау орын тепкен бір түп балапан шыршаға көз тоқтатқан. Етегіне шейін инедей бүрімен қымтанған жас шырша көзіне тым жылы ұшырап көрінді. Мейрам күндері дөңгеленген бүрме етекті көйлек киген құтты қазақ қыздарын еске түсіргендей... Күзгі жаңбыр жауғаннан ба — жап-жасыл. Балбыраған жасаң.
Саябақ тассоқпақтарының бойына қаз-қатар сәнге отырғызылған өз сыңарларынан артылып қалған, әлде “өліп қалған” деп жеке отырғыза салған көшет болса керек, жетімсіреп жалғыз тұр. Жамалынан жұрдай сұрғылт, жүдеу бақтың бір бұрышында елеусіздеу бой түзеп, түсін билеген балапан шырша мен өңі баяғыда-ақ оңған жұп-жұмсақ, дымқыл тартқан, жер жастанған жапырақтарға жанарын тіккен Мәуліқан өз ойына шым-шым батып, ұзақ отырды. Түскі асқа да зауқы соқпаған.
Тек темекіні ғана жалғыз өзі құшырлана шеккен. Бармақтай-бармақтай қысқа тұқылын қасындағы қалдық тастайтын қоқыс түбекке сөндірместен лақтыра берді.
* * *
Талжан... тым жақындасып кетіп еді. Жүрегі бір тылсым жайды сезген. Иә, сезген! Бірақ мұндай сұмдыққа маңдайымен соғыларын сезген жоқ. Кімнің қиялына кіріп, ойына оралар дәл осындай жай?.. Тіпті мүмкін емес. Суретті көрген сәтте өз көзіне өзі сенер-сенбесін білмей телміріп, көмейі құрғап, тілге келе алмай қалған.
Қасында бос фотосуреттерді ақтарып отырған үш жасар Әйгерім:
— Талжан мен көке. Көке...— деп қолындағы жансыз қос бейнені саусақтарымен нұқығанда ғана ес жиғандай болған Мәуліқан.
Ас үй жақта жүрген Талжанға:
— Талжан, мұнда келіп кетші, — деп үні жер астынан шыққандай құмығып жеткен.
— Қазір, ас да дайын боп қалды.
— Талжан тәтем самса пісіліп жатыл,— деп, Әйгерім “р” дыбысын “л”-ға айырбастай тақ ете түсті.
Қима бел, ұзын етек халат киген Талжан Мәуліқанның қолындағы суретке көзі түскенде ақ құба өңі құбылып, біртүрлі сұрланып, іле қызғылт тартты.
— Көкесі ме? — деді Мәуліқан. Ендігі өз-өзіне келіп, дауысы анық та қатқыл естілген.
Дөңгеленген түрік еріндерін жымқыра тістелеген Талжан:
— Иә! — деді.— Әкесі ғой, жыртып тастай алмадым...
Мәуліқан үстіне мұздай су құйып жібергендей, диван үстінен оқыс атып тұрды. Бір ауыз тілге келместен шығар есікке беттеді. Талжан артынан ерген жоқ. Жанарына жас тығылып, үні шықпай қалған. Жігіт болса, апыл-құпыл киініп, есікті серпе тарс жапты. Қайырылмастай қатты жапты.
...Талжанмен ойда-жоқта танысқан еді. Жақында. Бір жарым айдай ғана уақыт өткен...
Жазғы мезгілден қысқа қыс уақытына сағаты жылжытқалы Алматыда күн ерте қонақтап, ымырт тез түсетін. Қызметтен кештетіп қайтқан Мәуліқан трамвайдың артқы есігінен кіргенде ішінде адам аз екен. Тура есікке қарама-қарсы қабырғаға сүйеніп, терезе жақтауынан тысқа көз қадаған ақ құба қарындастың қасына бұл да сүйеніп, ұрлана қарай берген. Мәуліқанның қиғаштай көз сұғын қадай бергенін сезсе де сезбегенсіп, қыз да көңіл аудармағансыды. Бұл көз қиығын басқа жаққа аударып әкеткенде, ол да сынай көзін төңкергенін Мәуліқан аңғарып қалды.
