Қазақ әдебиеті | Исатай Тайманұлы

Қазақ әдебиеті | Исатай Тайманұлы

Исатай Тайманұлы (1791-1838) – 1836-38 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшысы, халық батыры. Кіші жүз Байұлының Беріш руынан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы.Халық батыры И.Тайманұлы 1791 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмындағы "Тайман жалы" деген жерде дүниеге келген. Исатайдың анасы Есентемір руының Тағашы бөлімінен. И.Тайманұлының төртінші атасы Ағатайдың (Тайман-Бегәлінің -Боқай-Ағатай) есімі қалмақтарға қарсы соғыста көрсеткен ерлігі үшін Беріш руының ұранына айналған Исатайдың жастық шағында оған ықпал жасап, қамқорлық еткен әкесі, Тайманның інісі - Жабал Бегәліұлы. 1808 жылы Жабал бастаған Бегәлі ауылы Бақсай бекінісі тұсынан Жайықтан өтіп, Бөкей ханның қарауына кіреді. Хан орысша сауатты, саясаттан хабары бар, халық алдында беделді Жабалды Беріш аулына старшина етіп қояды. Жабал қайтыс болғаннан кейін, оның орнына старшина етіп И.Тайманұлын қоюды сұрап, хан Бөкей 1812 жылы 12 наурызда Орынбордағы Шекара коммссиясына ұсыныс жасайды. Шекара комиссиясы 1813 жылғы қараша айында Бөкей ханның ұсынысын қуаттап, құжаттарды әскери губернаторға жібереді. Генерал губернатор Г.С.Волконский 1814 жылы 12-қарашада Исатайды старшиналыққа бекіту туралы құжатқа қол қоядыЕл ісіне ерте араласқан Исатайдың кемелденуіне қайын ағасы Жабай Бегалиннің көп көмегі тиеді. Ол кісі орысша оқыған, әжептеуір сауаты бар адам болған, старшын қызметін атқарған. Ол өлгеннен кейін оның орнына Бөкей хан Жабайдың тәрбиесін көрген Исатайды старшын етіп тағайындап, оны Орынбор шекара комиссиясы бекітеді.
Күн санап ел арасында беделі асып бара жатқанын көре алмаған хан төңірегіндегілер оның беделін түсіру үшін түрлі жала жауып, ханға шағыстырып бағады. Соның салдарынан бас аяғы 4-5 жылдың ішінде бірінде старшын Өтеміс Құлманиязовты тонады деген, екіншісінде кісі өлтірді деген жаламен түрмеге қамалады. Оның алғашқысынан ақша беріп құтылса, екіншісінен Орынборға конвоймен айдалап бара жатқан жерінде, есебін тауып, қашып кетеді.
Хан Бөкей Исатайдың басқаруына Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы Қарақамыс, Күйгін, Көлденең, Байсары, Кемелі аралдарын береді . Осылайша жасынан алымды, сөзге шешен, бірбеткей, өжет, қара қылды қақжаратын әділ Исатай 21 жасында Беріш руының старшинасы болып ел басқарады, Ордадағы беделді адамдардың біріне айналады. Хан тапсырмасымен ол Петербургке бара жатқан Бұхар елшісін Сарайшықта қарсы алып, Астраханьға дейін қасына ереді. Орынбор шекаралық комиссиясының бастығы генерал Генстің Ішкі Ордаға келген сапарында оның қасында болады.
Алайда, жас та болса, бас болған Исатайды көре алмаушылар көбейетүседі. Солардың жапқан жаласынан И.Тайманұлы 1818 жылы Сарайшық түрмесіне қамалады. Беріштің биі Жүзбатыр 20 мың сом ақша беріп, оны түрмеден босатып алады. Ішкі Ордадағы қара халықтың мұң-мұқтажын қорғап, сұлтандар мен билердің әділетсіздігін, зорлық-зомбылығын әшкерелеймін деп жүріп, Исатай 1824 жылы тағы да тұтқындалып, Орынбор түрмесіне жабылады. Бірақ, оған тағылған кінәлар дәлелденбей, ол босатылады.
