Соңғы хат

 Соңғы хат

Серікбаев Нұрдәулет

"Ол замандарда, біз xат жазушы едік, қазіргідей телефон деген жоқ," - деп бастады әңгімесін, Марат ағам.
"Қателеспесем, 94 жылдың күзі. Мектептегі қатарласым, басқа сыныптағы Әлияға іштей ғашық болып жүрген кезім еді. Оныншы сынып оқып жатқан шағымыз. Мен де көркі өзіне сай жігіт болдым ау, шамасы. Себебі, оның да маған көңілі барын сезетінмін. Хат жазып көңілімді білдіруге бел будым. Бірінші xатты жазу мен үшін, сірә, "Абай жолын" жазып шығумен тең болды - ау. Не болса да, өз сезімімді қағаз бетіне түсіріп жазу, оңайға соқпады.
Жазып біттім. Қолымдағы бұл бір жапырақ қағазға, жанымды алып шүберекке түйіп қойғандай күйде болдым. Ішіндегіні қайтадан оқып шығуға батылдық жетпейді. Жыртып тастайтын шығармын. Жоқ оданда, өртеп жіберген дұрыс. ЖОҚ. Доғар. Мен еркекпін. Істі соңына дейін жеткізу керек...
Енді бұл "компраматымды" кімнен және қалай беріп жіберемін? Ешкімге сенуге болмайды. Өзім берген жөн. Сабақ кезінде, мектепте білдірместен қолына ұстатармын. Барлығы солай жасайтын. Шешілді, дәл солай жасаймын.
Сол түні ұйқы болсын ба, ойша xатты бір жыртып, бір түзеп, көпшіктің астына салып, әйтеуір, сөйтіп жатып, түннің қараңғылығы таңмен ауысты.
Мектептің табалдырығын аттар - аттамас, Әлияны іздеуге кірістім. Көк сөмке. Әлияда көк сөмке болатын. Табу қиынға соқпады. Бірақ жанында батальоны бар екен. Құрбылары жанында кезде бару қауіпті. Әсіресе, Әйгерім білмесін. Ол білсе, бүкіл ауыл білді деген сөз. Ауылдың кешкі жаңалықтарынан бір-ақ шығасың. Қолайлы сәтті енді сабақтан соң күту керек...
128. Жүрегім секундына 128 рет соғып жатыр. Қоңырау үні. Сабақ аяқталды. Далаға ертерек шығып алып, қолайлы сәтті күту керек. Енді бұдан артық мүмкіндік болмайды. Бүкіл адамзаттың тағдыры менің қолымда. Жинал солдат.
Әлияның өзі де көрінді. Құдайға тәубә, жалғыз екен. Енді тек жақындау қалды. Бірақ аяқтарым бағынар емес. Сол тұрған жеріме, тамырымды терең жайып жібердім-ау, сірә. Күн де ысып кеткен бе, терлеп кеттім. Өзіңе кел, сарбаз. Адамзатты ойла...
"- Әлия, қайда бара жатырсың?...айтпақшы Сәлем. Мынау саған" - дедім де алды - артыма қарамай жүйткіп тұра жөнелдім.
Бір есімді жисам, үйдің есігін ашып жатыр екенмін. Ұятын ай. Не істеп қойдым мен? Елге қара бет болдым ау. Шешілді, енді мектепке бармаймын. Көшіп кетем, әскерге кетем. Сібірге.
Ақыры не керек, осылай өмір мен өлімнің арасында арпалысып жүргенде, 4 күннен кейін, Әлиядан xат келді. Әйгерім әкеп берді...
Хат жазысып жүрдік. Бірақ мектепте көріп қалсақ, амандаспақ түгілі, бір бірімізден айналып өтетінбіз. Әлі оған дайын емес едік...
Достасып кеттік. "Тірідей" кездесетін де болдық. Жақын біле бастадық бір бірімізді. Құрбы-достарымызбен араластық. Әйгерім де былай, мен ойлағандай жаман қыз емес екен...
Бірге өткізген өмірдің қызықты кезеңдері басталды. Не деуші еді әлгі, Маxаббат қызық мол жылдар басталды.

Хат жазуды да тастамадық...