Екеуі де іштей сынасып, сырттай жанар тіктеп тұрғанда трамвай да соңғы аялдамаға сықырлай тоқтады. Мәуліқан есікке бұрын ұмтылды. Өзі түсер-түспестен қызға қолын ұсынған. Мұндай батылдықты күтпеген ол сәл абыржып қалып, сол қолын берді. Жерге біз өкше етігі тиген бойда:
— Рахмет! — деп, сыпайы ғана сынық үнмен, еппен қолын тартып алды.
Мәуліқан:
— Бүгін күн қараңғы екен, қай жерге барасыз, шығарып салайын,— деді еркіндеп.
Қыз да кейбір қарындастардай өтірік қылымси қоймады. Бірден:
— Сіздің кездескеніңіз қандай жақсы болды. Бір құрбымның үйіне келе жатыр едім. Енді қорықпайтын болдым,— деді ашық-жарқын.
— Түн баласында бұл жақта “жуликтер” көп, абайлаңыз! — деп, Мәуліқан бір жағынан қамқорси, бір жағынан әңгімені жалғастырғысы келді. — Мен осы маңайда тұрамын, көбісі сырттай таниды.
— Онда қорқыныш жоқ, тек өзіңіз тонап жүрмеңіз,— деп, қыз сылқылдай күліп жіберді.
— Әлбетте, бірақ сізді тонамаймын — ұрлаймын.
— Қалай? Осылай келе жатып, мен сізбен таныс та емеспін ғой. Сырымды да білмейсіз?.. — Бейтаныс қыз тағы да күлді.
Көше шамдарын жаздың күндерінде-ақ “жүгірмектер” тас атып сындырып тастаған шеткерек жақтағы жатаған үйлерді оңаша көшеде қыз күлкісі қоңыраудай тұнық естілген.
— “Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме” демексіз ғой. Мейлі. Сізді қарындас көзіңізден танып тұрмын...— деп, Мәуліқан өзінің артықтау кетіп бара жатқанын біліп, тілінің ұшына тірелген сөздерді көмейінде көміп қалды.
— Солай ма?
— Дәл солай, енді танысып қоялық,— деп Мәуліқан қатар келе жатса да оң қолын ұсына берді,— Мәуліқан.
Қыз да қысылып-қымтырылмай: “Талжан”,— деді жүрісін баяулатып. Қыздың қолы мұздай екен.
— Есіміңіз — ешкімде кездеспейтін “дифицит”, тек қолыңыз тоңып қалыпты, — деді Мәуліқан сезімін бүге алмай.
— Рахмет, мадағыңыз артықтау шықты.
— Жоғада, о не дегенің, Талжан. Өзім тұңғыш естіп тұрмын. Шын сөзім! — Мәуліқан қыз ренжіп қалды ма дегендей, өз-өзінен еріксіз шыж-быж болды. “Мұным не?” деп іштей налып та қойды.
— Міне, біз келіп те қалдық. Сау болып тұр! — деп Талжан салқын қолын ұсынды. Қыз да сыралғыластық танытып, “сенге” көшіпті.
— Сау бол! Бірақ мен сені қайдан табам? Телефоныңды тастап кет,— деп, Мәуліқан Талжанның тоңазыған сау-сақтарынан айырыла алмады. Өзі де ұмытып кеткен білем.
Талжан жымия күліп:
— Саусағымды сындырдыңыз ғой,— деді.
Сонда ғана әбестік жасағанын аңғарған Мәуліқан сәл босатты да:
— Болмаса, әдресіңді айт!—деді жалынғандай жұмсақ үнмен.
— Жарайды, қоймадыңыз ғой,— деп қыз жігітпен аралықты сақтайтын, жіпсіз байлайтын “сізге” көшіп алды.— Есіңізге ұстай алсаңыз — ұстадыңыз. Бір-ақ рет айтам,— деді де, “21”-ден басталатын нөмірді қадап-қадап санады.
