Шегенделген шекара – ұлттық қауіпсіздік кепілі

 Шегенделген шекара – ұлттық қауіпсіздік кепілі

Елбасының бастамасымен қабылданған Қа­зақ­­станның 2030 жылға дейінгі даму стра­те­гиясында еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамт­а­масыз ету туралы үлкен саяси міндет қойылған болатын. Онда бұл міндеттің орындалуы мемлекеттік егемендікті сақтаудың, аумақтық тұтас­тықты және шекараның мызғымастығын қамта­масыз етудің кепілі ретінде атап көрсетілген. Міне, сондықтан да егемен 20 жыл ішінде еліміз қол жеткізген ұланғайыр табыстарының бірі ел аумағының тұтастығын бекіткен әрі оны мызғымастай етіп шегендеген шекарасы болып табылады. Бүгінгі таңда бұл – бүкіл әлемге танылған, танылып қана қоймай, қалтқысыз мой­ындалған фактор. Соны­мен қатар, бұл – ұлтымыздың тарихында бұрын-соңды болма­ған, мемлекеттілігімізді айшық­тайтын баға жетпес құндылық.

Егемендік алған сонау 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағы кезінде белгіленген шекарала­ры­мыз түгелдей ашық-шашық жатқан болатын. Сон­дықтан да тәуелсіздіктің бастапқы жылда­рында Президент Назарбаев белгілеген сыртқы саясат­тағы басымдықтардың ішінде, әсіресе, шекара­ларды межелеу, оларды халықаралық тұр­ғыдан заңдастырып алу ең кезек күт­тір­мей­тін мәселе болатын. Өзінің 1996 жылы халыққа арнаған Жолдауында тәуелсіздіктің алғашқы бес жылын қорытындылай келе, Елбасының: «Халықаралық ауқымда танылмайынша, әлем­дік қоғамдастық тарапынан қауіпсіздік, аумақ­тық тұтастық пен шекаралардың мызғымай­тынына кепілдік ал­майын­ша, мемлекеттіліктің қалыптасуы, егемендік, экономикалық реформалар, әлеуметтік сала­ны дамыту туралы әңгіме қозғау құрғақ сөз болып қала береді», деуі соның дәлелі.

Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, біздің ел бұрынғы Кеңес Одағы тарап кеткен сәтте ше­караларды ресімдеу үшін Қытай Халық Рес­пуб­ли­касымен, Қырғыз Республикасымен, Ресей Фе­де­рациясымен, Түркіменстанмен және Өзбек­стан Рес­публикасымен келіссөздерге белсене кірісіп кетті.

1991 жылға дейін Қытаймен байланысты келіссөздерді осы елмен шекаралас бұрынғы одақтас республикалар өкілдерінің қатысуымен құрылған кеңестік үкімет делегациясы жүргізіп келсе, 1992 жылдан бастап Қазақстан Республи­касы өз делегациясын жасақтап, Қытаймен шекара мәселелері жөніндегі келіссөздерді егемен ел ретінде қолға алды. Екі елдің арасындағы шекараларды делимитациялау туралы келіс­сөздер 1992-1998 жылдары өтіп, демаркация 2002 жылы толығымен аяқталды.

Келіссөздерге бұрынғы Ресей империясы мен Қытай арасында XIX ғасырда жасалған сегіз шарт пен хаттамалар негіз болды. 1994-1999 жылдар арасында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында өткен келіссөздер нәтижесінде екі елдің мемлекеттік шекарасының өту сызығын және оның шек­аралық белгілермен белгіленуін нақты анықтап, әрі егжей-тегжейлі сипаттап беретін халықара­лық бес келісім жасалды.

Демаркациялық жұмыстарды алты жұмыс тобы 1992 жылдың шілдесінен бастап 2001 жыл­­дың желтоқсанына дейін жүзеге асырып, 2002 жылы Пекинде Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытайдың Сыртқы істер министрі Цзясюан екі ел үкіметтері арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шека­ра­сының сызығын демаркациялау туралы Хат­тамаға қол қойды.

Ия, бір қарағанда бұл нәтижеге оп-оңай қол жеткен сияқты болып көрінуі мүмкін. Ал шындап келгенде, бұл – нағыз ерлікке тұратын Елбасы­ның сындарлы сыртқы саясатының жемісі екенінде күмән жоқ. Бұлайша түйіндеуге үлкен негіз бар. Мәселен, Қытайдың ішкі-сыртқы саясатын терең білетін, 1995-2001 жылдары Қазақстанның Қы­­тай­­­дағы Төтенше және өкілетті елшісі, ал кейінгі он жылда Сенат депутаты болған белгілі саясаткер, танымал қоғам және мемлекет қайрат­ке­рі, сая­сатшы ғалым Қуаныш Сұлтановтың: «Қа­зақ­тың жаңа дәуірі» («Елорда», 2010) атты сарап­та­ма­лық туын­ды­сынан жоғарыда айтқан пікірлерге дәлел болатын соны мағлұматтарды кездестіреміз.

