1 кыркүйек ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА БІЛІМ КҮНІН АТАП ӨТУ БОЙЫНША ҰСЫНЫМ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА БІЛІМ КҮНІН АТАП ӨТУ БОЙЫНША ҰСЫНЫМ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызын атап, білім беру ұйымдарындағы тәрбие ісіне ерекше назар аударуды тапсырды. Осыған орай 2023 жылы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) әзірленіп, барлық білім беру ұйымдарына енгізілді.
Бағдарлама білім алушылардың ар-ұят, еңбекқорлық, білім алуға құштарлық, сыни және креативті ойлау, құқықтық және экологиялық мәдениетті, медиа сауаттылық, жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруды көздейді. Бағдарлама шеңберінде жыл бойы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылды. Әрбір білім беру ұйымдары үшін оқу жылының басталуы мен аяқталуына арналған мерекелік шаралар маңызды. Соның бірі оқу жылының аяқталуына орай «Білімім – Отаныма!», «Мың алғыс, саған, мектебім!», «Мен. Ұстаз. Мектеп» тақырыптарында іс-шаралар жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Аталған іс-шаралар түлектердің өзіне тұлға ретінде есеп беріп, алдағы болашағын дұрыс жоспарлауды мақсат етеді.
2024-2025 оқу жылында «Білім күні» 1 қыркүйекте, «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында мектептің барлық қауымдастығының қатысуымен, 1, 11 сынып оқушылары үшін салтанатты шара форматында өткізіледі (ұзақтығы – 45 минут).
Ал, 2024 жылғы 29 тамызда 2-10 сынып оқушылары үшін жаңа оқу жылына бағдарлау сабақтары (сынып жетекшілерімен кездесулер, кабинеттер және оқулықтарды тарату) өтеді.
Салтанатты шараның мақсаты: жаңа оқу жылының салтанатты ашылуын ұйымдастыру және білім алушылардың білім алуға ұмтылысын, патриотизм, еңбекқорлық, жауапкершілік пен өзара сыйластық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал ететін мерекелік және шабыттандыратын атмосфера құру.
Міндеттері:
– білім алушыларға патриотизм, құрмет және азаматтық сана құндылықтарын дарыту;
– өзара сыйластық пен түсіністікке негізделген мектеп мәдениетін қалыптастыру;
– қатысушыларды алдыңғы оқу жылының жетістіктері туралы хабардар ету.
Салтанатты шараға келесідей өкілдердің қатысуы ұсынылады:
- білім беру саласындағы еңбек ардагерлері;
- білім бөлімдерінің/басқармаларының басшылары;
- қамқоршылық кеңес мүшелері;
- білім алушылардың ата-аналары.
Білім беру ұйымдарында білім күніне орай өткізілетін салтанатты шараға, сонымен қатар әр аптаның жұма күні және мерекелік іс-шараларға Қазақстанның мәдени мұрасын дәріптейтін ұлттық нақыштағы (атрибут) мектеп формасын кию ұсынылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеру және әнұранды орындау Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану ережесіне сәйкес жүргізіледі.
Білім күніне орай білім алушылар, олардың ата-аналары мен педагогтер арасында әлеуметтік желілерде 1-2 минуттық бейнеролик орналастыру ұсынылады.
Бейнероликті орналастыру күні: 2024 жылғы 1 қыркүйек. Әлеуметтік желілерде орналастыру уақыты: 12:00 – 17:00. Хэштег: #Bilim_quni
Бейнероликке ұсынылатын тақырыптар:
– барлығы үшін: «Мектебім – мейірім мекені»;
– бірінші сынып білім алушылары үшін «Мектепке алғашқы қадам»;
– 2-4-сынып білім алушылары үшін «Мен үшін қымбат - мектебім!»;
– 5-8-сынып білім алушылары үшін – «Жаңа жетістіктерге жетуге дайынмын!»;
– 9-11-сынып білім алушылары үшін – «Ой. Арман. Мақсат»;
– 1-сынып білім алушыларының ата-аналары үшін – «Мектептегі бірінші күніміз», «Бірінші сынып – өмірдің жаңа кезеңі»;
– сынып жетекшілері үшін – «Жаңа оқу жылы құтты болсын, менің сүйікті сыныбым!».
Салтанатты шараны өткізу үшін:
Оқу-ағарту министрлігі:
– білім беру ұйымдарында білім күнін өткізудің тұжырымдамасын әзірлеу және оны тиісті мекемелерге жеткізу;
Облыс және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне:
– салтанатты шараның мазмұнды және сапалы өтуін қамтамасыз ету;
– Білім күні қарсаңында – 10 тамыздан бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды мектепке дайындауға бағытталған «Мектепке жол» акциясын ұйымдастыру;
- «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде салынған және жаңа мектептерді ашуға аудан, қала мен облыс әкімдерінің қатысуын ұйымдастыру.
Ішкі істер министрлігіне:
– Білім күніне арналған іс-шаралар өткізілетін орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту;
– қалалар мен елді мекендерде жол қауіпсіздігін күшейтуді қамтамасыз ету.
Мәдениет және ақпарат министрлігіне:
– Білім күніне арналған іс-шараларды кеңінен ақпараттық қамтуды қамтамасыз ету;
– ақпараттық қолдау туралы медиа-жоспар дайындау.
2 қыркүйекте «Менің Отаным-Қазақстан!», «Менің Отаным-Қазақстан» тақырыбында бірыңғай сынып сағатын өткізу ұсынылады.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындарында 2 қыркүйек «Білім күні» барлық курстың білім алушылары үшін «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және патриотизм» тақырыбында кураторлық сағатын өткізу ұсынылады.
Кураторлық сағаттың мақсаттары:
1. Білімге деген құндылықты қалыптастыру, өз Отаны үшін қажет және пайдалы болуға деген ұмтылыс.
2. Белсенді өмірлік ұстанымды, кәсіби маңызды қасиеттерді және олардың қоғам өмірінің түрлі салаларында көрініс табуына дайындығын қалыптастыру.
3. Өзін-өзі тәрбиелеуге және өзін-өзі дамытуға, жеке тұлғаның шығармашылық қасиеттерін дамытуға бағдарлау.
Ескерту: Педагог қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу мәселесі бойынша, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 79-бабына сәйкес жұмыс беруші қызметкердің жұмыс уақытының, нақты жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақытының есебін жүргізуге міндетті екенін хабарлаймыз.
Демалыс және мереке күндері жұмыс істеген кезде қызметкердің өтініші бойынша басқа демалыс күні беріледі немесе қызметкердің тәуліктік (сағаттық) мөлшерлемесі (ЕК) негізінде екі еселенген мөлшерден кем емес төлем жүргізіледі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?