Ішкі Ордада патша үкіметінің отарлық мүддесін іске асырушы хан Жәңгірдің халыққа жасаған озбырлығына И.Тайманұлы әу бастан қарсы болады. Ханнан, оның қайын атасы Қарауылқожадан, сұлтандар мен билерден зәбір көрген қарапайым халық бірте-бірте Исатайдың айналасына жинала бастайды. Оның қоластындағыларға ханның әмірі жүрмейді, ал Исатай батырға Жәңгірдің әлі келмейді. Ханның төңірегінде негізінен төрелер, билер, қожалар, молдалар және соларға ерген аз ғана халық қалады.
Исатайдың Жәңгір ханмен келіспеушілігі

Исатайдың Жәңгір ханмен келіспеушілігі 19-ғасырдың 30-жылдарының орта кезінде одан әрі шиеленісе түседі. Оған себеп болған жағдай - 1833 жылы маусым айында Жәңгір ханның осыған дейін И.Тайманұлы басқарып келген Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы шөбі шүйгін, суы мол 5 аралды қайынатасы Қарауылқожа Бабажановтың билігіне беріп, Исатайды қарауындағы елімен шаруашылыққа қолайсыз, суы да, шөбі де аз, құм басқан Мыңтөбеге аударуы еді. Жәңгір ханның және басқа да феодалдардың халыққа жасап отырған қысымшылығы туралы И.Тайманұлы бастаған бір топ старшиналар Орынбордағы Шекара комиссиясына, тіпті губернатордың өзіне талай рет арыздар да жазады. Бірақ, одан ешқандай да қорытынды шықпайды.Әртүрлі алым-салықтан күйзелген, жайылым жерден айырылған, казак әскерлері мен жергілікті феодалдардың екі жақты езгісінен әбден шыдамы таусылған бұқара халық қолдарына қару алып, көтеріліске шығады. Бұл - 1836-1837 жылдардағы Бөкей хандығындағы немесе Ішкі Ордадағы батыр Исатай Тайманұлы басқарған халық-азаттық көтеріліс еді. Көтерілістің қозғаушы күші, негізінен, қазақ шаруалары болды. Оның мақсаты - Жәңгір ханның халыққа жасап отырған озбырлығына шек қою, шаруалар жағдайын жақсарту, Қарауылқожаны, Балқы Құдайбергеновті биліктен тайдыру, жер мәселесінде белгілі бір келісімге келу болатын. Исатай Тайманұлы - осы көтерілістің сардары, көсемі, ал "Махамбет - ел-жұртты дабылдатып, көтеріліс рухын көтерген батыр-жырау, көтеріліс жыршысы" (М. Қозыбаев) болды. Жалпы, 1836-1838 жылдардағы халық-азаттық көтерілістің бүкіл барысында Махамбеттің трибун, жыршы-ақын ретінде Исатай батырдың оң қолы болғандығы тарихтан да белгіліКөтерілістің басы

Көтерілістің басы 1836 жылғы 24 наурызда Қарауылқожа Бабажановтың 800 адамды бастап, Манаш елді мекені маңындағы И.Тайманұлының ауылын қоршауы болып табылады. Алайда, Қарауылқожа тобы 200 сарбазбен өздеріне қарсы шыққан Исатайларға шабуыл жасауға бата алмай, кейін қайтуға мәжбүр болады. Бұрын ешкімнен тауы шағылмаған, қарамағындағы елге дегенін істеп әдеттенген Қарауылқожаның Исатайларға ештеңе істей алмауы бүкіл Бөкей хандығына тарайды. Үстем тапқа ызасы кернеген шаруалар әр жақтан Исатай батырдың қоластына жинала бастайды.
1836 жылғы маусымның соңы мен шілде айының басында И. Тайманұлы бастаған шағын топ ханға халық талабын жеткізу үшін Тасобадан Жасқұсқа аттанады. Исатайлардың келе жатқан хабарын естіген Жәңгір хан Астрахань әскери губернаторынан Орданы қорғау үшін әскер жіберуді сұрайды, сонымен бірге уақыт ұту мақсатында Исатайлардың талаптарын білу үшін оларға өзінің сенімді адамын жібереді. Исатайлар оған Қ.Бабажановты, Б.Құдайбергеновты қызмет орындарынан босату туралы және Исатайдың үлкен ұлы Жақияның қолымен жазылған басқа да талаптарды тапсырып, кейін қайтады.
