Үмбетей жырау (Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту)

 Үмбетей жырау (Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту)

Ей, Абылай, Абылай,
Абылай ханым, бұл қалай?
Бұл қалайдан сескеніп,
Сөзімді қойма тындамай.
Талай істер басыңнан
Өтіп еді-ау жасыңнан,
Қиын, қызық әрбір жай.
Жас күнінде, Абылай,
Үргеніштен мұнда кеп,
Сарыарқаны жерім деп,
Қалың қазақ елім деп,
Келмеп пе едің жаяулай?!
Төле биді тапқанда,
Күндіз түйе баққанда,
Жалғызбын деп шошымай,
Еш малшыға қосылмай,
Қара жерге отырмай,
Күпінді салып астыңа,
Жең жастанып басыңа,
Қол-аяғың төрт жақта,
Жатушы едің сол шақта,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Жиырма жасың толғанда,
Қалмақпен соғыс болғанда,
Алғашқы бақты тапқанда,
Шарыштың басын қаққанда,
Қанжығаңа бас байлап,
Жау қашты деп айғайлап,
Абылайлап шапқанда...
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Сол ерлікпен хан болдың,
Әлем асқан жан болдың,
Барша әлемге даң болдың,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Қалдан ханның әскері
Іздеп сені әрі-бері,
Қапыда ұстап алғанда,
Алып барып Тәшкенде
Көр зыңданға салғанда,
Елің қараң қалғанда,
Тоқсан жақсы үш жүзден
Сені сұрай барғанда,
Өлтірем деп Қалдан хан
Орайына Шарыштың,
Сөзіне қарсы сөз айтып,
Жауаптастың, қарыстың.
Қапияда тұтылдың,
Қалмаққа бітеу жұтылдың,
Шешендік жолын тұтындың,
Үш ауыз сөзбен құтылдың,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Аруағыңа болысқан,
Әділ билік қылысқан,
Қашпаған қандай ұрыстан
Керейде батыр Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қу дауысты Құттыбай,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай -
Абылай, сенің тұсыңда
Сол бесеуі болыпты-ай!
Кейі батыр, кейі би,
Тәңірім берген сондай сый,
Ұмыттң ба соны, Абылай!
Батыры ханға сай болды,
Елің жайпақ бай болды,
Қыс қыстауы тау болды,
Жаз жайлауы көл болды,
Салқын сары бел болды,
Елге лайық ер болды,
Сарыарқа деп таңданып,
Өзге жұрт аңсар жай болды,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Айтқан сөзің ем еді,
Жолынды теріс демеді,
Қай бақытың кем еді,
Ел қорғаны көп еді,
Қалып па ең батыр таба алмай?
Жауыңның қанын ағызған,
Аузынан балды тамызған,
Би мен батыр аз болып,
Тасырқап па едің шаба алмай!?
Анау бір жылы аттанған
Әскерді қырғыз қырғанда,
Басынан оба қылғанда,
Ол хабарды ел біліп,
Көп батырмен сен жүріп,
Көзіңнің жасын көл қылып,
Кысылған әскербасының
Қасына барып тұрғанда,
Ақбоз атты шалғанда,
Мойныңа кісе салғанда,
Баба түкті Шашты Әзиз,
Содан бата алғанда,
Тілеуің қабыл болғанын,
Басыңа Қыдыр қонғанын,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Ұлы сәске болғанда
Жасаған жақсы жол беріп,
Жол бергенде мол беріп,
Ойламаған бақ беріп,
Қырғызды Тәңірім қақ бөліп,
Садырбала бітем деп,
Әтеке соғыс күтем деп,
Бірі көнбей біріне,
Садыр кетті бөлініп,
Соғысудан түңіліп,
Әтеке сынды жырықтың
Қабырғасы сөгіліп,
Шапқанда батыр төгіліп:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Сары, Баян мен Сағынбай
Қырмап па еді жауыңды,
Қуантпап па еді қауымды,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Дүние кезек, Абылай!
Қаласың әлі-ақ сен былай!
Артыңдағы балаңа
Табылар батыр тағы да-ай!
Сондай ерлер көп тусын
Деп тілей бер, а Құдай!
Орта жүзде қатын көп,
Туатын кейін батыр көп,
Сол мұқатар жауды деп,
Елестер көзге сағымдай.
Ей, Абылай, Абылай,
Сөзімді тыңда тағы да-ай!
Өзіңнен біраз жасы үлкен,
Дөмпеш таудай басы үлкен,
Жасыңда болған сырласың,
Үлкен де болса құрдасың,
Сексеннен аса бергенде,
Қайрылмас қаза келгенде,
Батырың өлді - Бөгенбай!
Иманын айтып өлерде,
Иекке жаны келгенде,
Сәлем айтты үш қайта,
Кеттім деп сізді көре алмай.
Батырды қолдан өткіздім,
Сәлемін міне жеткіздім.
Жыламай тында, Абылай!
Жараға жақсы қасқарар,
Ойбайлап жаман бас салар.
Көріспей айтты демеңіз,
Осы еді біздің келген жай.
Көзіңнің жасын тыя көр,
Жақсылық бата қыла көр.
Тағы да талай бақ берсін,
Балаңа алтын тақ берсін,
Бөгенбайдай жас берсін,
Өлшеусіз мал мен бас берсін!
Бөгенбай сынды батырдың
Береке берсін артына-ай,
Сабыр берсін халқына-ай.
Жасаған ие жар болып,
Бейіште нұры шалқығай!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі