Қарынбай

 Қарынбай

Ертеде Қарынбай деген өте кедей адам болады. Оның дүние, мал дегенде жалғыз қаршығасы болыпты. Ол қаршығасы көзіне көрінген құсты құтқармайтын, өте алғыр болыпты.

Қарынбай осы қаршығасының ұстаған қаз, үйректерімен ғана қоректеніп күнелтеді екен. Бір күні қаршыға салып жүргенде, алдынан бір хан кез болады. Хан қаршығасы қаз, үйрекке түспей, қапаланып тұр екен. Қарынбайдың қаршығасын көріп, қалайды. Хан қалаған соң, Қарынбай амалсыз қаршығасын береді. Қаршығасынан айырылған соң, Қарынбайдың күн көрісі нашарлап, ішер ас таба алмай, қапаланып отырып: «Ханның қалауын бергенде, ол да менің қалауымды неғып бермес екен?» – деп, ойға қалып, сол ханның ауылының тұсына келіп, ханның қойшысына жолығады да оған келе жатқан жолының мәнісін айтады. Қойшы: «Ханның бір сандығы бар. Ол сандыққа «ашыл, сандығым» десең, ішінен қаптаған мал шығады. Керегіңді ұстап алған соң, «жабыл, сандығым» десең, барлық мал сандықтың ішіне кіріп жоқ болады, сен соны қала», – дейді. Қарынбай ханға келіп, сандығын қалайды. Хан мұның көңілін қалдырмай, қалағанын бергеніне риза болып, қалаған сандығын береді. Мезгіл әуе айналып жерге түскендей шілденің бір ыстық күні еді. Қарынбай сандықты алып келе жатып, ыстықтан шөлдеген соң, жолдағы ауылға келіп, бір үйге түседі. Үйге кірерде сандығын қораның ішінде ойнап отырған балаларға: «Қарақтарым, мына сандыққа «ашыл, сандығым» деп айтпаңдар», – деп, үйге кіріп кетеді. Ол үйге кіріп кеткен соң, балалар неге олай дегенін білу үшін: «Ашыл, сандығым!» – дейді. Сол кезде сандықтан қаптаған мал шыға келеді. Бір қу бала тұрып: «Жабыл, сандығым!» – десе, мал ішіне кіріп жоқ болады. Сандықтың қасиетін білген соң, балалар орнына басқа бір сандық әкеліп қояды да сандықты алып кетеді. Қарынбай сандықты алып еліне келген соң, елінің адамдарын шақырып, сандықтың қасиетін көрсетпек болады. Халық жиылып келгенде, сандығын ортаға әкеліп қояды да: «Ашыл, сандығым!» – дейді. Бірақ сандығы өзгеріссіз тұра береді. Келгендер ашуланып, тілдеп, ұрсып ұялтады. Мұнан соң Қарынбай баяғы кедей қалпына қайта түсіп, күн көрісі нашарлаған соң, амалсыз баяғы ханға қайта барады. Бұл жолы қойшы: «Ханның үйінде бір қазан бар. «Піс, қазаным» десең, іші толған ет болып кетеді де «түс, қазаным» десең, барлық ет ішіне кіріп, жоқ болады. Сен соны қала», – дейді. Қарынбай ханның үйіне келіп, бұл қазанын да қалап алып қайтады. Келе жатып, жолда баяғы ауылға тағы түседі. Сандықты алып дәндеген балалар қазанға: «Піс, қазаным!» – дегенде, қазанның іші толы піскен ет болып кетеді. Біреуі тұрып: «Түс, қазаным!» – дегенде, барлық ет жоқ болып кетеді. Мұны балалар тағы ұрлап алып, орнына сол секілді басқа қазан қоя қояды. Қарынбай қазанды алып еліне келген соң, елінің адамдарын сыйламақ болып, қайыра шақырып алады да қазанды орталарына қойып: «Піс, қазаным!» – дейді, бірақ ет пісіп шықпайды. Бұл жолы елінің адамдары: «Сен бізді келемеж қылдың», – деп ұрып кетеді. Амалы таусылып, не істерін білмеген Қарынбай тағы ханға барады. Бұл жолы тағы қойшыға жолығып, ханнан енді не қалау керек екендігін сұрайды. Қойшы оған: «Ханның бір шоқпары бар. Егер, «Ұр, шоқпарым» десең, ұрып ала жөнеледі де қашан «басыл, шоқпарым» дегенше, тоқтамай ұра береді. Соны қала», – дейді. Қарынбай ханның шоқпарын қалап, алып қайтады. Келе жатып, жолдағы ауылға тағы түседі. Бұл жолы да балалар аңдып жүріп, өзі үйге кіріп кеткенде, қорада қалған шоқпарға: «Ұр, шоқпарым!» – дейді. Сол уақытта шоқпар бәрін бас-көз демей ұрып ала жөнеледі. Балалар: «Ұрма, шоқпарым!» – дейді, бірақ шоқпар тоқтамай ұра береді. Қарынбай далаға шыға келгенде, бастары жарылып, көздері шығып, аузы-мұрындарынан қан кетіп жатқан балалар: «Ағатай, сандығың мен қазаныңды біз алып едік, тауып берейік, шоқпарыңды тоқтат», – деп жалынады.

Қарынбай: «Басыл, шоқпарым!» – дегенде, шоқпар басылады. Балалар сандығы мен қазанын әкеп береді. Сөйтіп, Қарынбай сандығын, қазанын, шоқпарын алып еліне келеді. Еліне келген соң, есепсіз малға ие болып, «Қарынбай бай» деген атақ болады. Шоқпары тұрғанда, ешбір жау оның маңынан жүре алмайтын болады.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 2 642



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?