Махамбет Өтемісұлы (Мінкен ер)

 Махамбет Өтемісұлы (Мінкен ер)

Мінкен де мінкен, мінкен ер,
Бұл сықылды неткен ер?!
Құралайдың күнінде
Еркек қойдай бөлініп,
Көлденең жатқан Жайықтан
Қырқарланып өткен ер.
Күншығыстың астында,
Күнбатыстың тұсында
Қарындасым бар-ды деп,
Қабырғасын сөксе де,
Қанын судай төксе де
Қайыспас қара нар-ды деп,
Маңдайынан күн өтіп,
Жауырынынан жел өтіп,
Күн астымен жеткен ер!
Біз неткен ер, неткен ер? -
Сергелдеңмен өткен ер.
Ойыл менен Дендерден,
Сағыз бенен Жемдерден
Одан да талып өткен ер.
Арқада Әлім бар-ды деп,
Қайыспас қара нар-ды деп,
Оған да келіп жеткен ер.
Тайманның ұлы Исатай
Ағайынның басы еді,
Алтын ердің қасы еді.
Исатайды өлтіріп,
Серкесінен айрылып,
Сергелдең болған біздің ел!
Желден де желгір ақбөкен
Желден де желгір ақбөкен
Озса да орғып көлденең,
Құралайына қарайлап,
Оққа ұшпай ма сол үшін?
Ұялы бүркіт күн ұзын
Қалықтай самғар шөже үшін,
О да бір торға түспей ме
Шөжеге керек жем үшін?!
Дертке дауа іздеген,
Тірліктен үміт үзбеген
Сергелдең болар емі үшін.
Асыл туған арулар
Жанын пида етпей ме
Шын сүйіскен теңі үшін?!
Аттанып едім көп үшін,
Көптің жинап мол күшін,
Дұшпанда кеткен сол көптің
Ежелден бергі кегі үшін.
Таршылық басқа түскенде
Қапаланам мен-дағы
Қаумалаған қасымда
Қарындастың кемі үшін!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі