Василий Шукшин | Село тұрғындары
"Несі бар, мама! Кәрілікке қолды бір сілтеп, келіп қайтпаймысың. Москваны аралап, бәрін де көрер едің. Жол қаражатыңа ақша жіберемін. Ең дұрысы, ұшақпен кел жолың арзанға түседі. Қай мезгілде қарсы алатынымды біліп отырайын, бірден жеделхат жібер. Ең бастысы, жүрексінбесең болды".
Маланья шешей хатты оқып шықты да, кеберсіген ернін шүршитіп, ойланып қалды.
— Павел шақырып жатыр, деді ол Шуркаға, көзілдірігінің үстінен қарап (Шурка Маланья кемпірдің жиені. Қызының тұрмыста жолы болмай үшінші рет күйеуге шыққан). Содан Шурканы өз қолыма ала тұрайын деп қызына тілек білдірген-ді. Маланья жиенін жақсы көреді, бірақ сонда да қылтың-сылтыңсыз, қатаң ұстайтын.
Шурка үстел басында сабақ оқып отырған. Әжесі әлгідей дегенде ол иығын қиқаң еткізді де, шақырады екен бар, дегендей сыңай танытты.
— Сенің әлгі демалысың қашан еді?деп сұрады әжесі Шуркадан.
Шурканың құлағы елең ете қалды.
— Қайсысы, қысқы демалыс па?
— Қайсысы болушы еді, әлде жазғысы ма?
— Бірінші қаңтардан басталады. Оның несін сұрадыңыз?
Әжесі ернін тағы да шүршитіп, ойланып қалды.
Шурканың жүрегі бір қуаныш сезгендей лүп ете түсті. Ол неге керек еді? деп қайыра сұрады.
— Ештеңе емес. Сабағыңды оқи бер.
Кемпір хатты алжапқышының қалтасына салды да, киініп тысқа шықты. Әжесінің қайда баратынын байқамақ болған Шурка жүгіріп терезе алдына келді.
Маланья кемпір қақпа алдында көрші әйелді кездестірген еді, оған дабырлап әңгімесін айта бастады:
— Павел келіп қайт деп Москваға шақырып жатыр. Не істерімді білмеймін. Ақылым жетпей тұр. "Келе гөр, мама, сізді сағындым" депті.
Көрші әйел бірдеңе деп жауап қатқан болды. Шурка оның не дегенін ести алмаған еді, ал әжесі көршісіне:
— Бәрі өзіме байланысты, барып қайтсам да болар еді,деді дауыстап. Немерелерімнің бірде-бірін көрген емеспін, суреттегісі болмаса. Бір жағынан қорқамын да.
Бұлардың жанына тағы бір-екі қатын келген еді, оған және бір қатын қосылды, тағы да келіп жатыр... Маланьяның төңірегіне айтқанша-ақ бір топ қатын жиналып та қалды, ол әңгімесін қайта-қайта қайталап айтумен болды:
— Павел Москваға шақырып жатыр. Тіпті, не істерімді білмеймін...
Қатындардың бәрі несі бар, нар тәуекел, жүріп кет десіп тұрғанға ұқсайды.
Шурка екі қолын қалтасына салып, үй ішінде әрлі-берлі жүре бастады. Әжесі сияқты мұның да бет әлпетінде армандау, ойланып-толғану нышаны бар. Ол былайынша әжесіне өте ұқсайтын-ды қағылез, ашаң жүзді, байсалды, қысық көзді еді. Бірақ мінездері ешбір ұқсамайтын. Әжесі өте ұқыпты, тарамыс, тұрған бойы айғай болатын. Шурка да ұқыпты, бірақ өлердей ұялшақ, бұйығы, өкпешіл.
Кешке қарай Москваға жіберілетін жеделхатты жазу басталды. Әжесі айтып отырады. Шурка жазады.