Ауызба-ауыз күбірлеген Мәуліқан қағып алуға тырысты. Жігіттің ып-ыстық алақанынан сүйрік саусақтарын босатып алған Талжан есік алдында самаладай жарық түсіп тұрған көк қақпаға жүгіре басып, ғайып болды.
Ар жақтан шынжырын сүйреткен ит арп-арп етіп қысқа үрді де үні өшті. Дауысы зор. Төбет болса керек.
Мәуліқан да қараңғы көшеде кері бұрылған.
Ол пәтер жалдап тұратын. Пәтеріне жеткенше Талжанның телефон нөмірін сан мәрте қайталады. Телефон нөмірінің ақиқаттығына күмән келтірген жоқ. Тек, дұғадай қайырған қайран нөмір қыздың үйінікі, яки жұмыс орнынікі екенін айыра алмаған. Оны анықтау оңай ғой бірақ.
Ертеңгісін күні бойы қоңыраулатып, Талжанның телефон құлағын көтере алмай қойды. Демек, үйінде ешкім жоқ. Өзі жұмыста болғаны. Қайда істейді екен?.. Үріп ауызға салғандай...
Мәуліқанның өзі болса — сүр бойдақ. Қуалаған құр аттай...
Жоғарғы оқу орнын аяқтасымен қалада қалып, қызметке орналасқан-тын. Кешікпей әскер қатарына шақырды да еріксіз аттанып кеткен. Екі жылдық әскери өмірден қағажу көріп, бар білгенінен шала айырылып оралғаннан соң, қайта қалаға тартқан. Ауылда бұл аялдайтын ештеме қалмағандай көрінген. Сол баяғы өлі тыныштық, сол баяғы жайбарақат, жадағай жатқан жұрт. Сол баяғы жүдеу тірлік. Ештеңе де қаперіне кіріп-шығар емес... Бірақ осы бір марғау тіршілігімен-ақ кең тыныстап, баяғы дархан мінезінен айнымаған. Бұл бес жыл оқып тәмамдаған мамандықтың да ауылды жерде қажеті шамалы. Қайдағы бір статистика инженері. Мамандық та қалаға қайтуға қамшы болған.
Пәтер жалдап, күн көргелі де бір жылдан асқан. Өзгерген ештеңе жоқ. Бәз баяғы салт басты, сабау қамшылы жүдеу жастық ғұмыр жылжып жатыр. Қуанышы мен қайғысы айдай қорғалаған өмір де... Анда-санда ғана туған ауылға, ағайын-туғанға деген сағыныш танау көтертіп, желдейтіні бар. Әйтпесе, мектеп бітіргелі әке-шешеден, аға-бауырдан алыс жүрген жеті-сегіз жыл мұны суық бауыр, жат жанды қылып тастағаны Аллаға да аян. Кей-кейде туған жер мен балалығы өткен шаңырағына барып қалғанда, қаланың қытымыр тірлігіне еті өліп кеткен бұған бәрі бөтен-бөгде әсерде қалдыратын, жүрегін белгісіз бір суық сезім шабақтап өтетін.
Салқын көңіл, саяқ өмір де өзіне баурап алғалы алқалаған топты жерге де көп жоламайтынды шығарды. Көбіне-көп жалғыз жүргенді, оңаша ойға берілгенді қалайтын. Әйтеуір, белгілі бір шекара қалыптастырған, санаға сызат түсірген саяқ сезім кейінгі кезде билеп алған-тұғын.
...Қала ішінде жарық жанып, көз байланып кетсе де, жұмыс аяғы болып, жұрт ертерек үйді-үйіне тарқаса да Мәуліқан бөлмесінен шыға қоймады. Ел аяғын күтті.