1837 жылдың жазында Исатай батыр бастаған көтеріліс бүкіл Бөкей хандығына тарайды. Жәңгір хан мен оның айналасындағыларға наразылардың бәрі Исатайдың айналасына жиналады. Келген жігіттер атпен, азық-түлікпен, қару-жарақпен қамтамасыз етіледі. Осылайша, И.Тайманұлы белгілі бір тәртіпке негізделген азаматтық және әскери ұйымның басшысына айналады. Сұлтан М.Шөкиннің ханға "Көтерілген шаруалар ешкімге бағынбайды, өз алдына бір республика",-деп жазған мезгіл осы кез болуы керек.
1837 жылдың 16 қыркүйегі күні Исатай батыр бастаған 200-ден астам сарбаздар халыққа әбден жек көрінішті Қарауылқожа Бабажановтың ауылын шабады. Одан алынған мал мен дүние-мүлік шаруаларға таратылып беріледі. 1837 жылғы 17 қазанда көтерілісшілер Балқы Құдайбергеновтің, сұлтан М.Шөкиннің ауылдарын шауып, хан ордасы - Жасқұсқа бірте-бірте жақындай түседі. И.Тайманұлының үлкен қолды басқарып, Жасқұсқа келе жатқандығынан хабардар Жәңгір хан Орынбор және Астрахань әскери губернаторларына дереу хат жазып, өзін қорғауын сұрайды. Хан ордасын қорғауға Астраханьнан подполковник Алиев, ал Орынбордан подполковник Геке басқарған зеңбіректермен қаруланған әскерлер аттанады. Ал, 2000-нан астам қолмен хан ордасын қоршаған Исатай батыр біраз уақыт хан елшілерімен, кейін Гекенің елшілерімен нәтижесіз келіссөз жүргізеді. 1837 жылғы қараша айының соңында кең байтақ Қазақстанның шағын бөлшегі - Бөкей хандығындағы шаруалар қозғалысының жаңғырығы Ресей астанасы - Санкт-Петербургке де жетеді. Император И.Тайманұлы бастаған "бүлікшілерді" қатаң жазалауды талап етеді.
Махамбет, Үбі, Сегізсері және басқа да батырлардың "хан ордасын шабайық" деген ұсынысын байсалды, сақ, ұстамды Исатай қабылдамайды. Себебі, орданы шапқан күннің өзінде де патша өкіметі оларды тыныштықпен жүргізбейтіндігін, өйткені, Жәңгір ханның артында патша өкіметі мен оның жазалаушы әскерлері тұрғандығын және сол әскерлерге қарсы тұрарлықтай өзінде күштің жоқтығын ескерген Исатай батыр халық талабын ханнан бір жағынан айбармен, екінші жағынан келіссөз арқылы орындатуға күш салады. Егер 18-ғасырдың 80-90-жылдарында Сырым Датұлы басқарған көтеріліс кезінде Нұралы хандықтан қуылса да, Есім хан өлтірілсе де көтерілісшілердің өздерінің түпкі мақсатына жете алмағандығын ескерсек, Исатай батырдың бұл шешімі елдің бүтіндігі мен халықты сақтау жолындағы үлкен көрегендік екендігін ерекше айтуымыз керек.
Көтерілісшілер хан ордасын қоршаған кезде патша үкіметінің әскер жіберіп, Жәңгірді құтқаруға ұмтылуының өзі - Исатай батырдың шешімінің дұрыстығын байқатады. Ал, Исатайдың подполковник Гекемен келіссөз жүргізу себебі - күші басым Ресей әскерімен соғыспай, уақыт өткізіп, қыс түсе Жайық өзенінің шығыс бетіне, Кіші жүзге өтіп кетуді ойлағаны болу керек.