— Қымбатты балам Паша, егер сен менің келуімді қалайтын болсаң, әрине, онда мен кәрілікке қарамастан баруыма болады.
— Сөз-ақ!деді Шурка Осылай деп те жеделхат жаза ма екен?
— Ал сеніңше қалай?
— Келеміз. Нүкте. Немесе былай де: "Жаңа жылда келеміз. Нүкте. Мамаң деп қолыңды қой. Бітті".
Кемпір ренжіп қалды.
— Алтыншы класта оқисың, Шурка, сонда да еш нәрседен түсінігің жоқ. Аздап болса да үйренуің керек қой...
Бұл сөз Шуркаға ұнаған жоқ.
— Мейліңіз, - деді ол. Білесіз бе, бұған қанша ақша жұмсалатынын? Ескі ақшамен есептегенде жиырма сом кетеді.
Кемпір ернін шүршитіп, тағы ойланды.
— Жарайды, онда былай деп жаз: "Балам, мен мұнда біреулермен ақылдасқан едім..."
Шурка қолындағы қаламын тастай салды.
— Бұлай деп жаза алмаймын. Сіздің мұндағы біреулермен ақылдасқаныңыз кімге керек. Мұнымен бізді поштадағылар күлкі етеді.
— Айтқанымды жаза бер!деп бұйырды кемпір. Мен баламнан жиырма сомды аямақ па екенмін?
Шурка қаламын қолына алды, райдан қайтып, тыжырына түсті де қағазға төнді.
— Қымбатты балам, Паша, мен осындағы көршілеріммен ақылдасқан едім, бәрі де барып қайт десті. Әрине, жас болса келіп қалды, сәл жүрексінемін де...
— Поштадағылар мұныңды бәрібір түзетпей жібермейді, - деп қалды Шурка.
— Түзетіп көрсін!
— Оны саған айтпай-ақ түзетеді.
— Жаз әрі қарай: "Менде, әрине, болар-болмас жүрексіну бар, бірақ енді... жарайды. Жаңа жылдан кейін келеміз. Нүкте. Шурка екеуміз. Ол қазір соқталдай жігіт. Жаман емес, тілалғыш..."
Шурка соқталдай, тілалғыш деген сөздерді жазбай тастап кетті.
— Ол қасымда болса ештеңеден қорықпаймын. Әзірге қош-сау болып тұр. Мен де сендерді әбден...
Шурка "өлердей" деп жазды.
— ...сағындым. Сенің балаларыңды бір көрсем-ау деймін. Нүкте. Мамаң.
— Есептеп көрелік, — деді Шурка, жоғалғаны табылғандай боп. Әрбір сөзді қаламының ұшымен түртіп, санай бастады: бір, екі, үш, төрт...
Әжесі оған ту сыртынан қарап бақылап тұрды.
— Елу сегіз, елу тоғыз, алпыс! Солай ма? Алпысты отызға көбейтсек бір мың сегіз жүз бе? Солай ғой? Мұны жүзге бөлгенде он сегізден айналмақ. Сонда жиырма сомнан аса ақша шықпақ! - деді Шурка.
Әжесі жеделхатты алып қалтасына салды.
— Поштаға өзім барамын. Сен есептеп жетістірмейсің, білгішін мұның
— Өзіңіз біліңіз. Онда да осы есеп шығады. Бәлки, болар-болмас тиын-сиыннан жаңылысқан да шығармын.
...Сағат он бір шамасында мектептің шаруашылығын басқаратын көршісі Егор Лизунов келді. Жұмыстан келген соң маған жолықсыншы деп Маланья оның үй ішіне тапсырып қойған-ды. Егор өз заманында жүріп-тұрып қалған адам, ұшақпен де ұшқан. Егор шолақ тоңын, бас киімін шешіп, бурыл тартқан дымқыл шашын темірдей алақанымен сипай түсіп, үстел басына келіп отырды. Түпкі бөлмеден пішеннің, қамыт-сайманның иісі мұрынға ұрып тұр.