Ертеңнен қара кешке нөмірін теріп ала алмаған Талжанға кештетіп телефон шалғысы келген. Мұның қоңырауын көп күттірмей-ақ:
— Әл-өу, әл-өу! — деген жас баланың нәзік үні естілді.
Мәуліқан алғашқы сәтте сасып қалды да, “өз үйінде тұратын болды ғой” деген оймен:
— Талжан керек еді, Талжан? — деп салмақпен сұрады.
— Тал-жан, — деп созды ар жақтан, тым жас сәби екенін Мәуліқан дауысынан ажыратты. —Тәте, тәте! — деп нәзік үн телефон құлағынан тағы естілген.
Іле-шала:
— Әлеу! — деген таныс дауыс шықты.— Мен тыңдап тұрмын.
— Бұл мен ғой... мен, — деп Мәуліқан абдырап қалды, — Мәуліқанмын.
— Ә, сіз бе? — деді Талжан сыпайы ғана.— Ұмытпапсыз ғой, мен ұмытып қалған шығар деп ойлап едім...
“Ойлап едім...” деген сөзді естігенде Мәуліқанның жан дүниесін бір жылы сезім жанап өткендей болды.
— Қалай халіңіз? Қайдан телефон соғып тұрсыз?
— Жұмыстан.
— Қай уаққа дейін істейсіз? Кеш қой. Қайда істейтініңізді де айтпадыңыз?
— Айтар едім, асығыс кетіп қалдыңыз ғой,— деп Мәуліқан күлген болды. — Қалалық статистика мекемесінде инженермін. Өзіңіз ше?
— Мен бе? Энергетика институтында оқытушымын.
— Міне, енді таныстық,— деді Мәуліқан: — Қандай пәннен бересіз?
— Қазақ тілі мен әдебиетінен. Екі жылдай ғана болды. Бұрын мектепте істеген ем, мемлекеттік тілге орай сабақ беріп жатырмыз,— деп Талжан тәптіштей түсіндірді.
— Талжан, сен қайда тұрасың? Өз үйіңде ме? — деп Мәуліқан “сенге” көшті.
Осыны күткендей:
— Мәуліқан, мен бір бөлмелік өз пәтерімде тұрамын...
“Еңлікгүл” шағын ауданында,— деп Талжан да “сіз” дегенін қоя қойды.
— Ертең жұмыстан нешеде шығасың? Кешкілік театрға барсақ, — деп Мәуліқан батыл кіріскен.
— Мағаш, мен сені осылай атасам деймін, ренжімейсің ғой, — деді Талжан. Мәуліқан салған жерден келіскен.
— Үйде кішкентай қызым бар. Оны қайда тастаймын.Кешкілік балабақшадан алуым керек, — деген Талжанның дауысын естігенде, мұндай әңгімені күтпеген Мәуліқан сасып қалды. “Қолында жүзігі жоқ секілді еді ғой. Жалғыз басты әйел болды” деген ой жарқ ете қалған.
— Үндемей қалдың ғой, иә, еркек атаулының бәрі осы, — деді Талжан ренжи.
— Жоқ, жоқ...— деп сасқалақтаған Мәуліқан, аузына басқа сөз түспей,— ертіп жүр, — дегені.
— Үш-ақ жаста ғой, тыныш отырмайды. Ерке, — деген қамыққан дауыс естілді.— Мен ойын-сауықты ұмытқалы қашан? Мәке, сен айып етпе!.. Өткен жолы әуре болмаңыз деп айтқым келсе де, көңіліңді қимадым. Енді айтудың реті келіп тұр.
— Талжан, мен сені еш кінәламаймын! Онда тұрған не бар, — деп жұбатқан болды Мәуліқан. — Бұл жолы болмаса, келер жолы дегендей...
— Енді телефон соқпассыз. Бойдақ шығарсыз? — деп Талжан тағы да өзін алыстата сыпайылай сөйледі.
— Олай деме, — деді Мәуліқан қатқылдау. — Мен ондайлардың санатынан емеспін. Десе де, ертең шығарып салайын!
Талжан келіскісі келмесе де, Мәуліқанның ұсынысына келісті. Институттың алдында сағат төрт жарым мөлшерінде кездесетін, сосын жолдан Әйгерімді балабақшадан алып, үйге баратын болды.
Осы бір келісім Талжан мен Мәуліқанды баяғыдан бір-бірін білетін жандардай жақындастырып жіберген еді. Күн аралатып болса да Әйгерім мен Талжанға Мәуліқан соғып кетіп тұратын. Кішкентай Әйгерім бұған бауыр басып кетті. Жоқтан өзгені айтып, Талжан мен Мәуліқанды талай күлдір-ген. Мәуліқан келсе “ағалап”, аузындағысы мен қолындағы барын бөліп беретін. Сырт көзге бөгде деп ешкім айтпас... Екеуі де емешектері үзіліп тұрғаны. Тіпті,Талжан қызының кейбір ерке мінез, шолжың қылықтарынан қарадай қысылып, Әйгерімге зекіп, шапалақпен май құйрықтан тартып жіберген сәттері де кездескен. Талжанның туған шешесінің бауырында өскен, кейінірек қана Талжан “тәтесінің” тәрбиесіндегі Әйгерім: “Апама кетем. Апама ұлды, соқты... айтам”,— деп шерлене жылап, мұңын Мәуліқанға да сәбилікпен шағып: “Аға, ұлшы тәтені, ұлшы!..” дейтін қойнына тығылып. Ондай сәтте Мәуліқан өтірік те болса доңайбат жасап, алақанымен Талжанның оқтаудай жұп-жұмыр иығынан ұрған болады. Оған Әйгерім мәз.
Әне-міне дегенше көшеде ағылған іркес-тіркес машиналардай он бес шақты күн зулап өткен еді. “Еңлікгүл” мен меншік үйлер орын тепкен аудан екі ортада күзгі жаңбыр астында қалып, Мәуліқан ауырып қалды. Өзінің науқастанып қалғанын екі күн өткен соң, ауруханаға қайыра соғуға бара жатқанда Талжанның жұмыс орнына телефон соғып хабарлаған. Пәтерде емделіп жатқанын айтты.
Сол күні жұлдыз жамырай Талжан келді. Қолында ыстық тамағы, тағы оны-мұнысы бар. Әйгерімді мұның пәтеріне жақын жердегі құрбысының үйіне тастап кеткен екен.
Өткен жолы Мәуліқанмен трамвайда жолығып қаларда да Әйгерім балабақшадан зерігіп, бармаймын деп жылаған соң, осы құрбысының үйіне екі-үш күнге тастап кеткен. Құрбысының екі сәбиі бар көрінеді. Кішкентайы — омырауда.
Пәтер табиғи газбен жылытылатындықтан да жылы еді. Шағын — екі-ақ бөлме. Бірі — ас ішетін де, екіншісі — жатын бөлмесі. Осы бөлмеде жалға алған телевизор мен магнитофон, ескілеу кілемше және ескі диван орналасқан. Еденде — шағын оюлы текемет. Ас үйде екі қамыс орындық пен бұрышқа тақала қойылған үстел. Үстінде азын-аулақ ыдыс-аяқ тізіліпті. Газ пештің үстінде шелекпен су қойылып, шет жағына сырты қарайған ақ шәугім орын тепкен.
Үй іші жұпыны болса да жинақы.
Талжан назар аудармауға тырысты. Келген бойда-ақ шәугімді жуып, шай қойды да, өзі алып келген тамақты ысытып алды. Күні бойы зерігіп, көңілі құлазып, сезімі пәс болып жатқан Мәуліқан Талжанның тұтқиылдан келіп қалғанына қуанып қалды. Уыс-қуыс көшенің ығы-жығы орналасқан үйлерінің арасынан мұның мыжырайған лашығын әрең тауыпты.