Шешуші ұрыс

Oshi no ran1.jpg

Хан Жәңгір шақыртқан патша әскерімен Исатай батырдың іріктелген 500 сарбаздарының арасындағы шешуші ұрыс 1837 жылы 15 қарашада Тастөбе деген жерде болады. Көтерілісшілер қаншама ерлікпен шайқасса да, ұрыстыңтағдырын зеңбіректер шешеді. Зеңбіректердің жарылған оғы мен зіркіліне шыдай алмай көтерілісшілер кейін шегінуге мәжбүр болады. Осы ұрыста Исатайдың Мылқым деген әйелі, Ақай атты баласы қаза табады. Тастөбедегі шайқаста көтерілісшілер жағынан 60-қа жуық адам өледі. Исатай батырдың оң қолына оқ тиіп, астындағы аты жараланады. Осы ұрыстағы көтерілісшілердің ерлігіне подполковник Гекенің өзі де қайран қалады. Ол Орынбордағы әскери губернаторға "Исатайлардың өздері мен жанұясын қорғаймын деп шамадан тыс ерлікке, зеңбірекке қарсы шабуылға баруы, олардың соншама ашынғандықтарын көрсетеді",-деп жазған.
Тастөбеде қолға түспеген Исатайдың басына, оны тірідей ұстағанға 500 күміс ақша тігіледі. "Оны өлтірген адамға сол ақшаның жартысы беріледі",- деп жарияланады. Егер С.Разин, Е.Пугачев сияқты шаруалар соғысының көсемдерін қиын-қыстау кезеңде қасындағы "жолдастары" патша өкіметіне ұстап берген болса, басына қаншама ақша тігілсе де ешкім Исатайды жазалаушылар қолына ұстап бермейді. Керісінше, халық оны және оның сарбаздарын қажетті азық-түлікпен, көлікпен қамтамасыз етіп отырды. Тіпті, аты жарапанып, жаяу соғысқан соңғы сәттерде де жолдастары Исатайды жау қолына қалдырмауға тырысады.
Ішкі Ордада бытырап жүрген көтерілісшілердің басын біріктірудің мүмкіндігі жоқ екендігін түсінген И.Тайманұлы бір топ жолдастарымен бірге жазалаушылардан бой тасалай жүріп, Кіші жүзге өтігт кету үшін Жайықтың қатуын күтеді. 1837 жылдың 12 желтоқсанынан 13-не қараған таңда өзінің ескі досы Құрақ Маябасовтың көмегімен И. Тайманұлы бастаған 38 адам ұйтқып соққан боранды пайдаланып, қазіргі Махамбет ауданындағы Сарытоғай елді мекенінен сәл төмен маңда Жайықтың шығыс бетіне - Кіші жүзге өтеді. Олар қараңғылық пен боранның көмегімен арттарынан ілесе қуған казактар мен Баймағанбет сұлтанның адамдарын адастырып үш топқа бөлініп, Тайсойған жаққа бет алады.
Өкінішке қарай, көп кешікпей, 14 және 24 желтоқсан күндері - Исатайдың әйелі Несібелі, балдызы Бағлан, балалары Жақия мен Дінбаян (Дүмбиян), небәрі 12 адам қуғыншылардың қолына түседі.
Кіші жүзге өткен И.Тайманұлы бастаған шағын топ осы жерде патша өкіметінің отарлық саясаты мен сұлтан Баймағанбет Айшуақов бастаған жергілікті феодалдардың қарапайым халықты езіп-жаншуына қарсы азаттық күресті ұйымдастыруға кіріседі.
Исатай батыр мен ақын Махамбет бүкіл Кіші жүзді аралап, патша өкіметінің отарлық саясатын және солардың қолшоқпары хандар мен сұлтандардың халыққа жасап отырған озбырлығын шаруаларға түсіндіріп, оларды қолдарына қару алып, өздерінің азаттығы үшін күреске шығуға шақырды. Сол мақсатпен Исатай Махамбетпен бірге Маңғыстауға барып, оның билеушісі Қ.Есімовпен күш біріктіруге уағдаласады Сонымен бірге Хиуа ханы Қайыпқали Есімовке патша әскерлерін тойтару үшін 20 мың әскер беруге уәде етеді.