— Демек, ұшады екенсіз ғой?
Кемпір еден астына түсіп, ұш литрлік үлкен бір бөтелке сыра алып шықты.
— Ұшамын, Егор. Не істеп, не қоюым керек бастан-аяқ айтып бер.
— Айтатын мұнда не бар? —Егор сыра құйып жатқан үй иесіне аса телмеңдемей, сәл де болса, керенау ғана қарап қойды. Осыдан қалаға барасыз да Бийск-Томск пойызына отырасыз, сонымен Новосібірге дейін барып, онда барған соң әуе жолдарына билет сататын қалалық кассаны сұрастырасыз. Тіпті, әуежайға төтелей тартып кетуге де болады...
— Тоқтай тұр! Болады, боладың көбейіп барады. Сен боладыны қоя тұрып, не істеу керек соны айт. Асықпай айт. Бәрін де бір жерге үйдің де салдың. Маланья сыра толы стақанды Егордың алдына қойып, оған шұқшия қарады.
Егор стақанды ұстап, сыртынан бір сипады.
— Айттым ғой, Новосібірге барып түскен бетте әуежайға қалай бару керек екенін сұрап біліп алыңдар. Есіңде болсын, Шурка.
— Жазып отыр, Шурка, - деп бұйырды әжесі. Шурка дәптерінің бір парағын жыртып алды да, жаза бастады.
Толмачевоға барысымен Москваға билет сататын жерді сұрап білесіңдер... билет алып ТУ-104-ке отырған соң бес сағатта-ақ Отанымыздың астанасы Москваға жетіп барасыңдар.
Маланья шешей кішкентай жұдырығымен жағын таянып, Егорды самарқау тыңдайды. Бұл сапар өзіне оңай көрініп, көп сөз еткен сайын соғұрлым Маланья шешейдің жүзі күреңіте түскен.
— Айтпақшы, Свердловскіге қонады екенсіздер.
— Неге?
— Қону керек. Неге екенін бізден ешкім сұрап жатпайды. Қондырады, болған біткені сол. Егор енді ішуге болатын да шығар деп түйді. Ал енді, сапарыңыз оң болсын!
— Алып қой. Свердловскіде ұшаққа отырғыз деп біз өзіміз сұрануымыз керек пе немесе ондағының бәрін де өздері отырғыза ма?
Егор ішіп салды, тамағын кеней тамсанып, мұртын сипады.
— Бәрін де отырғызады, Маланья Васильевна, сыраң өте жақсы екен. Мұны қалай жасайсың? Менің қатыныма да үйретсеңші.
Маланья шешей оған тағы да бір стақан құйып берді.
— Сараңдықты қойсаңдар, сыра да жақсарады.
— Не дедіңіз? Егор түсіне алмай қалды.
— Қантты көп салыңдар. Ал сендер сыраның арзан қолды, әрі әсерлі болғанын көздейсіңдер. Ашытқыға қантты көп қосыңдаршы, сыра қандай жақсы болар екен. Ал оны темекімен ашыту деген барып тұрған әбестік.
— Солай, - деді Егор ойлағандай боп. Стақанды қолына алып, Маланья шешейге, Шуркаға кезек қарап қойды да, ішіп салды. - Сол-а-й, - деді ол тағы да. Солай екені солай, әрине. Ал енді Новосібірде болғанда байқаңдар, тотиып қалып жүрмеңдер.
— Онда не пәле бар еді?..
— Былайша айтқаным ғой...
— Егор қалтасынан шөншігін алып, шылым тартқан еді, мұртының астынан ақшулан қою түтін будақтай ағытылды. Ең бастысы Толмачевоға келгенде кассаны шатастырып алып жүрмеңдер. Ол арадан Владивостокқа да ұшуға болады.
Маланья шешей көңіліне секем алып қалды. Егорға үшінші стақанды құйып қойды.