Екеуі әрнені әңгіме қылысып, ас ішіп, әжептәуір отырып қалды. Уақыт түн ортасына таяған. Талжан кетуге ыңғайланды. “Қайда асығасың, Талжан? Әлі ерте ғой. Тағы да біраз отыршы!” деген Мәуліқанның өтінішін жерге тастай алмай, жоқтан өзгені әңгіме еткен боп, бір-бірінен қуыстана бой тартып, екеуі де жүректері өрекпіп, алғашқы келген сәттегідей емес, бір түрлі үркек сезім пайда болған. Арғы жақтарында әлдебір жай бас көтеріп, жүрек шымырлатып, тек бір батылдықты күткен сыңайлы... Ол батылдық бойдан кетіп қалғандай, уақыт төстабандап жылжыған сайын жаңа көріскен жандай қысылып, әңгімелерінің қиюы кетті. Телевизорды ғана ермек етті.
Диванда отырған Талжан:
— Мағаш, мен қайтайын енді,— деп орнынан көтеріле берген сәтте орындықта жақын отырған Мәуліқан:
— Мен сені жібере алмаймын, Талжан! Бұл — шын сөзім. Бізді тағдыр жолықтырды, енді тек тағдыр айырсын! — Саусақтарынан ұстай алды.
Талжан үндемеді. Мәуліқанның қоңыр көздеріне мұңлылау жанарын тік қадап, сынай да тұнжырай, барлай қараған. Жігітке деген сезімін көзімен жеткізіп, жігіт сенімін оның жанарынан іздеген еді ол.
— Сен он жетіде, мен он сегізде емеспіз ғой... Мұңдана бермейік,— деп келіп, Мәуліқан Талжанның маңдайынан ұзақ сүйіп қалды.
...Қап-қараңғы бөлмеде жан жылуы, тән қызуы қайтқан шақта Мәуліқан мен Талжан дауысы бәсең шығады.
Талжан: Менің үйім — сенің үйің емес пе... Екеуімізге де ортақ болмай ма, ерлі-байлы болған соң.
Мәуліқан: Болмайды, қалқам! Күшік күйеу атанар жәйім жоқ.
Талжан: Тіпті де түсінбеймін. Мен әке-шешем немесе аға-жеңгеммен тұрмаймын ғой, сен күшік күйеу атанатындай.
Мәуліқан: Сонда да ондайға бара алмаймын.
Талжан: Намыс қой, сондағың...
Мәуліқан: Ол да бар. Бірақ одан да киелі, қасиетті салт: біздің тегімізде әйел адамның табалдырығын аттаған жан болған емес.
Талжан: Ол заман өткен, Мағаш. Көрінгеннің есігінде телмеңдеп жүріп те көргем. Көне алмаймын. Осы үй үшін еңбек істеп, терімді төкпедім бе? Енді сен без дейсің.
Мәуліқан: Без дегенім жоқ. Бірақ қолыңа кіре алмаймын.
Талжан: Еркектер — қызық халықсыңдар. Жора-жолдас пен ағайын-туғанға сатып алдым де.
Мәуліқан: Жоқ. Талжан! Әңгіме қозғаудың өзі артық. Кімге түсіндіріп отырмақпын, өтірікті өлшемей айтуға арым да жібермейді. Әуре болма.
Талшын: Онда тұрған не бар? Бәрі де екеуіміздің қамымыз үшін, тіпті бақытымыз үшін ғой. Өсек-аяң — үй, табалағандар — сүйеу болмайды ғой бізге. Осыны түсінсеңші!
Мәуліқан: Бәрін де жақсы түсінем... Түсінгендіктен де айтып жатырмын. Ертең-ақ аяқ-табақ сынбай тұрмайды. Әйелдің заты — әйел. Ашулы ауыз айтып салары хақ. Ал ол деген — ар ғой... Ар — махаббаттан да қымбат.
Талжан Мәуліқанның көтеріңкі кеудесіне ақ білегін артып, солқ-солқ жылап жіберді. Мәуліқан шашынан ғана сипай берді. Ол ұзақ егілді. Мәуліқан іштен тынып, жұбатқан жоқ.