Кіші жүздегі көтерілісті ұйымдастыру барысында Исатай батырдың ел-елдің басын біріктірген шебер дипломат болғандығын байқаймыз. Мысалы, көтерілістің негізгі ошағы болған әлімдер мен Маңғыстау адайлары арасында көптен келе жатқан кикілжің болған. Көтеріліске қатысушы адайлық сарбаздардың Әлім жеріне келетін болуына байланысты Исатай Әлімдер мен Адайларды өзара келістіріп, татуластырады. Маңғыстау адайлары мен түрікмендердің арасында да көптен бері келіспеушілік болады. Ресейдің отарлық саясатына қарсы азаттық көтеріліске аттанған адайлардың тылын қауіпсіздендіру мақсатында Исатай түрікмендермен келіссөз жүргізіп, адайлар мен түрікмен-дерді де мәмілеге келтіріп, келістіреді.
И.Тайманұлы бастаған көтерілісшілерге батыр Жоламан Тіленшиев би Жүсіп Құланов бастаған сарбаздар қосылады. Адай, Шеркеш, Таз, Шөмекей, Табын, Кете руларынан Исатай мен Қ.Есімовтың қоластына 3000-дай адам жиналады.
Патша өкіметі И.Тайманұлының басқаруымен Кіші жүздің батыс бөлігінде болып жатқан халық наразылығының одан әрі өршуінен қауіптеніп, оны басудың қамына кіріседі. Өйтпеген жағдайда бұл көтеріліс Кіші жүзге қарай жақындап келе жатқаи* Кенесары Қасымов басқарған ұлт-азаттық көтеріліске ұласып, патша өкіметінің отаршылдық езгісіне қарсы халық-азаттық соғысқа айналуы әбден мүмкін еді. Егер оқиға дәл осылай өрбісе, онда Ресей империясының 19-ғасырдың 60-жылдарында Қазақстанды отарлауды аяқтауының өзі неғайбыл жағдайға айналған болар еді. Осыны ескерген Орынбор генерал -губернаторы 1838 жылғы шілде айының басында подполковник Геке басқарған зеңбіректермен қаруланған әскерлерді Исатайларға қарсы аттандырады. Сонымен бір мезгілде Горск қамалынан бір топ әскерді бастап Баймағанбет Айшуақов та шығады. Жазалаушылардың екі тобы 10 шілдеде Үлкен Қобда өзеніне жақын жерде кездеседі.
Исатайдың қаза табуы

Баймағанбет сұлтан әдейілеп жіберген Балта деген алдаушының сөзіне сеніп қалған аңғал Исатай батыр қасына 500 сарбаз алып, сұлтан Б.Айшуақовтың ауылын шаппақшы болып, негізгі қолдан бөлініп шығады. Жазалаушы әскерлердің келіп жеткендігінен бейхабар Исатайлар тобы 1838 жылғы 12 шілде күні Ақбұлақ өзенінінң жағасында Геке мен Баймағанбет сұлтанның біріккен әскерінінң үстінен шығады. Әскер күші жағынан тең емес шайқаста Исатай батыр бастаған көтерілісшілер асқан ерлік көрсетеді. Алайда, мұнда да Тастөбедегі сияқты ұрыс тағдырын зеңбіректер шешеді. Зеңбірек оғы түскен жерлерден атты сарбаздар бытырай қашады. Исатайдың атына да оқ тиіп, ол казактармен жаяу шайқасады. Махамбет пен Үбі Исатайға өз аттарын тосса да, "ат артына мінгесіп, елге күлкі болғанымнан өлгенім артық, одан да балаларымды сақтаңдар, өздерің қашып құтылыңдар",-деп оларды ілгері жібереді. Ақбұлақ өзенінің жағасындағы кескілескен шайқаста Исатай батыр да, оның 16 жасар ұлы Оспан да қаза табады. Осы шайқастың басы-қасында болған Исатайдың 14 жасар ұлы Досмағанбет астындағы атының жүйріктігі арқасында Махамбетпен бірге жау қолына түспей, құтылып кетеді.Исатай абайсызда қанжарын түсіріп алады. Орыс-казак әскер басы сол қанжармен Исатайдың басын шауп өлтіреді.Оны қанағат етпей оған екі оқ атады.