Егор бірден ішіп салып, тамағын бір кенеп алды да, өз ойын одан әрі дамыта бастады.
— Мынадай да жағдай болады: жолаушы шығыс жақ кассаға келеді де, маған билет беріңіз дейді. Ал қайда баратын билет екенін анықтап сұрамайды. Сонан соң ол басқа жаққа қарай ұшып кете барады. Демек, абай болған жөн.
Шешей Егорға төртінші стақанды құйды. Егордың жүйе-жүйесі әбден босады. Серпіле сөйледі.
— Ұшақ әбден жүйкелетеді, тек оған шыдап бақ! Ол жерден көтеріле бере-ақ саған бірден кәмпит береді...
— Кәмпит дейді?
— Енді қалай. Ұйықта, ештеңеге көңіл бөлме..
— Ал, шынына келгенде, мұның өзі ең бір қатерлі сәт. Немесе саған: "Белдікпен өзіңді-өзің байлап қой", — дейді. "Неге?" "Солай істеу керек". Хе-хе... керек дейді. Одан да шыр көбелек айналып кетуіңіз ықтимал деп ашығын айтса болды емес пе. Солай ету керек дегенше.
— О, жасаған! - деді Маланья шешей.Олай болса біздің ұшып не жынымыз бар...
— Қасқырдан қорыққан орманға бармайды.Егор бөтелкеге қарады, былайша олар реактивті, демек, сенімді ұшақтар. Пропеллерлі ұшақтар екі күннің бірінде бұзылып қала береді.Әнеки, көрдіңіз бе?.. Моторлары жиі өртенеді. Бір жолы мен Владивостоктан ұшып келе жатқан едім, Егор орындыққа жайғасыңқырап отырып алып, шылым тартты, тағы да бөтелкеге қараған еді, бірақ кемпір қозғала қоймады. Ұшып келеміз, баяғы сол, бір мезетте терезеден қараған едім: өрт көрдім...
— Ой, тәубе... — деді кемпір. Шурка аузын ашып, тыңдап қалған.
— Иә. Содан, әрине, айғай салдым. Ұшқыш жетіп келді... Сонымен қойшы, әйтеуір, мені жерден алып, жерге салды. Сен неге үрей туғызасың? Ана жақта от жанып жатыр екен, ондағы сенің шаруаң қанша, отыра бер жайыңа. Авиацияда тәртіп солай,дейді.
Егордың бұл сөзіне Шурка онша сене қоймады. Ұшқыш жалынды көргеннен кейін оны шапшаңдықты арттыру арқылы сөндіретін болар немесе амалсыздан қонады екен деп күткен еді, оның орнына Егорға ұрсумен тынған. Қисыны жоқ.
— Мен бір нәрсеге түсінбеймін, — деді Егор Шуркаға қарап. Жолаушыларға осы неге парашют бермейді?
Шурка иығын бір қиқаң еткізді де отыра берді. Ол жолаушыларға парашют бермейтінін білмейтін-ді. Олай болса, бұл шынында да ыңғайсыздау екен деп ойлады.
Егор шылымының тұқылын гүл егулі тұрған құмыраға жаныштап сөндірді де, орнынан түрегеліп бір стакан сыраны өзі құйып алды.
— Сыраң шын тамаша екен, Маланья!
— Сен тым сұғынып кетпе, мас болып қаларсың.
— Сыра деп осыны айт...Егор басын шайқай түсіп ішіп қойды. Кху! Реактивті ұшақтар да қауіпті. Ана ұшақ бұзылды-ақ, төмен қарай құлдырап жүре береді. Ал мынадан бірден кетесің... Тамтығың да қалмайды. Бір адамнан үш жүз грамдай ғана бірдеңе қалады, үстіндегі киімімен қоса есептегенде. Егор қабағын түксите, шертпекке қадала қарады. Кемпір оны ауызғы үйге алып шығып кетті. Егор аз отырды да, орнынан тұрды. Сәл теңселіп те қалған.