Көрдей қараңғыда жас әйелдің өксігі ғана естілген...
Арада мысықтабандап он шақты күн өтті. Әйгерім мен Талжан қаладан үш жүз шақырымдай жердегі ауылына кеткен. Орала қоймады. Көктемде жыл құсын күткендей Мәуліқан оларды сағынып жүрді. Әсіресе, былдырлаған бал тілді Әйгерімді. Бауыр басып қалыпты, күнде елегізиді де тұрады. Үйлеріне телефон соғады. Ешкім алмайды.
Кеше түс ауа тағы шалып еді, қашанғыдай Әйгерім телефон құлағын көтерді. Сол-ақ екен қопаңдап, жұмыста отыра алмады. Бірдеңесін жоғалтқан адамдай берекесі кеткен. Болмашыны сылтауратып жұмыстан ерте шыққан да, тура “Еңлікгүлге” тартқан.
Талжан өңі кіріп, көңілі көтеріліп келіпті. Мұны жадырай қарсы алды. Өткен жолғы кірбіңнен қылау да қалмаған сияқты. Аман-саулықтан кейін ол ас қамына кіріскен де, Әйгерім болмай ауылдан алып келген сурет толы альбомды бұл аударып отырған. Көз алдынан таныс бейне жарқ еткенде, төбесінен жай түскендей есеңгіреп қалғаны да сол.
Өткен жолы Мәуліқанның пәтерінде үстел басында әңгімеден әңгіме қозғалып отырып, Талжан қызының жәйінен хабар бере кеткен. Сөз арасында сыналаған сол әңгімеден мұның ұққаны — Әйгерімнің әкесі әлдебір алыс облыстан екен. Осында жұмыс істепті. Екеуі сөз байласып жүргенде жоқтан өзгеге керісіп қалыпты да, мінезі шәлкес жігіт қайтып қайырылмай кетіпті. Талжан арада уақыт өткізіп барса, жігіт ауылына кетіп қалыпты. Өзінің аяғы ауыр екенін кеш біліп қалған қыз оның артынан іздеп баруға жүзі шыдамапты. Барғанда ол түсінсе жақсы, аулақ жүр десе — қайтпек?.. Жастықпен екеуі де жаза басып алғандарын қайдан білсін?!
Жатақханада бірге тұрған жігіттерінен “ол ауылында үйленіп, біржола қалды” дегенді және естісе керек. Ақыры, өзінің үй ішіне де білдірмей босанған екен. Әке-шешесі Әйгерім дүниеге келгеннен кейін бір-ақ біліпті. Өз қолын өзі кесе ме, екі айдан кейін шешесі алып кетіп, балапандай бауырына салыпты. Немере де ыстық. Әйгерім де қылықты. Бәрінен де ұрпақ қой... Амандығын тілеген үлкендер жерге қарап отырып.
Сөйткен Әйгерім: “Көке, көке!” деп жансыз суреттегі таныс бейне — мұның туған ағасын көрсеткен сәтте не болғанын түсінбей, тамағына тобықтай түйнек тіреліп қалған еді... Тағдыр қалауы да. Моншақтай ғана мөлдіреген сәбиі бар екенін Қайырқан ағасы білмейді де ғой. Бәрінен де бұл не демек?.. Кімнен көрмек?!
...Бұлыңғыр аспаннан күлдей ұсақ, мұздай тамшылар сезбезгілей бастағанда ғана орнынан көтерілген Мәуліқан тассоқпаққа түсті. Шала сыпырылған соқпақ бетінде салқын ұрып, сабағынан үзілген жапырақтар қалың ұлтанды табанға жабысып, түсіп қалып жатты. Саябақ іші құлазып, жетім өскен балапан шырша мұңайып тұр. Тұла бойы тоңазып, суық қармаған жас жігіт күзгі пальтосының жағасын көтеріп, иығын қушырайтып асыға басады.
1991 жыл, сәуір

Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?