Өліп тірілген қыз

 Өліп тірілген қыз

Бір жарлы шал болыпты. Оның бір ұл, бір қызы болыпты. Ұлы мен қызы он жеті-он сегіз жасқа келгенде шалдың кемпірі қайтыс болыпты. Кемпірі қайтыс болған шал қолыңдағы бірлі-жарым ірі қарасы мен жиырма шақты ұсағын беріп, өзі сияқты бір кедейдің жалғыз қызына баласын үйлендіріпті. Шалдың келіні асқан сұлу болыпты. Үйленген соң көп кешікпей шалдың ұлы қайтыс болыпты да келіні жесір қалыпты. Шал келіні мен қызын асырап отыра беріпті. Келіні басқаға тұрмысқа шықпапты.

Күндерде бір күн шалдың үйіне үш кісі келіп қонады. Оның бірі қарапайым киім киіп, ел арасына сейілге шығып жүрген басқа бір елдің ханы екен. Оның көзі шалдың сұлу келініне түседі де:

— Мына келініңе құда түскім келеді, қалыңды мол берейін, маған бер, – деп шалға қолқа салады. Сонда шалдың келіні:

— Мен атама ұл орнына ұл, қыз орнына қыз болып отырмын. Маған үйленем десең, малдың керегі жоқ, атам мен қайын сіңілім үшеуімізді асырап осы үйде тұрасың, әйтпесе мен саған тимеймін, – дейді. Ақыры хан үйленіп, шалдың үйінде үш ай тұрады. Шалдың келіні жүкті болады. Бір күні хан келіншекке:

— Мен елімнен шыққалы көп уақыт болды. Еліме барып қайтып оралайын. Егер мен кешігіп келмей қалсам, ішіңдегі бала мейлі ұл, мейлі қыз болсын мына жүзікті бер, – деп өзінің аты жазылған жүзікті береді де, хан еліне қайтып кетеді.

Хан қайтып оралмайды. Келіншек босанып ұл табады. Баланың атын Төлепберген қояды. Ай артынан ай, жыл артынан жыл жылжып өте береді. Төлепберген он алты жасқа толады. Батыр тұлғалы, шешесі сияқты асқан көркем болып өсе береді. Күндерде бір күн ас берген үлкен той болады. Басқа елден де жүйрік ат, атақты балуандар келеді. Төлепбергеннің өз елінде түйе балуан деген балуаны бар екен. Ол барлық балуанды жығып ең ақырында Төлепбергенмен күреседі. Төлепберген оны үйіріп, асықша атқанда қабырғасы күйреп, аяғы сыныпты. Әбден масқара болып, баладан жығылып мертіккен балуан:

— Маған жасаған күшіңді көрсетіп, баяғыда тастап кеткен әкеңді неге тауып алмайсың, – депті. Төлепберген үйге келіп, әкесі мен шешесіне, – әкемді тауып аламын, қайда екенін айтыңдар, – деп болмаған соң, алтын жүзікті қолына беріп қоя беріпті.

Төлепберген айдан ай өтіп, шаршап-шалдығып келіп, иен даладағы үлкен қорғаны бар қалың бейіттердің арасына келіп түнепті. Түнде қорғанның бір шетіне бір топ адам келеді де, бір нәрсені тез көміп кетіп қалады. Төлепберген көмген нәрсені ақтарып көрсе, алтын сандық екен. Сандықтың ішін ашса, өне бойы қан-қан сұлу қыз жатыр. Сандыққа қоса салған тоғыз алтын ақша, бір уыс тұз. Қыздың шала жаны бар.