— Тоқ етерін айтқанда, қорықпаңыз, - деді ол. — Тек кабинадан аулағырақ, құйрық жағына таман отырыңдар да ұша беріңдер. Ал енді мен кетейін...
Ол теңселе басып есікке қарай барып, тоны мен бас киімін алды.
— Павел Сергеевичке сәлем айтыңыз. Ал енді, Маланья, несін сұрайсың, сыраң тамаша екен! Теңеу жоқ...
Егордың әңгімеге жарытпай жатып тез мас болғаны кемпірге ұнамады.
— Егор, сен өзің нашарлап қалғансың ғой деймін.
— Шаршағандықтан ғой. — Егор тонының жағасына жабысқан сабанды алып тастады, — Біздің данышпандарға жазда шөпті тасып алалық дедім, болмады! Енді, міне. соңғы бораннан кейін жол бекіп қалды. Бүгін күні бойы жол аршып, бергі шеткі маяларға әрең жеттік. Оның үстіне сыраң да мұншалық күшті болар ма. Жарайды, кеттім. Ештеңе жоқ, жүрексінбе, ұша бер. Тек кабинадан аулағырақ отырыңдар. Қош.
— Сау болыңыз, — деді Шурка.
Егор шығып кетті. Оның биік басқыштан ептеп түсіп, аула ішінде кетіп бара жатқаны, қақпаны сықырлатып ашқаны естіліп тұрған еді, көшеге шыға бере баяулатып әнге басты:
Тебірене шалқып жатты теңіз...
деп барып тоқтады.
Маланья шешей қараңғы терезеге ойлы жүзбен тұнжырай қарап қалған. Шурка Егордан жазып алғандарын қайталап оқи бастады.
— Қорқамын, Шурка, — деді әжесі.
— Жұрттың бәрі ұшып, қонып жатқан жоқ па...
— Пойызбен кеткеніміз дұрыс шығар.
— Пойызбен, онда менің демалыс күнім түгелдей жолда өтеді ғой.
— Жасаған, өзің жар бола гөр! — Кемпір күрсінді. — Павелға хат жазалық. Жеделхаты бар болсын.
Шурка дәптерінің тағы бір парағын жыртып алды.
— Сонымен, ұшпаймыз ғой?
— Ұшу ма саған, құдай басқа бермесін! Үш жүз грамм тамтығың да табылмас...
Шурка ойланып қалды.
— Жаз: "Қарағым, балам, Паша, мен мұнда білетін адамдармен ақылдастым"...
Шурка қағазға төнді.
— Олар бізге ұшақпен қалай ұшудың жайын айтты... Біз Шурка екеуміз жазда пойызбен-ақ баралық деп шештік. Білемін. Қазір де жүріп кетуге болар еді, бірақ Шурканың демалысы тым қысқа екен". Шурка сәл кідіріп қалды да, содан соң, одан әрі қарай жаза берді.