Исатай батыр 12 шілде күні қапылыста қаза тапқаннан кейін, көтеріліс одан әрі дамымай, сарбаздар жан-жаққа бытырап кетеді. Қ.Есімов жазалаудан қорқып, Хиуаға қашады.
Көтеріліс жеңіліске ұшырады

Осылайша, бас-аяғы 6 айға жетпейтін қысқа уақытты қамтыған аумағы мен сарбаздардың саны жағынан Бөкей хандығындағы көтерілістен асып түсетін бүкіл Кіші жүз даласын дүр сілкінткен батыр Исатай Тайманұлы бастаған халық-азаттық көтеріліс жеңіліске ұшырайды. Ол заманда басқаша болуы мүмкін де емес еді. Көтерілісшілерге хан өкіметі мен сұлтандар, патша үкіметінің жақсы қаруланған, арнайы дайындықтан өткен әскерлері қарсы тұрды. Көтерілісшілер Қазақстанның басқа аймағындағы, соның ішінде К.Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық қозғалыспен байланыс жасап үлгермеді. Көтерілісшілердің қарау-жарағы да мейлінше нашар болды. Нақты бағдарламаның болжамауы ұйымшылдықтың жетіспеуі де жеңіліс себептерінің бірі болды.
И.Тайманұлы бастаған көтеріліс жеңілгенмен, ол Қазақстанның батыс бөлігінің Ресей империясы құрамында кейінгі дамуында терең із қалдырды. Бұдан былай алым-салықтың мөлшерін жылдан-жылға көтере беруге белгілі дәрежеде шек қойылды; патша үкіметінің көтерілісті қолдаған қазақ ауылдарының старшындарымен санасуына тура келді; Ішкі Ордадағы хандық биліктің жойылуы тездеді.
Исатай туралы

Көтеріліс басшысы Исатай Тайманұлы басынан өткен көптеген ауыр әрі қауіпті оқиғаларға мойымай асқан қайсарлық көрсетіп, өз жауларымен өмірінің ақырына дейін алысып өтті. Тек Исатай ғана "өлгенінше көпті соңына ерте алды" (Х.Досмұхамедов). "Тып-тыныш әлемде,-деп жазды орыс журналисі Н.Савичев,-қап-қара тұнық аспанда кейде жарқырап, зулап, жан-жағына отын шашып, жұртты таңқалдырып келе жатқан метеорды көресің. Тап осы метеор сияқты жарқын бейнелі, абзал, терең ақыл-ойдың иесі, халық қамын ойлаған қажырлы батыр -Исатай". Қазақ кедейлерінінң көсемі И.Тайманұлының есімі - мәңгі халық есінде. Ақтөбе облысының Қобда ауданында Исатай батыр мен оның баласы Оспанға шайқас болған жерде ескерткіш орнатылған. Атырау облысы Исатай ауданының орталығы Аққыстауда да Исатай батырдың ескерткіші бар. Атырау қаласындағы орта мектепке, Миялы селосындағы орта мектепке, Жұмыскер селосындағы орталау мектепке батырдың есімі берілген. Батырдың туған жеріндегі "Тайман жалы" деп аталатын орынға мемориалдық тақта қойылып, Аққыстау селосында батырдың мемориалдық мұражайы ашылды. 1991 жылғы қыркүйек айында халық батыры И.Тайманұлының туғанына 200 жыл толуы республика көлемінде аталып өтті. Осы мерейтойға орай Қазақ ССР Ғылым Академиясының ұйымдастыруымен Алматы және Атырау қалаларында ғылыми-теориялық конференциялар өткізілді. И.Тайманұлы мен оның ұрпақтары туралы "]]Қазақфильм]]" киностудиясы "Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай" атты деректі фильм түсірді. Халық батыры И.Тайманұлының 200 жылдық мерейтойын өткізу - қазіргі ұрпақтың батыр бабалар дәстүріне адалдығының айғағындай оқиға болды. Олай болса, Исатай Таймановтың батырлық өнегесі қазақ халқының мәңгі есінде.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?