Мысалы, жүздеген жылдар бойы мойын­дал­май келген біздің терр­и­­ториялық тұтас­тығы­мыз­ды Қытайдың мой­ындап, шекаралық келісімге қол қойғаны қатты таңқалдырады. Себебі, Қытаймен шекаралас 15 мемлекеттің ішінде Қа­зақстан Қытай үкіметінің келісімімен 100 пайыз шекара аумағын тиянақтап алған жалғыз мемлекет екенін аңғара­сың. Сосын тарихта өзімен шекаралас елдердің ешқайсысымен шекаралық келісім жасауға Қытай­дың ешқашан мүдделі бол­мағаны аталған еңбек­те орнықты айтылған.

Ал басқа көршілес елдермен шекара мәселе­лері қалай реттелді деген сауалға келетін болсақ, ол туралы мына жайлар­ды айтуға болады. 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы Декларациясы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі ынтымақтастық қағидаттарын сақтау туралы 1992 жылғы 14 ақпандағы декларация, ТМД-ға қатысу­шы мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтас­тығын және шекараларының мызғымастығын сақтау туралы 1994 жылғы 15 сәуірдегі декларация, басқа да екіжақты құжаттар, одақтық және респуб­ликалық деңгейдегі Жоғарғы Кеңестердің заң актілері бұрынғы КСРО-ның әкімшілік-ау­мақ­тық шекарасын межелеуді тану қағидаттарын бекіткен жалпы сипаттағы құқықтық құжаттар назарға алынды. Осы құжаттарға сәйкес, тараптар бұрынғы одақтас республикалардың арасындағы әкімшілік-аумақтық межелеуді шекаралық келіс­сөздер­де бас­ты негіз етіп алды.

Бұрынғы одақтас республикалардың арасын­дағы әкімшілік шекаралардың бәріне ортақ кемшілік ретінде ондағы кейбір учаскелердегі іс жү­­зінде орныққан шекара сызықтары қолда бар құ­­­қықтық актілердің ережелеріне сәйкес келмейтіндігін айтуға болады. Мұндай жағдайларда тараптар ұлт­тық және экономикалық мүдделерді ескере отырып, өзара тиімді шешімдер қабылдады, ау­мақтарды теңдей бөлісті немесе алмасып отырды.

Қазақстан тарапының мемлекеттік шекараны делимитациялау бойынша жүргізген жұмыстары Үкіметтің Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасымен, Ресей Федерациясымен, Түркі­менстанмен және Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөнін­дегі Қазақстан Республикасының үкіметтік ко­мис­сиясы туралы 1999 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысына сәйкес жүргізілді.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі комисссияның құрамына мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, облыстық, ау­дан­дық және ауылдық әкімдіктердің өкілдерін кір­гізе отырып, тиісті үкіметтік делегацияларды жа­сақтап отырды. Сарапшы ретінде әртүрлі меке­мелердің мамандары тартылды. Геодезистер, картографтар, жерге орналастырушылар мен гидролог мамандардан арнайы жұмыс топтары құрылды.

Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекара­сын делимитациялау жөніндегі келіссөздер 1999 жыл­дың қарашасынан 2001 жылдың желтоқ­са­нына дейін жалғасып, мемлекет басшыларының 2001 жылғы 15 желтоқсанда Астанада Қазақстан Рес­публикасы мен Қырғыз Республикасы арасын­дағы Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шек­арасы туралы шартқа қол қоюмен аяқталды.

Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау үдерісі 2000-2002 жылдар ара­лы­­ғында өтті. Бұл процесті екі кезеңге бөлуге бо­л­ады. Бірінші кезең шекара сызығының 96 пайы­зын анықтап берген, 2001 жылғы 16 қарашада Астанада мемлекет басшылары қол қойған Қа­зақстан Республикасы мен Өзбекстан Республи­касы ара­сын­дағы Қазақстан-Өзбекстан Мемлекеттік шекара­сы туралы шартты дайындаумен шек­телсе, екінші кезең ортақ шекара сызығын анықтауды толығымен аяқтаған, 2002 жылғы 9 қыркүйекте Астанада Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері қол қойған Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасының жекелеген учаскелері туралы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы шартты әзірлеумен аяқталды.

Қазақстан мен Түркіменстанның мемлекеттік шекарасын делимитациялау және оны демаркациялау үдерісі туралы шартқа мемлекет басшылары 2001 жылғы 5 шілдеде Астанада қол қойды. Ортақ шекараны демаркациялауға бағытталған іс-шаралар 2003 жылы басталды, ал шекаралық белгілерді орнатуға тараптар 2005 жылы кірісті. Шекара сызығы 278 белгілермен тиянақталды.

Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын делимитациялау туралы келіссөздер 1999 жылдың қыркүйегінен 2005 жылдың қаңтарына дейін жалғасты. Қазақстан-Ресей Мемлекеттік шекара­сы туралы шартқа екі ел Президенттері 2005 жылдың 18 қаңтарында Мәскеу қаласында қол қойды. Шарт 2006 жылғы 12 қаңтарда күшіне енді. Екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі бірлескен комиссия өз жұмысына 2007 жылғы шілде айында кірісті, ал 2009 жылдың мамыр айында тараптар ортақ шекара­ға белгілерін орнатуды бастады. Сөйтіп, Қазақстан-Ресей Мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қоюмен Қазақстан өзінің құрлықтағы күллі шекараларын құқықтық тұрғыдан ресімдеуді толық аяқтады.

Тарихқа көз жіберсек, еліміз егемендікке қол жеткізген 1991 жылы Елбасының алдында тез арада оңтайлы шешімін таппаса, ел болшағын тежейтін, күрмеуі қиын әрі кезек күттірмейтін мә­селелер тұрған болатын. Солардың бірі Қазақ­станға бұрынғы Кеңес Ода­ғы­нан «мұра болып қалған» ядролық қарудың тағ­дыры еді. Көлемі мен күші жағынан бұл тажал қару сол кездегі Ұлыбритания, Франция және Қытай мемле­кет­те­рінің жаппай қырып-жоятын қаруының жиын­тық қорынан бірнеше есе асып түсетін. Сондық­тан да жаңа ғана егемендігін алған Қазақстан секілді жас мемлекеттің қолында қалған ядролық қару­дың мол арсеналы әлемдік геосаясаттың басын­да отырған алпауыттардың назарына бірден ілігіп, оларды да алаңдата бас­таған. Оның үстіне әлгі қаруды сақтап қалу немесе одан мүлде бас тарту төңірегінде ел ішінде де бір-біріне кере­ғар қоғамдық пікірлер қалыптас­ты. Дәл осын­дай қысылтаяң кезеңде Елбасымыз өте қысқа мерзімде ядролық қарумен байла­нысты стра­тегиялық мемлекеттік саясатты айқындап берді.

Тажал қарудың пайдасы мен зиянын тара­зылай келе, Президент Назарбаев әлемдік қо­ғам­дастықтың да, еліміздің де ортақ мүддесінен шығатын жалғыз шешімге табан тіреді. Бұл нағыз сарабдал шешім болатын. Оның дұрыс­тығын тарих толық дәлелдеді.

1991 жылғы 29 тамызда Президент Нұрсұл­тан Назарбаев әлемдегі ең ірі ядролық қару­лар­ды сынайтын Семейядролық полигонын жап­ты. Бұл тарихи шешім Қазақстанның ядролық қару саласындағы мемлекеттік стратегиялық саясаты­ның іргетасын қалап қана қойған жоқ, сонымен бірге, бұл бүкіл әлемдегі ядролық сынақ алаңда­рының жабылуына да бірден-бір түрткі болды.

1994 жылы Будапештте Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жатқан кезде Қазақстанның қауіпсіздігіне кепіл беретін тарихи Меморандумға қол қойыл­ды. Бұл әлемде бірінші болып ядролық қарулар­дан өз бетімен бас тартқан Қазақстанға тартыл­ған үлкен сый еді. Меморандумға ең алдымен Америка Құрама Штаттары, Ресей және Ұлы­британия қол қойды. Бұл мемлекеттер өздеріне Қазақстанның егемендігін, аумақтық тұтасты­ғын қамтамасыз етуге кепілдік беретін міндеттеме алды. Кейінірек мұндай кепілдік біздің елге Франция мен Қытай мемлекеттерінің тара­пынан да берілді. Сөйтіп, Елбасының сындарлы саясатының арқасында бұл күнде егемендігінің 20 жылдығын атап өтіп отырған Қазақ елі тарихи тұрғыдан өте қысқа мерзім ішінде шек­ара­сын шын мәнінде шегендеп, ұлттық қауіпсіз­ді­гінің іргетасын бекітіп, тұрақты дамудың сара жолына түсті.

Әділ АХМЕТОВ, сенатор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?