"Паша ағай, енді мынаны мен өз атымнан жазып отырмын. Әжемді Егор Лизунов айнытып қойды, есіңізде бар да шығар, біздің мектептің шаруашылық жағын басқарады. Ол мынадай мысал келтірді, терезеден қарасам, ұшақтың моторы жанып жатыр екен деді. Онысы рас болса, ұшқыш жалынды әдеттегідей шапшаңдықты арттыру арқылы өшірсе керек еді. Менің ойымша, ол түтін шығатын трубадағы отты көре сала айғай салып үрей тудырған. Сіз ұшудың қорқынышты емес екенін айтып, әжеме хат жазыңызшы, бірақ мұны мен айтты демеңіз. Әйтпеген күнде ол жазда да бармайды. Бақша жұмысы басталады, шошқа, тауық, қаз дегендер тағы бар бұларды тастап өмірбақи ешқайда да бармайды. Қанша айтқанмен, біз әлі де болса селода тұрамыз. Москваны бір көруге мен де құштармын. Біз онымен мектеп қабырғасында жағрафия, тарих сабақтарында танысамыз, бірақ бұл, өзіңіз де білесіз, көзбен көргендей емес қой. Айтпақшы, Егор ағай жолаушыларға парашют берілмейді дейді. Мұнысы өтірік қой. Ал әжем бұған сенеді. Паша ағай, осыны әжемнің өзіне айтып ұялтыңызшы! Ол сізді өте жақсы көреді ғой. Олай болса, сіз әжеме: "Мама-ау, балаң Советтер Одағының Батыры, бірнеше рет наградалар алған, ал сен болсаң ауыл арасына қатынайтын жай ғана жеңіл-желпі ұшақтан қорқасың", — деп жазыңызшы.Сонда сөзге келместен ұшады. Өзі сізді мақтан етіп отырады. Онысы орынды, мен де мақтан етемін. Ал мен Москваны көруге өте ынтықпын. Енді қош, көріскенше күн жақсы. Сәлеммен Александр".
Бұл екі ортада әжесі де ойындағысын айтып, жаздырып жатты:
"...Онда күзге қарай барамыз. Оған дейін саңырауқұлақ та піседі, ет тұздап алып үлгереміз, шырғанақтан варенье жасаймыз. Москвада бәрі де сатулы ғой. Ондағылар мен сияқты жасай алмайды. Солай балам. Келінге, балаларға Шурка екеумізден үш қайтара сәлем! Әзірге сау боп тұр." Жаздың ба, ей!
— Жаздым ғой.
Кемпір қағазды конвертке салып, мекенжайды өзі жазды:
"Москва, Ленин даңғылы, 78-үй, 156-пәтер.
Советтер Одағының батыры Павел Игнатьевич Любавинге.
Сібірдегі шешесінен"
Мекенжайды әрқашан оның өзі жазады: сонда, хаттың бұлтармай дәл баратынын біледі.
— Осылай болсын. Шурка, сен сәл шыдай тұр. Жазда барамыз.
— Мен шыдаймын. Ал сіз біртіндеп жолға әзірлік жасай беріңіз, бәлки, тәуекел деп ұшып та қаларсыз.
Маланья жиенінің бетіне жалт қарады, бірақ үндемеді.
Түнде әжесінің пеш үстінде дөңбекшіп, баяу күрсінгенін, әлдебірдеңе деп күбірлегенін Шурка естіп жатты.
Бұл да ұйықтаған жоқ. Ой үстінде. Өмір оны жақын болашақта көптеген тосын жаңалыққа кездесуге жетелегендей. Ал ондай істер мұның үш ұйықтаса түсіне де кірген емес-ті.
— Шурка! — деді әжесі.
— Не әже?
— Павелді Кремльге кіргізетін шығар-ау.
— Кіргізетін болар. Оны неге сұрадың?
— Ең болмаса Кремльді бір көрсем-ау деймін.
— Онда қазір жұрттың бәрін де жібере береді Кемпір аз уақыт үндемей қалды.
— Иә, саған жұрттың бәрін бірдей жібере бергені, — деді ол сене қоймай.
— Николай Васильевич бізге солай деді ғой. Бұлар тағы да бір минут үнсіз жатты.
— Әже-ай, айтасыз-ау сіз де, онда барғанда батылдық қайдан келе қалмақ сізге, мұнда отырып жоқтан өзгеден қорқасыз. Қорқатын не бар сонша!
— Ұйықта! — Әжесі зекіп тастады. — Батырын мұның. Шалбарыңа алдымен өзің-ақ жіберерсің.
— Мен қорықпаймын, бәс тігесіз бе!?
— Жарайды, ұйықта. Таңертең тағы да ұйықтап қаласың мектебіңе. Шурка үнсіз қалды.
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?