Төлепберген қызды су жағасына көтеріп келіп, қанын жуып-шайып, су жұтқызды. Қызға ес кіріп:

— Мен сені мұратыңа жеткіземін. Мен қашанда сендікпін. Бірақ екеуіміз қосылатын уақытымыз кейін. Сен оған дейін менің аты-жөнімді сұрама. Ал сенің аты-жөніңді мен сұраймын. Мына тоғыз алтын ақшамен мені емдетіп жаз, – дейді. Төлепберген қыздын тоғыз жерден найза тиген жаралы екенін аңғарады. Қыз басын көтеріп отырады да хат жазады. Ол Төлепбергенге:

— Отыз шақырым жерде қала бар. Қалаға енсең төртбұрыш үйде ақсақалды шал отырады. Осы хатты соған берсең ол еріп келеді, – дейді. Төлепберген шалға хатты беріп, ертіп келеді. Шал Төлепберген мен қызды үйіне әкеліп, қызды емдейді. Қыз әбден сауығады.

Төлепберген тоғыз алтын ақшаны тамаққа сатып тауысады. Ақша таусылған соң жігіт тарығады. Қыз хат жазады да:

— Осы хатты ешкімге көрсетпей қаланың ортасында, есігінің алдында кісінің басы ілулі тұрған алтын сарайға енсең, ақсақалды шал отырады. Хатты соған берсең маған алтын ақша береді, – дейді. Төлепберген хатты беріп, мың сом ақшаны алып келеді. Бір күні Төлепберген ренжіп:

— Мен босқа әуреленіп жолымнан қалдым,–дейді қызға. Қыз тағы хат жазып бағанағы мың ақша берген шалға осы хатты берсең, патшалық киім береді. Оны кимей маған кел, — дейді. Төлепберген оны да алып келеді. Қыз Төлепбергеннің қолына жиырма бес алтын ақша ұстатып:

—Қаланың ең аяғында арғымақ сататын базар бар. Соған барсаң ең бірінші арғымақ 25 алтын ақша. Сонан өзің таңдаған бір арғымақ сатып әкел, – дейді. Төлепберген арғымақ сатып әкеледі.

Қыз Төлепбергенге патша киімін кигізіп, арғымаққа мінгізеді де:

— Қаланы араласаң ат ойыны болып жатады. Сол жерде екі патшаға кездесесің. Ол сені көрген соң қонаққа шақырады. Түнде қонбай қайтып кел. Олардың есігінің алдында алтын дінгек бар. Атыңды дінгекке байламай бос қой. Қайтарыңда үйге қонаққа шақыр. Сырыңды айтпа, – дейді.

Төлепберген ат ойыны болып жатқан жерден екі патшаға кезігеді. Олар Төлепбергенді қонақ қылады. Төлепберген оларды қонаққа шақырады. Төлепберген таңертен қызға келіп оларды қонаққа шақырғандығын айтады:

— Мен екі патшаны сенің айтуың бойынша шақырдым. Мына кедей шалдың төрт бұрыш тамына қалай күтеміз, немен сыйлаймыз, – дейді. Қыз тағы хат жазып Төлепбергенді баяғы мың алтын ақша берген шалға жұмсайды. Шал қырық дию ертіп келеді де, көзді ашып-жұмғанша қырық бөлмелі сарай салдырады. Бірінен-бірін аласа етіп, ортасына үш алтын тақ орнатады. Алуан түрлі-тәтті тағамдар әзірлейді. Кешке екі патша келеді. Төлепберген мен қыз оларды қарсы алып күтеді.

Сарайдың төңірегіндегі биік таққа Төлепберген отырады. Онан соңғы екі таққа екі патша отырады. Қырық дию оларға қызмет етеді. Ән, күй тартылып, қызу думан болады. Төлепберген мен қыз екі патшаны жібермей қондырады. Төлепберген ұйықтап жатса біреу келіп оятады. Қараса өзінің жолдас қызы. Қыз Төлепбергенге қырық диюға екі патшаны өлтірткендігін айтады.

— Бейуаз адамды неге өлтірттің, мен сенімен дос болмаймын, – дейді Төлепберген қызға. Сонда қыз:

— Олардың маған істеген зұлымдығын кейін айтамын. Өз істегендерін алдына келтірдім. Енді ұйықтай бер, – деп кетіп қалады. Таңертең Төлепберген оянса сарайда қыз жоқ, өзі үлкен дарияның жағасында жалғыз жатыр. Ол өз ісіне қапаланады да жардан қарғып суға түсіп кетеді. Оны ағып бара жатқан жерінен біреу іліп алады. Қараса баяғы қыз, үстінде патшалық киім.

Қыз Төлепбергенге сырын айтады.

— Мен Әлім деген патшаның жалғыз қызы едім. Атым Айгүл, әкем өлді де, мен оның орнына патша болдым. Әкемнің екі уәзірі бар еді. Олар қыз патша бола алмайды, – деп менімен бақталастық жасады. Олар мен ұйықтап жатқанда найзалады да, сандыққа салып көмді. Мен саған түсімде ғашық болдым. Түсімді бір түс жорушыға жорытқанымда: — Сенімен өліп көрге түскенде жолығасың, – деп еді. Онын жоруы дәл келді. Бағанағы өлтірген екі патша сол екі уәзір. Алғашқы мені емдеген ақсақалды шал әкемнің досы – ғалым адам. Ал мың ақша берген әкемнің шаруашылық бастығы. Ал қырық дию әкемнің періден әкелген қырық жігіті. Олар құс болып аспанға да ұшады. Сенің әкеңнің патша екендігін сенің соны іздеп шыққандығыңды ақсақалды ғалым оймен тауып маған айтты. Сенің далада жалғыз қалғандығың менің таққа отыруым. Енді менің орныма патша бол. Әкеңді періге мініп іздейін, – депті қыз. Төлепберген:

— Әкемді өз зейнетіммен іздеп табамын, – деп қыздың айтқанына көнбепті. Төлепберген көнбеген соң, қыз Төлелбергенге алтын ақша беріп, арғымақ мінгізіп, әкеңді тапқан сон, маған қайта орал, – деп қоя береді. Төлепберген айдан ай өткенде бір қалаға келіп, саудагер болып, дүкен ашыпты. Оның тұрпаттылығына қала халқы қайран қалыпты. Бір күні үлде мен бүлдеге бөленген үш қыз келіп, Төлепбергенді қонаққа шақырыпты. Төлепберген үш қыздың сарайында тамақ ішіп отырғанда екі мүсәпір адам келіпті. Олар тамақ ішіп болған соң кетіп қалады. Төлепберген үш қыздың сарайына түнейді.

Ертеңінде сол қаланың патшасы Төлепбергенді шақырып алып түнде қайда болғандығын сұрайды. Төлепберген болған оқиғаны айтыпты. Төлепберген қонақ болған үш қыз сол патшаның қыздары екен. Төлепберген қонақ болып отырғанда келген мүсәпір болып барған патша мен уәзірі екен.

Патша әмір етіп үш қызды да, Төлепбергенді де дарға асып өлтірмек болады. Дарға асқалы жатқанда, Төлепберген қолындағы патшаның аты бар жүзікті патшаның алдына лақтырып:

— Әкемді іздеп жүрген жетім едім. Осыны кезіксе, әкеме табыс ет. Менің өлгендігімді айт, – депті.

Патша жүзікті көре салып Төлепбергенді құшақтай алыпты. Бұл патша Төлепбергеннің баяғыдағы әкесі екен.

Сөйтіп Төлепбертен үш қызды өлімнен аман алып қалыпты. Төлепберген әкесінің орнына патша болып тұрған кезінде, еліне басқа бір елдің патшасы жаулық жасапты. Соғыста Төлепберген өзі шығып, жаулықка келген елдің патшасын жекпе-жекке шақырыпты. Ол да тайынбайтын ер екен, жекпе-жекке шығыпты. Екеуі үш күн бойы алысып, бірін-бірі жеңе алмапты. Сөйтіп жүргенде жаулыққа келген елдің патшасының бетіндегі пердесі түсіп кетіпті. Ол баяғы Айгүл патша екен. Екеуі бірін-бірі танып, құшақтасып қосылыпты. Екі патша Төлепбергеннің ұлы әкесі мен шешесін, әпкесін іздеп тауып, мұратына жетіпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 848



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?