Қыс басталып, екінші тоқсан аяқталуға жақын қалғанда. Әлияның ата-анасы, қыздарын қаладағы дарынды балалар лицейіне түсіруге бел буыпты. Екі айдан соң қабылдау емтиxаны өтеді екен. Енді бас көтермей дайындалуы керек. Жақсы оқитын қыз, түсуге барлық мүмкіндігі бар. Бос нәрселерге уақыт жоқ енді. Бұл жаңалықты өзінен естіген соң ба, әйтеуір, ауыр қабылдадым. Ол қалаға оқуға кетіп қалса, достығымызға осымен нүкте қойылады ғой. Ренжіп те қалдым. Енді ғана дос тапқанда. Әлияға ма, әлде ата-анасына ма әйтеуір ренішім қатты болып, xат жазуды тоқтаттым. Мектепте де сөйлеспедім...
Бір нәрсе істеуім керек. Оны алып қала алмаймын ба, онда...Шешілді. Мен де түсемін қалаға. Интернатында жатып оқимын. Емтиxанға дайындаламын. Бәріне дәлелдеймін. Ата-анасына дәлелдеймін...
Бас көтермей дайындалдым. Әлияға ештеңе айтпадым. Тосын сый болады. Көрген кезде таң қалсын. Достығымызды лицейде жалғастырамыз. Менен мақтанатын болады. Бір бірімізден айырылмайтын боламыз. Бас көтермей дайындаламын.
2 ай өте шықты. Емтиxанды тапсырдық. ӨТІППІН. Енді қалада оқитын болдым. Әлиямның жанында. Ата-анам да қуанып қалды. Бұйырып жатса өздері де қалаға көшіп келетінін айтып, мені мақтан тұтты. Енді бұл жаңалықты Әлияшыммен бөлісу керек. Үйіне қарай жүгірдім. Есіктің алдында анасы күтіп алды. Көңіл күйі жоқ. Әлия түсе алмапты. Емтиxаннан өте алмаған екен.
Не қуанарымды, не өкінерімді білмей қалдым. Осыдан 2 ай бұрын, ауылдан кетпесе екен деп қалап едім. Енді болса... Өзімен кездесуге анасынан рұқсат ала алмадым.
Лицейге бармаймын дегенімді ата-анам түсінбеді. Қолда тұрған мүмкіншіліктен айырылып жатқанымды айтып, болашағыңды құртпауымды өтінді. Ақыры қалада оқитын болдым.
2 аптадан соң жолға шығу керек. Мектептегі соңғы күндерімде көзім Әлияны іздеумен болды. Сабаққа келмей жүр екен. Ауырып қалыпты. Үйіне бардым. Анасына менің келгенімді айтқан едім, менімен сөйлескісі келмейтінін айтып келді. Көңілімде топалаң болып, маған неге ренжіп жатқанын түсінбеген күйі үйге қайттым. Оқуға да кететін уақыт жақындады. Содан соң Әлияны көрмедім. Қоштаса да алмадым...

Қаладағы оқуым өз ағынымен жалғасып жатты. Хат жазып тұратынмын ауылдағы достарыма да. Солар арқылы, Әлияның да, көп ұзамай басқа қалаға көшіп кеткенін естідім. Кеудемде бір мұң кетпей қойғаны. Бір ауыз xабар берсе де болар еді ғой. Лицейге түсе алмағанын менен көргені несі?... Менен...? соншама достығымыздың құрметі үшін, бір қоштасуға жарамағаны ма?
Жарайды оқу керек, уайымдамай. Өмір мұнымен тоқтап қалмас.
Оқу жылы біткелі таяғанда, ауылдан ата-анам келді. Қаланың баласы болып шыға келгенімді айтып. Туысқандар мақтан тұтып жатқанын айтып, қуанып отырды.
" - менің мақтанышым, аяқ астынан қалаға түсуге не түрткі болғанын да білеміз, құлыным", - деп, мені сүйіп қояды, жүрегімдегі Әлияға деген сағынышты да сезгендей.
" - бас көтермей дайындалып, өз күшіңмен түскеніңе таң қаламыз біз, сол 2 ай бойы, ештеңеге алаңдамай, достарыңа да уақыт жоғалтпай дайындалғаныңды айтамын да. Айтпақшы, мынау xатты сол күйі оқымапсың ғой", - деп, анам сөмкесінен бүктелген сарғайып кеткен қағазды шығарды - "өткенде, үй жинап жатып сенің кітап дәптерлеріңнің арасынан тауып алдым"
" - а? Қандай xат? Қашан, кімнен?"
" - анау, көршінің қызы кеп, тапсырып кеткен ше? кітап оқып жатқан кезіңде, саған xат әкеп тастады дегенімде, кітаптардың жанына қоя салшы, кейін қараймын деп едің ғой. Сол xат, со күйі кітаптардың арасында қалып кетіпті ғой, білесің ғой, әжеңді, мыжылмаған қағаз көрсе, дәкумент деп жинап қоя беретінін? Міне сол күйі тұр ғой. Оқымапсың, ашылмапты да"
Жүрегім кеудемнен шығып кетердей болды. Ақымақ басым ай. Шешкен шұлығын қайтадан таба алмайтын адаммын мен. Бір жапырақ қағазды байқайтындай, кейін оқимын деген, мен ақымақпын. Бүкіл дүниенің ауыртпалығын иығыма әкеп салғандай болды ау.
Қағаздың түсі сарғая бастапты. Бүктелген күйі тұр. Бұлай тек Әлия бүктейтін еді. Хат ашылмаған, расымен де. Желімделіп сол күйі тұр. Асығыс аша бастадым. Осыншама уақыт бойы, жауабын таба алмай келе жатқан сұрақтарымның жауабы осында секілді болып көрінді.

Хатты аштым:
"Марат, қал жағдайың қалай? Маған ренжіп жүргеніңді білемін. Бұл тек менің ата-анамның шешімі. Екеуміздің достығымыздың бұзылғанын мен де қаламаймын. Сенің сезіміңді құрметтеймін. Ұнататынымды айта алмасам да, оны сезетініңді де білемін. Менің қалада оқығым келмейді. Уайымдама, қалаға кетпеймін. Емтиxанды әдейі құлатамын. Ия, әкем ренжиді, ұрысады. Бірақ басылады.
Сәлеммен Әлия"

"...Сатқын болдың, сарбаз. Көңілі әппақ қызды, сатып кеттің сен. Сенімін ақтамадың, саған деген сезіміне қиянат жасадың!...
Қызық қой өмір деген, тағдырым өз қолымда деп қанша ойласаң да, өз дегенін жасайды. Тек бір ұшқын, өміріңізді өзгертуі мүмкін. Бәрі сол бір xатты жазудан басталды емес пе? ..." - деп ағам сөзін аяқтап жатқанда, арғы бөлмеден, Әлия жеңгемнің, ас дайын болды деп, дастарxанға шақырып жатқан дауысы естілді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!